6 страница28 апреля 2026, 13:08

6. НУА ҰСТАЗ

    Біраз жүрген соң халвадан жасалған зəулім қамал көрінеді. Екі қабатты жəне тас кəмпиттен жасалған терезелері үлкен екен. Ішіне кірсе, бір қыз дастархан жайып жатыр екен. Ол алдарынан шығып:

  – Сəлем, қош келдіңіздер, – деп жылы даусымен қарсы алады.

  – Сəлем, – дейді екі қонақ.

  – Сен кімсің? – дейді Элия бірден.

  – Мен Нуа атаның немересі болам. Есімім – Соха.

  – Менің атым – Элия.

  – Ал, менікі – Бемай.

  – Қуаныштымын, – деді Соха жымиып.

  – Ал, балақайлар, келіңдер тамақ ішіңдер, – деді Нуа ата. – Сендерді ұзақ дайындық күтіп тұр.

Олар қолдарын жуып, дастархан басына жайғасты. Ақсақал сөз бастайды:

– Мен осы жерде дүниеге келгенмін, содан бері осы жерді мекен етіп келем. Сендердің кім екендеріңді білем жəне қайда бара жатқандарыңды да білем.

– Қайдан білесіз, ата? – деп шыдай алмай, Бемай сұрақ қойды.

– Сендерді түсімде үш рет көрдім. Сол көргенімнен бері сендерді Ақкөлдің жағасында күнде күтіп жүрмін. Сендер Тұздейімге сиқырлы дəндерді қайтаруға бара жатырсыңдар ғой. Білесіңдер ме, бұл ұрлық əр мың жылда бір рет болады. Ол дəндерді қайтару оңай емес. Шококент патшасы өз əскерлерінің орнына арнайы сендерді жіберіп отыр. Тіпті мыңдаған əскер жіберсе де, Тұздейімдіктерге күші жетпейді.

Бемай сол кезде күліп жіберді:

– Сонда мен "мың баламын" ба?

Қария сөзін жалғастырып:

– Мың баласың ба, əлде жүз мың баласың ба, оны əлі көре жатармыз. Тарихта дəндерді қайтара алмаған кездер де болған, сондықтан абай болу керек.

– Бұл нешінші ұрлық, білесіз бе? – деп Элия сұрақ қойды.

– Бұл жетінші рет болып отыр. Екі рет аттанған адамдар нəтижесіз оралды.

– Дəндерді қайтара алмасақ, Шококентке не болады? – деді Элия уайымдап.

– Онда Шококент толығымен еріп кетеді. Сосын балшықтан үй жасауға тура келеді. Ол балшықтың иісі өздерің білетін хош иіс емес, – дейді қария.

– Шококент емес, Балшықкент болып кетеді ғой, – деді Бемай.

– Адам балшықтан жаратылған ғой. Несі бар, тұрамыз, – деп, Элия терең мағыналы сөздер айтты.

– Адамның балшықтан жаратылғаны рас. Бірақ, мынау сасық балшық қой. Сендер одан да дəндерді қайтарудың жолын қарастырыңдар, – деп Нуа ата салмақты сөйледі.

Ары қарай былай жалғастырды:

– Өмір деген өте қысқа, бар болғаны 60–70 жыл. Сол өмірді ерлікпен толтырыңдар. Əркімнің ерлігі əрқалай. Сендердің ерліктерің – осы жол, қолдарыңнан келетін барлық нәрсені жасаңдар. Əйтпесе, қорқақ сорлы болып қаласыңдар, – деп ауыр сөз айтты қария.

Кенеттен екеуі де, иықтарында ауыр жүк барын сезінді. Тіпті Бемайтің басынан тер бұрқ етті. Екі батыр жаупкершіліктің қандай үлкен екенін енді сезінді.

Элия алға бір аттап:

– Біз дайынбыз. Бұл жолда жанымызды да беруге дайынбыз, – деп сеніммен айтты.

Жүректен шыққан бұл сөздер Нуа қарияны қатты қуантты. Үмітпен оларға қарап:

– Онда дайындықты бастайық! – деген даусы бүкіл бөлмені алып кетті.

– Қандай дайындық? Біз дайын емеспіз бе?

– Екеуіміз де жақсы оқимыз, жақсы есеп шығарамыз. Оған қоса, мен күрес шеберімін, – деп Бемай аздап мақтанышпен айтып еді. Қария:

– Бұл жақсы, бірақ  жеткіліксіз. Ерекше қабілеттерге ие болу өте маңызды. Осыдан бастап, мен сендерге ұстаздық етемін, – деді.

Бемай шыдамай:

– Ол қандай ерекше қабілеттер, – деді де, сылқ ете қалды.

– Касиетті кітапты оқи білу, – деп Нуа ұстаз бір қызыл кітапты сөреден алып шығады. – Дəлірек айтқанда, түсіне білу.

Кітаптағы жазулар ежелгі төте жазумен жазылған еді. Кітаптың бір бөлігі карталардан болды. Ал картаның үлкендігі дастарханның жартысындай еді.

Қария картадағы бір жерді көрсетіп:

– Сендер қазір мына жердесіңдер, – деп жасыл  түсті мекенді көрсетті.

– Ал баратын жерлерің мына жақта, – деп қара түсті мекенді көрсетті. – Алдарыңда, нақты емес, бірақ бірнеше патшалық жəне таңғажайып елдер тұр. Солардан өтіп Тұздейімге жетесіңдер. Тұздейім патшасы Қаруас болады. Ол туралы бар білетінім ол жақсы адам емес....немесе адам емес деуге де болады, – деді. 

   Келесі күннен бастап, Нуа ұстаз екі қонаққа төте жазуды үйрете бастады. Ал еңбекқор жолаушылар бос уақыттарында орманнан отын жинауға шығатын. Отын вафлиден жасалған теректер еді. Бірақ, жағуға жарайтын. Алайда, Бемай түзу таяқтарды жинауға тырысты. Ну орман кешке жақын қорқынышты болды. Ал Соха болса, еш қорықпайтын.

    Бейсенбі күні сабақ біткеннен кейін Соха қонақтардың қасына келіп:

  – Жүріңдер, мен сендерге қамалды аралатып көрсетейін, – деді.

  – Жақсы болар еді, – деді Бемай. – Əйтпесе, күнде екі бөлменің арасында жүрміз.

  – Бұл қамал негізі халвадан жасалған, бірақ шатыры қола шоколадтан, – деді Соха шашын бір жаққа қайырып.

  – Сонда неше бөлме бар бұл жерде? – деді Элия үлкен залға кіре бергенде.

  – Он тоғыз бөлме.

  – Ой, барлық бөлмені жинап тазалау қиын болады ғой, қызметші болмаса, – деді Элия Соханың көзіне қарап.

  – Қызметшінің қажеттілігі жоқ, – деді Соха жымиып.

  – Сондай қалай, тазалықты өзің жасайсың ба? – деді Элия тоқтай қалып.

  – Жоооқ қайдан, қазір көресіңдер. Менің көмекшілерім бар. Бүгін тазалық күні ғой, қазір, – деді Соха.

Олар бірінші қабаттағы залдың дəл ортасында тұрып жан жағын көздерімен сүзе бастады. Ұзын терезелердің бойымен қызыл перделер түсіп тұр. Төбеде көптеген домалақ ұсақ хрусталь шамдар орналастырылған. Бір қарағанда жаңбырға ұқсайды.

  – Кешке таман светлечоктар# келіп шамды айналады. Осылайша, түнде қамал жарық болады, – деді Соха ешкімге сұрақ қойдырмай.

  – Мммм, тамаша екен, – деді Бемай жоғары жақтан көз алмай.

Залдан екінші қабатқа екі баспалдақпен шығуға болады екен, баспалдаққа Барбарис кəмпиті қолданылған. Залдың əр бұрышында ұзын құмыралар тұр. Оған қоса, жібектен тоқылған кілем қонақтардың назарын бірден өзіне тартып алды.

  – Жүріңдер, екінші қабатқа көтерілейік. Онда кітапхана бар.

  – Ооо, кітаптар ма? Керемет, мен кітап оқуды жақсы көрем, – деді де, көзін уқалап жіберді Элия.

  – Ал мен, күресті жақсы көрем, – деді Бемай қалыспай.

  – Керемет екен. Бірақ сендер Нуа атаға кітапхананы көрсеткенімді айтпаңдар. Келістік пе? Əйтпесе, ол ашуланады, – деді Соха даусын ақырындатып.

  – Неге? – деді бірден Элия.

  – Ол бөлмеде небір ерекше кітаптар бар, – деді Соха одан сайын даусын төмендетіп.

  – Сонда, қандай кітаптар? – деді Бемай шыдай алмай.

  – Ежелден бері келе жатқан дұға кітаптары бар, – деді Соха сыбырлап. – Мен сол бір кітаптан тазалық дұғасын үйреніп алғам.

  – Сонда кім оқыса да, дұға жұмыс істейді ме? – деді Бемай да сыбырлап.

  – Жоқ, əрине. Жүректен оқу керек. Сеніп оқу керек. Əйтпесе əсерін бермейді.

  – А-а-а, – деді Бемай көздерін бақырайтып.

  – Мен сол үшін күнде мектепке барам. Қазір үйренгенімді көрсетейін, – деп сөзін бітіре сала, Соха көзін жұмып дұға оқи бастады.

  – Не істейін деп жатырсың, Соха? – деді Элия күмəнді даусымен. – Бізді бақаға айналдырып жіберме.

  – Байқаусызда, – деп қосып қойды Бемай.

  – Қазір үйді тазалаймын, – деді сенімді дауыспен Соха. Артынан бірнəрсе оқи бастады. Соханың еріндері жыбырлап, түсініксіз бір сөздерді айтып жатты.

Бір кезде екі қонақтың денесі өсе бастады. Элия бірден:

  – Оооййй, не боп жатыр? Біз үлкейіп жатырмыз, ааа!!! – деп айқай салды.

Бемайтің де көзі бақырайып:

  – Соха, тоқтат бұны, əйтпесе үйге сыймай кетеміз! Тез!! – деді.

  – Ой, не істеп қойдым! Қазір, кері функциялы дұғаны табайын, қазір, – деп Соха екінші қабатқа жүгіріп кетті.

  – Бірақ дұрыс дұға болсын нақты. Яғни кішірейту дұғасын оқы! – деді бойы бес метрге жақындап қалған Элия. Уақыт өтіп жатыр, енді қонақтарға отыруға тура келді.

  – Теееез, Соха!! – деп жан даусымен айғайлады дəу Элия.

Соха кітапханадан бір кітаппен шығып, қайтадан дұға оқи бастады. Дұға біте салысымен, шокилердің өсуі тоқтады. Сəлден соң кері үрдіс басталды. Олар кішірейе бастады.

  – Уффф шүкір, – деді Соха терең демалып.

  – Бір сұрағым бар, сиқыршы дос, – деді Бемай байыпты түрмен.

  – Қойшы Бемай,  проблема шешілді ғой, – деді əпкесі түрін тыжырайтып.

  – Бұл кері функцияның шегі бар ғой, ия? Əлде шексіз кішірейе бермекпіз бе, нөлге ұмтылып? – деп сөзін жалғастырды кішірейіп бара жатқан жас бала.
– Кері функцияның шегі, нөлге ұмтылу, дейсін бе? Математиканың иісі шығып кетті ғой, хе-хехе, – деді əпкесінің шегі қаттып.#

Қонақтар шамамен бұрынғы өз бойларындай боп қалып еді. Олар кідіріп, кішіреюдің тоқтайтынын күтті. Бірақ ол тоқтамады.

  – Ммм, бұл туралы ұмытып кетіппін. Маған керегі кері дұға емес, керекті дұға ғой! Кешіріңіздерші, мен қазір, – деп Соха қайтадан кітапханаға кіріп кетеді. Осы сəтте шокилердің бойы тышқандай болып қалған еді.

  – Теез! – деді Элия бұл жолы шиқылдаған даусымен.

Сиқыршы қыз бұл жолы сары кітаппен шығып, оны оқи бастады. Бемай пен Элия құмырсқадай боп қалған еді.

  – А-а-а-а!

  – А-а-а-а!

Бір кезде екі батыр қайтадан үлкейе бастады.

  – Кішкентай болғанша үлкен болған жақсырақ сияқты, – деді Элия дем алып.

  – Қайдам, динозаврларды көрмейсің бе, бəрі құрып кеткен. Ал масалар əлі де өмір сүруде, – деді Бемай нұқып.

  – Сонда да, маса сияқты болғым келмейді, – деді Элия тағы да түрін тыржитып. Осы кезде олар бұрынғы қалыптарына келіп қалған еді. Үлкею тоқтағандай болды. Бірақ оны уақыт көрсететін болады. Бірнеше секундтан кейін еш өзгеріс болмады.

  – Алақай! Өз бойыңдай болу қандай күшті, – деді Элия қуанып.

  – Соха, сен зəремізді бір ұшырдың ғой, –  деді Бемай басын шайқап. Оның даусыңда әлі де уайым сезіліп тұрды. Соха сары кітапты оңға-солға шайқап тұрып, қабағын қақитты да:#

  – Есесіне бойларыңыздың қадірін білетін боласыздар, – деп қателігін жуып-шаюға тырысты. Бірақ айтқаны да шыңдық еді. Тым үлкен болу немесе тым кішкентай болу ондай жақсы емес еді. Алып адам болсаң, қарынды тойдыру қиын болушы еді. Ал кішкентай болсаң, басқа жыртқыш аңдармен кездескенде жағдай қиынға соғушы еді. – Жоғары көтеріліңдер, кітапхананы көрсетейін, – деді екінші қабатта тұрған қыз. Екеуі уақыт жоғалтпастан, бұл ғажапқа толы бөлмеге көтерілді. Кіре салысымен, Элия қағаздың иісін сезгенін білдіріп:

  – Мына бөлмеде қағаздың иісі аңқып тұр, – деді Элия терең деалып.

  – Қағаз деген не? – деді Соха. – Оны мен өмірімде бірақ рет көрдім. Патшаның жеке кітапханасында.
Бемай ойланып тұрып:
– Оның ерекшелігі – оны жей алмайсың, – деді.

  – Сонда ол көп жылдарға дейін сақтаулы болады ғой, ия, – деді Соха басын изеп. – Бұл дегенің керемет қой! Басқа біреуге біліміңді жеткізгің келсе, осындай кітапқа түсіру. Шоко əлемде қаншама кітап желініп кетті, мыңдаған кітап. Ата-бабаларымыз тамақ таба алмаған кезде кітаптарды жеп қойған, амалсыздан, – деді білімге құштар сиқыршы қыз. – Алайда, ғылым қарыннан артық емес пе..?

  – Əрине келісем, алайда қарның аш кезде басыңды біліммен толтыру қиын ғой, – деді Элия.

  – Ия, бастауыш сыныптағы оқушылармен жұмыс істеу əлдеқайда оңай болар еді. Кітап, дəптер жеу деген болмаушы еді. Оқуға деген тəбетің басқаша болушы еді, – деді Соха күліп. – Мен балабақшаға барып жүргенімде  қаншама дəптер, қалам жеп қойдым, Ха-ха-ха, – деді Соха өзін ұстай алмай.

  – Ха-ха-ха, – деп Бемай да қосыла кетті. Соха сөзін жалғастырып:
– Ең қызығы, кішкентай кезімде бірнеше миллион теңгені жеп қойған екенмін. Ол ақшаға үй сатып алғалы жатқанбыз. Ха-ха-ха. ..

  – Қағаз деген нəрсе сіздің де өміріңізде болғанда тамаша болар еді, – деп Бемай өз тілегін білдірді. Сол уақытта Соха қолына бір кітап алып, ішінен бір беттерді іздеп жатқандай болды.

  – Ал, таптым, – деді ол қуанып.

  – Нені? – деді Бемай күмəнмен.

  – Бағанағы тазалық дұғасын.

  – Қатты қажет емес.

  – Жоға, көрсетем деп айтып қойдым ғой.

Элия да алға бір аттап:

  – Соха, аса қажетті емес, – деді інісіне қосылып.

Екі шокидің түрлерінен бағанағы бойларының өзгергенінен қатты қорқып кеткендері көрініп тұрды. Соха бірден түсініп:

  – Қорықпаңдар, мен бұл нəрсені жүз рет жасағам, қазір, – деді.

Соха болмай дұғаны оқи бастады:

Пəк, пəк жаным пəк,

Кетсін айналадағы дақ.

Болсын таза бөлмелер,

Сонда шуақ көрінер.

Бір кезде кітапхананың ішін тұман басып кетті. Бөлмедегі шаң көтеріліп, терезеге қарай бет алды. Сəлден соң жаңбырдың иісі аңқып кетті.

  – Мінекей болды, – деді сиқыршы қыз көкірегін көтеріп. Бемай қызығып:

  – Мен залды тазалап көрейінші, – деді.

  – Істей аласың деп ойламаймын, – деді Соха қолдарын байлап. – Ол үшін тəнің де, жаның да таза болу керек. Яғни дұға қабыл болу үшін, мен сияқты, мектепке бару керек, Һəм де бірнеше жыл.

  – Оны қайдан білесің? Оның жаны да, тəні де таза, – деді Элия інісін қорғап.

  – Ал оқы, онда көрейік, – деді сиқыршы қыз күлімсіреп. – Қаншама адам оқып көрді. Ешкім бірден істей алған емес. Тіпті, кейбіреулер жылдар бойы сиқыршылар мектебінде оқыса да, қолдарынан келе бермейді.

  – Қане көрші, Бемай, – деді əпкесі Соханың сөздерін естімегендей.

Бемай кішкене кідіріп, терең демалды. Сырт көзге рухани күшін жинап жатқандай көрінді. Солай да болған шығар.

Ол кітапқа үңіліп тұрып оқи бастады:

Пəк, пəк жаным пəк,

Кетсін айналадағы дақ.

Болсын таза бөлмелер,

Сонда шуақ көрінер.

Екі шоки үміт толы мөлдір көздерімен жан-жағын сүзіп тұрды. Бір нəрсе боларын күтіп, тастай қатып қалған еді. Тек сиқыршы қыз түрін өзгертпей "басқа не күтіп едіңдер" дегендей бір нүктеге қарап тұрды. Ол тастай үнсіздікті бұзып:

  – Айттым ғой, бұл оңай емес, – дегені сол еді, залды көк түтін баса бастады.

  – Əнее! Көрдің бе! – деді бірден Элия орнынан секіріп.

  – Алақай! – деді інісі өзін-өзі ұстай алмай.

  – Бұл қалай?! Мүмкін емес. Қалай істедің, Бемай? – деді Соха Бемайтің қасына жүгіріп келіп. – Мəссаған!!! Міне ғажап!!

  – Айттым ғой! Айттым ғой! Менің інім керемет, – деді Элия інісін құшақтап.

  – Ғажап деп осыны айт! – деді сиқыршы қыз таңданысын ұстай алмай. – Қалай істедің?

  – Ешқалай ...

  – Қалай дұға бірден əсерін көрсетті?

  – Білмеймін деймін.

  – Мен жеті жыл бойы оқып-тоқып əрең деген де бұл дəрежеге жеттім. Ал сен болсаң əп-сəтте қол жеткіздің. Бұл қалай соңда?

Біраз уақыттан кейін жаңбырдың иісі шықты. Айнала тазалықтан жарқырап бұлғын боп тұрды. Сиқыршы терең ойға батып, біраз тұрып қалды.

  – А-а-а, енді мен түсіндім. Сендер жай адам емесіңдер. Ұмытып кетіппін ғой. Сендер сиқырлы шоколад дəндерін қайтаруға жіберілген ерекше жансыздар.

  – Білмеймін енді, – деп Бемай кішкене ұялып қалды. – Əкемізді қайтарсақ болды.

Соха сөзін ары қарай жалғастырып:

  – Айыпқа бұйырмаңыздар, ішімде мазалап жүрген бір сұрақ бар еді. Бірнеше күн болды мазалап жүргеніне, – деді ыңғайсызданып.

  – Айта бер, біз сыр сақтай аламыз, – деді Элия сенімді дауыспен.

  – Осы ойлайтынмын "неге Нуа ата сияқты қабілетті адам тұрғанда мына екі жас баланы дəндерді қайтаруға жіберген. Басқа адам таба алмаған ба? Нуа атаның білімі өте терең, əрі қабілетті, дұғаның жүздеген түрін біледі" деп. Енді көзім жетіп отыр. Сендер дəндерді қайтара аласыңдар.

  – Мммм..,  Шоко əлемді құтқарсақ, бұдан асқан арманымыз жоқ, – деді Элия мақтаулардан ыңғайсызданып.

  – Өздеріңіз кішіпейіл екенсіздер. Қандай керемет қасиет. Алтынның үстіндегі маржандай, – деді сиқыршы қыз одан сайын таңғалып.

  – Ал енді не істейміз? – деді Бемай сөзді басқа жаққа бұрғысы келіп.

  – Кеттік, сендермен судың үстінде жүгіріп ойнайық. Жақын жерде көл бар. Көптен бері ойнамаған едім. Бір сергіп қайтайық.

  – Судың үстінде ме? – деді Элия таңғалып.

  – Ия, дəл солай. Судың үстімен жүреміз.

  – Ол қалай болмақ? Дұға арқылы ма? – деді Бемай. Элияның көзі жайнап:

  – Қызық екен. Өмірімде ешқашан судың үстімен жүріп көрмеппін, көрейікші, – деді.

  – Жүріңдер, қазір мен доп ала шығайын, – деп Соха жүгіріп кетті. Біраздан кейін Соха куб тəрізді доппен келді. Сөйтіп, олар көл жаққа қарай жолға шығып кетеді.

6 страница28 апреля 2026, 13:08

Комментарии

0 / 5000 символов

Форматирование: **жирный**, *курсив*, `код`, списки (- / 1.), ссылки [текст](https://…) и обычные https://… в тексте.

Пока нет комментариев. Будьте первым!