7. ШАРШЫ КӨЛ
7. ШАРШЫ КӨЛ
Бемай жол бойы доптың пішіні туралы қатты ойланып келе жатты. Ақыры шыдай алмай ішіндегі ойымен бөліседі:
– Осы доп неге төртбұрышты, басқаша жасаса болмас па екен? – деді. – Яғни ыңғайлырақ болу үшін.
Соха Бемайке бір қарап:
– Бұл ата-бабаларымыздан келе жатқан нəрсе ғой, куб түрінде, – деді.
– Меніңше бұрыштары көбірек болса жақсы болушы еді, – деді Бемай доптан көзін алмай.
– Сонда қаншалықты көп болу керек, бұрыштары? – деді Элия араласып.
– Көөөөөп, өте көп.
– Шексіз бе...
– Міне келдік көлге, – деді Соха əңгімені бөліп. – Бұл көл Шаршыкөл деп аталады.
Шынында да, алдарында ауданы шаршыдай көл жайқалып тұрды.
Үстінен қарағанда жерге құлап қалған айна секілді көрінді. Айнала тым-тырыс. Шаршыкөл шыныдай қатып қалған. Соха жүгіріп келіп шалпылдатып, судың үстімен жүгіріп өтті.
– Келіңдер, қорықпаңдар! – деп айқай салды сиқыршы қыз. Элия Бемайдің қолынан ұстап:
– Жүр, кеттік! – деді.
Екеуі жүгіріп барып судың үстіне шыға кетті. Элия қайта-қайта аяғының астына қарап қояды. Жүзіп жүрген балықтар көрінді. Ол да ғажап қой.
Екеуі шолп-шолп еткізіп, біраз жүгірді. Артынан олар төртбұрышты көлде төртбұрышты доппен волейбол ойнады. Құлағанда ыңғайлы екен, шолп етіп суға жұмсақ түсесің. Кейін əбден үйренген балықтар судың астынан оларды қытықтап ойнап отырды. Олар болса, балықтардан қашып қуыспақ ойнап кетті.
– Мына балықтар адамнан қорықпайды ғой, – деп Элия біреуін ұстауға тырысты. Бірақ балық қаша жөнелді. Соха Элияның қасына келіп:
– Бұл тəтті су балығы, – деді оны кішкене жұбатып. Бемай бірден алақанына су алып, судың дəмін татып көрді.
– Ммм, шынында да тəтті су екен, – деді Бемай ернің жалап.
– Тұздейімдіктер келсе ащы су боп кетеді шығар. Сол үшін оларды жолатпау керек, – деді сиқыршы қыз екеуіне кезек кезек қарап. Соханың көзі үмітке толы еді. Бағанағы дұға тәжірибесі оған көп нəрсе көрсеткен болар. Екі батыр қайтадан ұялып, көздерін көкжиекке қаратты.
– Үйге қайтайық па. Əке-шешем балық аулаудан оралған шығар, – деді Соха.
– Ия, қайтайық, – деді Бемай қосылып.
Олар жағаға енді шыға бергенде алдарынан бір жас бала шыға келді.
– Қайда бара жатырсыңдар? – деді даусын көтеріп.
– Біз Нуа атаның үйіне бара жатырмыз, – деді Элия жайбарақат дауыспен.
– Бақылаңдар, жолда адам кездестіріп қалмаңдар. Екі адам баласы жүр дейді, осы өңірде.
– Кездестірсек не болады? – деді Бемай ештеңе түсінбегендей.
– Айтпақшы сəлем, – деді Элия жымиып.
– Сəлем.
– Кім боласың? Қайдан келе жатырсың? – деді Элия, жолаушының демін басқысы келіп.
– Менің есімім Соук болады. Мына таудың артындағы қаладан боламын. Көзім нашар көреді, шипа іздеп, Нуа атаға бара жатырмын. Ол адамдар өті қауіпті қарақшылар екен, – деді жаңағы жас бала шын көңілмен. – Олар ащы сөйлеп, ашулары қатты екен. Жолда кездестіргендерді тонайды екен.
– Оны кім айтты саған, – деді Соха кішкене ашумен.
– Мен тұрған қалада халық осылай айтып жатыр. Қаладағы кейбір жерлерде осындай мəлімет жазылған. Демек, дұрыс.
– Əр жазылған немесе айтылған нəрсе дұрыс па соңда? – деді Элия байсалды екпінмен.
– Сол екі адамның қарақшылық жасағанын көргендер бар ма? – деді Бемай. Оның даусында əлі де ашу сезіліп тұрды.
– Жоқ, куəгерлер жоқ. Бірақ ешкім көрмесе, ол нəрсе жалған деп айта алмаймыз ғой, – деді жолаушы бала ойын түйіп. – Жел болмаса, шөптің басы қимылдамас деген сөз бар, – деп мақалын тағы қосты. Айтқанына қатты риза екені түрінен ақ көрініп тұрды.
– Дəлел жоқ қой. Ал жалған болса ше, онда жала жапқан боласың, – деді сиқыршы қыз.
– Ммм, – деген дыбыс шығарды Соук.
Сол сəтте Бемай білдіртпей, көлдің жағасына таяқшамен бір нəрсе жазып жатты. Жазып болған соң қастарына келіп:
– Қараңдар! Анау жерде не жазылып тұрғанын, – деп айқай салды.
Бəрі жүгіріп барып қараса:
"СОУК ӨТІРІК АЙТАДЫ" деген жазуды көреді.
Бемай дауыстап оқиды:
– Соук өтірік айтады.
Элия да:
– Соук өтірік айтады.
Соха:
– Соук өтірік айтады.
Соуктің түрі бұзылып:
– Бұл жалған, дұрыс емес! – деді.
– Неге дұрыс емес? Жазылып тұр ғой, – деді Бемай түк болмағандай.
– Ия, оған қоса, біз де оқып айттық қой, – деді əпкесі. Соук не айтарын білмей, қабағы түйіліп үндемей қалды. Элия осы кезде:
– Соук, əр айтылғанға сене бермеу керек. Əр адамда ақыл бар ғой. Адамдар ешқашан ондай зұлымдық жасамаған. Олардың табиғатында жоқ қой. Өйткені, олар шоколад жеп өседі, – деді.
– Ия, дұрыс айтасың, – деп қоя берді Соук. Ол ыңғайсызданып, бағанағы керіп тұрған кеудесін түсірді.
– Тəтті жеп өскен адам, яғни таза қоректенген адам олай жасай алмайды. Адамның мағынасы сол жерден келмейді ме?
Соук одан сайын басын жерге салбыратып, көзін төмен түсіре койды. Ұяты бар жігіт екен.
– Тіпті ондай зұлымдықты жасаған өзін адаммын деп айтса, ол адам емес. Адамның атын қолданған тұздейімдік блуы мүмкін. Өйткені адам деген ондай жасамайды, – деді Бемай.
Бағанағы көкіректі жолаушының даусы бірден өзгеріп кетті.
– Шыныңда да қалай мен алданып қалғанмын. Адам деген ондайға бармайды ғой. Адам болу үшін адамгершілігі болу керек. Бұл тұздейімдіктердің ісі болу керек, – деді Соук кінəлі дауыспен. – Жасағаным ақымақтың ісі.
– Ештеңе етпейді, Соук. Ең маңыздысы қатеңді түсіндің, – деді сиқыршы қыз Соукті жұбатып.
– Жарайды, оқасы жоқ. Кезкелген пенде қателесуі мүмкін, – деп Элияның да жаны ашып кетті.
Кеш боп қалған еді. Шаршы күн өз ұясына кіруге дайындалып жаттты. Оның да күші кішкене азайды. Бір күн бойы энергиясын шуақ ретінде шашып тұрды. Уақыты келгенде барлық энергиясы бітпек, шексіз емес қой ...
Үшеуі Соукпен қоштасып, қамалға қарай бет алды. Кешке қарай қамалға да жетіп қалды.
***
Нуа ұстаз сол кеште əдеттегідей əңгімесін бастады:
– Сеңдер ертегі еліне сенесіңдер ме?
– Білмеймін, – деп жауап берді Бемай.
– Атам ұйықтар алдында айтып беретін, – деді Элия жымиып.
– Ал мен сенемін, – деді күтпеген жерден қария.
– Əзілдеп жатырсыз ба? – деді Бемай.
– Бар білетінім ол Құсжолы елінде, – деп қария жайбарақат əңгімесін бастады.
– Жер домалақ екен, – деп күліп жіберді қарт. – Аспаннан су жаңбыры жауады екен. Үйлерін кірпіш пен тастан жасайды екен. Бұл не деген керемет. Тағы сол сияқты ғажайыптар бар екен. Сиқырлы ел деп осыны айт.
– Бізде заттар көбінесе тəтті нəрселерден жасалған. Шоколад үй, ағаштардың өзі халва немесе женттен. Бал көлі, шырын өзені дегендей, – деп маужырап үн қатты Соха.
– Ең сиқырлысы: ол жақта бір ағаш алма береді екен, ал бір ағаш жүзім, ал басқа бір ағаш өрік, тағы сол сияқты. Бəрі бір топырақтан шығады екен, – деп жан-жүрегімен түсіндірді Нуа ұстаз.
– Бұл деген керемет қой, – деп өз-өзін ұстай алмады Соха.
Бемаймен Элия бірбіріне қарап қояды.
Соханың аузы ашылып:
– Бір топырақтан ба!? Бұл дегенің нағыз ойға келмейтін нəрсе ғой, – деді.
– Ия, керемет нəрсе. Бірақ əркім мұны түсіне бермейді. Ал қайырлы түн, балақайлар! – деп, Нуа ұстаз өз бөлмесіне кетті.
Екі кішкентай батыр тез арада ұйықтап, түстер əлеміне сүңгіп кетеді. Екеуі де бірдей түс көрді. Сол өздерінің Құсжолы əлемінде саяхат жасап жүрді. Домалақ жерде домалақ алма жеп, жасыл жоталарда екеуі домалап жүрді. Не деген керемет түс еді. Жер де домалақ, ай да домалақ, күн де домалақ, киіз үй де домалақ, тіпті доп та домалақ.
Екеуі сол күні ерте тұрып алып, күні бойы сол таңғажайып түсті талқылап, түстің əсерінен шыға алмады.
Сол кеш Элия мен Бемай екеуі сиқырлы кітапты оқуды қалайды. Сол уақытта Нуа ұстаз орманнан бал əкелуге шығып кеткен еді. Кітап екеуін шақырып тұрғандай болды. Нуа ұстаз бұл кітапты оқуды үйретсе де, əлі кітаптан ештеңе оқымаған еді. Бемайды бір тылсым күш баурап алғандай болды. Олар кітапханаға көтеріліп, кітапты тауып алады. Бемай болмай:
– Элияжан, кітапты көрейікші, – деді ақырын дауыспен.
– Ой, керек емес. Нуа ата өзі көрсететін шығар, – дейді кішкене қорқақтап.
Бемай кітапты ашып жатып:
– Мен онда оқи берем, – дегенде Элия қасына жүгіріп келіп:
– Жарайды, мұнда тұрған ештеңе жоқ, – деп інісіне қосыла кетеді.
Кітап өте ескі еді, кейбір парақтары тозып қалған. Бірақ, бұл оны одан сайын тылсымды етті. Кітаптың сыртында Қайн кітабы деген жазу болды. Олар əр сөзді, тіпті əр əріпті зейін қойып оқи бастады. Кітап былай басталды:
Суық кейде күйдірер,
Абайла от емес білсең егер.
Адамның ішіндегі семсер,
Əр сөзің шықпасын бекер.
Келесі бетте карта болды. Ол бетте таулар мен ормандар анық көрініп тұрды.
– Ия, ия, ашып оқи беріңдер! – деген бір дауыс терезе жақтан келді.
Екеуі де шошып кетті. Бұл дауыс терезенің алдындағы қарғадан келген еді. Бірақ қарғаның түсі ақ болды.
– Сен кімсің? – деді Элия бірден.
– Мен Ақғамын. Осы маңайдан жай ұшып бара жатқам, соғып кетейін дедім. Нуа ата жоқ па? – деді ішке бір қарап.
– А-а-а, неге сенің түсің ақ? Əдетті қарғалар қара болушы еді, – деді Бемай қарғадан көз алмай.
– Менің анам мені "аппағым-аппағым" деп өсіргендіктен, осылай аппақ болып кеттім. «Аналардың дұғасы қабыл болады» дейді. Əйтпесе, анам өзі қара.
– Мәссаған, ақ қарға деген де болады екен-ау! – деді Элия таңғалысын ұстай алмай.
– Бұл деген керемет қой. Ешкімге ұқсамаған, – деді Бемай.
– Сыртқы келбет көбінесе алдамшы болады. Сендер білмейсіңдер ғой, – деді қарға көзін төмен қаратып.
Бір кезде бірінші қабатта біреудің жүргені естілді. Есік шиқылдап ашылып, Нуа ұстаз ішке кіріп келді. Қарға лезде ұша жөнелді.
Бемай ыңғайсызданып кітаптан қолын тарта қалған еді, Нуа ұстаз жымиып:
– Ештеңе етпейді. Демек, кітапты оқитын уақыт келген екен ғой. Келіңдер, бірге оқиық.
– Ата, кешіріңіз, шыдай алмай кеттім, – деп, Бемай басын төмен салбыратып.
– Жоқ, кітап сені шақырған ғой. Бір таңғалғаным, кітапты қалай тауып алдыңдар? Оны ешкім таба алмайтын еді. Ал келіңдер, уақыт жоғалтпайық, – деп сақалды ұстаз кітапты қолына алды.
– Мына бетте Тұздейімге баратын жол басталады. Кейбір парақтар жоқ. Сол парақтарды тауып, Тұздейімге жетесіңдер. Бірақ бұл жеткіліксіз. Ол жерге жеткеннен кейін, кітаптың соңғы бетіндегі дұғаны оқу керек, сол кезде мақсаттарыңа жетесіңдер, – деді ақсақал.
Элия кітаптың соң жағын ашып қарап:
– Мұнда еш дұға жоқ қой, – деді таңғалып.
– Кейбір нəрселерді мен де толық білмеймін. Ақылдарыңды қолдануларың керек, – деп күрсініп қойды ұстаз. Сосын былай жалғастырды:
– Сендердің мақсаттарың – сол кітаптың соңғы жағындағы дұғаларды табу. Осы дұғалардың күшімен Қаруасты жеңе аласыңдар. Мына кітапта Тұздейімге қай бағытпен бару керек екені көрсетілген. Сендер жолға шығуға дайынсыңдар. Іске сəт!
Элия бір жағынан қорқып, бір жағынан қуанып:
– Онда уақыт жоғалтпай ертең жолға шығайық, – деді.
Нуа бірден іркіліп:
– Жоқ, ертең емес, қазір шығасыңдар. Əр минут маңызды. Шоко əлеміндегі əр ел бұзылып жатыр. Сондықтан асығу керек.
Екеуі тез арада жолға дайындалуға кіріседі. Нуа ұстаз бен Соха оларды аулада күтіп тұрды.
– Ал, жолдарың болсын, тəтті сапар. Ең маңыздысы жүректегі жылуды суытып алмаңдар. Қандай мақсатпен бара жатқаңдарынды ұмытпаңдар. Əр минутты осы мақсатпен өткізіңдер. Əйтпесе, адасып кетесіңдер. Жақсы, сендерге сенемін, – деп Нуа ұстаз қолындағы Қайн кітабын жас батырларға береді. Соха да оларды қимай тұрды. Бір-бірлеріне үйреніп, бауыр басып қалған еді.
– Сендерге əр күн дұға етемін. Жолдарың болсын, тəтті сапар! – деді сиқыршы қыз мұнды даусымен.
Олар ұстаздарымен қоштасып, əр айтқан сөзін жаттап алады. Нуа ұстаз осылайша, қасиетті кітапты Шококенттен келген Бемай пен Элияға тапсырады. Алғашқы қадамдары ну орманның ішімен жүру болды.
