1 страница28 апреля 2026, 13:08

1.БƏРІ МЕКТЕПТЕ

ШОКО ӘЛЕМ
(Фэнтези)

"Бір күні ертегілерді қайтадан оқи бастайтындай есейген боласыз."
К.С.Льюис

              ШОКО ӘЛЕМ(Фэнтези)

КIРIСПЕ

Шококент қаласының бір отбасысында бір жасар бала үйдің қабырғаларын кеміріп жатты. Өйткені үйдің қабырғалары шоколадтан жасалған еді. Бұл балақай шоколадты қатты жақсы көретін. Ол тіпті қасықтап жеуге кіріседі. Бір кезде қабырға ішке қарай қисая түседі. Қабырғаның құлауына сәл-ақ қалған еді, сол кезде әкесі баласын уақытында тоқтатып, құтқарып алады. Балақайдың бет-аузына шоколад жағылып, түрі көрінетін емес.
Ол бадырайған көздерімен жан-жағына бір қарады. Бұл кішкентай Шококент тұрғыны әлі де аузындағы шоколадын
бітірген жоқ. Балақай көзін жұмып тұрып, шоколадтың дәмін бар жан-тәнімен сезінді. Сол тәтті сәтте үйдің бір жағы құлап түседі. Бұл тәтті үй қаланың қақ ортасында орналасқан еді. Мына ғажайып қаладағы үйлер аспанда самғап бара жатқан құстардай тізіліп, ерекше әдемілік беріп тұрды. Алайда, орталықтағы бір үйдің бұзылуы моншақтағы бір маржан тастың үзіліп кеткеніндей болды. Енді әкесіне басқа үй іздеуге тура келеді. Ешкімнің жағдайын сұрай бермейтін қыс та таяп қалды.
Осы сәтте, көрші үйде әкелері ішке кіріп келіп, балаларына бар даусымен:
– Қазір таяқ жейсіңдер! Келіңдер! – деп айғай салды.
Кішкентай қараторы балақайлар болса жүгіріп келіп:
– Алақай! Алақай! – деп мәз боп секіріп жатты. Қуаныштарында шек жоқ. Өйткені әкелері әкелген таяқтар ерекше жасыл шоколадтан жасалған еді. Балалар еш күтпестен таяқ жеуге кіріседі. #Әкелері болса:
– Мә, саған! Мә, саған! Мынау саған! – деп таяқтарды тәтті балақайларына таратып жатты.
Шококентте үйлердің бұзылып, құлауы сирек кездесетін жайт емес. Кішкентай балақайларды шоколад жеуден бас тартқызу мүмкін емес. Сондықтан, кішкентай балаларды жалғыз қалдыру өте қауіпті. Ал көрші балақайлардың қуанышында шек жоқ. Олар біраз уақыттан кейін қирап жатқан үйді жейтін болады, себебі бұл елде балалар – нағыз «үй жегіштер». Осы себепті үйге қонақ шақыру қауіпті. Қонақтар балаларымен келсе,
байқап отыру керек. Әйтпесе, тәтті басталған отырыс ащы қайғымен аяқталуы мүмкін. Шоколадтың тартымдылық күшіне ештеңе төтеп бере алмайды. Ол сондай тәтті, сондай сиқырлы.
   Бұл керемет Шококент қаласы Тәтті тауының етегінде, Бал көлінің жағасында орналасқан. Бұл қаланың ерекшелігі ғимараттар мен тұрмыстық заттардың шоколадтан жасалуында еді. Сондықтан ба, тұрғындары тәп-тәтті сөйлейді екен. Сөздері тәтті болғандықтан, әрине, көңілдері де шаттыққа толы болатын. Сонымен қоса, шококенттіктер тәтті түс көріп, тәтті ұйқыға бөленетін. Тәтті өмір деп осыны айт! Өйткені шоколад адамдардың көңіл-күйін барынша көтеретін. Балалар қалағандарынша шоколад жей алатын. Нағыз бала бақыты
деген – осы. Бүлдіршіндер үйдің шоколадты қабырғаларын кеміргендіктен, ата-аналарына жыл сайын үйлерін жөндеуге тура келеді. Шоколадтың бір ерекшелігі қыста суық өткізбейді, ал жазда ерімейді. Бұл қасиет сиқырлы шоколад дәндерінен келетін.
Шококент тұрғындары өздерін «шокилер» деп атайтын. Кейбір шокилердің түстері қараторы болып келеді. Олар осы түспен мақтанып, «біз нағыз шокиміз» дейді. Шокилер туған балаларына ат қойғанда «шоко» сөзін жалғап қоятын. Айшоко, Нұршоко, Жашоко және Байшоко деген есімдер жиі кездеседі. Оған қоса, Шоқан, Шоқай, Шокобай және Шокоару, Шоконұр, Тәттімбек деген аттар да өте көп қойылатын. Осы жылы Шокоару есімі өте көп қойылып жүр. Не деген тәтті есімдер?!
   Бұл тәтті елде шоколадтың түр-түрі болады: қоңыр, қара, ақ, қызыл, жасыл, көк, сары, тіпті алтын шоколад та болады. Мысалы, қаладағы ғимараттар, көбінесе қоңыр немесе ақ шоколад кірпіштерінен жасалды. Кейбір бұйымдар сағыздан да жасалатын. Шоколад шығаратын кірпіш зауыты энергиясын сиқырлы шоколад дәндерінен алады. Бұл сиқырлы шоколад дәндерін періштелер ежелгі заманда аспаннан түсірген деседі. Шоколад мамандары бұл сиқырлы дәндердің сырын ешкімге ашпайды. Өйткені дәндердегі тылсым энергияны теріс мақсатта қолданғысы келетіндер де бар еді.
   Бұл шоколад әлемінде басқа тәттілер де болатын. Ағаштар халуадан болса, тастар кәмпиттен еді. Ал бұлттар тәтті мақтадан болатын. Тәтті мақта жегісі келген шоки таудың басына шығып, тойғанша тәтті мақта жейтін. Сондықтан тәтті мақта өте бағалы тағам боп есептеледі. Кез келген шоки тәтті мақта жедім деп мақтана алмайды. Тәтті мақтаны жейтін қыздарды «мақта қыз» деп атайтын. Олар жыл сайын таудың басына шығып, тәтті мақта жеп, оны басқа тұрғындарға да алып келетін, төменге түскенге дейін жемей шыдай алса, әрине. Басқаша айтқанда, тәтті мақта – үлкен мақтаныш.
   Жаңбыр жауғанда бұлттан шырын жауатын. Әр уақытта әрқалай. Алма шырыны, кейде өрік, кейде апельсин шырыны жауады. Балақайлар ауыздарын ашып, дәм татады. Ал қыс мезгілінде жапалақтап балмұздақ жауатын. Осылайша, балмұздақ төмпешіктері пайда болады.
Оның да түрлі түстісі болатын. Шоколадтан жасалған балмұздақ немесе жеміс балмұздағы да жауып қалады. Балалар қалағандарынша шана тебетін. Сөйтіп шокенттіктер тату-тәтті өмір сүріп жатқанда, күтпеген оқыс оқиға болады. Шоколад мамандарынан сиқырлы дәндерді біреу ұрлап әкетеді.

1. МЕКТЕПТЕН КЕЙIН

ҚТЛ мектебінің жетінші сынып оқушысы Райл әрқашан сиқырға сенетін. Бірақ, ол әлі күнге дейін шын сиқырды көрген емес еді. Дегенмен, қиял дүниесінде бәрі мүмкін ғой. Райл өзінің қиял әлемі туралы әпкесімен жиі бөлісетін. Әпкесі Элия да ҚТЛ-дың сегізінші сыныбында оқитын. Әдетте, екеуінің әңгімесі аяқталған соң, әпкесі «сабақ оқы» деп оның басын қатыратын.
Күндердің бір күнінде, сол қиял дүниесіне бір шолу жасап жатқан еді, бір кезде:
– Райл, тақтаға шық деген! – деген дауыс оны сиқырлы дүниесінен #қайтарды.
– Иә, апай, маған айттыңыз ба? – деп Райл өз-өзіне келу үшін уақыт ұтуға тырысты.

– Жоқ, өз-өзіме айтып тұрмын, – деп қалжыңдап қойды мұғалім.
Артқы жақта отырған жолдастары болса, бұл елеңсіз жағдайға от алмай жатқан трактордай пыс-пыс етіп күліп жатыр. Райл орнынан тұрып қоңыр көздерімен терезе жаққа бір қарады. Сәл кідірген соң:
– Апай, мен әлі дайын емеспін, – деп ол шындығын айтты. Биология пәнінің мұғалімі Толқын апай шыншыл оқушысының қасына келіп:
– Дәптерің де жоқ екен, – деп ашулана бастады.

Қатты ұялған Райл басын төмен қаратып:
– Жатақханада ұмытып кетіппін, – деді кінәлі дауыспен.

Сол кезде мұғалім:
– Осы басыңды неге ұмытып кетпейсің, ә? – деп, шынында да ашуланғандай болды.
Сол кезде Райл ішінен «басыңды қалай ұмытасың, ол мүмкін емес қой. Осы кейбір мұғалімдерді түсінбеймін?!» деп ойлады. Иә, тек қана ойлап қойды, дауыстап айтуы мүмкін емес еді. Бұл логикалық тұжырымы бірінші рет емес еді, бірақ мыңнан да көп емес.
Биология пәні мұғалімі Райлды құрметтейтін, өйткені ол үлгерімі өте жақсы және тәрбиелі оқушы еді. Бірақ, мына «дәптер ұмыту» оқушылар арасында кеңінен жайылған сылтау болғандықтан, ашулануға тура келді. Райл, шынында, сол күні дәптерін ұмытып кеткен еді. Өйткені ол биология дәптерін фантастикалық роман жазып жүрген қалың дәптер арасында қалдырып кеткен. Ол роман айдаһар жайлы еді және шын мәнінде қызық еді. Райл айдаһарларды түсінде де көретін. Үстіне мініп алып, жауыздарды қырып жататын. Жетінші сыныпта оқитын бұл бозбаланың логикалық ойлау қабілеті жоғары #дамыған еді. Ал, оның қиял әлемінің шегі жоқ. Кейде мықты мұғалімдердің өзі оның сұрақтарына жауап бере алмай қалатын. Мұғаліммен болған сұхбатында:
– Ағай, қайдан білесіз, бәлкім, өміріміз ұзын бір түс шығар. Әлі ояна қоймаған шығармыз, – деп ойландырып қоятын.
Соңғы қоңырау да жақындап қалды. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Людмила Николаевна қиындық тудырмаса, Райлдың «5»-ке шығуына ешқандай кедергі жоқ. Соңғы қоңыраудан кейін Республика деңгейіндегі күрес сайысына баруы керек. Финал мәресі еді. Ал ертең орыс тілінен шығарма еді. Қалай болатынын бір құдай біледі.
Ол мектебін қатты жақсы көрді. Кешке қарай тәрбиеші ағасына барып, орыс тілі пәні бойынша көмек сұрап еді, Әбитай ағасы оған бір батырлар жыры жайлы әңгіме айтып кетті. Оның аузынан бірде-бір орысша сөз шықпады. Бірақ тәрбиешісінің айтқан оқиғалары оны таңғажайып сезімдерге бөлеп, орыс тілінің емтиханы жайлы ұмыттырып жіберді. Артынан Райл не үшін келгенін біразға дейін есіне түсіре алмай отырды. Ол сол әңгімеден ерекше күш-жігер алып, күллі әлемді билей алатындай сезінді. Ол тәрбиеші ағасын қатты жақсы көретін, өйткені оның бойынан ерекше таза қасиеттерді көретін. Әдетте, оқушылар тәрбиешісінің шайына дәмді печенье
жеу үшін баратын, бірақ Райлға әңгіменің дәмі тәттірек боп келетін. Райл бір әңгімесінде:
– Әбитай аға, осы сіз өзге ғаламдықтарға сенесіз бе?
Қалай ойлайсыз? – деп көптен басын қатырып жүрген бір
сауалын қойды. Әбитай қолындағы «хамле» печеньесін дастарханға қойып:
– Қалай десем екен ...Сенем деуге болады. Ғаламда тіпті қаншама #планеталар бар. Сандары мыңдаған, миллиондаған. Олар босқа жаратылған деп ойламаймын, – деді.
– Бірақ ғалымдар әлі күнге дейін мыңдаған планеталардың ешқайсысында тіршілік белгілерін тапқан емес. Ол қалай сонда?
– Бәлкім, олар біз іздеген формада емес шығар? – деп Әбитай шайын бір ұрттады.
– Яғни? – деп Райл тәрбиешісіне үңіліп қарады.
– Айтқым келгені, олар бізге ұқсамауы мүмкін. Тіпті материядан болмауы мүмкін.
– Ааа, – деді Райл одан сайын қызығып.
– Физика сабағында Асхат ағай айтқан шығар. Адам айналасындағы нәрселердің тек төрт пайызын ғана көре
алады.
– Мәссаған, тек төрт пайызын ғана ма? Соқыр екенбіз ғой, – деп Райлдың көздері бақырайып, таңғалысын жасыра алмады.
– Иә, адамзатқа әлі қаншама нәрсе ашу керек.
– Яғни, олар басқа формада болуы мүмкін дейсіз ғой.
– Иә, әрине, біз жердегі мұхит түбін зерттеп бітірген жоқпыз. Су асты әлемінен әлі де балық түрлерін тауып жатырмыз.
– Иә, мұхиттың түбі де басқа бір ғалам, – деп жас бала суып қалған қара шайына бір қарады. Артынан тезірек ұрттап іше жөнелді.
– Сондықтан, жас шәкірт, көре алмасақ жоқ деген сөз емес. Адамзаттың алдында неше түрлі құпияға толы әлемдер күтіп тұр. Бәрі көзқарасымызға байланысты.
Сол күні Райл жұлдыздар жайлы, жалпы ғалам туралы қатты ойланды. Түнгі аспанға қайта-қайта қарап, ерекше бір нәрсені байқап қалам ба деп үміттенді. Қайдағы ерекше... аспанның әр бұрышы ғажапқа толы еді.

* * *
Республикалық күрес чемпионаты аяқталды. Арқалық қаласының темір жол бекетінде облыс атынан кеткен палуандарды жақындары қарсы алуда. Бір таңқаларлығы, пойыз уақытында келді. Хабарландыру жалғасып жатыр:
– Астана-Арқалық бағытындағы 603-поезд бірінші жолға келіп тоқтады. Сақ болыңыздар! Вагондар саны бас жағынан басталады!
Вагонның есігі ашылып, жолаушылар түсе бастады. Жас күрес майталманының әпкесі бірінші боп жүгіріп барды. Бар даусымен:
– Чемпион! Чемпион! Менің інім – чемпион! Райл чемпион! – деп қуанғаннан айқайлап жатыр. Қасындағы сыныптастары да бұл қуанышқа қосыла кетті. Жас жолаушылар медальдарын тағып алып, түсіп жатты. Бәрі
емес, әрине. Күннің көзі медальға түсіп жарқ-жұрқ етеді.
Оқушылардың туыстары, достары шарлармен, гүлдермен қарсы алып жатты. Райл да кезегімен сөмкесін шығарып түсіп қалды. Әпкесі жүгіріп барып, құшақтай кетті.
– Қалайсың чемпион? Қалай жеттің? – деп сұрады.
– Сәлем, әпке. Бәрі жақсы. Сол пойыздағы иісті санамағанда, бәрі керемет!
– Құттықтаймын, алтын медаліңмен!
– Рақмет, өзін қалайсың? Бәрі жақсы ма? – дегені сол еді, достары келіп:
– Сәлем, Райл, құттықтаймыз. Керемет! – деп жатыр.
– Сәлем, чемпион!
– Сәлем! Құтты болсын! – деп оншақты бала құттықтап қоршап алды.
– О-о-о, сәлем, жігіттер. Қалдарың қалай? Рахмет!
– Әкел, көмектесіп жіберейік, – деп біреуі оның сөмкесін ала кетті. Таксиге дейін жеткенше бар қызығын айтып жаттыр. Достары үймелеп чемпионды құшақтап жатса да, әпкесі оның қолынан жіберетін емес. Күн жылы болса да, жасыл қалпақ киіп алған жүргізуші, көліктің жүксалғышына сөмкені тезірек орналастырды. Артынша тарс етіп жүксалғышты жауып жіберді. Әйтеуір, екеуі таксиге отырады.

– Уфф, кеттік. Нахаловка үшінші мектеп, – деп әпкесі жүргізушіге тағы бір рет мекен-жайды есіне түсіріп қойды.

– Ал, кеттік! – деп жүргізуші газды басты. Көк тойота гүрілдеп, жолдың шаңын бұрқыратып, көше бойымен ағып барады.

– Анам, әкем қалай? – деді Райл, дұрыстап отырып алған соң.
– Жақсы, жақсы. Анам үйде тамақ істеп күтіп отыр. Сенің сүйікті тамағың – ет, – деді әпкесі күлімсіреп.

– Тұздалған қияр да бар, анам саған сақтап қойған.

– О-о-о, керемет, ет пен қиярға не жетсін? Жолдан қатты шаршадым.
– Ал, әкешім жұмыста. Кешке келеді. Айтпақшы, сәрсенбі күні Амантоғайға, әжемізге барамыз. Демалып, әжені көріп келеміз. Бізді қатты сағынып қалыпты.

– Мен де әжемді сағындым. Күшті болады, – деді інісі қуанып. – Ол жақта көп болатын шығармыз.

– Иә, бір-екі аптаға қаламыз. Ал әкем мен анашым екі-үш күн болып, қалаға қайтады, – деді Элия.

– Е, жақсы. Бірақ саған лицейдегі әпкеңсіз қиын болады ғой, – деп Райл мысқылдап, тәрбиешісін де сөзіне қыстыра кетті.

– Айтпа, Аблажан әпкені қазірден-ақ сағынып отырмын. Біздің әпкей сондай мейірімді, бізге күнде кешке шай дайындап беріп отырады, – деп Элия телефонынан тәрбиешісінің суреттерін қарай бастады.

– Бәрібір, біздің Әбитай ағамыз күштірек, – деп бұрқ ете қалды Райл. – Ол бізге күнде тост жасап береді. Оған қоса, артынан футбол ойнаймыз.
– Бәрібір Аблажан әпке...
– Жоқ, Әбитай аға..., – деп олар бір-бірімен сөз жарыстыра бастады.
– Жоқ, Аблажан..!
– Әбитай аға..!
– Аблажан!
– Әбитай!
– Бәрібір Аблажан әпке мықты!
– Ал біз ағамызбен күресіп ойнаймыз!
– Ал біз ..., ал біз әпкемен мелек деген ойын ойнаймыз.
– Жоқ, Әбитай!
– Аблажан!
– Әбитай!
– Әби!
– Абла! – деп отырғанда такси үйге жетіп қалады. Көлік Жамбыл көшесіне бұрылып номері үшінші орта мектепке қарай бет алады. Аналары қақпаның алдында күтіп тұр екен. Машинадан түсе салысымен, баласын құшақтап бетінен шөпілдетіп сүйіп жатыр.

– Құлыным, бәрі жақсы ма? – деп бірге үйге кіріп кетеді.
Екі күннен кейін олар жанұясымен Амантоғайға жолға шықты. Баратын жер Арқалықтан жүз шақырымдай қашықта. Жол тегіс болмаса да, жүруге болады. Рөлде отырған әкесі жиі-жиі тежегішті басуға тура келді. Бір сөзінде:
– Осы Астананың көшелеріне қайта-қайта асфальт төсей бергенше, мына жолды істеп қоймай ма? – деп ашуы аузынан шығып кетті. Мерседес маркалы көк машиналары анда-санда секіріп қояды. Райл сонда да терезеден айналасына қарап отыр. Жан-жақтары түп-түзу дала, шексіз сияқты. Жер домалақ емес, тегіс сияқты әсер берді. Иә, жер бір мағынада тегіс жазықтық. Элия да алысқа қарауды ұнатады. Бәлкім, ой-өрістерін кеңейтіп жатқан болар. Болашақты ойлай білу – маңызды қабілет. Олар жолдың бойындағы бұлақта сәл ғана аялдап, ары қарай аудан орталығына жол тартты. Жарты сағаттан кейін әжесінің үйіне жетіп қалды. Машина жасыл қақпаның алдына тоқтасымен Элия мен Райл жүгіріп барып, далада күтіп отырған әжесінің құшағына кіріп кетеді.

– Балапандарым менің, шырақтарым менің ..., – деп жетпіске келіп қалған әжелері немерелерін иіскеп қарсы алды. Әжелері орта бойлы, жүзінен нұр төгіліп тұрған кісі еді. Екеуі де әжелерін қатты жақсы көретін.
Келесі күні сағат кешкі он. Ұйықтауға әлі ерте. Екі жасөспірім әжелерінің қасына келіп, жатып алды. Бөлменің бір бұрышында әдемі сандық тұр. Бұл сандық әжеге арғы атасынан қалған еді. Кезінде талай алтын бұйымдар осы жерде сақталған. Ал қазір балалар үшін тығылмақ ойнағанда қолданылатын керемет орын.

– Әже, ертегі айтып берші. Сіздің әңгімелеріңізді сағындық, – дейді Элия мысықтай еркелеп. Әжесі бастарынан бір сипап:
– Айтуын айтам ғой. Бірақ сендер өсіп қалдыңдар. Бала емессіңдер енді, – деді мұңайған түрмен.
Райл шын көңілмен әжесіне қарап:
– Әже, сіз ертегі айтқанда басқаша айтасыз. Шын болған сияқты түсіңдіресіз, – деді.

– Қайдам? Бірақ, бала кезімде басымнан таңғажайып оқиғалар кешкенмін. Бәлкім, соның әсері болар? – деді әжесі есіне бір нәрсе түскендей.
– А-а-а, анау Шоко әлемнен келген адамдармен ба? – деді Райл сыбырлап.
– Оны сендерге кім айтты?
– Әкеміз, – деп жауап қатты екеуі бірге.

– Әкелерің ол оқиғалардың шын болғанына сенбейді ғой.

– Иә, білеміз. Ертегі ретінде айтып беретін, – деді Элия
ыңғайсызданып.

– Бірақ, біз сізге сенеміз. Сіз ешқашан өтірік айтпайсыз, – деп Райл нық сөйледі.

– Иә, әже, айтып берші. Сіздің аузыңыздан тыңдағымыз келеді, – деп Элия да қоймады.

– Ал жарайды, тыңдаңдар онда. Кішкентай кезімде мына жақын жердегі Қаражардың түбінде жиі ойнайтынбыз. Қасымда тағы екі дос қыз болды. Бір күні сол жерде мұрны ұзындау келген балаларды кездестірдік. Олар өздерін «шоки» деп таныстырды. Олар бізге көп шоколад берген еді. Біз олармен аз уақытта достасып кеттік. Олар «Шоко әлем» деген жерде тұрады екен.
– Ондай жерді естімеппін, – деді Элия бірден.

– Біз үш қыз боп сол елге бардық.
– Шын ба? Қалай? – деді Райл шыдай алмай.

– Нақты қай жерде екені есімде жоқ. Бірақ сол Қаражардың қасындағы бір үңгір арқылы шокилердің еліне түстік.

– Мәссаған! Сосын не болды? – деп Райл тізерлеп отырып алды. Оның бүкіл зейіні әжесінде болды. Жан-жүрегімен тыңдап, ары қарай не болатынын күтіп отырды.

– Ол ел біздікіне ұқсайды екен. Бірақ үйлері шоколадтан жасалған... – деп әжелері жалғастырып келе жатыр еді, әкелері бөлмеге кіріп келді. Райлдың көзіне бір қарап:

– Апа, сол бітпейтін ертегіні айтып отырсың ба? – деді. Райл бірден ашуланып:
– Ертегі емес, шын! – деп әжесін қорғауға тырысты.
– Жарайды, жарайды, аңыз ғой. Апа, медбике келді, дайындала бер, – деді бөлмені кішкене жинастырып.
– Туууфф, ең қызық жерге келгенде..., – деді Райл шыдай алмай.
– Жарайды, балапандарым, амандық болса, ертең айтып берермін. Ертең де күн бар. Ал қазір жатыңдар, ұйықтаңдар, – деді қарт кісі жай даусымен.
– Жарайды, қайырлы түн, әже, – деп екеуі әжелерінің бетінен бір сүйіп, өз бөлмелеріне кетті.

1 страница28 апреля 2026, 13:08

Комментарии

0 / 5000 символов

Форматирование: **жирный**, *курсив*, `код`, списки (- / 1.), ссылки [текст](https://…) и обычные https://… в тексте.

Пока нет комментариев. Будьте первым!