8. ТАҚИЯЛЫ ПЕРІШТЕ
8. ТАҚИЯЛЫ ПЕРІШТЕ
Біраз жол жүрген соң, қатты жаңбыр жауа бастайды. Бір жаңбыр тамшысы Элияның аузына түсіп кетеді.
- Ой, мына жаңбырдың дəмі ащы ғой, - деп тоқтай қалады Элия.
Бемай оған бұрылып:
- Демек, Тұздейім елінің аумағына кірдік. Енді өте мұқият болуымыз керек, - дейді.
Олар таудың етегіндегі үңгірді байқайды.
- Мында# үңгір бар екен, қарашы Элия, - дейді Бемай қолымен үңгір жаққа сілтеп.
- Кеттік, мына үңгірге кірейік. Əйтпесе су болатын түріміз бар, - дейді Элия асығып. - Жақсы болды ғой, мына үңгірді кездестіргеніміз, ащы жаңбырдан қорғанатын.
Тұзды жаңбыр одан сайын құйды.
- Ия, кеттік! Тез болайық.
Үңгірдің іші жарық екен, əрі жылы көрінеді. Іші бес-алты піл сыйып кететіндей үлкен екен. Екеуі үңгірдің бір бұрышына жайғасады. Артынан саяхатшылар қатты шаршағандарынан шыдай алмай, ұйықылары келеді.
- Бемай, мына бұрышқа жайғасайық, жайлы екен, - деп апайы киімін сол жерге төсеуге кіріседі. Бемай керіліп:
- Мен де қатты шаршадым, ұйықтап алайық, - деді де, жұмсақ болмаса да төселген таза жерге жата кетті.
Олар бірден түстер əлеміне кіріп кетеді. Ол жерден бəлкім күш, жігер жинап əкеледі. Бұл оларға қатты керек. Бемай түсінде тұзды шырын ішіп жатып, бірінші болып ұйқыдан оянады. Уақыт түстің кезі, бірақ үңгірдің іші қараңғы. Бемай қасындағы əпкесін де оятады.
- Ойбай, Элияжан, үңгірдің аузы жабылып қалыпты! - деді Бемай көзін қайта-қайта уқалап.
- Енді қайттік! - деді әпкесі жан-жағына қарап. - Қалай соңда, өзімен-өзі жабылып қалған ба?
Үлкен тас жоғарыдан құлап, үңгірдің аузын шыға алмайтындай жауып тастапты.
- Қане, итеріп көрейік, - деді Бемай үстіндегі жейдесін шешіп.
- Қалай? Тас тым үлкен ғой.
- Не де болса көрейік.
- Ия, ұстазымның айтуы бойынша құлайын деп тұрған ауыр затты үрлеп құлатуға да болады.
- Жарайды, көрейік.
Екеуі бірге итеріп көреді. Бірақ, тас орнынан да қозғалмады. Тас тым үлкен еді. Элияның көңілі бірден түседі.
- Енді осы жерде қалып қоятын болдық. Кім бізді құтқара алады? - дейді жылағысы келіп.
Бір кезде үңгірдің сыртынан біреудің жүргені естіледі.
- Элия, естідің бе? Сыртта біреу жүрген сияқты, тыңдашы.
- Қане, шың ба, - деп апайының көңілі аз болса да көтеріледі.
- Бұл кім? - деп сұрайды Бемай. Сырттағы бейтаныс өзін көп күттірмей:
- Мен, Теруес, отыз жетінші аспанның періштесімін. Сіздердің дауыстарыңызды естіп жақындап едім, - деп өзін таныстырды.
- Біз үңгірден шыға алмай тұрмыз. Бізге көмектесші, - деп Элия көмек сұрайды.
- Бұл сіздерге байланысты. Білетінімді айтайын. Бұл сиқырлы үңгір. Үңгірден шығудың жолы: өміріңізде істеген шынайы жақсылығыңызды айтып жалбарыну керек.
- Жақсылық па? - деді Бемай қабағын шытып.
- Ия, бірақ шынайы болу керек. Əйтпесе ашылмайды. Яғни шың жүректен істелген болу керек, - деді періште арғы жақтан айғайлап.
- Мен бірінші бастайын, - деді Элия көп ойланбай. Бемай таңғалып:
- Сенікі дайын ба? Жақсылықтарын көп сияқты ғой. Ал мен ойлана тұрайын, - деді.
Сөйтіп, бірінші болып Элия бастады.
- Мектепте наурыз мейрамында ата-аналарымыз бізге сыйлық жасаған. Сол кезде бір балаға сыйлық жетпей қалған еді. Бұл сыйлық өте сирек кездесетін жасыл шоколад еді. Жаным қатты қаласа да, өз сыйлығымды сол балаға бере салдым, - деп өз жақсылығын айтады.
Бір кезде тас кішкене жылжиды.
- Алақай!! - деген қуанышты сөз екеуінің аузынан шығады. Үңгідің іші жаңғырып кетеді. Тағы біреу сөйлеп тұрғандай естілді.
- Алақай!..Алақай!..Алақай....
- Екеуі қатты қуанып кетеді. Бірақ шығу əлі мүмкін емес еді. Элия екінші жақсылығын айтуға дайындалады:
- Қаладан ағамның арбасымен жолға шыққанбыз. Баратын жеріміз кішкене алыстау еді. Жолдағы бұлаққа жақындағанда бір қарт адамды кездестірдік. Жаяу жүріп бара жатқан қарияны арбаға салып алдық. Алайда арбада бос орын жоқ еді. Арбадағы өз орнымды беріп, мен жаяу жүруді жалғастырдым. Сонда қатты шаршаған едім, - деп жақсылығын айтты. Бемай да тыңдап қалыпты.
- Мəссаған. Соншама жол жаяу жүрдің бе? Бұл туралы маған еш айтпадың ғой. Бұл дегенін нығыз ерлік қой, - деді інісі қайран қалып.
- Енді, жақсылығында айтып жүрсен, бұл мақтаншық болады емес пе? Соңдықтан айтуды жөн көрмеймін, - деді апайы ұялып.
Осы сəтте тас тағы кішкене жылжыды. Бірақ шығу əлі де мүмкін емес еді.
Енді Бемайдің кезегі еді. Кішкене ойланып қалды. Ішінен "көп жақсылық жасадым, бірақ арасындағы шынайысы керек. Қазір тас жылжымай қойса, қайттім» деп алаңдайды. Бұл жайын əпкесі бірден түсініп қойды.
- Бемай, бастасаңшы. Жақсылықтарын көп қой. Мысалы анау ...күшікті қалай өзеннен құтқарғанынды айт.
- Өөй, сол да ерлік пе екен....Оны айтпаймын.
- Неменеге айтпайсың? Бұл өте үлкен ерлік. Тірі жанды құтқару өте маңызды. Онда анау жақсылығынды айт, көшеде ақша тауып алған едің ғой. Иесін тапқанша, бір күн бойы əлек болғанынды.
- Өй, қойшы Элия, сол да жақсылық па екен.
- Айт енді, кешке дейін осында күтіп қалмақпыз ба? Қой енді, кішіпейілдігінді, тезірек шығу керек, - деп Элия жерге отыра кетті. -Туууф, қиын болды ғой. Шамалы жақсылықты, жақсылық санамайтынын. Онда саған жақсылық жасағым келсе, маған қиын болады екен ғой, - деп апайы күліп жіберді. - Хе-хе-хе. Шамалысын менсімбейсін ғой.
- Ха-ха-ха. Қойшы білесін ғой мені, - деп Бемай мырс етті.
- Ойнап айтам, білем ғой сені. Саған жасалған түймедей жақсылықты түйедей көресін.
Бір кезде жас қаһарман əңгімесін бастады:
- Бір жылдары, сен екі айға саяхатқа кеткенде, анамыз қатты ауырып қалған еді. Сол жылы достарыммен көптен армандаған Еруен тауына саяхатқа шығатын болдық. Бұл таудың ерекшелігі таудың басында алтын шоколад пісетін. Бұл алтын шоколад пісу үшін аспанда Ұларбент кометасы жерге жақыннан өту керек. Ал ол болса, жүз жылда бір-ақ рет болады, сондықтан бұл мүмкіндік те өмірде бір-ақ рет болады. Ал бұл шоколадтың дəмі өте ерекше. Оны жеген адам дəмін өмір бойы сезіп жүреді екен. Анам мені ойлап, жолға аттанғанымды қалады. Мен де достарыммен бірге шығуды жаным қатты қалады. Бірақ анашымды бұл халде тастап кете алмадым. Осылайша, анамды күтіп, аурудан жазылуына көмектестім. Үйде тамақ істеп, кір жудым. Анам бұл əрекетіме қатты риза болды. Жүзіндегі бақытты көріп, тауға бармағаным жақсы болған екен, - деп сөзін аяқтай берген еді, тас бірден жылжып, ары қарай домалап түсті.
Үңгірдің аузы ашылып, екеуі қатты қуанады. Олар бірден бағана үңгірдің сыртынан сөйлеген кісіні іздей бастайды. Құтқарушы алыстан көрінді, өзі қатты терлеп-тепшіп келе жатыр екен. Теруес ақ киінген, өңі ашық бозбала еді. Киімі ерекше жібектен тігілген жəне жарқырап тұрады екен. Періште жақындап келіп:
- Сіздердің жақсылықтарыңызды көкке жеткіздім. Содан қатты шаршап кеттім, - деді ентігіп.
- Көмегің үшін рақмет. Бізді құтқарып қалдың, - деп Бемай ризашылығын білдірді.
- Жоқ, құтқарған өздерінің жақсылықтарын, - деді періште.
Элия періштеге тесіліп қарап:
- Бұрын-соңды періште көрмеген едім. Өз көзіме сене алмай тұрмын, - деп таңданысын білдірді.
Теруес ыңғайсызданып:
- Бұл менің шынайы түрім емес. Бозбаланың келбетінде көрініп тұрмын, - деді.
- Сіздер аспанда не бар білетін шығарсыздар, сол туралы кішкене айтып бересіз бе? - деп Элия екінші сұрағын қойды.
- Оны сол жаққа барғанда көре жатарсыздар, - деп Теруес жауап бергісі келмей, əңгімені басқа жаққа бұрды.
- Біраздан кейін менің достарым келеді, - деді Теруес.
Бемай түсінбей:
- Қандай достар, қай жерден? Сіздер қайда тұрасыздар? Қай елден боласыздар? - деп əрең тоқтады.
Теруес жылдам қимылдап:
- Тоқта, тоқта, бір-бірлеп сұрашы. Қазір айтамын. Біз бағана айтқанымдай, көктің отыз жетінші қабатынан боламыз, Райы періштелеріміз. Жұмысымыз жоғарыдан келген бұйрық бойынша сіздерге ауа райын даярлау. Санымыз бірнеше миллиард болып қалады.
Элияның көзі бақырайып:
- Сонда сенің қанша досың бар!? - деді.
- Енді сендерді санамағанда 512 256 досым бар. Кішкене аздау енді, бірақ достығымыз мəңгі.
- Рақмет, бізбен дос болғаның үшін. Біз саған лайықты дос болуға тырысамыз, - деп Бемай Теруеске қолын берді.
Осы сəтте үшеуі де күліп жіберді. Теруес жоғары қарап:
- Достарым да келейін деп қалды, - деді қуанып.
Шынында да, көп кешікпей жаңбыр басталды. Аспаннан əр жаңбыр тамшысын бір періште əкеліп жерге түсіріп жатты. Сандары шексіз сияқты. Бір уақытта айнала періштелерге толды. Даланы хош иіс алып кетті. Періштелер бойжеткен мен бозбала кейпінде болды. Барлықтары өте сымбатты да, ажарлы жүзді. Іштерінен біреу алға шығып:
- Сəлем бердік, жас батырлар! Қош келдіңдер! - деді
- Сəлеметсіздерме! - деді екеуі қосылып.
- Соңғы уақытта жаңбырдың дəмі ащы болып кетті, бұның себебін білмейсіңдер ме? - деп сұрақ қойды жанағы періште.
Оның киімі басқалардан ерекшелеу еді, үстінде қатты жарқыраған алтын түсті шапаны болды. Бұл олардың басшысы Испал еді.
- Иə, білеміз. Сол себепті біз осында жүрміз, - деді Бемай көңілденіп.
- Не болды сонда, айтасыңдар ма? - деп Теруес қосыла кетті.
Бемай ары қарай жалғастырып:
- Жарайды, айтайын. Тұздейімдіктер сиқырлы шоколад дəндерін ұрлап əкетті. Біз сол дəндерді қайтару үшін шықтық. Бірақ күлмеңіздер, неге соншама батырлар арасынан бізді жіберді деп. Үлкен əулие кісілер патшамызға бізді ұсынды. Сол себептен патшамыз Шокохан бізді жіберді.
- Жоқ, күлкілі емес. Сендердің орындарыңа басқа біреу келгенде жанағы үңгірден шыға алмайтын еді, - деп күтпеген жерден Испал қолдау көрсетті. Бірақ, бұл шынында да солай еді.
- Егер сиқырлы дəндерді қайтара алмасақ, басқа əлемдердің де халі мүшкіл болмақ, - деді Элия.
Испал жерге қарап:
- Бəрі түсінікті. Сол себептен екен ғой, батыстан тұзды жел соғатыны. Демек, Тұздейімдіктер күшейіп жатыр, - деді.
- Бізге қонақ болыңыздар. Біз үшін бұл құрмет, - деп періштелер патшасы қолын жоғары сілтеді.
Бемай уайымдап:
- Біз сіздер сияқты ұша алмаймыз, - деді.
- Ол жағын қатырамыз, - деді Теруес.
Періштелер əуе шары тəрізді екі сыйлы қонақтарының қолдарынан ұстап, көкке самғай кетті. Нұрдан жаратылған бұл періштелерге екеуін ұшырып əкету қиынға соқпады. Періштелер болғасын ба, екі қонақта еш қорқыныш сезімі болмады.
- Қандай керемет! Кемемен ұшып көрдік, бірақ былай құс сияқты желді сезініп ұшу басқаша екен, - деді Элия шашы жалбырап.
- Ия, қандай күшті. Өзінді жеп-жеңіл сезінесін, - деді Бемай.
Екеуі бұлттар арасынан құстай ұшып, жерді биіктіктен тағы бір тамашалады. Қастарында Теруес досы самғап бара жатыр. Екі адам балсын тек екі періште ғана ұстап келе жатты. Бемай оған бұрылып:
- Мекендеріңіз қайда? - деп сұрағаны сол еді.
Теруес:
- Əнееее! - деп қолымен оңтүстікке қарай көрсетті.
Шынында да, бұлттардың үстінде зəулім жарқыраған сарай көрінді. Бұл нұр шашып тұрған сарай күннің сəулесінен жасалған еді.
Жарты сағаттан кейін олар періштелер мекеніне жетіп қалады.
Сарайдың айналасынан үш рет айналған соң, жасыл қақпаның алдына келіп тоқтайды. Қақпалар жоғары қарай ашылды. Алдарынан түрі бұзылып кеткен Испал шықты. Бір нəрсе болғанға ұқсайды. Тез қастарына келіп:
- Шұғыл түрде тығылуларыңыз керек! - деп айғай салды.
Қонақтар ештеңе де түсінбей:
- Не болып қалды? - деп екеуі бірдей сұрады.
- Тұздейімдіктер сіздер жайлы біліп қойыпты. Сіздерді ұстау үшін əскерлерін жіберіпті. Олар жақындап қалды, тез арада тығылуларыңыз керек, - деп Теруеске белгі береді. Өзі қолбасшыларын шақырып, шайқасқа бұйрық берді.
Теруес олардың қолдарынан ұстап ұша жөнеледі.
- Кеттік, олар таба алмайтын бір жерді білем, - деп Теруес екі қонаққа жол көрсетті.
Олар алыста қалқып бара жатқан бұлттарға қарай ұша жөнелді. Теруес:
- Мына бұлтқа тығылайық, қалын екен, - деді. - Қазір бұл бұлтты бір жерге байлап қояйын, ұшып кетпесін.
Аспан қонақтары мамық бұлттардың үстіне жайғасып, алыстан зәулім сарайды бақылап тұрады. Бір мезетте күн күркіреп, аспанды қара бұлт басып кетеді. Сосын найзағай жарқ кете қалды.
Теруес түрегеліп:
- Шайқас басталды, - дейді. - Сендер осында тығылып отыра беріңдер. Мен достарыма көмектесуім керек, - деп кетуге дайындалады.
Элия шошып кетіп:
- Біз жерге құлап қалмаймыз ба? - деп уайымын білдіреді.
- Жоқ, мына менің киімімді киіп алыңдар, сол кезде құламайсыңдар, - деп кеудешесі мен тақиясын шешіп береді.
Теруес енді қызып келе жатқан ұрыс алаңына ұша жөнеледі. Шынында да, шайқас алаңы қатты қызып кеткен еді. Өйткені, найзағай ұрған жерлерде үлкен күш бөлінді. Алыстан қарағанда жан-жақтың бəрі жарқылдап керемет шайқас болғанға ұқсайды. Оң жəне теріс күштердің қақтығысуы аспанда күн күркіретіп, найзағай жарқылдатты. Біраз уақыттан кейін найзағай басылды, тек алыстан күн күркірегендей болды.
Элия мен Бемай қатты ұрысқа қарамастан, біраздан кейін ұйқылары келеді. Мұндай мамық төсекте жатып көрмеген олар, ұйықтап кетеді. Бұлттарға оранып алған саяхатшылар түстерінде сиқырлы шоколад дəндерін көріп жатты.
Бір уақытта:
- Адамдар, тұрыңдар, - деген дауыс оларды оятып жібереді. Элия бірінші болып көзін ашады.
Алдында Теруес тұр. Элия атып түрегеліп:
- Аманбысың, Теруес, не болды? Кім жеңді? - деп сұрайды.
- Əйтеуір, төтеп бердік. Оларға кері шегінуге тура келді. Бірақ сендерге бұл жерде қалуға болмайды. Тұздейімдіктер қайтып келеді. Тез арада төменге түсейік, - деп Теруес қолдарынан ұстап, төменге секіруге дайындалды. Осы уақыта Бемай да оянады. Олар ақырын қалқып төмен қарай түседі. Түскен жерлері орманның етегі еді. Теруес есіне бір нəрсе түскендей:
- Айтпақшы қай жаққа барасыңдар? - деді.
- Ғанун еліне жетуіміз керек, - деп Бемай жауап қатты да, сөмкесінен Қайын кітабын алып шықты. Карта салынған бетті ашып жіберіп: - Мына елге, - деді.
Теруес:
- Ол жолды білемін. Мен сіздерді кішкене шығарып салайын, - деп екі шокидің қолынан ұстап, қайтадан жоғары ұшуға дайындалды.
Екі шоки не дерін білмей келісуге тура келді.
