3 страница28 апреля 2026, 13:08

3. ШОКОКЕНТ

    Балдай тəтті үйлердің бірінде Шококенттің бас уәзірі Бастуар ақсақал тәтті ұйқысынан шошып оянады. Ол түсінде тұзды жартастың шетінен құлағалы тұр екен. Үсті-басы тұз болып, әрең дегенде жартастан жерге түседі. Ол ұйқысынан оянса да, түсіндегі тұздың дәмі әлі аузынан кетер емес. Бастуар ақсақал бірден терезені ашып жібереді. Күз күні бар шуағын шашып, әлемді жарық пен қуанышқа толтырып тұр. Таңғы салқын жел солтүстіктен хош иістерді жинап, Шококенттің көшелері мен аулаларын таңғажайып сарайға айналдырды. Құстар бар өнерін салып, ән шырқап тұр. Бастуар ақсақал бұл құстар оркестріне әдеттегідей жем беруге кірісті. Жеммен қатар көңілден шыққан жылы сөздер ең маңызды азық, әрине.

   Бастуар ақсақал таңғы асын ішкен соң, сарайға қарай бет алды. Жағымсыз жаңалықты сарай сақшыларынан бұрын жолдағы əйелдерден естіді, сенгісі келмейді, ішінен "мүмкін емес, қаншама жыл мұндай болмап еді. Кеше ғана бəрі бүтін, ал бүгін көңілдің іші толған қара түтін" деп сарайға бет алып, ақиқатқа жақындай береді.

  – Сəлем бердік, мырза, – деп мұңды дауыспен қарсы алды қорғаншылар.

  – Сəлем бəріңе, – деп Бастуар мырза қорғаншылардың жүздерін өткір көзімен сүзіп өтті.

   Ішінен: "Бəрі түсінікті. Қорқып жүрген нəрсе басымызға келді. Соңғы күндері осы ұрлықтан қорқып жүргендердің саны себепсіз артқан еді. Осылай, бəлені өзіміз шақырып алдық па?" деп бас уəзірдің басына сан түрлі ой келе бастайды.

Бастуардың алдынан бір жақсы киінген нөкер шығып:

– Шокохан сізді күтіп отыр, – деп ащы сорпаға одан сайын тұз қосқандай болды. Дəлізде Бастуар кетіп бара жатып, қабырғаның бетінде жылап жатқан бозбаладай, шоколад тамшылары пайда болғанын байқайды. Сол кезде жүрегіне қызыл бұрыш салып жібергендей сезінеді. Өйткені, қабырғаның жылауы шоколадтың күші кеткенінің белгісі еді. Шындыққа бес-он метрдей қашықтық қалды. Алтын шоколадтан жасалған тəтті есіктің арғы жағында оны ащы шындық күтіп тұрды. Бірақ, бəрі жақсы шығар деген үміт жүрегінің бір шетінде əлі де бой бермей арпалысуда. Бастуар мырза есікті ашып жібергенде, есіктен еңіреген дауыс шығады, ал аржағында басы салбырап Шококенттің патшасы Шокохан отыр.

  – Бастуар, халіміз мүшкіл. Сиқырлы шоколад дəндері ұрланды, – деді жайбарақат даусымен. Патшаның даусы жайбарақат болғанымен, ішінде күйіп тұрған шоқ сезілді.

  – Дəндер бізден кетті десеңізші. Демек, бізде бір шірік пайда болған ғой, – деді Бастуар мың жасаған адамның даусымен.

  – Қалай сонда?

  – Шокилер ретінде өз-өзімізді түзеуіміз керек. Бұл соның белгісі, – деді бас уəзір патшаның көзіне тура қарап.

  – Алайда, дəндердің соңынан қуғыншыларды жіберу керек.

  – Əрине, бірақ бұл іс əркімнің қолынан келе бермейді. Халқы үшін жанын пида ете алатын ерекше жан керек, – деді ақ сақалды Бастуар. – Мен тағы бір кісілермен ақылдасып көрейін.

  – Ұрлықшылар кім деп ойлайсың?

  – Тұздейімдіктер, əрине?

  – Ия, тұзды іздерін қалдырып кетіпті, – деді патша жерге үңіліп.

Əңгіме осылайша бітеді. Сарай тұрғындарының аузында тұздың дəмі сезіле бастады. Оларға ұрының қай елден болғандығы түсінікті болады. Ұры Тұздейім елінен. Тұздейімдіктер көптен бері осы сиқырлы шоколад дəндерін қолға түсіре алмай жүр еді. Ащы жоспарларын іске асыру –Тұздейімдіктердің көнеден бері келе жатқан мақсаттары. Өйткені, өмірлері ащы боп кеткен еді. Сөйлеген сөздері ащы, ұйқылары ащы, тіпті түрлері де ащы. Басқалардың тәтті өмірлерін қызғанып, бастарына ащы ойлар келетін. Араларындағы араздықтарының үш жүз жылдық тарихы бар. Қандай айла ойлап тапса да, нəтижесіз болатын. Бірақ, осы жолы дегендеріне жетеді.

   Сол күні Шококентте жаңбыр жауып, шоколадтан жасалған ғимараттар ақырындап ери бастайды. Сиқырлы дəндер болмаған соң, шоколадтың құрамы өзгеріске ұшырайды. Шококент халқының мазалары кетіп, уайым өз салтанатын құра бастайды. Осылайша, қала көшелерінде шоколад ағады. Жаңбыр біткен соң, күнге қызған сұйықтық нағыз ыстық шоколадқа айналады. Сөйтіп, қаланың қасында шоколад көлі пайда болады.  

   Шококенттің патшасы Шокохан халқын Тəттісай алаңына жинайды. Бұл əйгілі алаңда бірнеше мың адам сыйып кететін. Шокилердің басшысы Шокохан патша ащы хабарды халқының тəтті жүздеріне қалай айтарын білмейді. Өйткені, жаман хабарды айту оңай шаруа емес. Шокилер үндеместен, Шокоханның не айтатынын күтуде. Араларында бұл қайғылы жаңалық туралы естігендер де бар. Басым көпшілігі əйелдер еді. Бірақ ресми түрде ешкім əлі жарияламаған еді. Дегенмен, Шокохан бар күшін жинап:                 

  – Халқым! Саны шектеулі сиқырлы шоколад дəндерін Тұздейімдіктер ұрлап әкетті, – дейді. Сол кезде шокилердің түрі бұзылып, не істерін білмей қалады. Халық шуылдап кетті.  Шокохан сөзін ары қарай жалғастырып:

– Бұл дәндер біз үшін өте маңызды. Шококенттің күш көзі сол дәндер. Бұл дәндерді әулиелердің өзі сақтап, бізге аманат ретінде қалдырған. Сол дəндерді қайтару керек. Араларыңда қайтарам деген жан бар ма? – деп патша үмітпен жан-жағына қарайды. Айналаны шыныдай қатып қалған үнсіздік басады.

Біраз уақыт өткен соң бір əйгілі батыр шығып:

– Мен дайынмын, – деп үнсіздікті бұзады. Оған қосыла тағы аты шыққан төрт батыр шығады. Шокохан қатты қуанып кетеді.

     Патша ақсақалдармен бірге Тұздейімге аттанатын бұл бес батырмен өзінің сарайында кездеседі. Бəрі де мықты жігіттер. Кезінде бұл ержүрек батырлар білектің күшімен, найзаның ұшымен шокилерді жеңіске жетелеген. Бой десе бойы, ой десе ойы бар бұл батырлар кез келген тапсырманы орындауға дайын. Елі үшін елу жанын беруге әзір. Бірақ, ақсақалдар бұл бесеуін емес, екі адам баласын ұсынады, Элия мен Бейманды.

Шокохан ақсақалдарды тыңдап, екі жас баланы жіберуге көнеді. Бірақ хан сонда да:

– Бұл адамдар кімдер? – деп уəзірден сұрайды. Бастуар кідірместен:

– Бұл балалар сымбатты да ақылды бауырлар Элия мен Бемай. Олар, екі күн болды, оңтүстік жақтағы бір ауылда – дейді.

  – Олар туралы көбірек айтып беріңізші, – дейді хан қызығып.

  – Бұл екі жас бала қарапайым отбасынан болғанымен, мінез-құлықтары ханшайым мен ханзаданікі сияқты еді. Элия кішкентайынан жауапкершілігі жоғары қыз боп өсті. Өзі өте мейірімді, әрі адалдыққа қатты мән береді. Ол шешім қабылдағанда бəрін тереңнен ойлап, негіз тапқан соң, сол ойын іске асырады. Ал Бемай болса, аса сезімтал жан, шешімді тез қабылдайды. Бірақ, соңғы кездерде логикаға қатты мән беріп жүр, əлсіздерге көмектесуге әрдайым дайын. Біреу «көмек керек, жүр» десе шын жүректен қолынан келгенін істейді. Əкесі мен анасы оларға ерекше тəлім-тəрбие беріп өсірген.

  – Олар туралы егжей-тегжейлі біледі екенсіздер. Бұл мəліметтер қайдан келіп отыр? – деді пашта.

  – Мына кітаптан, – деді Бастуар ескі бір кітапты жоғары көтеріп.

3 страница28 апреля 2026, 13:08

Комментарии

0 / 5000 символов

Форматирование: **жирный**, *курсив*, `код`, списки (- / 1.), ссылки [текст](https://…) и обычные https://… в тексте.

Пока нет комментариев. Будьте первым!