2 страница28 апреля 2026, 13:08

2. ҚАРАЖАР


    Келесі күні олар жанұя боп табиғат аясына шықты. Əжелері түнде қатты ауырып, үйде қалатын болды. Ең қызығы, шығып жатқан жерлері Қаражар болды. Бұл туралы Бемай естігенде, қуанғаннан айғайлап жіберді. Ол тез арада дайындалып, машинаға бірінші боп отырып алды.

   Таңғы сағат тоғыз кезінде машина орнынан қозғалды. Жеткенше дейін Райл шыдамсызданып отырды. Бұны байқап отырған əкесі:

  – Қазір ертегінің көкесің көресін. Бар шындықты айқындап, біліп тыңдырамыз. Не болса да, кешке дейін уақытымыз бар. Ал Қаражар болса, кішкентай-ақ жер. Тіпті, жарты сағатта "диагноз" қоямыз, – деді көз қырын салып.

   Райл үндемей ашуланып отырды, түрінен-ақ "қазір көреміз" деп отырғаны белгілі боп тұр.

    Бара салысымен Элия мен Райл машинадан оқша атып шықты. Қаражар жотасының барлық жерін тінтуге кіріседі. Бірақ олар ешқандай үңгір таппайды. Тіпті, сол маңда жүрген қойшыдан да сұрап көреді. Ол да болмаған соң, Райл жотаны үш рет айналып шығады. Бəрібір ешқандай нәтиже шықпайды. Жотадан алыстау жерлерді де үмітпен аралап шықты. Нəтиже өзгеріссіз боп қала берді. Əбден шаршаған екі бала əке-шешелеріне қарай оралуға тура келді.

   Алыстан-ақ екеуінің бастары салбырап келе жатқаны көрініп тұр. Əкесінен жеңіліп қалғаны былай тұрсын, əжесі үшін қатты уайымдады, бір жағынан көңіл-күйі түстіп кетті.

  – Жарты сағаттық жұмыс екі сағатқа созылып кетті ғой, – деп əкелері шаршаған екі саяхатшыны қарсы алды. Аналары да уайымдап:

  – Келіңдер дастарханға, көп кешіктіңдер ғой, – деді. Райл не айтарын білмей, тек көкжиекке қарап тұр. Əкелері жақындап:

  – Жарайды, Райл, ұмыт енді, басынды қатырмай. Сен енді ер-жеттің, он беске келіп қалдың. Əжең болса, жетпістен асты, не айтпайды дейсің. Оны да түсіну керек, – деді баласын қолпаштап. Райл тек үнсіздікпен ғана жауап беріп отырды. Ішіндегі ғаламда төңкеріс болып жатқанға ұқсайды. Қиял əлеміндегі шаһарлар қирап жатқан болу керек. Бəрін қайтадан салу керек. Ойлағаны əжесі, ал ішкі дауыс болса "мүмкін емес, мүмкін емес...əжем алжыған жоқ. Одан көп нəрсе үйрендім. Оның ақылын тыңдап КТЛ-ге түстім... " деп тұрғанда "пенде болған соң қателесуі мүмкін, ондай да болады" деген ойлар да келе бастады.

    Дастархан басында пісірілген ет, салат, картоп тағы басқа тағамдар болды. Ешкім де əңгіме айтпастан, тамақтанып отыр. Тек əкелері екеуіне анда-санда қарап қояды. Тамақ ішіп болған соң, екеуі шетке отыра кетті. Райл əлі де өз-өзіне келе алмай тұрды. Ішкі дүниесіндегі Қиял əлемі мен Реализм əлі де шайқасып жатқанға ұқсайды. Элия да маужырап, болған нəрселерге жауап табуға тырысып жатты. Ол да əжелерінің ешқашан өтірік айтпайтынын білетін. Тіпті, біреу əжесінен сағат сұраса, нақты жауап беруге тырысатын. Əжелері олар үшін адамгершілік, шыншылдық нышаны еді. Ал енді сол дүниелерінің тас-талқаны шығып жатыр. Элия да "енді əжеге не дейміз, əже бізге не дейді" деп өз-өзімен сөйлесіп отыр.

   Біраз уақыт өткен соң, əкелері екеуіне:

  – Болды енді балалар, одан да жүріңдер бір ойын ойнайық, – деді көңілді дауыспен. Элия бірден:

  – Қандай ойын, əке? – деп селк ете қалды.

  – Аналарың шай дайындағанша тығылмақ ойнайық. Қызық болады, – деді əкесі үстіндегі жейдесін шешіп. – Мен дайынмын, кеттік.

Бірінші боп Элия:

  – Жарайды, əкешім, – деп орнынан түре гелді. Інісінің қолынан үстап:

  – Жүр, Райл, кеттік көңіл көтерейік, – деді. Райл орнынан қозғалмай:

  – Біз енді кішкентай бала емеспіз ғой, тығылмақ ойнайтын, – деді.

  – Бірақ, əлі ертегі тыңдап жүрген сияқтысыңдар, – деп əкелері күлместен, мысқылдай қарады.

Əпкесі болмай:

  – Жүр енді, бұл біздің жанұямыздың дəстүрлі ойыны ғой, жүр енді, – деп қолын жібермей қойды.

Баласының қозғалмақ түгел, үн қатпағанын көрген анасы:

  – Райл, жүр кеттік. Мен де ойнаймын, – деп күтпеген əрекет жасайды. Əдетте, аналары ойнамайтын, бірақ осы жолы тосын сый болды.

  – Жарайды, – деп Райл орнынан ақырын көтерілді. Су-ли-фа көмегі арқылы Элия бірінші боп жұматын болды. Машинаға бетін жауып тұрып, санай бастады.

  – Бір, екі, үш, төрт....қырық бес, ....жетпіс жеті...тоқсан тоғыз, жүз! – деп сары қыз санауын тоқтатты да:

   Кім тығылды – үлгерді,

   Тығылмаған қырылды.

   Тауып алсам, жығылды!

деп көзін ашып жіберді. Элия ең алдымен жотаның төбесіне шығып алып, жоғарыдан көзбен сүзе бастады. Оңтүстік жақта бір теректің артында біреу тұрған сияқты боп көрінді. Ол бірден қасына жүгіріп барды.

  – Таптым, анашым. Ол сен ғой! – деді жалбырап тұрған етегін байқап.

  – Тез тауып алдың ғой, жарайды, мен шай дайындай берейін, – деді анасы шашын жинап.

  – Енді Райл мен əкемді іздейін, – деді Элия.

    Элия қайтадан жотаға шығып алып, айналасын бір қарады. Бірақ ешкімді көре алмады. Қыз төмен қарай түсе бастайды. Алдында ағаштар өсіп тұр. Ешкім көрінбейді. Элия ары қарай іздеп кете бергенде, арт жақтан бір нəрсе шырт ете қалғанын естиді. Ол кейін бұрылып, тағы да көзімен бір сүзді. Ешкім көрінбеді. Жоғары қарап қалса, Райл талдың басына шығып алыпты.

  – Райл чемпион, көріп қойдым! – деп айғай салды əпкесі.

  – Жарайды, – деп інісі ақырындап түсе бастады. – Əкем мен анам ше? Оларды тауып алдың ба?

  – Анашымды тауып алдым, енді əкемізді табу керек.

  – Мен де іздейін, саған көмектесейін. Əйтпесе, білесің ғой, əкеміздің қалай тығылатынын.

  – Ия, былтыр есімде. Жайылып жүрген қойлардың арасына кіріп кетіп еді ғой. Бір сағат іздеп, таппаған едік, хе-хе-хе.

  – Ха-ха-ха

    Екеуі əкелерін іздеп жотаны айнала бастайды. Бір кезде алыстан, үлкен бір тастың артында біреу қозғалғандай болды. Райл бірден:

  – Анау тастың артында сияқты, кеттік ақырындап. Қорқытып жіберейік, – деді.

  – Дəл өзі, қызыл киімінен ақ белгілі, – деді Элия.

Екеуі ақырындап жақындай береді. Сол кезде əкелері тастың артындағы қуысқа ұмтылады.

  – Ой! – деген дауыс шығады. Балалар тасқа жетейін деп қалады. Тағы да дауыстар шығады.

  – Əке! Таптық сені! – деп Элия сенімді дауыспен жақындады. Бірақ, олар тастың артына қараса, ешкім болмай шығады. Райл жан-жағына қарайды. Қашып кетуі мүмкін емес. Жұқа  шөптен басқа ештеңе көрінбейді. Қуыс жақтан тағы да құлап жатқан тастың дауыстары шықты.

  – А-а-а-а! – деген əкелерінің үрейлі айғайы шықты.

  – Əкешім! – деп екеулері шөп басқан қуысқа жүгіріп барды. Қолдарымен тінтіп іздеп жатты. Бір кезде Райл шөптің артындағы бос жерді сезеді. Шөпті ашып қараса, кішкентай үңгір бар екен. Олар еңкейіп:

  – Əкетай! – дейді.

Жауап жоқ. Элия қалтасыңдағы ұялы телефонын алып шығып, фонаригін қосады. Үңгірдің іші төрт метрдей, бірақ əкелері көрінбейді.

  – Ешкім жоқ қой, – дейді Райл.

  – Бəлкім аржағында бұрылыс бар шығар. Əкем бір жеріне құлап қалды ма екен! – дейді Элия уайымдап.

  – Кеттік, тез.

  – Айда, көрейік.

Екеуі еңкейіп бірге кіріп кетеді.

  – Мұнда тас па,  шөп пе, дұрыс көрінбейді, бақыла Элия, – дейді інісі.

Бір уақытта, үңгірдің соңына жеткенде, аяқ астындағы жер опырыла кетеді:

  – А-а-а!

  – Аааа! – деп екеуі төмен қарай құлайды.

Аааааа! – деп екеуі қараңғы жерден төмен қарай домалап барады. Түк көрінбейді, тек жердегі шөп қана сезіледі. Олар бір минуттай бөшкедей домалап, ақырында кеңістікке атып шығады. Тағы кішкене домалап жотаның етегіне барып тоқтайды.  Екеуі орнынан тұрып, жан-жағына бір қарайды. Айналасы жоталар, ағаштар.

– Əкешім! – деп айғайлайды Элия.

Ешкім көрінбейді. Тек жүз метрдей қашықтағы ағаштың артында екі балақай қарап тұр.

  – Кеттік, мыналардан сұрайық, – дейді Райл.

  – Жарайды, кеттік, – дейді əпкесі дір-дір етіп.

    Екеуі қол ұстасып, жаңағы балақайларға жақындай береді. Балақайлар да ағаштың артынан шығып, күтіп тұр. Өздері сияқты балаларға ұқсайды. Жақындай келе, Элия олардың түрінде бір өзгешелік бар екенін байқайды. Бірақ, нақты қандай өзгешелік екенін айта алмайды. Араларында он метрдей қалғанда түрлері айдай анық көрінді, мұрындары ұзын еді.

   Элия мен Райл көздері бақырайып қатып қалды. Алдарында тұрған нағыз шокилер. Біреуі сарылау, екіншісі қаралау келген. Киімдері орта ғасырдыкіне ұқсайды: көйлек, шалбар. Əжелерінің айтқандары бірден естеріне түсті. Екі шоки бір қадам алға басып:

  – Сəлем, – деді.

Шокилер одан сайын жақындап тағы да:

  – Сəлем, – деді.

Үнсіздік.....Райл бірінші боп жауап қатты:

  – Сəлем.....сендер шокисіңдер ме? Бұл қай жер?

  – Ия, біз шокиміз. Бұл жер Шоко əлем. Сендер қайдан білесіңдер? – деді ұзындау келгені.

  – Əжеміз айтқан, – деді Райл.

Элия шыдай алмай:

  – Мəəə! Əжеміз шын айтқан екен ғой! Мəссаған! – деп секіріп, өз-өзіне келе алмай жатты.

  – Айтып едім ғой, мен, – деді інісі қуанып. – Енді əкеміз көреді...

  – Айтпақшы əкешім қайда? – деді əпкесінің түрі өзгеріп. Райл екі шокиге бұрылып:

  – Сендер біздің əкемізді көрдіңдер ме? – деді.

  – Ал сендер кімсіңдер? – деді екінші шоки.

  – Біз КТЛ-дікпіз. Ой, адамбыз, – деді Элия. Інісі əпкесіне қарап:

  – Бір түрлі естіледі екен, "адамбыз" деген, – деді жымиып.

  – Бағана бір адам жайлы естігенбіз. Əкелеріңіз сол болу керек. Оны тұздейімдіктер алып кетті, – деді сары шоки.

  – Қалай? Тұздейімдіктер кім? – деді Райл қабағын шытып.

  – Сендер тез тығылуларың керек. Жақын жерде тұздейімдіктер жүруі мүмкін. Бəрін кейін түсіндіреміз – деді қара шоки.

Олар бəрі бірге солтүстікке қарай жүгіре кетеді. Жүгіріп келе жатып:

  – Есімдерін кім болады? – дейді Элия.

  – Мен Шоқаймын.

  – Ал менің атым Арц.

  – Менің есімім Элия, ал мынау інім Райл.

  – Қуаныштымын, – деп Райл бір қарады.

Біраз жүгіріп, бір жартасты асқан соң, тоқтап аялдама жасайды.

  – Уффф, əйтеуір жеттік, – дейді Шоқай. – Мұнда тұздейімдіктер жүрмейді. Біз анау көрініп тұрған үйде тұрамыз, жүріңдер, – дейді. Орманның шетіндегі үйге жақындай бергенде Райл тоқтай қалып:

  – Үйлерің шоколадтан ба? – деп сұрайды. Əжесінің айтқаны есіне түскен болуы керек. Арц таңғалып:

  – Əрине шоколадтан, басқа неден болады? – деді түк түсінбей.

  – Мəссаған! – деп қалды Райл.

  – Ал сендерде ше?

  – Бізде тастан, кірпіштен, – деп жауап қатты Элия.

  – Мəəə, тастан ба? Бізде тасты əшекей ретінде ғана қолданады. Патшаларда, хандарда ғана болады. Бұл өте сирек кездесетін зат қой. Міне, ғажап! – деп Шоқайдың көзі үлкейіп кетті.

  – Шоко əлемде барлық ғимараттар шоколадтан жасалады, кейде арасына сағыз қолданылады, – деді Арц байыппен. – Қазір көресіңдер, ой, жоға, дəмін татасыңдар.

Олар шоколадтан жасалған үйге жақындап қалады. Нағыз шоколадтан...Есік алдында мұрны ұзындау келген шоки апа қарсы алады. Шоқай жақындап:

  – Апа, адамдар келді! – деді.

Апалары оларға екі басты адам көргендей қарап қалады. Элия інісіне сыбырлап:

  – Адамдар келді дегенде, өзінңің адам екеніңді басқаша сезінеді екенсің, – деді.

  – Ия, біз адамбыз, – деді Райл.

   Олар шоколадты үйге кіріп, дастархан басына жайғасты. Екі қонақ қайта-қайта үйдің қабырғаларына қарап, ұстап көріп жатты.

– Шыдай тұрыңдар, қазір əкелем, – деді арт жақтағы дауыс. Апалары шоколадтың түр-түрлерін əкеліп бастады. Тіпті, сандыққа тығып қойған жасыл шоколадты əкеп қойды.

  – Қонақтар келсе жақсы осы. Біраз нəрсе жеп қаласың, – деді Арц.

  – Ееее, сендерде де солай ма? – деді. Райл күлімсіреп.

  – Хе-хе-хе, – деп күліп жіберді Элия. Өйткені, бұл сөзін əпкесінен басқа ешкім түсінбеген еді.

Балалар шоколадты тойғанынша жеп алды. Шоколадтың дəмі жеңіл, əрі жүректі айнытпайды екен.

  – Əкемізді қалай табуға болады? – деп сұрай Райл ападан.

  – Тұздейімдіктердің елі алыста, жəне өте қауіпті, – деді апа.

  – Тұздейімдіктер кім? Айтып беріңізші, – дейді Элия.

  – Олар біздің жауымыз. Тұздейімдіктер ащыны жақсы көреді, ал біз тəттіні жақсы көреміз. Олар өте қауіпті. Ешкімді аямайды, тіпті тұздап қатырып тастауы мүмкін, – деді апа үрейлі дауыспен.

  – Мммм, қызық екен, – деді Элия.

  – Сендерге тек Шокохан көмектесе алады.

  – Шокохан кім? – дейді Райл.

  – Шокоханды білмейсіңдер ме? – дейді апа таңғалып.

  – Кешіріңіз, білмейміз, – деді Элия ыңғайсызданып.

  – Ол Шоко əлемнің патшасы. Біздің үлкен тірегіміз. Жақсы кісі, бəріміз оны жақсы көреміз, – деді Шоқай сөзге араласып.

  Апа Арцқа қарап:

  – Сен тамақ ішіп алған соң, Шоко кентке аттан. Тез сарайдағыларға мына адамдар туралы хабар бер, – деді.

  – Қазір-ақ шығып кетейін, тамақты жолда ішермін, – деп Арц орнынан атып түрегелді. Ол үйдің алдындағы байлаулы тұрған атқа мініп алып, шаба жөнелді. Апа екі адамға бұрылып:

  – Сендерге бірнеше күн күтуге тура келеді. Шокохандан жауап келгенше біздің үйде бола тұрасыңдар, – деді.

  – Рақмет апа, біз айналаны көріп қайтсақ болады ма? – деді Элия.

  – Əрине, бірақ анау жартастың арғы жағына бармаңыздар. Ол жер тұзды, демек қауіпті жарайды ма? – деді апа.

  – Жақсы түсінікті.

  Тамақ ішіп алған соң, екі қонақ Шоко əлеммен танысуға кіріседі. Жақын жердегі ауылға барып, айналаны зерттей бастайды. Əрине, Қастарында Шоқай жүрді.

2 страница28 апреля 2026, 13:08

Комментарии

0 / 5000 символов

Форматирование: **жирный**, *курсив*, `код`, списки (- / 1.), ссылки [текст](https://…) и обычные https://… в тексте.

Пока нет комментариев. Будьте первым!