4 страница28 апреля 2026, 13:08

4. ЕКІ ҮМІТ

    Күн бейсенбі еді. Шоко əлем көшелерінің бірінде аққудай нəзік қыз келе жатыр. Қызғылт-сары шаштары иығына дейін түсіп тұр. Айнала тұңғиық мұхиттың түбіндей тым-тырыс. Сары қыз орманнан қайтып келе жатып, жолда кездестірген гүлдерді əдеттегідей санап келе жатты. Жолдың бойымен өсіп тұрған гүлдер аспандағы жұлдыздай тізілген. Күн де бар шуағын шашып, гүлдердің басынан сипап тұрғандай. Бірақ сол күнгі ауа райы ыстықтан шыжып тұрды. Жалқау аула мысықтары көрінбейді. Әдетте секіріп, ойнап көбелек қуалап жүрген мысықтар да раушан гүлдерінің көлеңкесіне тығылып қалған. Тіпті, ойынды қатты жақсы көретін күшіктер де сəкінің астына жайғасып алған. Кенеттен сары қыздың қасына ерекше сағыздан жасалған ат арба келіп тоқтайды. Арбаны безендірген сары шоколад оюлары күн сəулесін ерекше шағылыстырып тұр.

Арбадан жанталасып үлкен лауазымды екі адам түсті.

Құрметпен:

  – Сəлем бердік, Элия сіз боласыз ба? – деп сұрады.

  – Сəлеметсіз бе, ия, мен болам, – деді сары қыз ілтипатты даусымен.

  – Біз патшаның уəзірлері боламыз. Келіңіз арбаға отырыңыз, жолда бəрін түсіндіреміз, – деді көк шапан киген бас уəзір.

  – Жарайды, мен сізді білем. Шоқайдың үйіне келгеніңізді бірнеше рет байқағанмын, – деп Элия сенгенін білдірді.

– Дұрыс, бөтен біреудің арбасына отырмау керек, – деді бас уәзір.

Элияның ойы неше түрлі сұрақтарға тола бастады. Бірақ ол өзін сабырлы ұстады. Қара шапан киген екінші уəзір арбаға отырысымен:

  – Сенің бауырың қайда екен, екінші арбаны сол жерге жіберейік. Уақыт тығыз, – деді асығып.

  – Ол Арц деген шокидің үйіне кеткен, сонда болу керек, – деді Элия.

    Екінші арба Арцтың үйіне бет алды. Қара көзді, қара шашты бала үйден енді шығып келе жатыр екен. Кең иықты жəне бойы ортадан сəл жоғары. Күрескенде тек қана қара күшті ғана емес, ақылын да керемет қолданатын.

  Сарайдікі екені айдан анық арба баланың дəл алдына келіп тоқтады. Кішкене шаң көтеріліп, топырақтың иісі шығып кетеді. Шаңның арасынан екі уəзір шыға келді.

  – Сəлем, жігіт. Сен Бемай боласың ба? Біз патшаның уəзірлері боламыз. Шаруа бар.

  – Сəлеметсіздерме. Ия, мен Бемаймін. Ол сонда қандай шаруа? – деді бала.

  – Өте құпия тапсырма. Кейінірек түсіндіреміз, – деді уəзір асыққаның көрсетіп.

  – Жоқ, бірінші қандай шаруа екенін айтыңдар, əйтпесе ешқайда бармаймын, – деп бозбала қасарысып тұрып алды.

Баланың қырсық екеніне көзі жеткен уəзірлер:

  – Жарайды, патша сені Тұздейімге жібергісі келіп отыр. Ал, жүр, енді, – деді сақалды уəзір асығып.

  – Тұздейімге ме? Мені ме? – деп өз құлағына сенбей қалды бала. Бозбала не қуанарын, не жыларын білмей тұрып қалды.

  – Ия, сені, енді жүр. Тез баруымыз керек. Əр минут өте маңызды, – деп уәзір əдемі əшекейленген үсті жабық арбаға жас баланы отырғызды. Арба бірден қозғалып, сарайға бет алды.

Арбаны тартып келе жатқан төрт тұлпар ешкім қамшымен ұрмаса да, бар күшін салып шапты. Қанатты тұлпардай, тұяқтарының жерге тигені сезілмеді. Олар да қиын жағдайды сезді ме екен?

     Арба көшенің шаңын бұрқыратып, зəулім шоколад сарайына көзді ашып-жұмғанша кіріп кетті. Алыстан қарағанда, сарай шаршаған адамдай салбырап, əрең тұрғандай сезілді. Бұл іштегі тұрғындардың əсерінен болу керек.

   Қошқар оюлы сары шапан киген патша екі баланы өзі қарсы алды. Тəжінің ортасында "Ш" əрпі бірден көзге түсті. Патшаның түрі уайымнан əбден шаршап кеткен. Көптен бері тамақ ішпегенге ұқсайды, тіпті шоко-бешпармақ та тəбетін аша алмаған. Үлкен залда патшаны санамағанда, он жеті адам жиналыпты. Киімдеріне қарағанда барлығы да маңызды адамдарға ұқсайды. Маңызды екендерін басқаша көрсету қиын болған шамасы. Оған қоса, тұрған тұрыстары да жай емес. Залдың оң жақ бүйір есігінен, киімдері ондай керемет болмаса да, қарапайым бірақ таза киінген үш ақсақал кіріп келді. Түрлерінен-ақ ақыл ойлары ерекше екендері көрініп тұр. Патшаның уәзірлері үш биге жол беріп, кері шегінді. Манадан бері сабырсыздана күтіп отырғандары екі жас бала. Патша балалардың қолынан ұстап:

  – Қош келдіңдер, балақайлар! – деді үміт толы көздерімен қарап.

  – Қош көрдік, – деді екеуі бас иіп, құрметтерінің белгісі ретінде.

  – Сендерге үлкен жүк түсіп отыр. Шоколад елінің жүрегі болып саналатын сиқырлы шоколад дəндерін тұздейімдіктер ұрлап əкетті.

– Ия, естіген едік, – деді сәлден соң Элия.

– Онда білетін шығарсыңдар, Шококенттің күші сол сиқырлы шоколад дәндерінен келеді.

– Ия, әрине. Энергия бір жерден келу керек, өзінен-өзі пайда болмайды ғой, – деді Бемай сөзге араласып.

– Сол дәндерді қайтару керек. Соған сендерді жіберсек деп отырмыз, – деді патша тағына отырып.

– Бұл қалай болмақ сонда? Біз бе? – деді Бемай таңданысын жасыра алмай.

– Ақсақалдармен осылай шештік.

Екі жас шокидің кеуделері ауа емес, темір толғандай сезінді. Көздері болса, алмастай қатып қалды. Екеуі зорға демалды.

– Бірақ, бұл өте жауапты тапсырма, – деді Элия дірілдеп.

Бемай ыңғайсызданып:

– Батырлар тұрғанда біз қалай бармақпыз? – деді.

– Бұл жерде білектен бұрын жүрек маңызды болып тұр. Ақсақалдардың білгендері бар. Осы сапарға сендер таңдалып отырсыңдар, – деп патша салмақты түрде сөйледі. – Айтпақшы, əкелерің де солардың қолыңда. Ол жаққа жету үшін не керек бəрін береміз.
– Олар əкемізді не үшін алып кетті, білесіздер ме? – деді Бемай.
– Нақты білмейміз, бірақ олар əкелеріңізді қолданып, ащы жоспарларын іске асырмақ, – деп жауап қатты патша.

– Жарайды, біз онда дайынбыз, – деді Элия Бемайке қарап. Бұл айтылған сөзде сенімсіздік сезілді. Көздері де уайым шашып тұрды.

Бемай əпкесін мақұлдап:

  – Əлбетте, – деді даусы терезедей дір-дір етіп.

  – Тез жиналып жолға шығу керек, – деді патша уəзірлеріне белгі беріп.  – Бастуар мырза, сіздерге бəрін түсіндіреді.

   Үлкен залдан патша шығып кетеді. Артынан ілесіп уəзірлер де шыға бастайды. Залдың қақ ортасында, теңіздегі жалғыз аралдай, екі бала жападан-жалғыз қалып қояды.  Құтқарушы кемедей Бастуар ақсақал залдың шығыс есігінен қайта оралады. Қолында жазуға толы қағаздар.

  – Қағаздың санына қарағанда, көп нəрсе түсіндірілетін сияқты, – деді Элия Бемайке сыбырлап.

  – Осы қыздар бəрін байқап қояды, – деді Бемай мысқылдап.

   Бастуар ақсақал оларға жолда керек нəрселерді егжей-тегжейімен түсіндіруге кіріседі.

  – Тұздейімге жету үшін бірнеше таңғажайып елден өту керек. Əр ел өз қиындығымен ерекше. Өз заңдары, өз қасиеттері бар. Ең маңыздысы Нуа атаға жолығып, сол кісіден білім аласыңдар....

Бұл нұсқаулық жұмыс екі сағат уақыт алады. Отырыс бітісімен, патша оларға жолға керемет шоколадтардан беріп:

  – Мынау біздегі ең жақсы шоколад. Сендерге беріп отырмын, жолда керек болады. Тұздың арасында жүріп тəттінің дəмін ұмытып кетпес үшін, – дейді патша ең қымбат затын бергендей. Шынында да, бұл ең қымбат нəрсе еді. "Жолдарың болсын!" – деп патша шығарып салды.

Ертеңіне екеуі ақсақалдардың батасын алып, жол жүріп кетеді.

Сарайдағылар оларға: "Жолдарың тəтті болсын!" – деп шығарып салып жатты.

Жолдағылар да: "Тəтті сапар!" – деп қолдарын бұлғады.

Тəтті сапар ....тəтті сапар. ...

***

Екі бауыр қонақ боп қалып жатқан үйлеріне соғып, бауыр басып қалған Шоқайдың апасына барлық жайды түсіндіруді жоспарлайды. Апа оларды қақпаның алдында шығып:

  – Боталарым менің, кешіктіңдер ғой. Бəрі жақсы ма? – деп қарсы алады.

Бемай:

  – Апа, біз ... қалай айтсам екен. Біз Элия екеуіміз Тұздейімге аттанайық деп отырмыз, – деді.

  – Сендер ме? Қалай? Қайдан шықты бұл нəрсе, əлде бұл əзілдерің бе? – деп апа түсінбей тұрып қалды.

  – Бізді Шокоханның өзі жіберіп отыр, – деді Элия даусы дірілдеп.

  – Сендер əлі кішкентайсыңдар ғой, неге сендер? – деді.

  – Ақсақалдар осылай шешті, – деді Бемай анасын жұбатып. – Демек бұл солай болу керек.

  – Əкелерің де сол жақта. Енді сендер ... – деп апа басын төмен түсірді.

Апа біраз ойланып қалады. Артынан өз-өзін жинап:

– Демек, бұл кездейсоқтық емес. Барыңдар, балаларым. Бармай қалсаңдар не болмақ, қаншама адам сендерді күтіп отыр,...сендерге үміт артып отыр. Жолдарың болсын, айналайындар, – деп шоки апа екеуін құшағына алып, сүйіп алады. Бірақ, жіберуге мәжбүр. Әйтпесе, Шококенттің халі мүшкіл.

    Олар апаның дайындап қойған дəмді тамағын ішіп алып, жолға шығуға дайындалады. Осылайша, екі жас батыр сиқырлы шоколад дəндерін қайтару үшін Тұздейім еліне шығып кетеді.   

    Қанттан жасалған жоталардан асқан соң, алдарынан ескі көпір көрінеді. Бемай қолын созып:

– Бұл Бастуар мырза айтқан əйгілі Құзан көпірі ғой, – деді көздері бадырайып.

– Ия, алғашқы қиындыққа келдік, – деді əпкесі терең демалып. – Бұл көпір қара арқан мен қызыл ағаштан жасалған. Көпірді аспанның он екінші қабат періштелері жасаған деседі.

Көпірдің басындағы сары таста бір жазу бірден көзге түседі. Үстін шаң басқанымен, сөздері анық:

Көрінгенге қарама,

Керегі саған аз ғана.

Шығар содан мағына,

Жетесің сонда ар жағына.

Бемай қасындағы әпкесіне бұрылып:

– Элияжан, не істейміз, қандай ойың бар? – деп сұрайды.

Элия сол кезде:

– Естуімше, бұл көпірден өтем деп талай адам құлаған екен, – дейді.

– Мына жазуда көпірден қалай өтуге болатыны жазылған. Соны түсінсек болды, – дейді Бемай.

Екеуі терең ойға батып, жазудың мағынасын түсінуге тырысады. Екеуі тасқа қарап біраз ойланады.

  – Əдебиет пəнін жақсы оқу керек еді, – дейді Бемай əпкесіне қарап.

  – Анашым бізге талай кітап алып берген. Соның өзі қандай жұмыс...

  – Əкемнің əңгімелерін сағынып кеттім, – деді Бемай көңілсіз дауыспен.

  – Есіңде ме, сен кішкентайыңда кітаптарға сурет салатын едін ғой, ха-ха-ха..

  – Хи-хи-хи....,Өйткені, ол кітаптар қызық емес еді, есесіне сурет салуды үйрендім.

Бемай сөзін жалғастырып:

  – Мына жазуда төмен қарамау керек деген мағына бар сияқты. Өйткені, адам төмен қарағанда басы айналып кетеді ғой, – дейді.

Элия алтын шоколад тауып алғандай көздерінен қуаныш шуағы төгіліп:

– Меніңше, жазуда былай деп айтылған: көпірден өтіп бара жатқанда ешқайда қарамау керек. Тек қана аяқ астына қарау керек, – дейді.

Бемай кішкене ойланған соң былай дейді:

– Сенімен келісем. Онда көзімізді байлап өтейік. Əйтпесе, жан-жағымызға байқаусызда қарап қоюымыз мүмкін.

  – Ал кеттік онда, тəуекел, – дейді Элия. – Бірінші боп мен бастайын.

  – Ал, алға! – деді інісі жігерленіп.

Сөйтіп олар көздерін байлап көпірге шығады. Бірінің артынан бірі жүреді. Өйткені, бұл тар көпірден екі адам қатарынан жүру мүмкін емес еді.

     Көпірдің ортасына жеткенде Бемай шыдай алмай, көзін ашып жібереді. Жан-жағында адамның көзіне көрінбеген сұлулық жайнап тұр. Таудың басында көл, ал көлдің жанында көк ағаштар жəне жарқырап жанып тұрған түрлі түсті гүлдер көрінеді. Бір жағында ағып тұрған жүзім сарқырамасы байқалады. Аққулар болса шыр айналып қамажай билеп, ұшып жүр. Гүлдер мен ағаштар да құстарға қосылып тербеліп тұр. Барлығы бір дирижерға бағынып тұрған секілді, керемет көрініс. Сол мезетте Бемайтің басы айналып, құлап кетеді. Бірақ құлап бара жатқанда, шап беріп арқанды ұстап қалады.

Бемай сол кезде:

– Анашым!!! – деп айғайлап жібереді.

Элия не болғанын түсінбей, көзін аша қояды. Ілініп тұрған інісін көріп, айқай салады.

– Бемай!! Ұста арқанды!

Әпкесі лезде оның қолдарынан ұстап көтеріп алды.

– Неге ашасың көзіңді! – деп ұрыса бастайды сары қыз. Бемай болса:

– Сосын ұрысасың. Қазір жан-жағымызға қарамай, жүруді жалғастырайық, уақыт жоқ, – деп сылтауратып құтылуға тырысты.

  – Неге көзіңді аштың?

  – Кешірші енді.

  – Мен кешіремін ғой, ал Шокилер ше? Олар саған сенім артып отыр ғой. Əкеміз ше, сонда қалып қойса? Сен болсаң, істеп отырғаның мынау.

  – Ия, дұрыс айтасың.

  – Сенде енді бір ғана жан емес, басында мың жан бар. Соларды ойла. Сондықтан əр қадамыңды байқап бас, – деді əпкесі.

  – Жарайды, Элия қатемді түсіндім, – деді Бемай басын төмен қаратып.

    Олар осы басқа келген қауіптен кейін, біразға дейін сөйлеспей келді. Апайы інісінің қолынан ұстап жұбатуға тырысты. Бемай жасаған қателігінен қатты ұялып, жерге кірер тесік таба алмай келе жатты.

Сөйтіп, олар тапқырлық пен достықтарын қолданып, сиқырлы да қауіпті көпірден өте шығады. Осылайша, мақсаттарына аздап жақындағандай болады. Бірақ, нағыз қызық енді басталып келе жатыр еді...

4 страница28 апреля 2026, 13:08

Комментарии

0 / 5000 символов

Форматирование: **жирный**, *курсив*, `код`, списки (- / 1.), ссылки [текст](https://…) и обычные https://… в тексте.

Пока нет комментариев. Будьте первым!