5. СҮТ КӨЛІ
Көпірден өткен соң оларды ақ көл күтіп тұрды. Оның ақ болуының себебі, көлде су емес сүт еді.
Екеуі көлге қарай бет алды. Алдарына ақ мата жайылып тұрғандай болды. Ақкөл өте үлкен еді. Қайықпен немесе кемемен жүзіп өту мүмкін емес. Өйткені, кейбір жерлері ашып айранға айналып жатты. Кеме айранды жерде жүзе алмай тұрып қалады. Балықтары да сүт көлінде жүзіп сүтқоректі болып кеткен.
Элия інісіне бұрылып:
- Есіңде ме, Бастуар мырзаның не айтқанын? - деді. - Көлдің арғы бетіне жету үшін тек бір ғана амал бар. Ол - ұшатын кемемен өту.
- Ұшатын кеме көлдің жағасында болу керек, - деді Бемай есін жинап.
- Ия, қай жерде екен?
- Жақын жерде болу керек.
- Көлдің арғы бетінде болса ше?
- Олай жаман ойламашы. Жаман ой жаман нəрселерді тартады. Жақын бір жерде деп үміттенейік, - деді Элия ақылын айтып.
Бұл əпкесінің ақылы Бемайке ұнағанға ұқсайды. Өйткені, ол жымиып:
- Ия, теріс ойлауға ешқандай себеп жоқ, - деді.
Олар көлді жағалап кемені іздеуге кіріседі.
Элия ішінен қайта-қайта:
"Жақын жерде болса екен-ау,
Жақын жерде болса екен-ау,
Жақын жерде болса екен-ау,
...
Жақын жерде болса екен-ау", - деп ыңылдап келе жатты.
Бемай бұны байқап:
- Мың рет айтқан шығарсың енді, - деп өзінше ескерту жасап еді. Элия:
- Іс əрекетке жақсы тілек қосылса нəтиже болады, - деді сөз қайтарып.
- Бірақ сен маңызды нəрсені айтуды ұмытып кеттің.
- Ол не тағы?
- ..."тезірек табылса" дегенді қос.
- Ия, дұрыс айтасың.
Олар күні бойы іздеп, кешке қарай алыстан кемені байқайды.
Элия қуанғанынан секіріп жіберіп:
- Алақай! Таптық! - деп бар даусымен айқай салды.
Екеуі де шаршағандарын ұмытып, кемеге қарай ұмтылады. Ұшатын кеме алыстан көз жауын алып тұр. Ол қара ағаштан жасалып, қызыл ағашпен əрленген еді. Ұшатын кеме үлкен жəне əдемі көрінеді. Жақындаған сайын əдемілігі арта түсті. Кеме жағадағы құмда тұрды. Екі жағынан құлап кетпес үшін жуан бөренелермен бекітіліп қойған. Кеменің қасында иесі жүр. Кеме оған ата-бабаларынан мирас боп қалған еді. Бұл əйгілі капитан Дойын болатын. Дойын бойы ұзын, əрі толық кісі екен. Дастарханға бір отырғанда бір қойды тауысып қоятын. Сондықтан, ол дастарханға отыра бермейді, тұрып жейді екен. Ал жатып жесе, екі қой өмірімен қоштасады. Жуан даусымен:
- Кім боласыңдар? - деп еді.
- Ассаламағалейкум, - деп сәлем берді балалар.
- Уағалейкумассалам, - деп сәлемін алды Дойын.
- Біз Шококенттен келе жатырмыз.
- Бізге көмек керек еді. Көлдің арғы бетіне жетуіміз керек. Бізге көмектесесіз бе? Əйтпесе, Шококент құриды, - деп, олар бірден өз уайымдарын білдірді. Дойынның жүзінде мейірім көрініп тұрды.
- Жарайды, келіңдер, қонақ болыңдар, - деп оларды кемеге шақырды.
Олар Дойынның артынан жүрді. Кеменің сыртынан арқаннан жасалған баспалдақ ілініп тұр. Дойын ірі болғанымен, мысықтай тез өрмелеп шығып кетеді. Бұл оның күніне бірнеше рет жасайтын ісі еді. Ол артына қарап:
- Балақайлар! Неге ақырындап қалдыңдар? - деді зілді дауыспен.
Элия мен Бемай бар күштерін салып жоғары шықты. Олар шыққанша Дойын бес-алты рет түсіп қайта шығатындай болды. Бəрі бірге кемедегі капитан бөлмесіне қарай беттеді. Бөлменің ішінен аздап майдың иісі шығып тұр екен, бірақ қонақтар ештеңе білдірмей ішке кірді. Дастархан сүт тағамдарына толы болды. Айран, құрт, сүзбе, ірімшік, қаймақ, тіпті қымыз да бар еді. Бөлменің ішінде əртүрлі теңізші саймандары болды. Балық қабыршықтарынан жасалған кілем бірден көзге түсті. Онда осы аймақтың картасы бейнеленген. Ал қабырғада ескерткіш ретінде балықтың басы ілініп тұр. Тіпті, мүйізі бар балық та бар екен. Бір нəрсе айтқысы кеп тұрған сияқты. Түрі өкпеге толы. Өкпелемегенде ше ...
- Ал, жайғасыңдар балақайлар, - деп тәжірибелі капитан қатып қалған үнсіздікті бұзды. Қонақжайлығын білдіріп:
- Келіңдер, отырыңдар. Тамақты енді дайындап бітіріп едім, дəл үстіне түстіңдер, - деді.
Бөлменің дəл ортасында үш аяқты дəу үстел тұр. Шаршаған адамдай кішкене қисайған. Қолмен ұстамаса да, үсті жабысқақ екені көзбен ақ көрініп тұр. Дойын еш ыңғайсызданбастан, асықпай дастархан жая бастады. Дастархан дайын болған соң, екі қонақ үндеместен əртүрлі тағамнан дəм татты.
Бемай сөз бастап:
- Бұл сүт көлі Ақкөл қалай пайда болған екен? Тарихын білетін шығарсыз. Айтып бересіз бе? - деп сұрақ қойды.
Дойын жақсылап жайғасып алып, әңгімесін бастады:
- Ия, ата-бабаларымыздан бізге жеткен бір аңыз бар. Бірнеше ғасыр бұрын бұл көлде су болған екен. Ол кезде көл «Суар» деп аталатын. Сол заманда көлдің жағасында тұратын халық бата бергенде тек қана "Ақ мол болсын!" ‒ деп айтады екен. Уақыт өте келе адамдар суды қадірлемей, сүтті қасиетті қылып жібереді. Жылдар өтіп, сиыр сүт бергендіктен адамдар сиырға табына бастайды. Азып кеткен бұл халыққа құдай жазасын береді. Көлдегі суды сүтке айналдырып жібереді. Бір қызығы көлде жыл мезгілдері басқаша өтеді. Баста қымыз мезгілі келеді. Сосын шұбат мезгілі, одан соң сиыр сүті, артынан ешкі сүті мезгілі басталады. Осылайша, əр мезгілде көл өзгеріп тұрады. Бірақ қара суға жетпейді, әрине. Сол уақыттан бері осы халық құрғақшылықта өмір сүруде, - деп әңгімесін аяқтайды Дойын.
- Қызық екен, бірақ суды қадірлемегендері өкінішті-ақ. Біз тіпті жеміс шырынын босқа жұмсамаймыз, - деді Бемай басын шайқап.
- Дұрыс, ысырапшылдық - бұл адамды аздырады. Соңы жақсы болмайды, - деді Дойын балақайларға қарап.
Олар жақсылап тамақтанып алады. Дастархан басынан тұрған соң, алып Дойын басын қасып тұрып былай дейді:
- Сендерге көмектесейін. Бірақ кемеге ұшу үшін ерекше жанармай керек.
- Ол сонда қандай жанармай? - деп екеуі бірге сұрады. Қонақтар Дойынның бетіне қарап қалады.
- Бұл сиқырлы кеменің жанармайы - шынайы күлкі.
- Жарайды, бұл оңай ғой. Әзіл айтамыз! - деді Бемай қуанып.
- Бір әзілдің күлкісі жарты күнге жетеді. Қатты күлкілі болса, толық бір күнге де жетіп қалуы мүмкін. Бірақ бәріміз күлуіміз керек, - деді Дойын.
Элия да араласа кетіп:
- Онда уақыт жоғалтпайық. Тезірек бастайық, - деді.
Бірінші болып күлкілі оқиға айтатын Бемай болды.
- Адамдар қай айда аз сөйлейді, білесіздер ме? - деп сұрақ қойды Бемай. Дойын ойланып:
- Қай айда көбірек тамақ ішеді, сол айда шығар. Өйткені ауыздары тамақтан босамайды ғой, - дейді.
- Ха-ха-ха, бұл қызық жауап екен. Бірақ жауабы бұл емес, - дейді Бемай.
- Негізі жауабы ақпан айы, өйткені ол ай ең қысқа ай. Жиырма сегіз күн.
- Ха-ха-ха, - деп бəрі күліп жіберді.
- Шынында да, өте күлкілі жұмбақ, - деді Дойын.
Осылайша, Бемай өте күлкілі əңгіме айтып бітіреді. Бәрі күліп, кеме де күлкіге толып, ұшуға толығымен дайын қалпына келді. Кеме ақырындап көкке көтеріле бастайды. Олар биіктен әдемі көріністерге куә болады. Бұндай биіктікке бұрын-соңды шықпаған саяхатшылар ауыздары ашылып аң-таң болады. Олар бұлттардан асып, таулардан да биігірек көтеріледі.
Олар биіктен айналаны зерттеуге кіріседі. Бемай қолымен көрсетіп:
- Анау тауға ұқсап тұрған не? Бірақ таудан да биік, əрі əлдеқайда ұзын, - дейді.
Дойын оны бірден түсінеді. Оның жауабы дайын еді, өйткені бұл сұраққа ол талай рет жауап берген.
- Бұл - жердің қыры. Жер төртбұрыш болғандықтан, дəлірек айтқанда, куб тəрізді болғаны үшін қырлары болады, - деп жауап берді Дойын.
Бемай сонда:
- Жер сонда шар тәрізді емес пе!? - деп таңғалады.
- Жоқ, жердің беті жазық, квадрат пішінді. Неге екенін білмеймін, адамдардың көбісі жерді домалақ деп ойлайды. Бұл дегенің мүмкін емес қой. Бұл тек ертегілерде болады ғой! - деп қарқылдап күліп жібереді Дойын.
Бір кезде Элия:
- Жер төрт бұрыш болса, демек жердің шеті бар, - дейді ой жүгіртіп.
- Əр жақта төрт шеті бар. Демек "дүниенің төрт бұрышы деген" сөз осыдан шыққан екен ғой, - деді Бемай.
Шынында да, төртбұрышты жер биіктен өте керемет көрінеді екен. Кеме көтерілген сайын Ақкөл кішірейіп ақ дақ сияқты боп қалды. Көгілдір су жердің басым бөлігін кұрап жатты. Бұл əдемі де сиқырлы кубтың қырлары түп-түзу екені биіктен анық көрінді. Дойыннан басқасы, бұл керемет сұлулықты тамашалауда еді. Төртбұрышты жер таңдай қақтыра сүйсіндірді. Ал Дойын болса, тамақ ішіп қолы босамай жатты.
Бемай болса:
- Ананы қара, Элия! Солтүстік жаққа метеориттер түсіп жатыр, - деді қолымен көрсетіп.
- Ия, ені көрдім.
- Əдетте метеориттер осыншама көп түспеуші еді, - деді Бемай.
- Айтпақшы, бір кітап бойынша жақын арада көп метеориттер түсу керек екен. Олардың құрамында темір деген бір нəрсе болады екен, - деді Элия ойын жинап.
- Темір, ол не екен сонда? - деп таңғалды Дойын.
- Өзі қатты, əрі ауыр болады жəне оның пішінін балқытып өзгертуге болады екен, - деді Элия жымиып.
- Сиқырлы нəрсе десеңші, - деді Дойын басын шайқап. - Ол метеориттерге шамандар солтүстікке барып, «Əрікетші» деп айғайлап кері дұғалар жасап жүр деп естігем. Сосын тілі келмейтіндер Əрікетка немесе Əрктика деп айтып кетіпті.
Кеме бұлттардың арасымен жүзіп, ауа толқындарымен бірге теңселіп, самғап кете берді. Ұлан-асыр ауа мұхиты кемені бар күшімен жетектеп отырды. Жұлдыздар бір нəрсе айтқысы келгендей жыпылықтап тұр. Олардың да бөлісетін көп əңгімелері бар шығар. Бірнеше миллион жыл бойы жиналып қалған болу керек. Сәлден соң кемедегі жолаушылар тəтті ұйқыға кетті.
Ертеңіне барлығы бір уақытта оянады. Таңғы асқа сүт пен шоколад жеп алады. Дойын жанармай жағдайын тексеруге шығып кетеді. Келісімен:
- Əзіл айтатын уақыт болды, - дейді.
- Енді кім айтады? - дейді Бемай қабырғаға сүйеніп. Тәжірибелі капитан қолдарын беліне қойып:
- Менің өз əзілім бар, - дейді.
- Ал, көрейік, - дейді Бемай тыңдауға дайындалып.
- Ал тыңдаңдар. Біреуге ренжіген кісі «жер домалақ əлі көрісеміз» деп айтқан екен, - дейді.
- Ха-ха-ха-ха...
- Ха-ха-ха..
- Хи-хи-хи..
Үшеуі де қатты күлгендерінен жерге құлап кете жаздап, әрең дегенде өз өздеріне келеді. Ең қызығы, барлығынан да Дойын қатты күліп, өз-өзін əзер тоқтатады.
- Ха-ха-ха...
Күліп болған соң Дойын:
- Көлдің осы жағында Нуа деген саудагер бар. Ол көп жерді көріп, көп біледі екен. Соған бір жолықсаңдар жақсы болады, - деп соңғы ақылын айтты.
- Жарайды Дойын аға, сол туралы Бастуар ақсақал да айтып еді. Біз оны іздеп, міндетті түрде табамыз. Сізге көп рақмет, - деп қоштасуға дайындалады екеуі.
Кешке қарай олар Ақкөлдің арғы бетіне жетеді. Кеме ыңғайлы бір жерге қонады. Қонған жер орманның бір шеті екен. Орман ағаш теңізі сияқты шайқалып тұр.
Саяхатшылар Дойынға ризашылығын білдіріп, шоколадты сыйға тартады.
- Рақмет, Дойын аға. Сіз өте жақсы адам екенсіз. Шокилер жəне адамдар сізге мəңгі риза болады, - дейді Элия ықыласпен.
- Көмегім тисе, өмірімнің мəні болады деп ойлаймын. Мен қуаныштымын, - дейді капитан көзі кішкене жасаурап.
- Жақсы, сау болыңыз, - дейді Бемай Дойынды бір құшақтап.
Олар Дойынмен қоштасып, батысқа қарай жол жүреді.
***
Алдарынан екі адам көрінеді. Олар жолда кездестірген бұл екі адамнан Нуа ұстаз жайлы сұрауды ойлайды.
- Сәлеметсіздерме! - деді Бемай пен Элия.
- Сəлеметпе, балақайлар.
- Біз Нуа ата деген кісіні іздеп жүр едік, білмейсіздер ме? - дейді.
- Білеміз, ол ойыншық сатады, - дейді олар.
- Қандай ойыншық сонда? - дейді Элия.
- Ол сиқырлы өзі жүретін ойыншық сатады. Басқа əлемнен əкелінген дейді. Сол ойыншық үшін бір қой бердім, - дейді бірінші адам ашумен.
- Ал мен болсам, екі ешкі бердім. Бірақ үйге келіп, ол ойыншықпен біраз ойнаған соң істемей қалды. Онымен байланыспаған дұрыс, - дейді екінші адам.
- Ол кісіні қайдан іздесек болады? Басқа бір шаруамыз бар еді, - деді Элия.
Қаралау келген кісі солтүстікті колымен көрсетіп:
- Мына көрініп тұрған жотаның артында Жалдама деген қалашық бар. Сол мекеннің базарынан тауып алуға болады, - дейді түрін тыжырайтып.
- Рахмет, - деді Элия.
Енді жолаушылар сол Жалдама қаласына аттанады. Жолдың бойында атарбамен сол қалаға қарай бара жатқан кісіні кездестіреді. Жасыл шапанды, ақ сақалды кісі əндетіп келе жатыр екен.
- Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,
Жарасар қамзол сұлу, белін қиса.
Шорманның Мұстапасы атымды алып,
Атандым сол себептен Жаяу Мұса.
Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса, ....
Бемай бірден бар даусымен айғай салды:
- Ағатай, Жалдамаға бара жатырсыз ба? Бізді де ала кетесіз бе?
- Жарайды, отырыңдар, - деп қарт бірден келісе кетті.
Екеуі арбаға жайғасып алады.
Элия бірден Нуа ата туралы сұрай кетеді:
- Сіз Нуа деген кісіні білесіз бе? Сол кісіні іздеп жүр едік, - дейді.
Ол кісі бірден тоқтай қалып:
- Ия, білем. Яғни, ол менмін. Не үшін іздеп жүрсіңдер? - деді таңғалып.
Екі саяхатшы бірден қуанып:
- Сіз бе? Біз Шококент патшалығынан келе жатырмыз. Шокохан патша сізге жолығып дəріс алуымызды тапсырып еді.
Нуа сол кезде:
- Патшаларың айтса айтқан шығар. Бірақ ол маған патша емес, ешқандай сабақ беруге мұршам жоқ, уақытым да жоқ, - деді.
Бемайдің түрі аянышты болып:
- Тұздейімдіктер біздің əкемізді ұрлап əкетті. Оған қоса, шокилардың сиқырлы шоколад дəндері де ұрланды. Ол қандай дəндер екенін білесіз ғой. Қайтармасақ Шоко əлем құрыды, - дейді.
- Ұрлап əкетті дейсіздер ме? Қалай сонда? Ол мүмкін емес еді ғой, - деді қария. - Іштеріңнен біреу сатып кеткен ғой.
- Біз сол сиқырлы дəндерді қайтаруымыз керек. Сол үшін Шокохан бізді жіберді, - деді Элия аздап ыңғайсызданып.
- Демек, көптен күтіп жүрген қонақтарым боласыңдар. Жүріңдер, менімен еріңдер, - деп орманға қарай бет бұрады. Жолаушылар сұрақ қоюға дəті бармай, жылы жүзді қарияның арбасына отырып кете береді. Неге екені белгісіз, бірақ іштерінен қарияға сенуге болатынын сезеді.
