ЖҰТТА
ЖҰТТА
1
Қыстауға қонғалы қазіргі қалың қыстың ортасына шейін Абай Аралтөбеде, Әйгерімнің оңаша қыстауында кітап соңында уақыт кешіретін. Ақшоқыда Мағаш, Нұрғаным, Ділдә мекендеген. Абай соңғы жылдары осы Аралтөбеге Әйгерім мен өзіне арнап оңаша қыстау салған. Бұл қыстау Семей қаласына көп кіреберіс. Ақшоқыдан күндік жерде. Семейге де салт атпен жүрген қатты жүріс болса, бір күнде жетіп қонарлық жерде. Аралтөбенің жан-жақ маңайында үш шақырым, бес-алты шақырым, жеті-сегіз шақырым жерлерде көп ел бар. Жақында Ақылбай қыстауы, оның ар жағында әр рулардан шашырап қонған, топталған "көп жатақ" дейтін жатақтардың қыстаулары болатын.
Әйгерім қыстауы Ақшоқыдағы қыстауға ұқсас. Бұнда да асты-үсті тақтайлы, үлкен терезелі, кең де жақсы қонақжай бөлмелер. Көршілер Дәрмен мен Мәкендер және солардай бірнеше жас, тату үйлер. Олардың балалары мен Абайдың жас немерелерін оқытатын Хасен молда дейтін ақсұр жүзді сыпайы молда бар.
Абай осы қыстауда биыл бірнеше ай бойында оңаша тыныштықта үнемі кітап оқып, Әйгерім мен ауылдағы жастарға, қолы бос көршілерге сол оқыған кітаптарын қызық, көркем әңгіме етіп айтып беретін.
Қыстың алғашқы айы, әсіресе, осындай жақсы тыныш бір жаймен басталып еді. Бірақ декабрьдің ортасынан бері қарай, соңғы он шақты күн Аралтөбенің мал иесі адамдарын күдікке салып, қыса бастады. Бір Әйгерім ғана емес, көрші Талдыбұлақтағы Ақылбай аулы да, Бөрлідегі Абайдың ескі көршілері Қожаның аулы дейтін ауыл да қыстың аңғарынан сескенуге айналды. Айықпай борай жауған, суық күндер үдеп тұр. Бұл өлке кейде "Бауыр" деп аталатын, кейде "Байғабыл" деп аталатын тұтастау қоңыр адыр болушы еді. Сай-саласында бұлақ, қорық, қарағаны көп, пішендік қоныс өлкелері мол жерлер. Өзіне егін егуге де қолайлы. Бірақ осы өңірдің, бар Байғабылдың өзге Шыңғыс, Жидебай, Ақшоқы сияқты қалың ел, көп ауылдар мекен еткен жерлерден бөлек бір жайсыздығы тағы бар. Бауырды қар қалың басады. Қысы қатты жылдарда, шөп жақсы шықпаған жылдарда ең алдымен жұт қысымына ұшырайтын осы Бауырдың елі болады.
Егіншілікті кәсіп еткен көп еңбекші ел, Бауырдың сол еңбекті кәсіпке қолайлы болғанын ұнатып барып мекен ететін. Бірақ қысының қаталдығын ойлап, Бауырдағы әлді-әлсіз шаруаның бәрі де жаз жақсы болып, шөп шығысы тәуір болса, қысқы пішенді аса көп жиып, қамдап алуға тырысатын. Анық қалың, мол маялар Абайдың қыстауы Аралтөбеде, Ақылбай қыстауы Талдыбұлақта, Бөрлідегі Қожа қыстауларында барлық Шыңғыс елінің қазағынан басқаша, мол қор болып жиылатын.
Бұл осы өңір елінің сенімсіз қысқа қарсы істейтін қамының үлкені. Сонымен қатар және Бауыр елінің қысқа қарсы, жұтқа қарсы екінші амалы тағы бар. Декабрьдің тұсынан бастап өз жерінің аңысын, қыс бағдарын, қысымын қатты қадағалап ойласа бастайды. Егер осы бүгінгідей декабрь қысып кете бастаса, Бауырда, қолда арық-тұрағын, азын-аулақ малын ғана қалдырып, айдауға жарайтын қой атаулыны, қара малды түгелімен Ақшоқыға, алыстағы Жидебайға, Шыңғысқа алып қашып, шұбыртып жөнеледі. Сонда апарып, сенімді қыстау, құйқалы қорық, қарабөктер қалың Шыңғыстың қойнауына кіріп кетеді.
Сөйтіп, талай қыстың жұтынан осындай ерте қам етіп, алысу арқылы малдарын аман алып қалып отырады.
Аралтөбедегі Әйгерім аулының декабрь ортасында шұғыл ойланып, байлаған байлауы осылай болды. Көршілес төрт-бес ауыл Әйгерімдікіне жиналып, ақылдасып келгенде: "Биылғы қыстың аңғары жаман. Жаз болса құрғақ болып, Бауырдағы ел бәрімізден де қорамызға жиып алған пішеніміз аз болды. Жыл мойны болса ұзақ. Қыс аяғы ұзап кетсе, онан да әрі қатер бар. Осындай малдың бойынан ет арылмай, әлді тұрған кезінде Ақшоқыға, Жидебайға, Шыңғысқа қарай қойды, қара малды айдайық!" дескен.
Көп ауыл өзді-өз малымен бір күнде қозғалмақ. Себебі жол жоқ, қар қалың. Малдың жүретін сүрлеуін салу үшін қарды бұзып жүру керек. Соған кезектескен көп ауылдың бірлесіп аттануы жол болады. Әр ауыл екі-үш кең шананы көп шөпке толтырып, сықап алысты. Жол жүретін ер-азамат, әлуетті әйелдер болса азықтарын, киімдерін сайлап алды. Сонымен, әр ауылдың малының алдында шаналы шөп жүріп, мал атаулыны артынан шұбыртты, ұзақ салқар, қара нөпір болып, Байғабылдан Ақшоқы, Жидебайға қарай мал созылды.
Абай бұл шаруаларға жөнді араласқан жоқ. Ол ор кезде кешкі шай үстінде, әсіресе таңертең ерте Әйгерімнің сол шаруа жайын ауылдағы азаматтармен сөйлескенін тыңдайды да, өзі көп араласпайды. Биыл аңғарып, сүйсіне білгені Әйгерім шаруа науқанының тұсында аса бір қайратты, ойлы адамның өнерін көрсетіп келеді. Ол қазіргі күн райынан, қыстың қабағынан қатты қысылады.
Абай отырғанда да малға қарап жүрген еркек-әйелге бір жағынан жаны ашып және шаруаның қамын жете ойлап, байыпты сөйлейді. Кешелер Ақшоқыға қарай өз аулының қойын жөнелтерде, туған елі Мамай-Байшорадан көрші етіп алған туыстарын іріктеді. Торғай, Маңғаз, Ақжол деген үлкенді-кішілі үш азаматты Наймантай дейтін өзінің сенімді, есті туысы және көршісіне қосып береді. Осылар көрші ауылдардың Жидебай мен Шыңғысқа мал айдаған лек-лек топтарымен аралас кетті.
Әйгерім Мәкен, Дәрменді ертіп, жылы киініп алып, далада ұзақ жүрді. Қыстау сыртындағы биік адырға шұбырған қойы мен үш шана жеткенше көз алмай қараумен болды. Үш-төрт көрші малшылар жуансіңір, ересек азаматтар болғанда, аласа бойлы қызыл шұбар келген Ақжол бала жігіт болатын.
Әйгерім соның бет-мойнына өз қолымен шәрпіні мықтап орап беріп:
– Үсіп қала көрме. Беті-қолыңды аяздан қатты сақтай жүр! – деп қабақ шытты. Қорқыныш ойлап, төрт жігітке бірдей амандық тілеген өте жақсы үнімен, тамаша майда шынымен айтып жөнелтті.
Күн көптен бері жылынбай қойды. Бүгін де сондай шытырлаған қатты аяз. Бір тәуірі, мал жөнелткен күні жел болған жоқ. Тегінде, бұл өңірде аяз өлердей қатты болудың үстіне, қарып тұрған қылауытқан үскірік жел аязды үдете түсетін. Сондай жел аралас аяз жайы: "үскірік аяз", "өкіріп тұрған аяз", "ақырған аяз", "қолқаңды қауып тұрған аяз" деп неше түрлі қатал түрде халық аузына алынады. Биыл декабрь кіргелі Абай мен Әйгерім отырған жақын өңірге сол жаңағы айтылған ажалдай аяздың демі қатты батып тұр. Осыдан екі күн бұрын мықты, сенімді қойшы Түңлікбай аяздың қаттылығынан беті-мұрнын үсітіп қайтты. Ауылдағы көрші, малшы, қатын-қалаш, киімі нашар бала-шаға қораның ішінен тұмсығын шығаруға қорқады. Айнала ор ауылдан сирек қатынасқан адамның бәрі ендігі жүрісте тек амалсыздық айдап келген жайларын айтады. Қай ауыл болсын, Бауырдың, Байғабылдың бәріндегі кәрі-жас қыстан үрке, қорқа бастағаны естіледі.
– Қыс ерте қысып кетті, дүние не болар екен?..
– Жаздан құрғақтық боп, пішен де шықпай, дала шөбі де ерте қурап кетіп еді, мал сорлыға жайылыс жоқ!..
Оның үстіне қар қалың түсіп, ой-жотаның бәрін жұмыртқадай қып жылмитып, сыбап салды. Көрінген қылтанақ жоқ. Тобылғы, бұта, қараған, ши дегенің баурайын қазып шөп іздейін десе, ұсақ малға ол да қолдан келмейтін жүк. Қар сіреу боп қатып қалған. Ұдайымен он күндей соққан желді аяз қар атаулыны омбыға айналдырып, шынылап, тіпті мұздан бетер етіп, шегендеп тастаған. "Тек семіз ат-айғырдың тебіндегі тұяғы бұзбаса, өзге қой тұяқ, қара мал ол айтылған жерден шөп ала алар емес" – деседі. Тағы біреулер Бауырдағы бар елдің күйін таныған қалыпта, көпке ортақ тағы бір шаруа мұңын айтады.
– Ендігі жалғыз шара – қорадағы пішенге қарату ма? Мал қолға қараған соң не шыдайды? Ондай пішен қоры мол ауыл бұл өңірде жоққа тон. Биыл әсіресе жоқ. Жаздың өзі, тегі, жұт болатын жылдың жазы боп өткен жоқ па? Жарытып пішен алған ел бар ма?! – деді.
Абай мен Әйгерім өз үйлеріне оқта-текте келіп түскен маңайдағы ауылдың жасы үлкен шаруа адамдарынан осыны көп естіген. Сонымен, Әйгерімнің Ақшоқы, Жидебайға осындай ерте бастан қам етіп, қой айдатайық деген сөзін Абай тез мақұлдаған. Енді міне, малдың көбі не болары белгісіз халде ұзақ қиын сапарға кетті. Соның орайына ауылда қолда қалған мал азғантай. Ол азын-аулақ тоқты-торым, кәрі саулықтар және "қыс уайымына ілінеді-ау" деген тай-торпақ, бірен-саран бота-тайлақ қана болатын. Содан өзге, ат үсті жүрісі бар еркектер мінетін, еті күйлі аттар бар. Бұл алуандас қолда қалған малдың қамы, күтімі енді ауыр емес. Оған Әйгерімнің көп үйлі қыстауындағы көршілердің әйелдері, бала-шағасы да керекке жарайды.
Сөйтіп, он шақты күн ішінде Абайды өзінің шаруа мұңымен, қамдарымен ертелі-кеш алаң ететін сөздер енді Аралтөбедегі ауылда саябырлап, басылған еді.
Соңғы кезде нұрлы жүзіндегі жұқалаң қызылы басылғандай, өңі ақшыл сарғыш тартып, жүдей түскен Әйгерім енді тыныштала бастады. Ол декабрь ішінде тек қана мал мен малшылардың, ер-азаматтың мұңын айта беретін болса, енді ол сөздерінен тыйылған. Қайтадан сылдыраған әсерлі, әсем күлкісі оянып, көңілді жүзі және де өзінің ақ-қызыл ажарымен әсемдене түседі.
Ac үстінде, кейбір шақтарда Абай оқыған кітаптың жайынан әңгіме сұрайды. Абай бұған бұрылып, оқудан көзі талған қалпында қалың кітапты жауып қойып, сәл жұмған көзін кесек саусақтарымен сипай отырып, әлдеқайда Әйгерімнің ойына келмес бір жайлардан қызық әңгіменің басын бастап кетеді.
Әйгерім бұндайда, өзінің қасында болмай қалса, тезінен баланы, қызметкер әйелді жұмсай қойып, өз үйлеріндегі Мәкен мен Дәрменді, Хасен молданы шақыртып алады. Бұлар бәрі боп Абайдың небір жылы жақ, жемісті бақ, алтын арай күншуақ мекендер ішінде жүрген сұлу жүзді, жақсы мейірбан мінезді немесе өжет, ер көңілді жандардың өз тұсындағы жауыздықпен қажымай алысқанын айтады. Нелер қара таудай қара күші мол, қаһары, зәрі көп, қатал күштермен жаңағы саны азғана, бірақ сапасы артық, жақсы жандардың жасқанбай алысқанын қызығып әңгіме етеді. Осымен, қой жөнелгеннен кейінгі екі-үш күн оңаша, көңілді күйде өтіп келе жатыр еді. Міне, бүгін дәл шаңқай түс кезінде Абай Әйгерімнің биік сүйек төсегінің алдында, дөңгелек үстел қасында француз жазушысының қалың романын оқып отырған шақта, үлкен үйдің есігі ашылып, бөтен бір жолаушы сәлем беріп кіре береді.
Қонақ табалдырықтан аттай бергенде, аяғындағы қалың опайкеден істелген көнелеу саптама етігіне Абайдың көзі түсіп еді. Тысқы суықтан келген адамның киімі, етігі, қамшысына дейін аяздаған. Мұз қатқан азын-аулақ сақал-мұртына да ілесіп, Абай отырған орынға қатты аяз кеп тұмсығын сұққандай болды. Жолаушының екі етігі қатарынан әуелі қарауытып бозарып алып, содан бусанып тұр. Аяздың ауыр булы демін жер бауырлата жайып келеді. Етік өзі де аязбен дем алғандай. Тымағының екі беті қалың қырау басып, көк сеңсең қарлы мұз ұстаған сіреуге айналып қалыпты.
Келуші адам Абайдың көрсетуімен үйдің төріне таман шығып тоқтап, жаңа ғана отырған еді. Абай оны енді таныды да, жылы шыраймен амандасты. Үйге бұл кезде біріндеп Әйгерім, Дәрмен, Мәкен де кірген болатын. Қонақ оларға да жақсы танысша дос шыраймен амандасты. Абайдан бастап үйдегі бар жан бұл адамды өздеріне жақын таныстай қабыл алды.
Жүргінші тымағын шешіп, сақал-мұртын қарлы мұздан біртіндеп арылта отырып, өзінің қайдан келе жатқан жайын айтып жатыр.
– Қаладан қайтып едім, араға екі қонып жеткенім осы-ақ. Кеше күннің суығы бастырмай қойды, атым да семіз емес, еті жадау еді. Соның да қабағына қарап, суықтан да қорқып, ұдайы ел сағалап, жай келем. Бүгін мына Қанай, Көп-Сақаудан шықтым! – деді.
Бұл келген қалашы Әбді. Бір кездегі Мәкен мен Дәрменнің қосылуына жанын салған, қанын төккен дегендей қимас дос болатын. Абай біледі. Ол ер көңілді, әрдайым тура жолда жүретін осы ел ішіндегі кедейден шыққан жақсы жігіттің бірі. Сонысын ойлап Абай қазір қонағуар, қамқор достық бейіл көрсете бастады.
– Өзің жаурап келгенсің ғой. Күн тағы қатты аяз. Шешін, сырт киіміңді шешініп, тек иығыңа жамылып отыр! Жылыншы, әуелі жылынып алшы! – деді де, Әйгерімге бұрылды.
– Әйгерім, Мәкен! – деп, үй иесі әйелдерге қарай қонағуар бейілін бар ықыласымен білдіре бастады. – Шайды тездетіңдер, түстік астарың қашан болушы еді? Құрт езгізіңдер! Әбді қатты аязда бір күн емес, бірнеше күн қиналып келеді ғой, қам қылыңдар!
Әйгерім мен Мәкен өзара сол ғана сыбырласты. Мәкен Кәрібжан деген орта бойлы, ақсұр келіншекті Әйгерімнің қасына шақырып әкеп берді.
Әбді сырт киімін шешіп, иығына ғана жамылып, енді жылы үйде өңі-жүзі қызара жылынып келеді. Абай бұған қаланың жайын, жолда көрген-білгенін айтқыза бастады. Әбдінің ең алдымен айтқаны қыстың жайы.
– Қазір екінің бірінің аузындағы сөзі осы қыс боп тұр, Абай аға! Қыстан қысылған ел күн санап көбейіп барады. Қысымы көпке жайылған жаман қыс деседі.
Абай бұдан әуелі өзі көрген жолдағы елі Уақтың жайын сұрап еді. Әбдінің айтуынша, жол бойы Балта-Орақ, Мұқыр, Арқалық, Күшікбай, Қанай – бәрінің тұсында қар орасан қалың, мал қолға қарап қапты. Дәрмені бардың бәрі маңындағы Құйқалы тауға немесе Ертіс жағалап тоғай бойына, азды-көпті пішені болған өңірлерге қарай шұбырып жатыр, – деді.
Және Әбдінің көрген бір әлеметі, қалаға бара жатқан, қаладан келе жатқан керуеннің беті-жүзіне қарап болмайды. Біреулердің мұрны үсіп кеткен. Тағы біреудің беті кеткен, иегі үсіген және бір топ жұрттың бетінде ақжалақ, қызылжалақ боп бұрын үсіген жерлердің орны бадырайған, айғыз-айғыз болған. Соны айта келіп Әбді: "Қыс ызғары жаман. Адамның да, мал атаулының да берекесін кетіріп, бүрістіріп барады!" – деді. Осы күй тағы қай болыстарда барын сұраған Абайға Әбді және де байыпты, құлағы түріңкі адам боп жауап берді.
– Естуімше, Семейдің дуаны түгел, оған жалғас мынау Қарабұжыр, Қалба, Өскемен жағыңыз, анау Көкпекті, Тарбағатайыңыз тағы да қысылғанның бірі дейді. Мына батыс жағымыздағы елді алсақ, Ақбота, Дегелеңнен әрі өрлей қалың Қаракесек, одан арғы қанаттас Қараөткел, мына жағы Сүйіндік, Қуандық бәрінің хабары жақсы емес, тарпы жаман деседі.
Бүгін шай үстінде, одан түскі ас кезінде де Абай мен Дәрменнің сұраулары бойынша Әбді көп әңгіме айтты. Қаланың жөнін сұрап, Затондағы Сәмен, Сейіттердің күй-жайын білгісі келген Дәрменге жауап айта отырып, Әбді қала халқының қысымшылық жайын да баяндады.
– Жаз егін жалпы облыста нашар болған екен. Соның салдары білініп жатыр. Базарға астық түсу саябырлапты. Қалада азық-түлік қымбаттапты. Осы күнде көп кедей-кепшік үйлердің күйі қатты бәсеңдеп кетіпті. Кей кедейдің үйіне қара нан мен қара шайдың өзі де қиындап кеткен жайы бар! – деді.
Бұл Әбдінің жайсыз хабары еді. Тағы біразда Әбді өңшең жүдеу хабар әкелгенін өзі мойындай сөйлеп келіп, бір шақта басқа әңгімеге ауысқан-ды.
– Жә, жүдеулік жайындағы хабарымды осымен тоқтатайын. Тегі, біреу жол жүріп келсе "жақсыат, жаманаттан не бар?" деп сұраушы еді ғой. Жаңағыны сонымен айтып ем. Егіді өзім білген жақсыатымды айтайын, Абай аға! – деп алып, ол Абай мен Дәрменді анық көңілдендіріп, қуантарлық хабарды бастады.
Бұның айтуынша, қазір қалада алты дуан елі бас қосқан ұлан-ғайыр үлкен бір шербешнай боп жатыр екен. Ой мен қырдың, ылди мен өрдің сорпаға шығарының бәрі жиылып, бір жұмадан бері үлкен келелі жарыс, айтыс-тартыс бар дейді. Бұл тегі жапсарлас еліңіздің бәрі... – деп алып, Әбді ендігі сөзді Абайдың өзінің куәлігіне сүйеп айта кетті.
– Жапсарлас болса екі ояздың елі, өзіміздің Керей мен Тобықтыдай, Наймандай алысып, шабыса береді екен ғой. Кісі өлімі ме, ауыл шабу ма, барымта-сырымта ма, тыным таппаса керек. Соның кейбіреулері дүйім елге жетіп, кесірін көпке жайыпты! – деп келіп, енді шербешнай тексеріп жатқан істерді атады. Сонда жақсыаты, жаманаты шыққан ел адамдарын ауызға алды.
Бұл тұста Әбді өзінің сөзі емес, қаладағы талай жанның аузынан естіген сөзін айтады. Естуінше, сияздағы барлық жиынның ден қойғаны деп сөйледі. Әсіресе, дауына дауа тауып кетіскенді "келістірді", "қиюсыздың қисынын тапты" деп, кейбіреулерді көп аузы қатты көтеріп, мақтап жүр екен. "Тобықтыда, қала берсе исі Семей дуанында, сондайлық қара үзіп жақсыаты мейлінше шығып тұрған кісі Мағаш болыпты" деп, Әбді көп әңгімесін Мағаштың жайына арнаған.
– Осы күндерде қырдың елі, ойдың елі болсын, бәрі де үлкен дауын Мағаштың алдына әкеп салуға талпынатын болыпты. Әбді өз көзімен көргені сол, Мағашпен сәлемдесейін деп Сүлейменнің үйіне барса, қора, есік алды, дала тегіс дау сөздерін айтып, Мағаштың кесігін естуге келген адамға сыймайды екен. Соны Әбді көзімен көріпті және Мағашты қамап, қоршап басып жатқан елі кім десең, Тобықты емес, тымақтарына, шапан, тон үлгілеріне, ат таңбаларына қарап Әбдінің аңғарғаны: "Бошан да, Шақантай, Керей де, Терістаңбалы Матай, Сыбан да – бәрі де табылатын көрінеді!" – деп келіп, бір әңгімесін түйе бере өзінің және бір сүйсінгенін айтты.
Мағаштың билігіне келгеннің көбі тозған тон, жөндекі шапан, іреңі жүдеу тымақ, шекпен киіскен жылаулар көпшілік сияқты! – дейді.
Әділдігін танып, қолқаланып Мағашты іздеп келушінің көбі жоқ-жітік, жарлы-жақыбай екенін Әбді жақсы көріпті. Сондай жандар басып жатқан соң Әбді Мағашқа амандаса алмай кетіпті. Бірақ ішінен ырза боп қайтқан жайы бар. Бүгін мұнда сонысын айтып берген. Абай бұл хабарды бар үй ішімен қуанып тыңдаған еді.
Осыдан екі-үш күн өткен соң, Аралтөбеге сирек келетін қонақ есебінде тағы бір жолаушы жетті. Ол кеш батарда тысқа келіп, атын доғарып, шанасын ыққа қойып, шанадағы астығын баптап жинастырып жүрді. Сақтық етіп киізі, алашасымен астықты қымтап, орап салды. Үйге шам жағылып, шай жасар уақытта ғана кірді. Жылы үйде жеңіл киініп, кітап қарап отырған Абайға қазіргі қыс күндерінің беті қайтпас аязын, ақырған суығын бұ да ала кірді. Аяғында жаңа қара етігі бар жолаушы сәлем беріп кіргенде, қасына Дәрмен мен Хасен молда ере кірген еді. Үш адамның да аяздаған етіктері жылы үйде бусанып тыныс алады. Салқын аяз буға айналғанда, ауырлап, төмендеп тарай бастайды.
Шай жасап отырған жеңіл киімді Әйгерім үйге кірген аяз лебінен сәл сескеніп, Абайға қарай жантая түсті. Дөңгелектеу сақалы бар жолаушы, қазір аппақ сіреу болған қарлы мұзбен бетін қақтап алған тәрізді. Көнетоз сұрғылт тысы бар жүндес қара елтірі тымақтың бет тұсы сірескен қарлы мұз. Қонақтың аузы сәлемге зорға илікті. Абай оның сәлемін алса да, әуелі танымап еді. Кейін мұрт, сақалдың мұзынан жүргіншінің бет-аузы біртіндеп аршыла бастағанда анықтап таныды.
– Уай, сен Әлпейімсің бе? Жайыңды айтшы, әлі наху оқып жүрсің бе? Жоқ, жөніңді басқаша тауып па ең?
Қонақ ебі кеткен аузымен сүйсіне күліп, бөгеле тұрып жауап берді.
– Нахуды қойғам, Абай аға! Анада айтқан жалғыз ауыз ақыл сөзіңіз ем болды ғой. Өзіңіз айтқандай, елге барып,
Тақырдың бойында әкем істеген кәсіпті істеуге айналыстым. Сондағы айтқаныңыздай "егін егіп, еңбек сауып", қарекет адамы болғамын! – деді.
Абай бұнысына "бәрекелде!" – деп ырза болып, енді Әлпейімнің шайға отырған кезінде, қайдан жүрген жайын сұрады.
Әлпейім де қаладан келеді екен. Бұл өзі еккен егінінің біразын қалаға тастап, диірменге тарттырып, жарым-жартысын базарға сатыпты. Қысқа керек-жабдық: қант, шай, киім-бұйым алып, бидайының жарымын ұн қып тарттырып алып, қыс қамын нықтап, қаладан елге қайтып келеді екен. Өзге ойда-қырда ашыққан қарекетсіз көпшілікке қарағанда, бұл өз еңбегінің анық игілігін көрген кісідей. Абай Әлпейімге ырза болып отырып, елдің көп кедейіне бұны үлгі етіп сөйледі.
Әлпейім Абайдан естіген мақтау сөзге қуанып, жымия түсіп, ендігі қала жайынан үй іші боп сұраған сөздерге көңілді, созымды жауаптар бере бастады. Өзі тілді, есті, орамды жігіт еді. Ол осы ауыл естіп отырған ылди бойының қыстан ығысқан хабарын тағы да көбейтіп, тыңайтып берді.
"Қыстан мал ғана емес, биыл адам жазым болмаса не қылсын". Әсіресе Ертістің бергі жағындағы жоғары, төмен кедей ауылдар жайын сұрастырып білген екен. Шөптіғақ, Жоламан, Өжерке, төмендегі Бәйгелі-Шағала, Қарашолақ, Кенжебай, Жалпақ сияқты қалың кедей-көпшілік орналасқан ауылдар жүдей бастапты. Көбінің адамы қалаға шұбырып, әрекет іздеп, дәм іздеуге түсіпті.
– Базар қымбаттаған. Азық азайған. Қаланың маңындағы крестьян қалалары да биыл жаз егіні шықпай, жүдең тартып қалған деседі. Жолдағы ел керуенді түсірмей, отыны іркіп, жалғыз тал шөп, сабанын санап отыр. Тіпті өз азығымен ыстық істеп ішуге рұқсат бермей жатыр. Аяз болса, толас жоқ. Соңғы күндер тағы да Күшікбай, Мұқыр тұсының бәрі айықпаған ақ боран! – деп, Әлпейім жаңа осы үйге кіргенде, етігіне іле кірген аяздың демін енді барлық көрген кебімен қоса қоюлатып, ауырлатып айтты.
Кейін ас алдында әңгіме басқаға ауысқан шақта Әлпейім қалада болып жатқан шербешнайдан да жақсы хабар айта бастады. Өзі тілді-ауызды, жақсы сөзді ұғынғыш, сақтағыш қалпы бар екен. Ол Абай мен Әйгерімге қарап отырып, өздігінен бастап және де Мағашты мақтай сөйлеп кетті.
– Алты ояздан жиылған, бес-алты үйге тұтас орнаған жүзге жуық би бар екен. Соның ішінде "қаршығадай шағын ғана бойы бар, үйдей үлкен ойы бар алғыр, ақсұр, Абай баласы – Мағаш қара үзіп, озып отыр. Ақты-бозды айқындап алға түсіп тұр!" – деген сөзді қаланың халқынан да, сиязда ісі бар, дау-далбайы бар жұрттан да көп естігім! – деді.
Абай бұдан өз көзімен көріп, өз құлағымен естіген сөзі болды ма екен, соны сұрап еді.
Әлпейім оған да қызық жауап айтты.
– Шаруамды жайлап болған соң, екі күндей әдейі Мағаш билік айтып жатқан бер жақтағы Сүлейменнің үйіне бардым. Топ ішіне арызшының бірі боп кіріп отырып, өз құлағыммен естіген бір-екі сөзім болды. Соны сізге әдейі айтайын! – деп, тың сөзге ауысты.
– Қаракесектің бір кезде өзіңізбен тізе қосып, сүбелі сөзге араласқан Қали дейтін жүйрігі бар екен. Мағаштан жасы үлкен, өзінің атағы да дардай көрінеді. Соны Семейдің төрт биінің бірі деп атайды екен. Мен отырғанда Мағаштың көзінше Қалидің алдына даумен екі Уақ келді. Бұрын Уақтар тамыр болысқан екен. Біріне бірінің сол тамырлық жолмен бергені бар, кейін қолқаға шыдаспай өкпелескен, содан араздасқан. Енді екеуі дауласып, бидің алдына түскен екен. Осыны Қали ұзаққа созып, қағуға айналды. Татуластырмақ боп және көп қажады. Анау екеуі екі жаққа алшайып бітіспей, сөз береке таппай, созылып кетті. Сонда Мағаш көлденеңнен Қалиға сыпайы сөйледі. Қали аға, осы сөздің кесігі оңай емес пе?! Рұқсат етсеңіз, мен айтайын, – деді де, – тамыр болдың – айтыс жоқ, қолдан бердің – қайтыс жоқ! Бұндай даудың тетігі осы болса нетеді. Ендігәрі осыны қағида қып, жол қылсақ қайтеді?" – дегенде, өзге үй тола отырған, мойнына знак салған топ, он бес би шу етіп, қостап қоя берді. Осындай бір тапқырлығын көрдім! – деді.
Абай ойлана сүйсінді.
– Мынау бір естілмеген тың сөз екен-ау! – деп, Дәрменге қарап еді.
Дәрмен күлді де: "Естілмеген себебі, мен білсем, осыны Мағаш жанынан шығарды. Тіпті ақынның өзі ғой", – деді.
Қали осының артынан, аузымдағы сөзімді айтқызбай әкеттің дегендей боп, Мағашпен қалжыңдаса отырып, кінә айтып қалып еді. Сөзінің арасында шанышпасы да болды.
"Қошқар туған қозыдайсың, шырағым. Бірақ жолымды кескенің қалай? Үлкен емес пе ем?" – дегендей болды.
Мағаш соған іле-шала әзіл айтты: "Алдасқан ауыл болмас, есептескен ел болмас деп, азды есептеп не қыласыз?" – деп, тағы бір тоқыратты.
Қали үндемей қалды. Бірақ жағалай отырған өңшең сөз баққан желаяқтар емес пе! Біреу анадай жерден Қалиды тәлкек қып отыр. "Қали алдымызды орап болмап еді. Таудағы түлкіні табындағы тазы алады", – деген-ау, Мағаш баладан оңбай сүрінді-ау!" – деп қалжың етті.
Қали орай сөз таба алмады ма, тығылып қалды ма, бөгелеңдей беріп еді. Мағаш өзі соны сүйемелдеп тағы бір қалжың айтып: "Қали аға, әзілде кек жоқ, өсекте шек жоқ! Қымсынатын жер жоқ!" –деп, үйдің ішін тағы да жадыратып күлдіріп, жаңағы бір түйілген жайды өзі шешіп жіберді.
Қали осыдан соң ғана бойын жиып, жаңағы өзін қағытқан Бураның өзі құрбы бір биіне енді мықтап тұрып жауап айтты.
"Бағы жоқ басқа жаудыраған көз бітеді, дуасы жоқ ауызға саудыраған сөз бітеді, деп жиырма күннен бергі осында отырған кеңесте жыртылғанды жамаған, үзілгенді септеген берекелі сөзіңді естімеп ем. Менің Мағаш інімнен көмек алған бір кезегімді ғана аңдып отыр екенсің ғой!" – деп, жаңағы биді де сүрінтіп кетті. Өзі де қысылып қалған қиын жайынан қиялап шықты. Бұл да жүйрік кісі екен.
Бірақ жасына қарамай, сол отырғанның бәрінен Мағаштың иығы асып, кең түсіп жатқанын көрдім! – деп, Әлпейім сөзін аяқтады.
Бұның әңгімесі Мағашты құр мақтау емес, Абайды анық қарқ қылғандай қуантты.
Қаланың осы алуандас хабарын арада бір жұма өткен соң тағы бір әкелуші жолаушы болды. Ол – Абай ортасына бөтен емес, жақын кісі. Семейден қайтып, жолшыбай Абайға сәлем беріп және Мағаш тапсырған хатты әкеп беруге Аралтөбеге соққан Самарбай молда. Ұзын бойлы, жіңішке денелі, көзі, мұрныңда сұлу ажар бар. Қиылған жирендеу келген мұрты бар Самарбай, жас молда болса да, жақсы оқыған. Бұл Абайға көршілес Мамайдың жатағынан шыққан жетім баланың бірі еді.
Осыдан он бес, он алты жыл бұрын оны Абай өзі апарып оқуға берген. Кейін Самарбай Мағаштың қолына келіп, бір жағынан іні болып, Ақшоқыдағы ауылда екі-үш жылдан бері бала оқытатын. Ол жазуы өте сұлу және кітапқұмар, талапкер жас. Қазіргі күнде мұсылманша оқудан орысша білім сонауғұрым артық екенін жақсы түсінген. Есту мен ұғынудан бұл шақта басына тоқығаны да көп.
Абайдың аударғанынан, Әбіштің әңгімелерінен, Мағаш пен Кәкітайдың оқуынан естіп, көп көркем сөздерді жадында сақтайтын. Абай айналасында айтылатын талай романдарды, ірі ертегілерді, қызық "мәселе", хикая, дастан дегендерді Самарбай кең отырып айтқанда, аса шебер тілмен әңгімелейтін.
Қаладан Самарбай хат әкелді. Ол – Мағаштың әкесіне жазған аса ауыр сыры бар хат еді. Абай, Әйгерімнің байқауынша, Мағаштың хатын қолы дірілдеп оқып, көпке шейін танып, түсініп, бойына сіңіре алмаған тәрізді.
Әйгерім хаттың хабары жайсыз екенін Абай жүзінен сезді де, сүйек шкафтан Абайдың көзілдірігін әперді. Бұрын да үркектеген жүрек сезіп қалған ауыр шындық енді айқындала түсті. Самарбайдың жүзіне Абай шошыған, аларған көзбен үнсіз қарағанда, жас жігіттің де қабағында уайым бары байқалды.
Мағаш өз хатында: "Соңғы кезде науқас болатын аңғарым бар. Қалада жұмысбасты боп қайта алмай да жатырмын. Бірақ докторға қаралып, жауаптарын да тосып жүрмін. Жайым қандай болатыны мәлімсіз. Қалада жайланып жатып емделем бе, болмаса ақылдарын, дәрісін алып, доктордың рұқсатымен елге қайтам ба? Ақылыңыз керек боп отыр!" – депті.
Жаратылысында сыпайы, жұмсақ мінезді Мағаш Абайға кел демепті. Бірақ әкесінің қазір оның қасында болуын тілейтіні танылып тұр. Абай шай іше алмады. Енді тыныштық ала алмай, жүрегі алқымына тығылып, маңдайынан суық тер шығып, бір тұрып, бір отырды.
".. .Тағы да қайғы келе ме, тағы да қаза жотасы көріне ме! Ендігі қалған өмірімнің жалғыз бір терегі бұл да жаңа гүл атып, әкенің тәрбиесін ақтап келе жатып ғайып бола ма?.. Қажыған жүректегі ендігі жалғыз тірек осылай ортасынан опырылып, үзіле ме?!"
Абай тыным ала алмады. Самарбайдан үй іші Мағаштың жайын сұраса, Абай ылғи үн қатпай, жігіт жүзіне шошына қарайды. Қабақ танығыш, салмақты мінезі бар Самарбай үй ішіне айтқан боп Мағаштың қазір зор абырой тапқанын, халыққа жағып, өзгеше алғыс алып жатқанын айтады.
Абай бұған тағы да үнсіз тілек еткендей, "жұбату айтшы" дегендей мұңға толы көзімен қарағанда, Самарбай оны жақсы түсінді. Мағаштан өз құлағымен естіген бір өзгеше ақылды сөздерді ақырын айтып өтті.
Бір күн үй оңашада Кәкітай мен Самарбай ғана болып, Мағаштың қасында қалған екен. Алдында күндіз, жұрт тағы да қаптап, Мағаштың бір дауларға билік айтуын тілеп келген. Сонда Мағаш Самарбайдың көзінше төсекте жантайып жатып, дауласқан екі жақты әділ жолға салып, билік айтқан екен. Кешке Самарбай мен Кәкітай екеуі Мағашқа екі жақтан ақыл айтыпты: "Тез елге қайтса екен", "күнде басып жатқан жиыннан Мағаш құтылса екен. Енді елге жүрейік!" – десіпті. Сонда Мағаш бір жауап айтыпты: "Сақтан дейсіңдер", "қазадан сақтанам" дейміз ғой. Бірақ "Темір би өлім қылышы жетсе, темірді де жемірер!" – деді.
Содан сөз таратып Мағаш біраз жайларды айтыпты: "Жұрт тілейді, бойыңда әділетің бар ма! Жақсы ата тәрбиесінен алған нәрің бар ма? Соныңды бер, дәрім болсын!" – дейді. "Кімбіз өзіміз? Не сақтап жүрміз ішімізде? Сарапқа салып көрінейік деп едім!" – деп отырыпты да, Самарбайдың есінде қалған тағы соны сөзді айтыпты: "Тығулы жатқан алтынның топырақ басқан тастан артық не қасиеті бар?!" – депті.
Абай Мағаш айтты деген сөзді енді тамашалай тыңдайды. Самарбай мен Кәкітайға өмірдің ор сағатының қаншалық қажет, қаншалық қымбат екенін Мағаш және де сөйлеген екен. Сол шақта тағы бір қызық ойды соншалық көрікті етіп, Самарбайдың көкейіне қондырып айтыпты: "Өмірдің әр демі сондай қымбат, – деп келіп, – бірақ не шара! Созуға да, тоқтата тұруға да, "өтпе", "бітпе" деп өтінуге де жол жоқ! Минут, сағаттың ең ақырын қозғалысының өзі ең жүйрік аттың ең күшті шабысынан қуаттырақ... не шара!.." – депті.
Абай бұл сөздердің ар жағында өзінің асыл ұлының даналыққа жетердей ақылы, өнері барын аңдайды. Соған қызыға қуанумен бірге жалындай қайғырады. Бұл түнгі қападан, жаңа толып келген қатты бір қасіреттен Абай тыным таппай, дөңбекшіп шошынып шықты. Ертеңінде Абай асығып қамданып, Дәрменді қасына алып, қалаға қарай тартты.
Аяз әлі де, бүгін де айналаны шаңытып басып, шытырлап үскірік атып тұр екен. Соған қарамастан кәшаба шананың үстіне айқара киіз жапқызып, жылы киіммен ыққа қарай отырып, Абай ауыл адамымен көзі жасаурап қоштасты. Аппақ боп жүдеген Әйгерімнің жаңа шыққан ыстық кесек жастары кірпігінде, ай жүзіне түйін-түйін мұз бұршақ боп қатып тұр екен. Қос атты шана қалаға қарай cap желіп тартып жөнелгенде, Абайдың көз алдында Әйгерімнің азалы жүзі айықпай қадалып, бұған қарап шексіз сүйгенін үнсіз баяндап тұрып алды.
Алғаш қалаға келген күні Абай тура Мағаштың пәтеріне кеп түскен-ді. Жол бойы ас ішпей, ұйқы ұйықтамай, ауыр ойдан тыным алмай келген Абайдың өз жүзі де қатты ауырған жаннан бетер болатын. Әкесінің шошынып, асығып келгенін аңдаған Мағашсүйікті, ғазиз әкесінің көңілін сәл де болса тыныштамақ болады. Қораға әкесінің шанасы кірді дегенді ести сала, ымырт кезінде, Мағаш киімшең отырған қалпында басына тымағын киіп, күңгір бешпет ішігін тез киіп, әкесінің алдынан шығуға айналды.
Мағаштың бешпет ішігінің тысы түйе жүніне түйін жіп қосып, қызғылт-сұр етіп тоқыған биязы шекпен болатын. Соған қоңыр күрең барқыт жаға, жең салып қала тігіншісі тіккен еді. Ықшамды, қаршығадай бойына түлкі тымағы, бешпет ішігі жарасқан ақсұр жүзді, сұлу көзді Мағаш, Абайды Сүлеймен үйінің бақшасында тосып алған.
Абай қалада көп жатып, жаңа киім тіккізіп киген Мағашты басында тани алмай қалды. Мағаш екенін оның ширақ дауыспен берген сәлемінен ғана аңғарды. Даусының ажарынан сау адам сияқты үн байқағандай болды. Және әкесі Мағашты төсек тартып жатыр деп ойласа, қазір баласы олай емес, өздігімен төмен түсіп келеді. Бойы, қозғалысы сергек те ширақ сияқты.
Қалың киімді Абай басқышта Мағашты таныған жерде бауырына тартып, көзінен иіскеді. Екеуі қатар жүріп шығуға басқыш тар болғандықтан, Абай Мағашты алдына салып, "баста, өзің жүр!" – деген еді. Қайтадан басқыштан әкесінің алдына түсіп, өрлегенде Мағаштың жүрісі сол баяу көрінді. Бұл жерде оның жасына лайықсыз, денесінің жеңіл, қағылездігіне үйлеспейтін ауыр қимыл танылды.
Абайдың қалт еткен жайды қатты байқағыш көзіне Мағаштың бұл қалпы ұнаған жоқ. Көңілге жаңағы бір секундте "түрегеп жүр ғой, ауруы жеңіл тартқан бола ма?" – деген үміт келіп еді. Ендігі сәтте әке жүрегі қайтадан лоблып қалды.
Бұл кеште Мағаш шамасы келгенше көңілденіп, сергек отыруға тырысты. Әр жайдан, әсіресе, қаладағы шербешнайдан байқаған, тоқыған ойларын да, сындарын да айтады. Жақын мен алыстың Абайға таныс ор алуан адамдарының күлкі де, күлкі де мінездерін мысқыл, әзіл етіп, әкесін көңілдендіре, күлдіре сөйлейді. Өте рақымды, мейірлі, аса бір кең мінезді Мағаш, құлқы жаман, қылығы сорақы атқамінерлер, даугерлер, арамқұлық парақорлар туралы сөйлегенде әзілінде зіл сездіреді. Надандық, қараңғылық, білместік сияқты кемдіктерді себеп етіп, сынаған жандарын жауыз деуден гөрі сорлы жандар етіп сипаттайды.
Мағаш қалада, әкесінен аулақта осы қыстың басынан бері өткізген бірнеше айдың ішінде және де өзгеріп өсіп, биіктеп қалған тәрізді. Әрине, Абай түсінеді. Үлкен сын, қысым арасында еңбек еткен, қалың жиын арасында көп тартысқа түскен жас жігіт осы шербешнайдың өзінің үстінде де талай тәжірибе тапқан, талай ойдың түйінін аңдаған, өріс көрген. Өзі ойлы, білімді, өз ішіндегі таразысы дәл біткен Мағаш енді қандай саналы, үлкен адаммен кездессе де тең түсердей.
Абай ауылда қалашылардан естіген жайларының енді анық келісті шындығын баласының сөзінен, жүзінен, істеген мінездерінен анық аңғарып көріп еді. Сол жайды сезіп, көңілге қуаныш пен жұбаныш тола түскен сайын Абай Мағаштың саушылығын, өмірін өзгеше тілейді. Мағаш осы бір кеште әңгімені әдейі басқаға бура берсе де, Абай болмастан, алаңдамастан қайта-қайта дәрігер жайын айтады. Мағаштың көрініп жүрген докторы қаншалық білімі бар, өнері сенімді адам? Павлов пен оның әйелі бұл докторды сенімді деп санай ма, жоқ па?! Осы жайды да сан рет сұрай берген.
Мағаштың айтуынша, оны қазір қарап жүрген Станов дейтін, Семейге жаңа келген білімі толық, тәжірибесі мол, орта жасты доктор екен. Өзі Мағашпен бұл күнде жақсы танысу үстіне тіпті достасып, аса жақын адам қалпына келіпті. Оны Мағашқа ертіп келген, бар жаймен таныс еткен Павловтың өзі бопты. Енді Станов Мағашты аса ұқыпты қарап жүр. Қалған жайды Мағаш Абайдың өзімен ақылдаспақшы және әкесі Становтың өзімен сөйлесіп, Павловпен кеңесіп, Мағашқа бұдан былай не мәслихат береді, оны Мағаш тоспақшы. Әзір әкесін жұбату үшін ғана айтпайды, өзінің көңіл сенімі солай, мегдетіп, үзіп-жұлып әкетіп бара жатқан ешнәрсе жоқ сияқты. Осылай алғашқы күн Абайды өз үйінде қонақ етіп, Мағаш біраз тыншытқан болатын.
Бірақ түнде, оқшау бөлмеде, биік төсекте жатқан Мағаштың алыстағы тықырына, дыбысы мен деміне, сирек жөтеліне де Абай алыстан құлақ салумен жатқан. Ол бұл түнде де ұйықтаған жоқ. Сот сайын оянып, ауыр түстер көріп, көп күрсіне береді. Әкесінің көңілі тыныштық ала алмай жатқанын Мағаш та сезіп жатты. Екі бірдей сезімтал жүректің бұл сезімдеріне барабар ешнәрсе жоқ. Жақсы ұлын сүйген жақсы әке мен жақсы әкесін сүйген жақсы баланың арасында айтылмай ұғылатын жайлар қандай көп. Саушылықта, тыныштықта бір сәрі болса, біреуінің басына қауіп-қатер төнген шақта сезімталдық әр жүректі де үркек етеді. Сол күй өзгеше сергек етіп, ғажайып сезімтал жүйрік етеді.
Үлкен қасиет, зор адамгершілік, мінезділік иесі болған екі адамның жандары ым-емеурінмен сөйлеседі. Әрбір қыбыр-қимылдан, сол білінген дыбыстан, тастай қараңғының өзінде де жүздерін көріспей жатып-ақ, соншалық мәлім тілмен жалғасып жатқандай. Бұл күйдің екі үлкен жүректегі аты да махаббат. Аталық пен балалықтың махаббаты.
Мағаш айқын түсініп, танып шықты. Әкесі әзіргі қалпында жұбаныш таба алар емес. Енді не бар, тек аз да болса алаң етер алданыш керек. Сол алданыш талай зор ақылды, дана мінезді, алып кеуделі адамды да кейде алан ететін. Баладай алдандырып, сәл де болса толас беретін. Мағаш енді әкесінің емшісі болып, көп ойланатын мінезділігіне ауысты. Ол бір ауық өзінен де гөрі әкесін ойлайды. Мен жазым болсам, біржолата үміті өртеніп, тірегі құлап, күрт кетеді-ау! Түпсіз тұңғиыққа құлап кетердей, ұсынып кете ме?!
Сол жайын ойлағанда, өзі ауырғаннан бері қарай ең бірінші рет Мағаштың тамағына ауыр толқын, тас түйін оралды. Көзіне көптен келмеген ащы жас іркіліп, тынысы бітердей қиналып жатқан сәттер болды.
Келесі күн кешке Мағаш әкесіне өзі мәслихат етіп, Баймағамбет, Дәрмен үшеуін Құмаштың үйіне жөнелтті. Ол Абайдың үйреншікті пәтері, тыныш, жақсы жайы болатын. Сол күні сенбі еді. Мағаш өткен сенбі-жексенбілерде өзінің қасына келіп, қона жатып, ермек боп жүретін оқудағы жастарды бүгін әдейі атшана жектіріп, Абайдың қасына апарғызып салды. Балалар қазірде ержетіп қалған, Дәркембайдың баласы Рахым және бұған іні дос боп ұдайы ере жүретін, Мағаш пен Абай жақсы білетін, қыр мен қаланың бір топ баласы бар. Олар – Асан, Үсен, Асқар, Мақсұт, Шәкет, Мұрат сияқты Абайдың кедей достарының қазір азамат боп қалған балалары. Бұлардан бөлек жастары қазір он алтыға келген, өздері бесінші класта оқитын екі гимназист қос Құнанбаев – Нығымет, Жәлел бар.
Рахым балалардың бәрінен үлкен. Ол орысша школды бітіріп, осы кезде Семейде жаңада ашылған Учительская семинарияға түскен екен. Асан бес жылдық Городское училищені биыл бітірмекші. Он екі-он үшке келген қаланың грузчиктері мен жатақтарының балалары Асқар, Мұраттар да қазір, Абайдың байқауынша, өнерлі тәрбие көріп, жақсы ысылып, ширап қалыпты.
Бұл балалар да шаш қоя бастаған. Орысша ықшамды тігілген форма киімдері бойларына қонымды. Бет-жүздері тотыққан, қолдары сыпайы еңбекке бейімделген, саусақтары ақшыл, салалы, сұлу келген.
Нығымет пен Жәлел болса, қазір жігіт болып қалған. Өздерін ақсүйек біліп, паң, кердең ұстауға тырысады. Нығымет қалың қабақты, суық реңді, қарасұр пішінді болумен бірге, әрбір күлкісінің кезінде өз жүзіне еріксіз көз аударады. Қалың біткен қып-қызыл төменгі ерні ол күлерде әуелі көтеріліп, ернін шығарған кісідей бір кекір, кер қозғалыс жасап, содан кейін аппақ кесек сұлу тістерін ақсита күледі. Өткір көзінде, қалың суық қабағында басқа сипатқа ауыса бастаса да, Әзімбайлық бір тұлға таныла тұрғандай. Бұл кейде ашық қалжың айтқыш, күлегеш мінез көрсетеді. Ал Абайды бүгін де өз пішініне көбірек таңдандыра қадалтатын Кәкітайдың баласы – Жәлел. Жылқының күзелген құйрығының қыл түбіндей қатты біткен қара көмір шашы бар. Онсыз да үлкен басына үдірейе шыққан, кірпі түгіндей шаштары бұның бойынан қатты бір қиястық сызын сездіреді. Үлкен, жазық маңдайы ақыл бейнесін аңғартса, түксиген қабақ астындағы қисық, қиғаш көздері ерекше суық. Сол кішкене көздеріне қона түскен салбыраңқы бітік ет бар. Осы еті онсыз да қиғаш көзді жартылай баса түсіп, кірпіксіз жыланкөз етіп танытады. Сирек біткен ұсақ тістері бұл беттің күлкісін де сүйкімсіз, суық бір құбылыстай аңғартады.
Жәлелдің кішкене мұрны үлкен бетінің өзгеше бір қайшылығы сияқты. Бұл екі гимназист Құнанбаев, Абайдан оншалық ыға қоймайды. Және олар үшін Абай ақын, ақыл иесі, үлкен адам деген ұғымдар жоқ тәрізді. Себебі екеуі қай Құнанбаевтың үйіне келсе де, өздерін еркелетіп, алақанға салып, әлпештеп алуды тілегені болмаса, қазір өздеріне барабар келетін, тең түсетін қыр қазағы бар деп білмейді. Киімі, отырыс-тұрысы, бет-жүзі Жәлел мен Нығыметтің өздерінің аталары, әкелерінен басқаша болмағандықтан, бұлар Абайды да сол қыр қазағының өздерінен төмен көбінің бірі тәрізді аңғарады.
Абай орысша ақындар атын, кітап атын атаса, өлең жайды айтса, олар көбінше күліп тыңдайды. Жасы ұлғайған соң оқу себепті кей сөзді Абайдың бұларша дәл орысша айта алмағанын екі гимназист кешірмейді. Білем деген талабын әурешілік тәрізді сезінетіндері де бар.
Бүгін Абайдың қонағы болып отырса да, Нығымет пен Жәлел басқа туыстардың пәтер үйіне келгендегі әдеттеріне ауысты. Екеуі бастарына үлкен жастық салғызып, папиростарын ауыздарына тістеп, аяқтарын көсілте созып, қырларынан немесе шалқаларынан шімірікпей жатады да, өзара сыбырласа күбірлесіп, орысша сөйлеседі. Айтысатындары өткен күндердегі таныс болған гимназистка жайы немесе пәтерлерінде болған ойын-сауық, сонда танысқан қыз бен жас дама жайларын айтады. Біресе пәтердегі жас хозяйка, я болмаса бойжеткен қыз бен өздерінің жай-жапсарын сыр ғып айтысады.
Абайдың әңгімесіне оншалық құштарлығы болмаған Жәлел мен Нығымет бүгін Абайдың қасынан екінші бөлмеге шығып, сондағы биік төсекке қатар сұлап, керіле жатып, өздерінің дағдылы көп күлкілі құпия сырларына кетті.
Ал Абайдың қасында қалған өзге жастар болса, бұлардың мінезі мүлде басқа. Әсіресе оларда Абайдың көңіл жайын таныған мінезді сезімталдық байқалады. Ағаның әр сұраған сөзіне жастары кіші Шәкет пен Мұратқа шейін тезінен, бар ынтамен қанықты жауап беруге тырысады. Рахым мен Асан Мағаштың науқасын, Абайдың соған байланысты уайымын анық түйген. Ол екеуі Абайдың бүгінгі қабағын, кейде бір күрсінген жадау көңілін барынша жан ашумен сезінеді. Мағаштың тапсырғаны бар еді. Соны ойлап Рахым мен Асан кешке келіп, Құмаш үйінің үлкен, дөңгелек үстелінің басында шайға отыра бере, қала жайларынан әңгімелер бастады.
Әуелі Абай Асқар, Мақсұт, Шәкет пен Мұрат төртеуінен кезектеп отырып, үйлерінің биылғы күйін сұраған. Сейіттің, Сәмен мен Сейілдің және кәрі шеше Дәмежан мен өз әкесі Жұмаштың ендігі қарекет-кәсібі туралы Мұраттан да сұраған еді. Бұл балалардың үйлері қазір аш емес пе, тамақтары тоқ па? Әкелері жұмыс жөнінен табыстан қалған жоқ па, соны сұрады. Абай жаңағы төрт баланың да өз үйлерінің тамағы нашар екенін, әкелерінде қазір табыс болмай тұрғанын және бар жатақта осы күнде қалада жұмыссыздан жүдеулік туып жатқанын естіді. Соны ести отыра Абай бұл балалардың қаншалық естияр боп қалғанын байқады. Сейіттің баласы Асқар тіпті Абайды таңырқатып сүйсіндірді.
– Биылғыдай ауыр жыл болмаған шығар. Менің әкемдей қайратты, ынталы жұмысшы да үйін асырайтын ақша таба алмай отыр. Мен стипендиямнан қарайласпасам, шешем аш болармыз деп те қорқады! – деді.
Бұл бала сондай шыншыл. Жоқ-жітік бейнетқор жандардың мұңына соншалық жақын. Ойымен, жанымен араласып тұр. Анау үйде, биік төсекте сақылдап күлген аң мінезді мырза-сымақтар бір алуан болса, мыналардың кіндігі өздері шыққан ұясынан үзілмеген. Абай Асқарды, Мақсұт, Мұратты тыңдап отырып, оларға осылайша үй-жайының, жақын жұртының қамын, мұңын, жай-жағдайын біліп жүру, ұғып, танып жүру үлкен қасиет деп мақтау айтты. "Ұдайы осылай біліп, ұғып жүріңдер!" – деп ағалық өсиетін сөйледі. Әңгімелесе отырып, өздеріне Абай шын бейіл беріп сөйлескендіктен, оқушы жастар қазіргі қала жайының тағы бір ауыр халдерін айта бастады. Рахым мен Асан кезектеп отырып, бұл соңғы жайды Абайға бапты етіп, байыптап айтты. Бастаған Рахым еді.
– "Биыл қала тірлігі қиындап, ауырлап кетті" деп қазақ, ноғай, орыс үйлерінің бәрі айтады. Себебі күзден бері қалаға аса көп переселен, крестьяндар келген еді. Ішкі Россиядан Жетісуға, Сибирьге қарай көшірілген шаруалар екен. Бірақ ақшасыз, азықсыз көптен-көбі кедей үйлер болған. Жетісуға қарай беттеп барып, солар Семейге "үлкен қала" деп қайта толқып шұбырған. Өйткені Жетісуда биыл Семей облысы сияқты және де құрғақшылық болыпты. Астық шықпай қалыпты. Енді сол крестьяндар бала-шағасы аштыққа ұшырай бастаған соң, осы қалада кез келген үйге кіреді, байға барады, жұмыскер жалдайтын бар жерге кіреді. Арзанға жалданады! – деп, Рахым біраз білгенін айтып тоқтап еді, Асан қоса түсті. Оның естуінше айтқаны:
– Арзан болғанда, қарулы азамат тек қана қара нанға, бір мезгіл ішкізетін сорпаға да жалданатын болыпты. Байларға не керек, жұмыскердің арзаны рақат. Бұрынғы жұмысшыларын "қымбат ақы аласыңдар" – деп жұмыстан шығарып, мынау арзан жұмыскерді жалдап жатыр! – деді. Енді Асқар, Мақсұт, Шәкеттер де өз үйлерінде әкелерінен естігенін айтысты.
"Затондағы былғары заводы, сыра заводы бұрынғы жұмысшыларын шығарып, жаңағы тегін жұмыскерді жалдап жатыр" деп, Асқар да білгенін ұяла түсіп айтып еді. Сәменнің баласы Мақсұт өз үйінен білгенін баяндады. "Ол жеке байлар ғой! Ал мынау пристаньдағы, Затондағы жұмысшыларды жалдайтын подрядчиктер де, управляющий де соған түсіпті. Менің ағамды, Сейіт ағамды және де жұмыстан шығарды ғой, Абай аға!" –деп, Мақсұт Затонның ескі грузчиктері де жұмыстан босап қалғанын білдірді. Мінезі өзгелерден ауыр болса да, кейде айтам дегенін салқын, салмақты етіп, оқыстан шығарып салатын Үсен де бір жайды бүгінде жуандап қалған даусымен әңгімелей жөнелді.
– Оны айтасыңдар, тек крестьяндар ғана ма екен? Қазір Слободка мен ар жақтың айналасындағы кедей ауылдардың жаяулары да қалаға көп шұбырып келіп жатыр. Астығы шықпай, азығы болмай қалған соң қайда барады? Қаладағы көп байларға олар да тамақ үшін текке жалданып жатыр. А, байларды білесің, оларға только сол керек! – деп, өзге жолдастарын өзінің кесектеу сөзімен күлдіріп тоқтады.
Абай бер жақтың жатағының баласы Шәкет пен Мұраттан олардың өз үйлерінің, көршілерінің жайын сұрады. Бұл балалар да қала жатағының жайын үйлеріне қатынаса жүріп жақсы ұғынған көрінеді. Дәмежанның немересі, өткір, үлкен қара көзді, таңқы мұрын Мұрат өзі көп тыңдайтын әжесінің әдетінше сөйлейді.
– Қарашолақ аулынан, Шөптіғақтан, Жоламан жатағынан келген жаяулардың өзі-ақ қалада жұмыс беретін байлардың, давернайлардың, приказщиктердің босағасы мен қақпасын босататын емес. Қаланың кедейі намыс үшін болса да жалғыз ғана нан мен сорпаға жалданбайды. Ол он бес тиын болса да еңбегін айтып, ақы алады. Ал ауылдан келген, барар жер, басар тауы жоқ аш кедей қайтеді? Сонымен, кешегі қасапта да қаланың кедейлері бойняға бара алмай, жұмыс ала алмай қалды. Табыс болмай, тынысы тарылып отыр! –деп еді.
Үсен бұның үлкен кісідей баптап сөйлегеніне "қарашы өзін" деп сүйсіне мысқылдап қойды да, күліп жіберді. Өзге балалар да біріне-бірі жалтақтап, қатты күлісті. Абайдан қысыла күлгендіктен, әсіресе, өздерін тез тоқтата алмағандары да бар. Мұрат болса сол қызара түсіп, күлгендерге ызаланды да: "Неменеге күлесіңдер, өтірік пе?" – деді.
Ағы мен қарасы ап-айқын өткір көздерінде Абайға қарап, күлегеш құрбылары туралы шағым айтқан, көмек тілеген ажар білінеді. Абай бұны қостай сөйледі.
– Мұрат жақсы сөйлейді, балалар. Мен әлі қалада ешкімнен естімеген, білмеген хабарымды осы Мұраттан біліп отырмын! – деді.
Сонымен, Мұратқа өз әкесі Жұмаш туралы, көршілері Бидайбай, Жабайқан, Шәрипа қатын сияқтылардың бәрінің жайынан әңгіме айтқызды.
...Қасапшы байлар, теріші саудагерлер, лавкеші саудагерлер жаңағы адамдардың жұмыс сұрап барған жігіттеріне, әйелдеріне, ересек адамдарына күліп, мазақ етіп, кейде ұрсып, кекетіп қайырады екен. "Күніңе жиырма тиын алмайсың ба?", "Бұлданып артық ақша сұрамайсың ба?", "Сені жалдамай, кімді жалдайды бай? Кел десе келмей, кергіп жатып, үйіңе кісі жібертіп шақыртпайсың ба?" – деп, Сейсекенің, Білеубай қажының, Жақыптың, Хасеннің өздері бастап ажуа қылысады екен. Соны мәтел қып алып, балалары, інілері де аузына келгенін айтады. Отарбай, Қорабай сияқты давернай, подрядчиктері жауап айтқан, ренжіген жатақтарды "бұл тағы өкпелеп құртады сені" деп, боқтап-боқтап қуып жібереді дейді. Кішкене Мұраттың өзінше айтқыш аузымен баяндалған осындай жайларды Сейілдің кіші баласы Шәкет те мәлімдеді.
Сейіл өзінің қайықшы, көмекші екі жігітімен қасаптан, тері жайғаннан жалдама жұмыс таба алмай қояды. Сонымен, Мешел дейтін бакенщик, балықшы орысқа қосылып, қазір Ертістен балық аулауға айналысып жүр. Әредікте аралда, тоғайда жаздыгүні жиып қойған құрғақ отыны мен азғана пішені бар екен. Соны қолшанаға салып, сүйретіп әкеп, тасып сатуға тырысады. Шәкет те биылғы қыстың ой мен қырдағы бар халықты қатты қысып тұрған жайын өз әкесінің көргені арқылы жақсы біледі.
– Биылғы қыстай суық, қорқыныш қысты отыз жылдан бері көргеніміз жоқ дейді ғой. Әкем бір жолы бақайын үсітіп алды. Тағы бір күн иегі мен сол жақ бетін қатты үсітіп келді. Осы күнде беті қара қожалақ боп жүр.
Өмірімде бетім үсігені осы болар. Қандай аяз болса да алдырып көрмеп ем. Биылғы қыс қорқыныш деп, әкем көп айта береді! – деген болатын. Рахым қала тұрмысының ауыртпалығы переселендердің көп келгенінен, егін шықпағанынан екенін ғана сабақтап айтқан жоқ. Ол Павловтан естуші Сәменнің сөзін және де долбарлап, таратып айтады.
– Қала ашаршылыққа ұшырай ма деген қауіп бар. Ол переселеннің көп келгенінен десек, сол переселен неге өз туған жерінен соншалық қалың сел болып, бір тайпа ел болып кетіп қалып отыр? – деп, Абайға ой сала, өзіне де сұрақ қоя сөйледі. – Россияның өзінде де биыл жыл ауыр болса керек. Ашаршылық бола ма деген қауіпті сыбыс көп көрінеді. Сонда "жері жоқ, ішер асы жоқ крестьяндар қалың тобымен ішкі Россияда үйіліп отырса, патшалыққа жайсыз болады" дейді екен. Сонымен, биыл осындай жері көп, елі аз жақтарға ішкі Россияның-крестьянының көбі ауысып тұрған көрінеді! – деген еді.
Рахым білім құрап, халық туралы ой ойлап, дұрыс өсіп келе жатқан жас екенін байқатты. Абай оған үлкен бейіл бөліп, бас изеп, ойлана тыңдады.
– Дұрыс айтасың, біліп айтасың, Рахым!.. – дей беріп еді, осы кезде ауыз үйде, төсек үстінде күліп сөйлесіп жатқан қос Құнанбаев гимназистер өзара әңгімесін тыйып, Рахымның жаңағы, соңғы сөзін тыңдай қалған екен. Енді Жәлел төсектен атқып түсіп, сақылдап күліп, бергі бөлмеге келді. Екі қолын, ұзын мундирінің етектерін қайырып, шалбарының қалтасына салып тұрып, Рахымның тұсына келді де, кекірленіп, мазақ ете сөйледі.
Қалың еті бітік біткен қисық көздері Рахымға жоғарыдан шаншылып, сүзе қарап қалыпты. Таза орыс тілімен Рахымға қадала сөйлеп, айып тағады.
– Сен немене, Россия государствосы кеше ғана құлдықтан шыққан крепостной крестьяннан қорқады дейсің бе? Ол крестьянның мал тірлігіне көнгені жаңа ма?! Бұндай аштықты биыл бірінші рет көре ме? Білмейтін нәрсеңді, түсінбейтін жайыңды жаңылыс сөйлегенше, аузыңды жапсаңшы! – деді.
Рахым қазақша жауап айтайын деп еді, "довольно, тыңдағым да келмейді!" деп, Жәлел қолын сілікті. Абай Жәлелдің мінезін жақтырмай теріс көрді де:
– Жоқ, Жәлел, олай емес, сен айтқандай емес, Рахымдыкі дұрыс. Патшалық өз халқының қалың көпшілігі апатқа ұрынып, аштыққа ұшырап жатса, неге қысылмасын? Қысылмақ түгіл, ор жайды ойлап, сескенуден де аман болмас! Сақтық та ойламай қалмас. Сенің ол жайды түсінуің үстірт екен, шырақ! – деді.
Рахымның өзіне қайта бұрылып, тағы сөйле деп, Жәлелге сыртын берді. Жәлел Абайға да қабағын түксите, суық қарап тұрды да, сөз таба алмай шығып кетті. Осы түнде оқудағы балаларды екінші бөлмеге жатқызып, Абай өзінің қасына Дәрмен мен Баймағамбетті алып қалды. Биік, кең ағаш төсекке Абай жатты. Күндегі әдеттері бойынша төрдегі кең, жайдақ төсекке Дәрмен мен Баймағамбет жатуға айналып, шешіне бастап еді, Абай өз төсегінде шалқасынан кеудесін ашып жатып, өз-өзіне сөйлегендей бір жайды айтты.
– Бірталайдан байқап жүр ем... біздің Кәкітайдың мынау Жәлел деген баласы менің көкейіме қонбайды. Осы баласын неғып оқытты екен? Орысша жақсы оқуға қолайлырақ болатын өзге баласын көрмегені ме? Бұл қалай? – деген еді.
Дәрмен кеш бойы аз сөйлеп, Абайдың әр балаға аға болып және ақырын барлай қарап отырғанын байқаған еді. Жәлелді Абай жақтырмай қалған. Енді Дәрмен Кәкітайдың амалсыз бір жайын айтты.
– Абай аға-ау, бұл баласы қолайлы болмаса, өзге жетісіп тұрған қай баласы бар? Әне бір Дархан деген үлкен баласын сонау бір жылдарда Мағашқа сынатқанын естіп едім. "Осы балам жақсы бола ма, қалай ойлайсың?" – деп еді. Сонда Мағаш Дарханның пішініне қарап отырып, Кәкітайға әрі қатты қалжыңдап, әрі анық бір ашық шынды айтып еді. "Бұл балаң қайдан жақсы болушы еді, маңдай терісі бір елі жақсыны көргенім жоқ. Орыстың бір жазушысы өзі суреттеген бір нашар адам туралы айтыпты ғой: "Бұның арының маңдайы жез!" – деп. Мына балаң түптің түбінде жез маңдайлы ардың иесі болмаса не қылсын!" – дегенін естіп ем. Кәкітай сонан соң оқуға Дарханды бермей, осы Жәлелді берген ғой! – деді.
Абай Дәрменнің әңгімесін күліп тыңдады да, жаңағы өз сұрауына өзі шешу жауап айтқандай болды.
– Кім білсін, оқу адамды қайта тудырады. Жақсылыққа қарай өзгертіп жіберсе ғажап емес. Ал енді жаман шықса, тап осы Жәлеліңнен "күндердің күнінде аса бір жауыз, жаман адам шықпаса болар еді" деп қауіп қылам. Бұлар Құнанбайдың тұқымы. Қырдағы жуан, содыр, сотқар ауылдардың асқақ мырзасы болып, бұзылып өсуге де мүмкін ғой! Сонда барып, сорға барып жүрмесе не қылсын! – деп тоқтады.
Жәлелді тәкаппар, зор көкірек, тентек тіл, боқтампаз мінезі үшін жек көретін Дәрмен мен Баймағамбет Абайдың сөздеріне қатарынан ден қоя күлісті.
2
Абай келген күні әл-қуаты тәуір көрінген Мағаш келер күндерде алғашқыдай бола алмады. Әкесі енді байқаса, Мағашта жиі демігу білінеді. Жіпсіген сол ғана жабысқақ тер бар. Аз болса да үнемі бір қалыпты қайталап отыратын құрғақ жөтел бар. Ұзақ өмірде көп ауруды, әсіресе, осы алуандас ауруды баладан, жастан, жігіт азаматтан сан рет байқаған Абай, енді Мағаштың жайын үлкен уайым ете бастады. Барлық сенгені доктор мен дәрінің күші. Мағаш әлі төсек тартып жатып қалған жоқ. Осындай мегдетпей тұрған кезінде аурудың алдын ала, жақсы доктордың орынды емі болса, сол оңалтар ма еді!.. Ең болмаса, тез тұқыртып әкетпей, ұзақ созылтып жүретін, күтіммен көп кешетін күйге келтірер ме еді. Мағаштың үлкен дертке ілігіп, қатты қауіптің шеңгеліне түскенін іштей егіліп білген Абай, енді тым болмаса жаңағы айтқандай жайларды медеу етеді.
Бүгін түс кезінде Мағаш пәтерінің қонақ отыратын бөлмесінде Абай докторды тосып отыр. Мерзімді күні, атаған сағатын қалет қылмайтын ұқыпты доктор қазір келу керек. Және Абайдың сол доктормен бірге Павловты тосып отырған жайы да бар.
Павлов бұдан бұрын да Абайға келіп, Құмаштың үйінде қонақ болып, отырып қайтқан-ды. Қазір өзінің жақсы танысы Станов доктормен Павлов бірге келді. Сұлу, бұйра қоңырқай сақалы бар, орта жасты доктор Станов аласа бойлы, беті-жүзі келбетті кісі еді. Көтеріңкі түп-түзу сұлу мұрны оның қызғылт бет, ашық кең маңдайын сұлу жүз етеді. Қалың қоңыр сақалы күрекше ықшамдана күзелген.
Станов келе бере шешініп, Абаймен сыпайы амандасты да, шақыруды күтпестен төргі үйге, Мағаштың қасына кетті. Павлов пен Абай ауыз бөлмеде, бұрыштағы жазу үстелінің қасына отырысып, өзара әңгімелесе бастады.
Абай бүгін Павловпен, Становпен өзі болып үшеулеп ақылдасып, Мағаштың жайын анықтап байламақшы екен. Становтың сөзінен басқа Павловтың айтар ақылы қандай болады, соны есту үшін қазір Павловтың келуін әдейілеп өтінген.
Станов бүгін Мағашты ұзақ қарады. Және оның өзімен оңаша отырып, алдағы уақыттағы емді айтты. Әсіресе, көптен-көп айтқаны күтімнің жайы. Аурудың өзін өзі қатты бағып сақтануы, күтінуі туралы талай кеңес айтты. Станов Мағаштың енді қаладағы жиында болуына тыйым салады. Көбінше оңаша үйде, аз адаммен тыныш мезгіл өткізуді тапсырады. Ішетін ас, тазалық пен бап жайын байыпты дос-жар көңілмен көп айтатын. Ол Мағашты енді қырға қайтуға ұйғарып сөйлеп отыр.
Мағаш пен Станов бір бөлек болғанда, ауыз бөлмеде Абай мен Павлов докторды тосып отырып, қаланың жайына ауысты. Алғашқы кездесуде Павлов Абайға толық айта алмаған жай бар еді. Соңғы кездегі ішкі Россиядан, өз жолдастарынан алған хабар, деректер бойынша Павлов Абайға аса соны және өзгеше бір сырлар айтты.
Биыл патшалық үкіметі революция бола ма деп қатты қорқады екен. Себебі өткен жазда Россиянин ішкі губернияларында наразы крестьяндардың өте көп ереуілі болыпты. Қаланың жұмысшы, еңбекші жұрты болса, о да наразылыққа толы. Революцияны астыртын әзірлеп келе жатқан үлкен күштер болса, олар да жаңағы крестьян наразылығын қатты пайдаланып, өз істерін өрбітіп кетуге әзір тұр. Патшалық осы халдерден өзгеше сескеніп, қорқуда. Сонымен, ол екі түрлі үлкен амал, айла жасап отыр.
Ең әуелі өткен жазда ереуілге шыққан, жерден тарыққан, азық, мүліктен ада болған крестьяндарды қалың-қалың топ етіп, өздерінің туған жерлерінен осы жақтарға қарай аударуға тырысқан. Бұл жақта "Сибирьде, Жетісуда жер көп, байлық мол, барасың да қарық боласың" деп, қазір Семейді қаптап, басып жатқан сансыз көп крестьяндарды өз мекендерінен алдап жөнелткен. Ашаршылық қаупі тағы бар. Биыл тек Семей облысы, Жетісу ғана емес, осы крестьяндардың мекендерінде де астық нашар шыққан. Өзі онсыз да жоқшылықта жүдеп, тұтанғалы отырған қалың крестьян арасына аштық араласа бастаса, не болмақ? "Осы пәленің бәрі патша үкіметінен! Патша мен ақсүйектердің зұлымдығынан, қастығынан" десе, ол крестьяндар үлкен бір қимылға, қарсылыққа бет қойып кетуі мүмкін.
Әсіресе, крестьяндарды, ұшы-қиыры жоқ еңбек елін қарсылыққа бастап кететін революцияның күштері де кернеп келеді. Осылайша қат-қабаттаған жан-жақты қаупі бар қысым сезіледі. Алдағы күн күдікке толы. Соны есептеп, патшалық бір жағынан крестьяндарды алыс шетке, Сибирьге тайдырды. Ал анау өзге қалың еңбек халқының наразылық, қарсылығын және де бір нәрсемен алаң ету керек. Сол үшін патшалық қазір бір соғыс бастағалы отыр деседі. Соғысатыны – Япония. Кіммен соғысқаны есеп емес. Әйтеуір: "Патшалыққа жау шықты, сыртпен соғысу керек болды. Азамат керек. Елді, жұртты қорғау ердің ісі. Жұрт жұмылсын, халық өзінің шеттен қаптаған қара ниетті жауын қайратпен, қайсарлықпен қарсы алсын!" – деген тәрізді, талай алдампаз, аярлық сөздер сөйленеді, өсиеттер айтылады.
Қараңғы халықтың әлі күнге көбі надан. Оларды осындай жолға желіктіріп бұрып салады. Сонда "революцияны көксеген патшалыққа қарсылықты ойлаған көп те, топ та өз ниетінен қайтады. Сырттан жау келгендіктен іштегі наразылығын қоя тұрады" деген есеп бар. Осы үшін енді аз уақытта Россия мен Япония соғыс бастады деген хабарды естірміз! – деп, Павлов Абайға көп жайды қызық баян етті.
Қаланың қазағы, қырдың елі естіген және Рахым сияқты оқушылар айтып жүрген крестьяндар жайы және одан арғы да талай түкпірлер Абайға анық, айқын ашылып, танылып еді.
Абай Павловтан тағы бір түйінді жайды сұрады.
– Бұлай болғанда, Федор Иванович, егер Япония мен біздің патшалық соғыса қалса, Россияның жеңгені жақсы ма, жеңілгені жақсы ма? – деп еді, Павлов бұл сұрауға іркілмей жауап берді.
– Біздің өз қауымымыздың ойын айтсам, әрине, Россия патшасының жеңілгені жақсы! – дегенде, Абай бұл жауапты бір есептен күтсе де, әуелі құптай алмады. Павловтың басқа сөздерін бөліп, күдік айтты.
– Осылай айтуымыз мақұл ма, әділет пе әуелі! Мен бұл жайдан сізге дау айтқым келеді.
– Қандай дау айтасыз? Кәне сөйлеңізші, мен тыңдайын! – деп, Павлов сол жымия қарап, сынай түсіп, ойланып қалды.
– Біз, – деп бастап, – өзімді ғана айтпаймын, халықты айтам. Айталық, орыстың крестьяны, қазақтың сахара халқы, тағы басқа қала толы неше алуан миллиондаған жұртты алайын! Солар қалай ойлайды деп білесіз? Менің білуімше, бұндайда ол жұрттың бәрі де бір-ақ нәрсені ойлайды. Онысы – өзімнің отечествам, государствам, – деп, осы екі сөзді өмірінде бірінші рет айтса да, Абай басып, қадап айтты да, – жеңілсе екен демейді. Неғылса жеңсе екен деп намыс ойлайды! Кеудесінде оты бар, азаматтық оты бар кәрі-жас солай ойламай қоя алмаса керек! – деп, Абай өз дәлелін сенімді үнмен сөйледі.
Павлов әлі де бойын кең сабырмен ұстады. Абайға ұғындырып иландыру өзінің борышы тәрізденді.
– Сырт қарағанда, әрине, бұл сөздеріңіз дұрыс. Әрбір жауға ақылды, дұрыс адам осылай қарауға міндетті сияқты. Бірақ сол өзіңіз айтқан миллиондаған халықтың жауы тек Япония ғана емес? Ол алыс жау болса, жақын жау – екінші жау тағы бар! – дегенде, Абай Павловтың ойын түсіне берді.
– Ә, – деп басын изей түсіп, – патшалық үстемдігін айтасыз ғой, әрине, о да халықтың күшті жауы екені рас! – деді.
Павлов осы тұста созыла, толғана сөйлеп кетті.
– Ол біздің халқымыздың ең жақын тұрған, ең жауыз дұшпаны! – деп, Павлов Абайға қарай бойын тақап, қатты сыбырлап, басқаша бір күшпен айтты. Жиреніш, ыза, кек қосылып тудырған күш тәрізді.
– Сол ең үлкен, ең жауыз жау соққы көріп, жеңіліп шықса, есі кетіп қорқып қалады. Ал революция күштері патшалықтың сондай әлсіреп, титықтап тұрған шағында тез лаулап, үдей соғуға болады. Егер патшалық жеңсе, ол ереуілдеп, асқындап кетеді. Революция ол шақта бас көтере алмайды. Амалсыз басылып қалып, тағы да ұзақ жылдарға шегеріліп, іркіліп қалады! – деп, бұл жайды өзінің айқын бір саралап, ойлап алған арнасымен айтып шықты.
Ол Абайға қысқаша танытып отырған тағы бір жай болды. Жаңағыдай ойлайтын көп топтың бәрі емес. Сыртынан "халықпен біргемін" деп және "Россиядағы патшалық үкіметіне наразымын, қарсымын" деп жүріп, өздері осындай сын, сот уақыттарда іштей сол патшалыққа, ескілікке құл боп жүргендер де бар! Олар жаңағы Павлов айтқанға қарсы. Соғыс болса, "Патшаны қолдау керек", "Россияны құтқару керек, революцияны жасамау керек, әлі ерте, мезгілі жеткен жоқ" – деп, тағы да алаң етушілер болады. Бұл патшалыққа қарсы боп жүрген анық революция күшіне, анық халық ісіне қатарда жүріп, қастық етушілер! – деді.
Павлов бұлардың жайын Абайға ызалы намыспен айтқан.
Қалайда Павловтың Абайға ендігі әкелген әңгімелері өзгеше жақсылықтың нышандары сияқты. Оның жүзінде, қазіргі лебінде Абайды қуантып, таңырқатқан мол бір сенімді жалын бар. Жақын замандағы жақсылықты сезіп, жан-жағына, бар жақын жандарына үміт-қуат, қуат-қайрат бітіргісі келген аса бір қызуы мол, қызықты жанның оты танылады. Абайды Павлов уайымнан ғана алаң еткен жоқ. Бұл күнде шер басып келе жатқан күңгірт кеудені үлкен қызу, ашық сәуле төгіп жылытқан, жадыратқан игілік әкелді.
Становтың байлауын Абай енді Павловтың көзінше бой тоқтатқан, сабырлы адамның қалпында тыңдады. Доктордың айтуынша, Мағаштың науқасы ауыр науқас. Бұны жазамын деп ешкім айта алмайды. Әзіргі ғылым бұл дертпен жақсы алысатын дәрі-дәрмекті де тапқан жоқ. Тек күтіммен, баппен ғана Мағаш науқасын ұзақ созылған сүле науқасқа айналдыруға болады. Ендігі Становтың Мағаш үшін алысатын мақсаты сол ғана. Тым құрса ұзаққа созылып, ескіріп кететін күйге ауысса екен. Сонымен де бірталай жыл өмір кешетін жандар болады. Становтың тілері мен айтары осы ғана. Содан кейін Павлов пен Абай екеуін ақылға ала отырып, Мағаштың қасына бұларды ертіп барып, Станов байлау айтты. Бұның кеңесі бойынша, Мағашты енді жолшыбай суық тидірмей, жылы орап, жақсы күтіп отырып, қырға алып қайту керек.
Елде қымызға, күтімді асқа, жақсы-жайлы бапқа сену керек. Қаладан Станов мезгіл-мезгіл дәрі жіберіп тұрады. Абай өзі бұнда Становқа науқастың жайы қалай келе жатқаны туралы үнемі жазып тұрсын. Күн жылынған соң көктемде, Мағашты аса ұнатып құрметтеуі себепті Станов өзі де Абайдың аулына алыссынбай әдейілеп барып емдеп қайтпақшы болды.
Бұдан кейінгі күндер Абай мен Дәрменнің, Баймағамбет, Кәкітайдың Мағашты елге алып қайту әзірлігіне ауысты. Өзге жылдар емес, биылғы қыс басқаша. Қырдан келген салт атты жолаушы, шаналы жүргінші, әсіресе жүрісі баяу, түйелі керуен болсын – бәрі де биылғы қыстың қаталдығынан, қатты суығынан зар қағады. Қырдан келген, беті-мұрны үсіген өңшең қара қожалақ болған ел адамдарының жүздері былай тұрсын, қазір ғинуар айының ортасынан ауған шақта, қаладағы жұрт та ендігі cap аяз, үскірік сұмдық суықтан амалсыз үркіп, шошынып жүр. Талай күндер балалардың оқуға бармай қалған кездері болды.
Орайын таппай, амалсыздық айдамай еркек-әйел, үлкендер де үйлерінен шығудан сескене береді. Абай: "Жолдың бораны, күнделеп жауған қары уайым болады" деп, енді бір қам айтқан. Мағашты аязды күнде далада бөгеп, тағы да суыққа ұрындырып алмау керек. Сол үшін бір-екі шана болып жүруге болмайды. Елден келіп, қазір қалада жүрген Абай мен Мағаштың туыстары, дос-жараны, жақындары болса бәрі де тез жұмыстарын бітірсін. Сөйтіп, бір күнде "е" десіп қаладан бір топ шана болып шығу қажет. Боран соғып, жол басылып қалса, көп шаналы жүргіншілер кезектеп алға түсіп, қарды бұзып, Мағаштың шанасына сүрлеу салып отырады! – деген.
Абайдың осы сөзі жақын-жарандарға арналған бұйрық емес, тілек тәрізді болды. Сонымен, бұның дегенін орындауға ой байлағандар аз болған жоқ. Бірақ қыстың алдағы айларының ұзақ қамын ойлай келген қалашылар Абайлармен бірге шығу үшін бірнеше күн аял сұраған. Бұлар базардан керектерін алып, әзірленіп болғанша тағы бірнеше күн өтті. Ақыры ертең ертемен, елең-алаңда көп жүргінші өзді-өзі пәтерінен аттанып шыққан болды.
Осындай қамдарды жасатып отырып, Абай өзі қатты қапада болатын. Ертең жүреміз деген күннің таңертеңінде Абайды өздігінен іздеп Павлов келді. Оның аңғары Абайға бір қажет сөзбен келген кісідей. Нұрлы үлкен көк көздері іштегі бір зор ырзалық жаймен ажарланып, күлімдей түседі. Аса жақсы, жайлы шұғыла атқандай. Әзір саябырлап басылмаған қуаныш бар тәрізді.
Абайдың бөлмесіне кірген соң ол әдетінде досының қасына кеп отырушы еді. Қазір болса Павлов орныға алмай, әрлі-берлі қозғалып, ішіндегі ойымен аласұрып, өз-өзінен толқып жүр. Бөлмеде отырған Кәкітай, Дәрмен,
Құмаш үшеуі Павловтың ыңғайын байқап, Абаймен оңаша сөзі барын сезіп, ауыз бөлмеге шығысты. Павлов үй оңаша бола бере Абайдың қасына жетіп келді де, күле тұрып, қуана сөйлеп кетті.
– Ибрагим Құнанбаич, есіңізде шығар, жақында айтып ем ғой, "соғыс болады" деп. Сол соғыс басталыпты. Россия патшалығы соғысқа көрінеу әрекет жасай берген соң, "әйтеуір соғыспай қоймайды екенбіз" деп, соғысты Россияның жариялағанын күтпестен Жапония өзі бастап жіберіпті. Үлкен теңіздегі Россияның барлық соғыс кемесі жиналған Порт-Артур деген қаланы жапондар талқан етіпті, тартып алыпты. Сөйтіп, патшалыққа, орыс патшасына алғашқы жұдырық қақ тұмсықтан қан жалатып, қатты тиіпті! – деп, сақылдап күліп жіберді.
Абаймен осы жөнінен бүгін және де сырласа сөйлескен Павлов аса бір мәнді жайларды баян етті.
– Патшалық әкімшілігі Россияның қасиетін жоймаса, арттырған емес. Европа елдерінің көзімен қарағанда Россияның нәр қуатын сорып отырған озбыр қауым Европаға салмақ салып отырған жандарм, "Европалық жандарм" деп санайды. Сондықтан да көпшілікті құлданып отырған қан сорғыш топтары Россияның қазір Жапониядан жеңілуінен қорқады. Ал Россияның еңбек елі бұқарасын алсаңыз, оның аса қатты қуанатын орайы бар. Патшалық әмірі біздің ең жауыз жауымыз болса, соның соққыға ұшырауы – орыс халқының азаттығы жақындаған белгісі. Анау Европадағы еңбек елінің, бұқараның да революция жолындағы тартысы бұдан әрі үдей түседі деп санау керек! – дей отырып, бұрын Абай естімеген жаңа бір сөзді Павлов айқындай ұғындырды.
– Патшалық әкімшілігі әлсіреді. Бұрын нелер сене алмай жүрген күдіктілер енді революцияға сене бастайды. Ал қалың көпшіліктің революцияға сенуі деген сөз, ол революцияның тақау екендігін білдіретін жай! – деген еді.
Павлов әкелген осындай үмітке толы ойлары Абай көңілінің ендігі жүдеу күйіне алыс та болса, өте жарық қуаныш сәулесін салғандай болады. Өзі білген өмір, айналасын қоршаған болмыс, бас қайғысы бар тараптан жиылып, иықтан басқандай болса да, мынау сәулелі қуаныш хабары Абайға таяныш тіректей. Сынып, қайырылып қалған, әлсіреген қанатты қайта жамап, "алысты аңда, қасыңа қадалма! Қияда болса да қуантар дәурен келеді! Соған қарай аласұрған көңілмен, соған алаңсыз иланған ой, қиялмен сергіп көр!" – дегендей...
Абай соңғы бір айдың ішінде өзін анық бір құз-қиядан құлап бара жатқан жандай сезінетін. Табанының астынан жер жылжып кетіп, бұны қайта оралмас қараңғы, меңіреу құз түбіне итеріп жібергендей болады. Тағы бір осы алуандас күйді ойлағанда ол кейде өзін ауыр бір түс ішінде жүргендей ұғынушы еді. Оқта-текте бұл өзін бір үлкен шегі жоқ лай толқынды, қанды судың ішінде жүзіп келе жатқандай аңдайтын. Кейде желі бар, қараңғы түн тәрізденетін ауыртпалық бұны опқалы төніп тұрғандай болатын. Қайғыдан, өмір соққысынан қысылып, қиналған шағында Абай осындай тұңғиық, рахымсыз суық лай, суық дүние арасында өз қуатына сене алмай қобалжиды.
Соңғы айдың ішінде Мағаш уайымы кейде үлкен қауіпке айналып, шошыта бергенде, Абай жаңағы тұңғиық толқынды суды күндегі тірлігінен де кездестіріп тұрғандай көретін.
Павловтың жаңағы әкелген шұғылалы, алтын арай жақсылық дабылын, нұрын Абай жүрегімен өзгеше құптады. Дос көңілге, Павлов басына барынша алғыс айта қабылдады. Көптен күңгірт тартқан көңіліне оралмаған қуаныш аңғарды. Павлов кеткен соң да, Абай жалғыз қалып, өз ішіне жылы, жарқын өмір нәрін құйып кеткен игілік елшісін сезеді. Ол бірде Павлов, біресе оған аты белгісіз қадірлі жандар жаңа дүние, жыл құстары тәрізденеді. Адамзаттың, келер нәсілдердің жаңа қауымдарының тол басы, марқасы. Балғын қуат иесі – бағланы келе жатқандай. Тағы бір кезек Абай көңіліне үміт елес бергендей өз халі орала келеді.
Бұл білген дүниеде, бұл оралған ортада, қазақтың қалың көпшілік қауымында сол жаңағыдай қуанышқа құшақ жая, қуана басқан халық бар ма, қауым бар ма? Ол болса, мен соның қай жеріндемін? – деп бір ойлап кетеді.
Үміт болар тірек іздеп, ойымен алыс, жақынды орағыта болжайды. Әлі дала меңіреу, әлі бұл білген дүние ауыр қараңғылық ішінде. Бұнда туған сәуле жоқ десе де болардай. Сондықтан және де өзін манағы түпсіз, шексіз суық дүние, лай суда жүзіп келе жатқан жан түрінде аңғара береді. Бірақ қараңғыда қайда барарын, қалай құлаш сермерін білмеген шағында, енді алдынан бір жиек жаға көрінгендей болады.
Көлбей жатқан бел ме, бұны күтіп тұрған жағасы жайлау жақсы жаңа дүние ме?.. Әйтеуір алдында енді мақсат ететін өріс бардай. Сол бұған "бері тарт" деп қол бұлғардай, атой берердей байқалады. Тағы бір шақта сол түн мұнары қоршап тұрған қарабарқын, бірақ айқын белдің ар жағынан сіберлеп ақ шапақ білінеді. Тез өзгеріп, түн жиегін түре серпіп, тамаша ашық мамыр айының аспаны білінгендей. Сүттей таза аспанды, кең әлемді таң шапағы сәл қызғылт сәуле нұрлантып келе жатқандай... Міне, Абайдың өзімен өзі болып, Павловтан кейін жалғыз оңаша қалып, ендігі ойына шомғанда қиялы осындай. Бұрын Абай андап көрмеген асыл әлем аңғарын болжағандай болып еді.
Абайдың Мағашты алып елге жүргелі жатқанын естіп, бұған амандасып қалғалы кәрі достарынан Сейіл, Дәмежан келіпті. Күйлері нашар болса да, суық күннің аязына, қақап тұрған үскірік желіне қарамастан, ар жақтан, алыстағы Затоннан желге қарсы жаяулап жүріп, Сейіт, Сәмен екеуі бастап, бес-алты жұмысшылар келіпті. Абай өзінің әр кезде дос көңілмен кездесіп жүретін бұл адамдарын жақсы қабыл алды. Сейіл, Дәмежан келісімен Абай Баймағамбетке білдіріп: "Мол қылып ет ассын, қымыз әкелсін. Сейілдер бүгінгі менің қонағым болсын!" – деген еді.
Кейін осылардың үстіне Сейіт пен Сәмендер келгенде, Абай бұл жақындарының әдейі сөз байласып, "бір күнде барысайық" деп уәдемен келгенін аңғарды. Шынында Сейіл: "Абай осы күнде реніште көрінеді. Өзіне тірек көрген, ең жақын көретін баласы қаза бола ма деп қауіп етеді екен. Көңілі күпті, қайғы басқан қартқа айналып барады, дейді. Біз талай кезде Абайдың қасында болушы едік, мынау күйінде үнсіз қалмайық. Тым құрса көзіне көрініп, көңіл білдіріп, сәлем беріп шығайық. Абайдың тәуір көретін достары пәлен күні жиналып келіңдер!" – деп, Затонның адамдарына сәлем жолдаған. Дәмежанды Сейілдің өзі ертіп келген-ді.
Бұл адамдар әнеугі оқудағы балалары айтқан тәрізді жайларын Абайға қысқа ғана сараң сөзбен білдіріскен. "Өзі уайыммен отырған жанға біздің мұң, уайымымызды ала барып, айта беріп қайтеміз" дескен тәрізді. Сөзбен айтпаса да, көңілмен танысқан жайлар болатын.
Абай достарының ортасында бүгін көп жайларды таратып айтып, жадырап әңгімелесті. Соңғы күндерде Россия мен Жапония соғыс бастапты деген хабарды қаланың бар халқымен қатар Абайдың мына қонақтары да түгел естіген екен. Жапонияның атын кешелі-бүгінді ең алғаш естіген адамдар да бар. Олардың жері қай жақта, соғыс қай тарапта, қандай теңізде болып жатқаны туралы бұрын естігендеріне қана алмай жүрген Сейіл, Сейіт, Сәмен – бәрі де Абайдан көп жайды қадағалап сұрасқан.
Абай өзі білген жөнін ұғымды етіп, көп әңгімелеп берді. Сөздің түп мәнін ұғынып аңғарып, тыңдап отырғанын Сейіт, Сәмен, Сейіл сияқты адамдардың жүзінен Абай анық аңдады. Олар және өздерінің кей үміттерін сездіріп те қалғаны болады. Абай сөйлей отырып, Сейіттерге Павловтың, Марковтардың ұғындырған сөздері жетіп қалғанын да байқаған еді.
Сейіт пен Сәмен құр қысыр кеңес, алыс дақпырт жайын сұрап отырған жоқ. Олар жұрт айтқаннан арырақ жайдан, Абайдың аңдағаны бар ма, көпке үміт берер сезгені бар ма, соны "қандай тілмен, қалай айтар екен?" – деп, Абайдың аузына қатты қадалады.
Осы алуандас Абайға да, оның қонақтарына да қызықты болған бір жайдың үстінде, жақсы кеңес болып отырғанда, Абайдың үйіне, Дәрменге ілесе ел кісілерінің бір тобы келді. Араларында Шұбар да бар еді.
Абай жаңа келгендермен қысқа ғана амандық білісті де, бұрыннан отырған қонақ достарына қарап, жаңа бір айтқалы келе жатқан сөзіне ауысты.
– Қанша заман өтер екен!.. Жылдар ма, көп жылдар ма, оны болжау өз басыма оңай емес. Менен артық білгендер, алысты көретіндер, орыс қауымының шын жақсы дана адамдары, бәлки, жыл мөлшерін де айтар еді. Әйтеуір бір болжайтынымыз бар! Неғылса осы өздерің біліп, көріп тұрған дүние асты-үстіне келіп, астан-кестен бір өзгереді де жаңғырады. Одан арғы заман, сендердің ата-бабаң, арғы-бергі әруағың аңдап, болжап білмеген бір өзгеше заман болады! – деп Абай тоқтағанда, үйде бұрыннан отырған қонақтар өзгеше таңырқап, аңыра қарап қалыпты. Олардың кейіске, ренішке толы әжімді жүздеріне қазір бір сәтке ашық сәуле түскендей, қуанышқа сүйсінген елес білінеді.
Абай өзі айтқан сөзінің әсері қаншалық күшті болғанын маңайында отырған Сейілдің, Дәмежанның, Сейіт пен Сәменнің – бәрінің жүзінен анық аңдады. Олар жым-жырт сілейіп қатқан қалпында тегіс езу тартып, көздері күлімдей түсіп, Абайға алғыспен: "Аузыңнан айналдық" дегендей сүйсіне қарап қапты. Бұлар ғана емес, Абайдың төменгі жағында немесе қарсы алдында мол дастарқанның қарсы жақ шетіне жағалай келіп отырған Дәрмен, Баймағамбеттердің жүзінде де жадыраған жай білініпті.
Баймағамбет болса, талайдан жабығып кеткен уайымды Абайдың қазір сәл сейілгеніне, жабы боп кеткен көңілі көтеріліп отырғанына риза. Ол Дәмежан мен Сейілге де алғыс айта қарай түседі.
Дәрмен Абайдың ендігі ойларын өзгеше бір таңырқап, тамашалай тыңдап қапты. "Бұ да бірталайдан кемел кеудесіне жиылып келген қасиетті ойы екен-ау. Оқтын-оқтын айналаның, ор сананың тұманын айықтырып, білмесін білдіріп, көрмесін көргізіп, осындай нұр сәулесін төгетінің бар-ау, қайран Абай аға!" – деді. Сол алғысына жалғас ақынша қатар жарысқан көркем бір бейнені өз ішінде күйлеп, ойлап кетті.
"Абай да бір шөл сахараның диханшысы. Өмір бойы дән кеміп, жақсылық, жарық ұрығын көміп келеді. Рас, онысынан бұл күнде не зәулім тоғай, не қалың нәубет жеміс, бидай өсіп-өніп тұрмаған-ақ шығар. Бірақ сонда да сан жерде, талай жүздеген, мыңдаған кеуделерде асыл өсиеттерің қалып жатыр-ау, әз аға! Артыңда қалар ұрығың мен ұрпағың сол осы мынау отырған жұрттай әркімнің жүрегіне, санасына егіп кеткен дәнің болар-ау!" – деп ойланды.
Үй іші Абайдың аузынан жайшылықта айтатын сөзден басқаша, бұрын әсте естілмеген әңгіме шыққанға жым-жырт ұйып, тыңдап қалған екен. Әлдебіреулерінің таңдай қағып, тағы біреуінің тамсанғаны да білінеді.
Абай өзінің сырт жағында жайғасқан көп кісіні түгел байқаған жоқ еді. Әлде бір әзірде сөз арасында сәлемдерін алғанмен, сырт жағында отырғанның бәрі қазір есінде жоқ болатын. Енді сол ұмытып кеткен адамдарының арасынан Абай ұнатпайтын, әрдайым бұған суық тиетін, аса мәлім бір дауыс шықты. Ол – Шұбардың даусы.
Көп кезде Абайға қаратып сөйлеген сөзін күлкі араластырып айтатын Шұбар, қазірде де сол дағдысын бастапты. Үй ішіндегі барлық жан Абайдың айтқанынан қуаныш, сенім, жақсы бір елес сезгендей болса, мынаның үні сәл мысқыл, ажуа аңғарын танытқандай. Ол тегі қатты сөйлейтін. Сол дағдысымен күле түсіп:
– Абай аға, біреулер ақырзаман болады десе, сіз жақын заман, жақсы заман болады дейсіз. Ондай жақсылығыңыз анық болса, болды-болды өзі тез болса екен! Соны айтып бересіз бе? Тым құрса осы отырғанымыздың бірде-біріміз көретін жақсылық тақау ма? Өзін бұл жүрген тіріміздің көретініміз бар ма тегі, жоқ па? – деп, жұрт күлмесе де, өзі саңқылдап күліп алды.
Абай бұның келгенін ұнатпаған қалпында, күлгенін де жақтырмады. Оның сөзіне жауап берген жоқ. Бұрылмай да, елең қылмай қойды да, Сейілге қараған бетінде басқа бір жайға ауысып, әңгімелесіп кетті.
Осы мәжілістің тарқауы ымырт жабыла болған еді. Көп қонақты соңғы шайға қандырып, Баймағамбет пен Дәрмен шана жегіп, жан-жаққа жөнелтіп салып, іңір бола бере үйде жалғыз қалған Абайдың қасына екеуі қайта келді.
Дәрмен пештің қырында тұрған үлкен жарық лампыны жағып, Абайдың алдындағы үстелге әкеп қойып жатып, Абайға бүгін күнұзын көкейінен кетпеген бір жайын айтты. Өзі орнығып, жайғасып та отырған жоқ еді. Бір тізелеген қалпында Абайдың төменгі жағынан орын ала тұрып, Абайдың жүзіне аса жақын жан жүзімен өтініш ете қарады. Қиылған мұрты әсем ширатылған. Ойлы өткір көзінде Абай әрдайым қызығып қарайтын тынымсыз, сөнбес от бар. Ол Абай жазбай айыратын шабыт шырағы тәрізді. Дәрмен қазір сондай бір жалын атып тұрғандай. Ол осындай кезінде Абайдан не тілесе де алатын. Қандай жайды сұраса да, Абай оған тиянақты жауап айтпай қала алмайтын. Сол Дәрмен күні бойы зорға сақтап келген өтінішін осындай оңашалық шаққа жете бере айтып қалды.
– Абай аға, күні бойы көкейімнен кеткен жоқ. Бағана Сейілдерге өзгеше бір жайды айтып тоқтадыңыз ғой. Шұбар сұрап қойған соң, біз тартынып қалдық. Бірақ жаңағы Сәмен де айтып кетті, менің де көкейіме келіп қалып еді. Сол айтқан заманыңыз қашан болатын заман? Біз болмасақ, тым құрса мынау қазіргі жеткіншек бала-буындар соны көре ме, жоқ па? Осы жүргенімізде сол атаған жақсы заманыңыздың шет-жағасын болса да көріп өлетініміз бар ма, жоқ па?! – деді. Ағаға бар шын сырымен жабыса түсіп, өтіне қарап қалыпты.
Абай сәл ойлана қалды да, жауап айтты.
– Бала буын ол заманды, әлбетте, көреді. Ал бүгінгі ес білген үлкенді алсам, тағы бірнеше жандар жетер. Оған жақсы да жетер, жаман да жетер, бәлки! Әрине, жақсы жақсылығымен, жаман өзінің жамандығымен жету себепті, әрқайсысы өзіне тиісті орайын алар. Мен айтсам, сен сол заманға жетсең екен деп тілер едім. Тым құрса сен жетер болармысың! – деп, соңғы сөздерін әлденеден қалтыраған үнмен айтты.
Дәрмен Абайдың қазір қатты құбылып, шұғыл өзгерген, жыламсыраған үнінен сезіктеніп қалды. Енді жалт етіп бір сәтке Абайдың жүзіне қарап еді. Саналы көздерін алға қарай ашық қадап отырған әз ағаның екі көзі мөлтілдеген жасқа толы екен. Бұл сәтте мынау жүзде Дәрмен жасты да, қасіретті де және жарқын сәуле нұрландырған елесті де аңғарды. Мейірлі жас, у жас емес, қасиетті жанның көреген көзінен шанда бір шығатын игілік жас есепті.
Келесі күні таң сәріден тұрып, түн ортасынан бері қайнатылған шайды ішіп алған Абай, Дәрмен, Баймағамбет үшеуі пар жеккен кең шанамен базардың сыртындағы Мағаш жатқан Сүлейменнің екі қабат қоңыр үйіне қатты жүріп келген еді. Дәл осы кезде бұл қорадан бес-алты шана бірі артынан бірі жіті жүріп, шыны қарды шықырлата шақырлатып, шыға-шыға берісті. Ең соңғы шана қалың кесек киізбен қапталған. Үстіңгі жағы және де бөлек бір кесек киізбен қымталып қоршалған екен. Бұл – Мағаштың шанасы.
Абайды аңғарған жолаушылар тоқтамақ болса да, Абай дауыстап, қаланың сыртына, ел жаққа қарай қол сілтеп, "бөгелмей тарта беріңдер!" – деп бұйрық етті.
Ауру Мағашты ортаға алған жеті-сегіз шана, әлі оянып болмаған Слободканың қоңырқай, көп кедей үйлерінің жанымен, қаланың сыртына қарай шұбатылып тарта берді. Күн бүгін де қатты аяз екен. Тағы талай күннен толас таппаған, ақыра үскірген сұмдық суық. Өтімді жел өкіре соғып тұр.
3
Биыл күз басынан реңі жаман болған қатал жыл, қыс аяғы тақап келсе де, ызғары қайтпай, қатты аязды боп қақап тұр. Жақсы жыл болғанда бүгінгідей марттың ортасында күн жылынып, жер қарая бастаушы еді. Қазір ондай жақсы күннің елесі де жоқ. Әлі де қыстай соққан ақ боран ақ даланы жұмыртқадай, қалың сіреу қарға толтырған. Елге жұт араласты. Соңғы күндер мен жұмалар емес, кейбір күйсіз көпшілік ауылдарға биылғы қыстың қысыл шаңы декабрьден-ақ білініп еді. Содан бері жұт жылының көп пәлесі мен апаты, жоқшылығы талай елдердің қалың топтарын қатты жүдетіп тұр. Қолдағы мал пішенін тауысып, енді аштыққа ұрынып, ауылда тұрып өліп жатыр. Қоралар толы қатып, серейіп қалған, кей бұрыштарда үйіліп қойылған қойлардың өлігі. Арықтан тұралап құлаған сиырлардың өлексесі де көп. Қыстың қаттылығы сонша, жұтқа әсте мойымайды дейтін түйенің өзі де аса қатты жүдеген, жадаулыққа түскен. Бірақ әйтеуір түнде жылы қорада жатса болғаны, таңертең қыстау-қыстаудың маңына бытырап тарап, қалың қарда өзіне болымсыз да болса талшық іздейді.
Көзге ілінетін ұзын шидің басы, селдір қамыс болса немесе анда-санда кездесетін тікенді шеңгел, қараған басы кезіксе, соларды сыдырып жеп, үзіп-жұлып талшық етіп, көпке төзіп келе жатқан түйенің ірілері ғана. Қалың қарды бұза алмаған бота-тайлақ, кәрі түйе, қатпа іңгендер қыс аяғына зорға жетіп, ауыл-ауылдың жанында теңкие созылып, өліп жатыр. Қалайда "мал баласының ең төзімдісі түйе" деп, мал баққан қазақ атаулы алғыс айтып еске алады.
"Атан алты асаса тояды" деген емес пе, түйе жарықтықты айтсаңшы! Адамға салмағы, ауыртпалығы аз мал жалғыз ғана түйе ғой!" – деген сөзді биылғы қыс жұтқа ілінген елдің бәрі ауызға алады. Қолға қараған арық тоқты, тай-торпақ бар ауылда да әлдеқашан өліп біткен. Жыл жақсы болғанның өзінде уайыммен шығатын ондай арықтарды иелері бұрынғыдай күткенді қойған. Азғантай болса да шоп, сабанын қолға қарап қалған күйі тәуір, ажары жақсы малына ғана арнап беретін. Әр ауылдың, әрбір үйдің қолында ұстап отырған ат лауынан басқа жылқы баласы отарда, қостарда. Көп елдер, ауылдар қолдағы малынан ажырай бастаған сайын сол алыстағы жылқыны ауызға ала береді. Тым құрса сол аман болар ма еді деп үміт етеді.
Өзге малдан жылқыны да қыс қысымшылығына төзімді деп сенетін жұрт, оның қасиетін айрықша атайды.
– Жылқы жұтай қоймаушы еді.
– Тек жерде шөп болса болды, қолтығынан, қабырғалығынан көміліп, қарды қазып, шөпті өзі тауып алып тұратын қасиеті болушы еді, соған сенелік! – деседі.
– Жылқының өзге малға бітпеген қасиеті тағы бар. Ол – ақ боран, дауылдатқан үскірік аязда қардың астынан шөп тапса болды, ықпай, жылжымай бір орында тұрып алып жей беретін де болады! – дейді.
– Жылқыға қандай мал тең болсын. Оның балта-шоты қолында емес пе! – деп, тұяқты жылқының тебінге төзімді, мықты екенін тағы да еске алысады. Бірақ биылғы жыл – арқада сол жылқыға да қатты қаза әкелген ерекше ауыр жыл болды.
Таудағы ел, ойдағы ауылдар мен қорықтағы көп елдер, қалың ауылдар бірінен бірі хабар алып, ұдайы жай-жөн сұрасады. Қазір марттың ортасында сол жаңағы барлық өлке, өңірлердегі жаңалықтардың ортасына бірдей жайылған қазалы хабар бар. Бар елдің отардағы қос-қос жылқыларына өлім араласыпты дейді. Жазғы жайлау "Сырт" дейтін өлкеге кеткен қостар жылқысын боранда тоздырып, ықтырып қырып алыпты деседі. Жарға құлап, опқа түсіп, қалың жықпыл, қиын тастар арасында бытырап, босып, адасып өліп жатқан мал көп дейді.
Мың жарым жылқы, мың екі жүз немесе мыңға тақау жылқылы пәлен ауылдың қосы, түген ауылдың отары қазір көп жылқысын өлтіріп, үш жүз, екі жүз елу ғана жылқы ұстап қалғаны бар. Оның да күні ақырет күніндей. Қыс аяғы созылса, мүлде құрып бітіп, құр қостың өз басы ғана қалуға мүмкін! – деген сөздер естіледі.
Бұл малдың жайы болса, қазақ сахарасында биылғы қыста адамның күйі де сондай ауыр, қорқыныш екен. Мал күтімімен арып-ашып жүдеген еркек-әйелде рең жоқ. Суық күн беті-қолын қарыған, жүздері қарайған, қиын кешу жол кешкен, шаршап-шалдығып, жабы болған жандар тәрізді. Күнұзын далада, қатты аязда күрек аршып, малға талшық бола ма деп, бұта-шеңгел, қамыс пен ши қырқумен жұмалар, айлар кешірген әйелдердің жүздері бар реңінен айрылған. Ерте әжім түсіп, қолдар күс болып, ерні-беті жарылып, өзгеше сұрықсыз болып кеткен адамдар көп. Ерде де, әйелде де қысқы киім жылы болмағандықтан, жел кеулеп, суық өтіп кеткендер бар. Сұлу қалпынан, балғын мүсінінен осы бір ғана қыс ішінде азып, ажырап, қазір неше алуан ауруға ұшырап, төсек тартып жатқан жандар да мол. "Жұт жеті ағайынды" дейтін қазақтың мал баққан шаруалары қазір отыннан да жүдеген. Азық, астан тарыға бастаған. Жолаушылап қалаға, базарға айында, аптасында барып, керегін алып отыратын ел, тағы бір тарап күйзеулікке түсті. Мінетін көлік болмай, арып-ашып қырыла бастаған соң жаяулық, көліксіздік тағы бір тың дерт болып басқа түсті.
Жүргінші аз болғандықтан, ақ боран, қалың қар аспан-көкті құрсап алғандықтан, қала мен елдің, ел мен елдің, ауыл мен ауылдың қатынас-араласы үзіле бастады. Әр сайдың, саланың, адыр-шоқының жылғасын, баурайын паналаған жеке-жеке қыстаулар қыстыгүні інде қалған әр сайдың суырындай болды. Өздерінен өзге тірлік дүниесінен үзіліп қалды. "Балапан басына, тұрымтай тұсына" деген кез жетті.
Үйдегі азығы түгел біткен, күн көрер талшығы, тірек етер бірлі-жарым қарасы түгел таусылып, әбден тұралаған кедей шаруалар енді амалы құрып, жас баласын арқалап, әлдекімнен жәрдем іздеп, шұбыра бастағаны да байқалады.
Осындай көпті жүдетіп, ықтыра бүрістірген қатал қысты "аққоян жылы", "апат жылы", "естен кетпес жұт жылы" деп, ел марттың ішінде-ақ аһылап отырып, аңыз ете бастады.
Көптің көрген кері мен қазасы соңғы бір күндерде Абай аулынан шыққан қостың басына да орнаған еді. Күздігүні Мағаш, Абай, Кәкітай болып қосылып және бірнеше малы шағын, бірақ көңілі жақын көрші ауылдарын қосып, жеке бір қос жылқы құраған да, отарға шығарған. Бес жылқышы, бір бақыршы, алты азамат мың екі жүз жылқысы бар қостың бақташысы боп шыққан. Жүрген жерлерінде пайдасы тиер деп, қос ағасы Алтыбай өздерінің қосын Абай қосы деп атандырған. Қыс тақаған кезде "шөбі жаз күні шүйгін болды" деген дақпыртты естіп, Алтыбай өзі бастаған қосты ойдағы көрші ел – Қызылмола болысының Ажы дейтін руының жеріне апарып жая бастаған. Өздерінің жылқысы аз, қар астында қалып жатқан ен жерді Ажылар Абайдан қызғанған жоқ. Сонда да Абай Ажының ауылдарына сәлем айтып, ен жерлеріне қостаған жылқыны жайғызуға рұқсат сұраған, ол елге ақы төлейтін болған.
Жылқышылардың айтуы бойынша, Ажының жерін пәлендей семіз аттың, айғырдың майына майлап алған. Февральға шейін қыс қатты болса да, Ажының азғана жерінде бір қос жылқы азын-аулақ талшық тауып, күнелтіп келіп еді. Бірақ февральдің ортасына жете бере ол жақта да қыс қатты боп, жұт жағалап кеп, араласып қалды. Жылқының жайылымы бітті де, мал жүдей бастады. Ішінара тай-жабағының, құнан-байталдың тұралап, көтеремге айналғаны бар. Нашарлап, аязды суықты көтере алмай, екі-үш жабағы-тай бір күнде өліп те қалған еді.
Бұған жалғас тағы бір үлкен қорқыныш қосылды. Соңғы күндер жауын аралас қар жауып, жер мұзға айналды. Содан бері түн асқан сайын бес-он биеден іш тастау басталды. Бұны көре сала Алтыбай Ажының жерінен қайда болса да қаша көшу жайын ойлап еді. Елден келген Кәкітай: "Жылқыны не де болса қайтадан Байғабылға, Ақшоқыға қарай жылжытып айдап көшуге" бұйырды. Осыдан кейін бір ай бойында, жаңағы қысымға түскен Алтыбайдың жылқысы бауырдағы Абай аулын бетке алып, Қызылмоладан қайта көшті. Алтыбай алдағы жерді аңдап отырып, тынымсыз қам ойлап, көші-қонды өзі басқарды. Бірақ бұл шақта тірі қалған жабағы атаулының құйрығы ұзарып кеткен. Тегінде шаруаға төселген адамдар осындай қосқа келгенде қалың топ жылқының жайын жабағының райынан аңдайтын.
Отарда, қостап шыққан жылқы ішінде жүрген жабағының құйрығы келте, шолақ болса, қосты тыңнан көрген кісі ең алдымен осыны атайтын. Мал иесі болса, жылқышыларға ырзалық білдіріп, шүкірлік етеді. "Жабағының құйрығы шолайып кеткен екен, толайым жылқы күйлі болар" десуші еді. Ал бүгінгі Алтыбайдың қосы болса, жабағы ғана емес, тайдың да құйрық-жалы, кекілі келеңсіз боп ұзарып, түксиіп өсіп кеткен.
Көп жылқының жал-құйрығы ұйысып, тікен, ошаған атаулыны жабыстырып алған жайы да көп. Жақ жүндері тікірейіп ұзарған, үлкен жылқылардың сүйектері де адырайған. Сіңірлері шодырайып білініп, мал реңін мейлінше бұзған. Қазір Алтыбай қосында семіз дерлік бірде-бір жылқы баласы жоқ. Айғыр да арыған, атта арса-арса болған. Жүні-түгі жайын малдай жалпылдап кетіп, өздері іш тастаған, әбден жүдеген сақа биелер де борша-борша болған.
Осы қос жылқы өз мекеніне қарай жылжығалы күн санап, түн асқан сайын өліп, кеміп барады. Жол бойы төгілгендей шашылып, ақ боранға көміліп қалып жатыр. Не де болса мекенімізге жетеміз деген ниетпен Алтыбай күн сайын тың бір айғырға, бедеу биеге мінеді. Санаулы қоңы бар деген атқа кезектеп мініп, қостың алдына өзі түседі. Өзге жылқышылар бұның бетімен, ізімен арттағы жылқыны кезек ауыстырып, алдыңғы тобын іріктей отырып, қалың топты жүргізіп көреді. Ұдайы қар бұзуға шыдамайтын болғандықтан, қосты бастайтын алдыңғы топ айғыр үйірін, аттар тобын жылқышылар Алтыбайға айта отырып, жиі-жиі ауыстырып, алмастырып жүреді.
Сонда да қар астынан шөп шықпады. Күздігүнгі мұзды жауын сіреу боп ұстап қалған көк тайғақ шығады. Күндер бойы айықпаған аяз мандайын қарыған жылқы тебінге бар күшін салады. Сонда да қолтығынан келген cap қарды аршып қазған шағында азғантай талшық шоп таппағанда қатты титықтайды. Екі күн жол жүретін салт аттының сапарына Алтыбайдың қосы айға жуық мезгіл кешірді.
Енді бауырдағы Абай аулына тақап келген кез еді. Жымба, Итжон дейтін, қары қалың болса да, тобылғылы шұбары бар, кейде шилеуіті бар бір өлкеге жеткен-ді. Күндізгі жылқышылардың үстері сіреу болып, тоңып, жадап келді. Аяқ Жымбаға жүдеу қостарын тігіп, жас жылқышылар бой жылытып алмақ боп, кеш батар алдында аттан түскен. Алтыбай оларға: "Іңірге шейін тыным алып, ес жиыңдар, бой жылытыңдар!" – деген. Жас жылқышылар қостан жылынып шыққанша өзі баға тұрмақ болды.
Сонымен, шұбырған жылқы қостан ұзаңқырап, Қашама, Белсу дейтін қоныстарға бет беріп, батысқа қарай жылжып бара жатты. Күндізгі жүрістен, қалың қардан, айнымас қатал аяздан қажып-талған Алтыбай сұр айғырдың үстінде білегіне құрығын сүйреткен қалпында, қара сеңсең тымақ киген ауыр салмақты басын төмен алып, қалғып келе жатты. Бір мезетте оянып алып, қайта қалғиды. Аштығы жеткен, шаршауы, қажуы асқан Алтыбай ат үстінде аз мызғып-қалғудың өзінде ұдайы бас шатастырып, қайталай беретін бұлдыр бір түс көреді. Түсінде бұның қыс бойы көрмеген әйелі – момын, жыртық киімді, жүдеу түсті Іңкәр күйеуіне жаны ашып, қамқорлық етеді.
"Шаршадың ғой! Жаурап біттің ғой, ұйықтасаңшы... Ал төсек жайып қойдым, ұйықтай ғой, тыныға қойшы!" деп, Алтыбайға жаны ашиды. Бұның қазіргі бар өмірден, тірлік дегеннен тілерлік ең бірінші тілегі – ұйқы, сәл ғана демалыс туралы Іңкәр дос бейілін білдіреді. Ат үсті, ұзақ уақыт беймазалығы Алтыбайды талай күйге көндірген.
Үнсіз, жым-жырт Алтыбай өзінің жайын ойлағысы да келмейді. Ойлайын десе, сол ойының ұшығына жете алмайды. Жаман үйінде, жыртық шоқпыт төсекте, қатын-бала қасында тыныштық алып жату деген Алтыбайдың қысы-жазы қолына түспейтін арманы тәрізді.
Алтыбай түнгі жылқыға жуас ат мінеді де, қараңғы шақта, үнсіз шұбырған жылқылар арасында бұ да үнсіз қалғып-мызғып, ат үстінен көз шырымын алып жүре беретін. Қазірде сол күйде келе жатқан Алтыбай дәл соңғы шақта еті тітіркеніп, сескеніп оянады.
Шидемінің сол иығы тозған жабағыдан істелген. Әрдайым қарсылай соққан қалың жел осы иығынан ең алдымен білінуші еді. Енді оянса, жел қатты өрекпіп соғып, дауылға айналып барады екен. Көзін ашса, жаңа ғана жарық күн әп-сәтте мұнарта қарауытып, күңгірт тартып барады.
Алдынан ешбір дүние көрінбейді. Аппақ түтек енді қоңыр көкшіл, меңіреу күңгірт реңге ауысып, қарсылай соғып, құтырып кетіпті.
Құйындата борандатқан қыстың үскірік дүлей ақ бораны басталыпты. Алтыбайдың өнебойы тоңазып қалған екен. Енді ол сілкініп бой жиып, атын тебініп көріп еді, еті ояздаған және күнұзын ішіне бір тал шөп түспеген сұр айғыр барлығып қалған екен. Жайшылықтағы жүрдек-жылпос айғыр енді сәл тепеңдеп, жіті жүргісі келгенмен, тез ғана басылып, әлсіреп тоқтады. Алдында, айналасында жылқының қаншасы барын көре алмай тұрған Алтыбай, енді өзі бағып жүрген қалың қос жылқыға қыстай мәлім болған қатты айғайымен атой салып, дабыстап белгі етті. Дәл осы сәтте ақ түтек боранның ішінде бұның өзіне қарай қаптап бет қойып келе жатқан қалың топ жылқыны көрді. Алтыбай ендігі көрген жайын аңдай бере, шошынып қалды. Өзге соры жетпегендей күні бойы қажып, жүріп келген жылқы жөнді нәр татпаған аштығының үстіне мынау боранға шыдай алмай, ығып жөнелген екен.
Мезгіл болса күндіз де емес, қасында серік жылқышылар да жоқ. Азғана әл-ауқаты бар, әзірге аман болып келе жатқан жылқы атаулы, енді осы бір боранның зәрінен көрмегенді көруі мүмкін.
"Есіл мал, не күйге ұшырарсың! Мынау ақырған пәле, сұмдық суық қай қазаға апарып соғар екен!" деген үлкен қауіпті ойлап алды да, Алтыбай енді бойында қалған бар қуатымен осы түннің әлегімен алысуға бекінді. Сойылын көтеріп, әлсін-әлі айғай салып, қалың топ жылқының арасына кіріп, қайыра тоқтатудың қамына араласты. Көп жылқының басқа тобы қай жерде, қалай беттегенін Алтыбай айыра алмайды. Тек аңдағаны, өзінің үстіне келген жылқының алдында Абай үйінің Бәйге жирен айғырының үйірі екен. Соған ілескен тағы елу қаралы өзге жылқы бар. Жиын шамасы жүзге тарта жылқы екен. Қыс бойы әрбір қиын күндерде қос жылқының алдына түсіп, қар бұзып, ауыр тебін тебумен болатын осы жирен айғырдың үйірі еді. Өзге топтан жүдеулігі басымырақ биелер, құнан-дөнендер және де осы топта көбірек болатын.
Қазір осы топ жылқыға ерген өзге саяқ жылқының да ішінде күйлісі жоқ. Бар малдың басы есепті еті тәуір жирен айғырдың өзі болса Алтыбайға ұстататын емес. Қолтығынан келерлік қалың қарды өзі бұзып, ілгері тартып барады. Егер жолда аз да болса шөбі бар жер кездессе, қандай қатты боран қақап тұрса да, бәйге жирен айғыр тапжылмай қарды теуіп тұрып алушы еді. Ол тоқтаған жерде үйреншікті дағдысы бойынша барлық үлкенді-кішілі үйір де түгел тоқтап, тебінге кірісетін. Қалың жылқының алдында жүретін бұл топ тоқтағанда, өзге бір қос жылқы да тура қалып тебіне бастайтын.
Алтыбайлар биылғы қыста сан рет жылқы малының қасиетін көрген-ді. Боранның қанша соғары белгісіз, көп жылқы ыққанда талай қауіп-қатер бірге туады. Ыққан жылқы алдында жар болса, үлкен опқын болса немесе ащылы сор болса, сондайларға құлап қырылып қалатыны болады.
Қатты дауылды боран күндері жылқыға қасқыр араласатыны да бар. Ыққан жылқы көбінше шоғыр тобымен жүрмей, бөлініп бытырап, тоз-тоз болып қаңғып кетіп, талай күн таптырмай қоятыны тағы мәлім.
Сол бетінде аш-арық, көтеремге жуық көп жылқы қайтып үйірін де, тобын да таппайды. Ақ далада осындай борандардың соңынан сансыз көп өлексе, жемтік далада қалатыны болады.
Бүгін қандай апат төнгенін Алтыбай әзір анық болжай алмаса да, жирен айғырдың үйіріне ілесіп келе жатып аса қатты қауіп ойлады. Ең үлкен қорқынышы, қазір Алтыбайдың астындағы сұр айғыр болдыруға тақау. Ендеше, ыққан жылқыға бұрынғы әдеті бойынша ес болып, дауыс беріп, өзіне таман қара тарттыруға мұршасы жоқ. Аз уақытта бұл топтан қалып қоятын аңғары бар. Қоста қалған жылқышылар жетсе бір тыныс болар еді, бірақ олардан әзір белгі жоқ. Ыққан жылқыға алғаш кездескеннен бері қарай Алтыбай дамыл алмай айғай салады. Бір жағынан "жылқыға ес болсын, боранда қасқыр торып жүрсе, айдын болсын" дейді. Әдеттегі дауыстан ұзақ етіп, зор етіп, бар пәрменімен айғайлайды. Зор үнін ырғалта созып, "уахахау", "ой-һайт!" деп тұрып, ышқынған желі ғана шулаған далаға жалғыз айғайын созады.
Алтыбайдың мөлшері, долбары бойынша қазір жылқы қостан қиыс өтіп бара жатқан тәрізді. Енді біразда бұлар ыққа қарай өткен соң қос жел жақта қалады. Оған жалғыздың айғайы түгіл, аспан жарылып, дүние ойран болса да, мынау сұмдық соққын ішінде түк те дыбыс естілмейтін болады. Боран анық дәулескер, қатты дауыл, ақ түтекке айнала берді.
Күн батқан болу керек. Айналада ұйытқып, ысқырып соғып тұрған қарлы түтек қаракөктеу тартады. Қостағы жігіттердің боранды аңдағаны болса тек оянып, атқа мініп, шапса керек еді. Осы жайларды еске алған, түн тақаулығын сескене ойлаған Алтыбай әлі де тынымсыз айғайлай береді, тамағы жыртылардай, қажымас даусы қарлығып бара жатқандай. Бірақ өзі мен алдындағы малын ықтиярдан тыс жылжытып әкетіп бара жатқан қатал суық күштен үркіп келе жатқан Алтыбай, әлі де дамылсыз айғайлай береді. Бәйге жирен айғыр бақташы иелеріне бағынып, айғайына құлақ салып жүретін қалпын қазірде ұмытпаған тәрізді. Жүрісін шапшаңдатпай, жылқышының айғайы өзінен алыстаңқырап, үзіліп қалып бара жатса, үйірінің алдында сәл тоқталаңдап немесе өте ақырын ғана ілбіп, жылжып қалады.
Әлі түгел тұралап, тұрып қалмаған сұр айғырмен Алтыбай көп жылқының сүрлеуіне ілеседі. Аяғанмен айла жоқ, аялдар тағы дәрмен жоқ. Боран қатайып, суық аяз үскірігі басымдай түсіп, асқынған сайын көп жылқыдан үзіліп-үзіліп қалып жатқан арық жылқыларды қамқор жылқышы санай түсіп, белгілеп келеді. Оларға ендігі қалған тірлік өзі де зорлық, азап екенін Алтыбай ұғынады.
Кейбір кәрі бие, қартаң ат, арық құнан-байталдар ақырын келе жатқан Алтыбайдың көзінше алдыңғы қарауытқан топтан жырылып, қатып тұрып қалудың үстіне, сол арада не шөге жығылып немесе бүйірінен опырыла құлайды. Құлағандары аяқ сермеп, қайта қимылдап, қыбырлауға келмей, тек жансыз бір ағаш аттың құлағанындай серейе, қата құлап жатыр.
Көп уақыт өтті, арттан қуған жылқышы болмады. Алдағы жылқының дәрмені бары тоқтар емес. Қандай сорына, бейнетіне барады, мәлімсіз, әлі жылжып барады. Оқта-текте тұрып қалып, құлап түсіп жатқан арық-аштар әлі де таусылған жоқ. Алтыбай алдағы топтан үзіліп, жырақта қаларлық жайы да бар еді. Кейде жаңағыдай құлаған арық жылқылар бұның ендігі қозғалысында өлімнен тізілген қадау-қадау белгілер тәрізденеді. Ышқынып соққан ақ боран алысты түгіл, жақынды да танытар түрі жоқ. Алтыбай қар мен боран арасында көп жүріп үйренгендіктен, кейде жай адамның көзі көре алмастай жайларды байқап қалады.
Ұйытқып соққан қалың қардың ұшқыны, Алтыбайдың аңғаруынша, кейде сойыл салым жерді көрсетпейді. Бұны ағызып әкетіп бара жатқан ақ теңіздің түбі тәрізденіп, анда-санда болымсыз алаң байқалады. Төгіліп, ұйытқи қоршап, орап жатқан қар селі бір сәтке әлденеден сиреп, жұқалаң тартып, жыртыла қалады. Сондайды қадағалап, бағып, аңыстап келе жатқан Алтыбай ақ түтектің жаңағы шелі жыртыла берген кезінде, алға қарай айғайын да шырқатады. Қанша екені білгісіз, әлі жылжып бара жатқан қаракөлеңке тәрізді қайран малдың қарасын да көріп қалады. "Неге Бәйге жирен тоқтап көрмейді? Не болды бүгін сорлыға. Әлі күнге табан астынан тоқтап тебер талшық болмағаны несі? Өртеніп пе еді жаздыгүні бұл қуарған дала?.." Алтыбайдың қатты қамыққан көңіліне әралуан үзік-үзік ауыр ойлар келеді.
Бейнебір аш айдаһар барлық осы өңірдегі жан иесін өзіне қарай суық сұмдық лебімен сорып бара ма? Барған сайын аспан шулап, айнала ысқырып, бір үскіріп, бір ышқынып соғады, құтырына бүлінеді. Сол сорып әкетіп бара жатқан ажалдың, айдаһардың суық лебі – өлім демі өктеп тұр. Бәйге жирен айғыр сол ажалға амалсыз, тоқтаусыз өзі ұмтылып, ентелеп тартылып барады.
Алдындағы қалың қостан қалған аз жылқы, қадірлі малға Алтыбайдың жаны ашығаны сондай, кейде тамағына толқып келген өксік сезеді. Кеудесі дірілдей түсіп, күрсіне дем алады. Сұр айғырды тағы да тебініп қамшылап, дабыс салып, алдағы малға жетуге ентелейді. Дәл осы тақта, екі жағынан ағындап, борандатып, көрінер-көрінбес болып бір көк мұнар оза жөнелді.
Алтыбай айғайлап келе жатса да, одан қаймықпаған қалың қаскөй топ шабуылға кіріскен еді. Аты жүре алмай келе жатқан Алтыбай айғайымен сәл ғана сескендіріпті. Болмаса, бұның өзіне тура беттеген ағынды әлек сел сұр айғыр мен Алтыбайдың өздерінің үстіне ұмар-жұмар ақтарылатын тәрізді.
Борандата, құйғыта мұнартқан екі сел қақ жарылып өте бергенде, Алтыбай тағы айғайын үдетті. Көреген көзі құтырған түннің түнегін де, түтегін де жырта тінткендей болды. Жаңағы тың жаудың бар қарасын аңдап қалды. Жиын саны жиырмаға жуық аш бөрілер. Олар аққан бойында алдағы жылқыға араласа берді. Алтыбай асығып тебінгенмен, сұр айғыр баяғы бір аяңмен малтыққаннан басқаны тапқан жоқ. "Жылқы қайтер екен" деп Алтыбай топ жылқының қасқыр шапқанда жасайтын мінезін тосып еді. Қасқырды көре сала, қауқары бар жылқы баласы бірігіп үн қосып, шұрылдап кісінейтін. Әлсіздерін, жастарын, тай-жабағысын ортаға алып, биелер мен бойдақ жылқылар дөңгелене тұра қап, қасқырды араларына кіргізбеуге қам қылатын.
Айғырлар сол дөңгеленіп тұрған топты айнала шауып жүріп, маңайлаған қасқырға айбар шегеді. Аузын ашып, жер тепкілеп, кейде мойнын ішіне алып, жалын төгіп, ортқи ойнайды, сескендіре қимыл етеді. Үйірі үшін кейде сол қасқырларға қарсы шауып, қан-жоса болғанша жанын салып алысатын.
Бүгінгі жылқының басы Бәйге жирен айғыр өзге жылдарда, еті барда бар жылқышыға аңыз айтқызып, аюдай алысушы еді. Алтыбай енді аңдаса, ыққан, қажыған жылқы баяғысынша бірігіп, алысуға жарамай қапты. Тек бірен-саран ғана әл жиған қартаң биелер мен жирен айғырдың өзінің ғана кісінегені болар-болмас естіліп қалды. Алтыбай жирен айғырдың кісінегенін алты қырдың астынан танушы еді. Бүгін әлі біткен жануарда ондай үн де жоқ. Алтыбай дауыстарын таныған үлкен шабдар бие мен жалпақ жирен бие де тек болымсыз дыбыс бергені болмаса, топтың басын құрайтын дабыл салып, қайрат ете алған жоқ.
Қалың топ құтырған қасқырлар, биыл отардағы жылқыны жеуге әбден құнығып алған қанішерлер. Үш ұялас қасқырлар тобы, үш көк шолақ арланына бастатып, ағыны қатты ақ қаншықтарына ілесіп, Бәйге жиреннің тобына құйындатып кеп араласты. Жылқының дәл осы кезде жеткен жері де бұл малдың ажалын тосқан көрі есепті екен. Бас Жымбаның осындай ыққан жылқыға қатерлі болатын үлкен, ұзын, терең жары бар еді.
Қайрат қылар деген Бәйге жирен алдыңғы тобын тоқтатпақ болып кісіней жүріп, малдың алдын орай бергенде, әлдеқандай бір опқа күп беріп түсіп кетті. Жардың ернеуі мен арғы ойы толған қар, найза бойламайтын обыр, опқының өзі еді. Жирен айғыр жар астындағы опқа салмағымен сүңги құлады. Аш қасқырлардың ең алдында әукесі түскен қартамыс көк шолақ бар-ды. Бәйге жиреннің артынан сол секіре түсіп, айғырдың жотасына алдыңғы екі аяғымен тіреле қалып, алқымын орып-орып жіберді.
Ажалды шабуылдан қорыққан басқа жылқы, енді өздерін бастап келе жатқан жирен айғыр ыршығанда, жаңағы жардан тегіс ытқып, құлай-құлай берісті. "Не қалды, кім құтылды, қалған жылқы қайда кетті?", бәрі де Алтыбайға мәлімсіз. Ол айбар шегіп, жар жағасынан сойылын сілтеп қасқырды шошытпақ боп ұмтылып тұр. Өз жайын ұмытқан. Жар астында жанталасып жатқан жылқысын көргенде, Алтыбай бұл мал бөтеннің малы дегенді ойлаған жоқ.
Қысы-жазы өзінің алдында жүрген, айғайына үйренген, көбінше дегеніне қарай өрген жанды мал, жақсы мал, жылқы атаулы Алтыбайға арызын шағып жатқан ажал үстіндегі достай сезілді. Ол шыдай алмай, сойылын сермеген күйде сұр айғырдан атқып түсті. Жар жағалап, аяғын тіреп тұра қалып, ұзын сойылы жетерлік жерде Бәйге жирен айғырды талап жатқан көк шолақты дәл құлақ шекеден табандап тұрып, қасқайта соқты. Көк шолақ сол сәтте тыраң асып, қазір қырылдап өліп бара жатқан Бәйге жиреннің қатарына құлап түсті. Бірақ қасқырдың тобы соншалық көп, олар кейбіреуі опқа түсіп, қабырғалығынан қарға батып, енді дәрмені бітіп, қимылдай алмай жатқан биелерді, аттарды әр тұста жарып, орып, қан жоса қып қырып жатыр.
Жылқы құлаған опқа Алтыбай бірге түсуге болмады. Ол шамасы келгенінше жағадан ғана айғайын салып, сойылын сілтеген боп жүр. Бірақ алғашқы көк шолақтан басқа қасқырлар сойыл салымға келтірмеді. Жардан түссе, омбы қарда өзі де белшесінен батып, қайрат ете алмас еді. Ал мынау жағада жүріп, айғай салып, айбат жасағанына ыстық қанды татып алған, иісіне масайған аш бөрілердің тобы тоқтар емес, елең қылар емес. Ұзын биік жарды Алтыбай жағалай түсіп, тағы бір жылқының жотасынан басып тұрып, қоңын жұлмалап жатқан ақ қасқырды қарулы қолымен құшырлана соғып, ұшырып түсірген еді.
Осы кезде өзінен жоғары тұста, биік жағада, аты қалған жерде бір арпалыс барын байқады. Енді бақса, болдырып, сілейіп тұрып қалған сұр айғырды бір топ қасқыр алып соғып, тамағы мен шабынан қатар орып, жарып жатыр екен. Алтыбай енді мүлде қарлығып қалған, жыртылып біткен даусымен сыбырлай зекіп, ақырып ұмтылды. Ол қалың киіммен терең қарды ауырлай басып, дәл қастарына зорға дегенде тақап келіп, айбар шегіп, сойылын көтеріп алғанда ғана төрт қасқыр саспастан сытылып, тайқи берді. Олар сұр айғырды жарып, өлтіріп те болған.
Енді біразда қасқырлар ағыза борандатып, Алтыбайдың көзінен ұзап, жоғалып кетті. Бұл жерде қалған жылқының бәрі де не өлген немесе қыбыр ете алмастай қабырғадан қарға кіріп, қатып тұрып қалған.
Алтыбай енді аңдаса, күн батарда Бәйге жирен бастап, мұның үстіне ығып келген жүз қаралы жылқыдан дәл мынау жерде опқа түсіп, қазаға батқаны – елу жылқының шамасы екен. Қалғаны кеш бойы Алтыбай жете алмай келе жатқанда ыққан бетінде бытырап, тарап, бет-бетімен қаңғып кеткен, тағы бірталайы Алтыбайдың өзінің көзінше түн бойы жол бойында ұшып, жығылып өліп қалған.
Түн әлі шексіз ұзақ. Боран бұрынғыдан да асқындап, алай-түлей қалпында тұр. Аязды суық жаяу қалған Алтыбайды енді ат үстіндей емес, қатты тоңдырып, ығын кетіре бастады. Мал болса анау, қалың қос жылқы, талай жанның жүйрік аты, сауын биесі, бауыры құтты айғыры, әр жастағы бала атаулының үкі таққан, тұмарлаған жүйрік құнан-бестісі – бәрі де бұдырсыз далада, панасыз күйде дүлей желдің сүргінінде опқа түсті. Отқа өртенгеннен кем емес күйік жайда желге шашылды, қарға басылды, өшіп-бітіп жоқ болды.
Осы боран бір күн емес, екі күн емес, анық сұрапылға айналып, алты күн соққан еді. Жетінші күні суық, аязды күн бұлтсыз жарқырап ашылғанда, желсіз тынық аяз боп ашылған-ды. Алғаш боран кешінде Алтыбай үміт етіп, көп шақырған жас жылқышылар Жымбаның жарына жетіп қырылған малдың қар астынан әр жерде қылтиып қана көрінген жал-құйрығын, шала желінген жемтіктерін көрді. Сол Жымбаның биік жарының баурайында әр жерге шашылып түскен Алтыбайдың ескі шидемінің жыртынды жабағы жүні байқалды. Тағы бір жерде көнетоз ескі етігінің ұлтаны, жұлынып жыртылған басы, қонышы табылды. Күләпәра бастырған қара сеңсең тымағының бір құлағы да жақын жерде қар астынан шеті шығып жатыр екен. Отыз бес жасқа шейін өткізген өмірінің дәл он екі жылын қысқы отарға шыққан жылқы соңына ерумен кешіп еді. Жылқыға иесінен бетер иелігі бар жайлы күнді, тыныш түнді көрмеген асыл азамат – Алтыбай жылқышы, биылғы ауыр жылдың ішінде ең бір ауыр қаза тапты. Көп жыл баққан малдың амандығын ойлап, бай малының шетінде құрбан болды.
Кейін жаз шығып, жер құрғаған кезде осы Жымбаның жылқы қырылған жарына келген жүргіншілер ойда жоқ өзгеше бір күй көрген-ді. Жымбаның терең жарына Бәйге жирен айғырдан соң қатар құлаған отыз шамалы жылқы омбыға сығылысып, қабырғаларымен тіресіп түскен екен. Осы бір топ жылқы сол суықта тік тұрған қалпында, қарға батып тұрып өліпті. Көктемде, қар кете бере сол жылқылар сірескен күйде қармен бірге шөге беріпті. Буындары қатып өлген топ жылқы, енді қар кеткен соң да тік тұрған қалыптарында сіресіп, сығылысып тұрып қапты. Жар жағалап кеп көрген кісілер шошына сұқтанып, кәдімгі тірі жылқының үйездеп тұрғанын еске алысқан. Бұл отыз жылқы тікиген бойда қатып өліп тұрған сұмдық бір сурет көрсетіп еді. Март ішінің ақ боран, ұзақ лайсаңы осындай да кер көрсетті.
Биылғы қатты қыстың ауыртпалығы үлкен дерт болып, Алтыбайдың ауылдағы немере інісі Байтұяқтың басына да төнген еді. Ақшоқыда "мал қорасы" дейтін қораның бір бұрышында үш-төрт үй баспана қып отыратын аласа, қараңғы жер үйлер болатын. Соның бірінде Алтыбайдың кәрі шешесі мен үш жетім баланың анасы Жәрия зарлап қалды. Қатар үйшікте, жертөсекте Алтыбайдың ержеткен жақыны, жиырма жастағы қойшы Байтұяқ көптен дерт шегіп жатыр. Бұны да осы сорға жеткізген қатал аяз бен бай малының қамы. Қыс басынан Ақшоқыдағы Ділдәнің қойын жайып жүріп, Байтұяқ ғинуар айында қатты бір боранға ұшыраған.
Бұрын "киімім жұқа, байпағым жыртық, етігімнің жұлығынан қар төгіліп жүр" деген жайын бір аязды күні қатты тоңып келіп, Ділдәға өз аузынан айтып көріп еді. Мағаштың науқасы есін алған Ділдә малшы жігіттің айтқанын дұрыстап тыңдамаған. "Шешеңе күздігүні қой терісін бергемін, тон илеп тігіп бермесе, өзіңнен көр. Мағашымның уайымы жанға батып жүргенде енді сенің уайымыңды арқалайын ба! Қайтып көзіме көрінбе!" деп зекіп, қайырып жіберген.
Бұл шақта Мағаш қалада. Ауылға енді келеді деп науқасынан шошыған жақындары қатты уайым етіп жүрген кез. Ділдә болса, Мағаш науқасы "Әбіштің науқасына ұқсап барады" деген жақындардың уайымын естіп, ертеңді-кеш қатты уайыммен зар айтып, жылай беретін. Тегінде, шаруаға өмір бойы мүлде бір қыры болмаған Ділдә биылғы жылы "жұт болады, қыс қатты боп кетті", "мал бағу жаумен алысудан жеңіл емес", "ер-азаматқа ауыр азапқа, қатты қыспаққа айналды" деген сөздің бәрін елең қылмайтын.
Өз жарасын "бар жан атаулының бәріне бір-ақ қана дерт боп тарасын" деп ойлайтын уайымда да өзімшіл көңіл бар. Әсіресе, малшы-жалшының қайғы-қасіретін, қам-қамырығын ойлап, қиналып көрген кісі Ділдә емес. Олар не ішіп, нені жейді, нені киіп, қайтіп қайрат көрсетеді, қандай көлік мініп жүр? Үй ішінің аш-арығы жоқ па, күйі қалай? – дегенді өзгелер айтып отырса да, шала тыңдайды.
Жаңағы Байтұяқтың: "Тоным ескі, шекпенім жыртық, далада көбінше тоңып жаураймын да, қатты жел, үскірген аяз кезінде ат үстінде жүре алмаймын. Ұшып қалмас үшін атымнан түсіп, жаяу жүгіріп, бойымды зорға жылытқан боламын. Сонда омбы қар тіземнен асып, қонышыма құйылады, етігімнің жұлығынан кіреді, екі аяғым домбығып жүргені де бар!" – деген.
Шыдай-шыдай жүріп, бар бейнетін, көресісін бір-ақ жиып, көзіне жас алып отырып айтса да, жылы жауап естімеген. Соның артынан тағы да талай үскірік жел, ақырған аяз күндері болып өтті.
Ақшоқының құйқалы адырларының қой жататын қойнауларында әзір малды ықтыратын ақ боран бола қойған жоқ. Бірақ "ақжорға" дейтін жаяу борасын жүрмейтін күні жоқ. Ол суық жел, үнемі қойын-қонышқа, бет-мойынға, желкеге ұсақ қарды ұйтқытып төгіп тұратын әлек боранның өзі. Биылғы жұт қысында, ақжорға ақ боранға айналмаған шақтарында күндіз-түн толассыз соғады. Терісінен соққан суық жел ақжорғамен даланы, сай-саланы ақ иректеп, омбы қарға – опқа толтыра береді.
Тоны тозған, тоңуы жеткен жас денесі әбден арып, қиналып болған жас жігіт Байтұяқтың жаны да соңғы жиырма күн ішінде қападан, реніштен жүдеп-жадап болған. Соңғы шақта арықтап, сүйек-сүйегі айқындап біліне бастаған жасты ақпан айының тағы да үскіріп соққан аязды желі аямастан алып соқты.
Ымырт жабыла, қоймен ілесіп жаяулай келген қойшы үйіне жетіп, есіктен кіре бере, кәрі шешесінің көзінше босағаға қисая, жығыла кетті. Иегі иегіне тимей дір қаққанда, екі көзінен ағыл-тегіл жас та ақты. Бұның сұп-суық бетін уалаған кәрі шешесінің кішкентай құрысқан алақандары қойшының көз жасынан суланды. Байтұяқтың аузы сөз сөйлеуге зорға келеді. Ебі кеткен еріндерімен айтып жатқан сөздері – қарғыс қана.
– Жетті ғой түбіме, жетті ғой! Бүгінгі суық өтіп болды. Өлгеннен басқам жоқ, қайран апатайым! Құдай төбеңнен ұрғырлар, жыртық, жалаңаш күйде өттім ғой! – деп, бүк түсіп жатып алған.
Қазір Алтыбайдың ажалы мал қорасындағы қараңғы лашықтарға естіліп жатқанда, Байтұяқ та әбден әлсіреп, титығы құрып болған.
Алғаш ұшып жығылған кештен бастап, ол әуелі қатты соқпа науқасына айналды. Содан айға жуық қиналып жатып, аяғында жөтел науқасқа ілінді. Бұның өкпе дерті біржақты емес, әрі өкпесінен, әрі тамағынан алған. Ішейін десе, азын-аулақ астың жүруі де қиынға айналып барады. Құрт ауруынан Байтұяқтың жас денесі жеңілгенде соншалық күрт құлап, тез жеңілді. Талдырмаш әлсіз бойы, қазір қатал науқас бүріп алған шағында шамдай жанып, шұғыл сөніп, ұсынып барады. Үнемі үнсіз күйде бас жағында отырып жас төккен кәрі шешесіне ғана, жар дегенде жалғыз жақыны, жесір анасы Тұлымдыға ғана сырын айтады. Онысы жығылған сәттен бері үзілмеген қарғыс-қамырық. Өзін аямағандарға айтып жатқан жас жанының ызасы мен наразылығы.
Апрель айы туды. Бірақ қатал қыс әлі де қазақ даласына қатты салған шеңберін босатқан жоқ. Апрельдің алғашқы күндерінде де қар түсіп, суық күндер айықпай тұр. Даланың қары ақ жұмыртқа қалпында, әлі кетіп болған жоқ.
Ақшоқыдағы малшылар үйінде отын біткелі көп боған. Суық Байтұяқты жота басында, ақпан ішінде, қой соңында ғана қинаған жоқ. Енді жер үйде, ұдайы дым тартқан суық қараңғы бұрышта да тоңдырады. Тығырыққа әкеп тығып, әлі де қалтыратып, жүдетеді. Сол тоңған, қатқан күйінде, өгей өмірде соңғы деміне шейін бірде-бір сәт жылу көрмеді. Және жылылық көксеген жас жүрегімен қыршын жас, жазықсыз Байтұяқ жан берді.
Дәл осы күндерде Мағаштың науқасы да оны мегдеп, жеңіп болған еді. "Қатты әлсіреп, тері тарамысына ғана ілініп қалды. Бойсұнып кетті" деген ажал лебіндей суық хабар оның әр тараптағы жақындарына, туыстарына түгел жеткен. Енді біразда, апрельдің онынан асқан кезде ғана қыс құрсауы жазылып, қар кете бастаған болатын.
Елден аларын алып, бар жерлерде, құлақ естіген төрт тараптың бәрінде қазақ халқын қыра жұтатқан қыс, енді келіп аяқтаған шақ болды. Апрельдің он бесі, жиырмасы арасында Ақшоқы мен Қорықта қар тегіс кетіп болған еді. Сол күймен ілес бұндағы ауылға өрден де, ойдан да жақындар, жан күйерлер андыздап келе бастады.
Келуші көпшілік қыстаудың үйді-үйлеріне сыймауға айналды. Соны аңдаған Мағаштың әке, ағалары, дос, бауырлары енді тездетіп киіз үйлер әкеліп, Мағаш қыстауының қасына қатарлап тіге берді.
Әйгерім өзінің киіз үйімен көшіп келіп, Абай сонда отыратын болды. Ақылбай, Кәкітай сияқты жақын жандар да үйлерін әкеп тікті. Абайдың айтуымен Дәрмен, Мәкен де отау үйін тігіп, ендігі келіп жатқан қонақтарды осы үйлерде қарсы алатын болды.
Өзге жылдардан ерекше, ерте тігілген бұл үйлер – қызық үшін, сейіл-серуен үшін емес. Күн санап күткен, қауіп боп төнген ауыртпалықтың әзірлігі. Жақында күткен тағы бір қасірет-қазаның қамы.
Ертеңгі күн асыл азаматынан айрылғалы отырған, сор басқан ауылдың қаралы болатын үйлері осы. Елден ерек, мезгілсіз ерте тігілген жайлар.
Қар кетіп, жер құрғай бере, жаяу-жалпы болса да жүруге болғандықтан, енді өткен қыс жүдетіп, сорлатып кеткен көп жандар дамылсыз қозғалысқа ауысты. Азық біткен, отын таусылған, азын-аулақ малы болса қырылған көшпелі шаруа, қазақ ауылдары жұт артынан шұбырындыға түсе бастады.
Әсіресе, кедей-кепшік, қалың көптің күйі өзгеше жүдеу, жадаулықта болатын. Маңындағы малы бар, әлі бар дейтін ауқатты ауылдарға кәрі-құртаң әке-шешесін, жас балалары мен әйелін ертіп, шұбырып келгендер көбейді. Қауқары бар азамат қайратын тегін сатып, тым құрса аш-арығын өлтірмей қалуды тілеп келеді. Сорпа-судан болса да талшық дәметеді.
Кейбір жесір қатын "азығы бар" деген жақын ағайынға жетім балаларын жаураған, тоңған күйде арқалап, жетелеп алып келеді. Балапанын аузына тістеп алып жөнеліп, ажалдан қашырған аналық тілек етеді. Аштық үстінде кәрілік мегдетіп, бір үйде жалғыз кемпір-шал болып қалған қос ғаріп қалтылдап, өбектеп, оты жанған үйдің ошағының басын сағалайды.
Қаңырап қалған жыртық шоқпыт қораны тастап, тентіреп кезіп кеткен ел кедейі: Шыңғыстың тауынан, Қыдырдың бөктерінен Қарауыл-Балпаң, Ши, Қорықты бойлап жаяулап, ілбіп ерсілі-қарсылы шұбырады.
Әлі бары, ес жиғаны "аштық сонда жоқ" дегенді естіп, қалаға қарай қыбырлай созылады. Кейде жыртық киім, жүдеу жүзді аш жаяулар бар сахараны басқан сор мен жүдеулік, жоқшылықтың тірі бейне сүлдеріндей. Қазаға ұшыраған қалың елдің ауыр сорының бейне бір көлеңкесіндей, қалтылдай қыбырлайды. Талай жерде жетім қалған балалар жайы естіледі. Кей ауылдың шетінде солардың ащы зары таңды таңға ұрып, құлақтан кетпейді.
Күн санап молайып бара жатқан, ісінуге айналған аналар, әлсіз кәрілер көріне береді.
Әр сайда теңкиіп өліп жатқан көтерем сиыр, қатпа түйе, арық ат қаңқалары кезігеді. Жар, жырада, қоралар маңында, молалар қасында теңкиіп-теңкиіп жатқан өлекселер. Малы болған ауылдардың қораларының қақ қасында, күлтөбенің айналасында енді шіри бастаған жемтік мол. Бірінің үстіне бірі үйіліп тасталған, жүндері ұйпаланып ұйысқан қойлар төбе-төбе. Сирақтары серейген, мағынасыз бозарып қараған көздері жарқыраған, толып жатқан үйінді өліктер.
Қыстау-қыстаудың басын дамылсыз қарқылдаған ала қарғалар мен қара құзғындар басқан. Ерте келген қарақұс, ақсары бөктергілер де өлі малдың жемтігіне үйіле қонып дәніккен. Ауылдарында қой малы, қол малы осылайша жұтқа ұшыраған әлді, ауқатты ауылдар жаңағыдай шұбырған кедейлерге мейірсіз, суық қарайды.
Күлтөбенің баурайын көрсетіп, өлген қойларының өлексесін нұсқап, кәрі шалға, аш анаға, жылаулар жас балаға ашу айтатын байлар бар. Босып келген кедейлер күнәсіз де болса, солардың өздерінің күйігі, шығыны, жұты үшін жазғырып ұрсып, қарғайтын сараң қатын бәйбішелер де жоқ емес.
Талай жылқылы ауылдар қазір май айы туғаннан бері жылдағы тірлігінен мүлде бөлек: "тұлдыр құрдым күндер келді", "сүреңі жат жыл келді" деп күні-түні күңіренеді. Үш жүз жылқысы бар бір ауыл қорыққа, қыстауға енді ғана жеткен жылқы болмысын қарсы ала жаяулап шыққанда, он жеті ғана арық қатпа бие мен саяқтарын санап алыпты".
"Қыдырдағы пәлен ауыл отарға шығарған төрт жүз жылқысынан жиырма үш жылқы алып қайтыпты", "Аягөзге мың жылқылық қосын жөнелткен Шыңғыстағы үш-төрт ауыл, жиыны жиырма жеті жылқының келгенін көріпті", "Шиден қыс басында айдатып, Уақтың жеріне, Керей жеріне жіберілген пәлен қостан елу жылқы келіпті" – деген өңшең өлім мен қаза, ауыр апат хабарлары май айының алғашқы күндері бойында ауыздан ауызға көшті.
Әр қостағы бес-алты жылқышы тегінде, көбінше, бір байдың ғана бақташысы емес. Шағындау жылқысы бар ауылдардың бірігіп шығарған, қоспа малының жылқышысы болатыны да бар.
"Шыңғыстың сыртымен, Тобықты жерінің ой жағына, Уақ, Керейге кеткен сан қостардың кейбір жылқышылары жаяу қалыпты" – деп те әңгімеленеді. "Кейбіреуі ер-тоқымын арқалап келіпті. Тағы бірі көлік жалдау үшін ер-тоқымын, шидемін сатып, жалғасып, ұштасып үйіне жетіпті" – деген әңгіме тарайды.
Сонымен қатар, талай байдың жылқысының шетінде қыстың қаһарлы аяз, қарлы боранында жанын салып, мал амандаймын деп жүріп, суыққа тоңған, нелер ауыр үсікке шалдыққан жандар көп. Байтұяқтай боп ауыр дертке ілігіп, төсек тартып жатып қалған, нелер балғын денелі, батыр жүректі атпал азаматтар жайы бай ауылдарында сөз де бол май қалып жатыр.
Халық басына туған осындай ақырет күндер Ақшоқыда тағы бір көптен күткен, құлақтан басып, көндіріп келе жатқан кезекті қазаға әкеп соқты.
Киіз үйде таңертеңгі шайды ғана іше бастаған Абайдың қасында Әйгерімнен басқа Мағаштың кішкене екі баласы бар еді. Осылар қасында Әбіштен қалған жетім қыз – он жасар Рахила да болатын. Түн бойы Мағашты қоршап, күткен дос, туыстармен қатар Абай өзі де күзетіп шыққан. Күдер үзіп, "Бүгін бе, ертең бе" дегендей.
Тіл айтпаса да, көңілде сайрап тұрған қасірет–хал Абайдың кеудесін от пен уға толтырған. Шайға отырса да, жүрегі аузына тығылып, кеудеге бір кесек тас орнағандай, бар денені сенделткен қайғы-қамырық бар.
Осыдан он шақты күн бұрын Мағаш өз бойындағы бар қалған қуатын жиғандай боп, әкесімен арыздаса бір сөйлескен. Қорқыныш пен күдіктен еңсесі түсіп, салдырап жүдеп кеткен әкесін аяғаны да болар. Үйді оңашалап алып, Абайдың үлкен алақанын екі бірдей ап-арық, құп-құрғақ, сұп-суық қолдарымен ұстап, сипап жатып, аз сөздерін сыбырлап, баяу сөйлеп жеткізген.
– Аға... Әбіш ағамды жөнелтіп, Алматыдан қайтып ем ғой... – деп, біраз демігіп жатып тағы сөйлеген. – Ұлы жүз Жамбыл ақын айтқан сәлемін өзіңізге жеткізіп ем... Есіңізде ме?..
– Есімде, Мағашым! Оқымаған қазақта көңілі даңғыл, тілі жүйрік бір жан болар деген ем. Оны қалай еске алдың?
– Сол айтып еді ғой сізге... Өлеңін әкеп берген ем!.. "Нелер жылаған, зарлағанды өзі уатқан аға, әке емес пе еді?.. Оның қайғысына сол жұрты қоса қамығады... Қасынан табылады... Ерінен айрылса да, елінен айрылу жоқ!.. Қамалаған қарындас халқын ойласын" – деп еді ғой!.. – деген сөздердің бәрін Мағаш ұзақ сөйлеп, үзіп-үзіп айтып болды да, сәл уақыт тұншыға жөтеліп қалды.
Соншалық мінезді, терең ойлы Мағаш әкесіне Жамбыл ақынның сәлем сөзімен көңіл айтқандай. Өзінің қазасы үшін де Жамбыл үнімен көңіл айтты.
Барды түйген Абай сөзсіз ғана бас изеді. Мағаштың қанталап, жасаурап қараған көзіне үлкен жүзімен еңкейіп жабысты да, ұзақ сүйді. "Бар айтқаның жадымда қалар, жарығым!" – деген болатын.
Содан бері дәл қазіргі шаққа шейін Мағаш тек қысылуда... Сөніп бара жатқан күйі бар еді.
Бір сәтте киіз үйдің оюлы үлкен есігі асығыс, шапшаң ашыла қалды да, қызметкер әйел Зылиха жасқа толы көзін үй ішінен жасыра алмай, қорқыныш хабар әкелді. Суық хабар.
– Абай аға, Мағаш қысылып жатыр. Сізді шақырады! – деп қана қалған еді.
Балалар сұмдық сезіп, шу ете түсті. Абай орнынан жас баладай лып етіп, атқып тұрып, иығына шапанын жамыла бергенде, дірілдеген бойынан сол кең шапаны тұрақтамай сусып, қайта-қайта түсе берді. Кебісін кие алмай, буындары қалтырап, бар топсасы босап, қазір жалп етіп құлап қалардай.
Әйгерім жүгіріп кеп, Абайды сүйей тұрып кебісін кигізді, иығына шапанын көтеріп, қайта-қайта жауып, өзі де үркіп жылап тұрып, Абайдың жүзіне көз салып еді, шошып кетті.
Сәтте қартайған, сақалының ағы басып кеткен Абайдың жүзі қазір аппақ қудай боп апты. Екі көзі шарасынан шығып, шатынап барады. Аспандап қарай береді. Әйгерімнің зерек көңілі өзгеше шошынды. Мұндай мағынасыз қыдырыстап, шалқалаған көзді Абайдан Әйгерім әсте көрген емес-ті.
Ішінен құпия сыбырлап: "Құдай-ай, сақтай... өзін сақ- тай гөр! Шалық шалмаса игі еді!" – деп, жаны өртене жалбарынып, сыбырлап қалды. Өзінің де өңі аппақ қудай болып, қаны қашып, Абайдың артынан жүгіре басты.
Мағаш жатқан бөлмеге Абай келіп кіргенде, науқастың төсегі жанында төне қарап, ентелеп отырған еркек, әйелдер тез қозғалып, Абайға жол бере берді. Әлі демігін баспаған қалыпта, шошыған, үріккен күйде Абай келіп, Мағаштың жер төсегінің жанына ауырлай дем алып, құлай барып отыра кетті. Көзі әлі де жаңағы Әйгерімді шошытқан күйінде шарасынан шығып, шатынай қарайды. Сол ап-ашық боп үлкейіп кеткен көздерінен ағып жатқан жастары кесек-кесек түйіншектей, бидайдай боп төгіліп жатқандай.
Әкесі қасына жеткенін аңдап жатқан Мағаш оған қарай әлсіз ғана, болымсыз ғана белгі берді. Созылып жатқан оң қолының бір-екі саусағын сол қыбырлатып, жаза берді. Аузынан Абай құлағына әрең жеткен, соңғы демімен араласа соңғы сыбыры естілді, анық естілді.
– Аға... Дүние... осы! – деп қана қалған еді.
Сол сәтте Мағаш үзіле берді. Үйдің іші, ауыздағы бөлмелер, одан әрі дала толы, үлкен қыстаудағы барлық жан енді түгел өксіп, айғайлап дауыс айтып, жылай жөнелісті. Жер күңіренді дегендей.
Қартаң пішінді, бурыл сақалды еркектер, әжімді ана–әжелер, шиеттей жас балалар – бәрінің кеудесінен: "Мағашым", "бауырым", "қуатым", "ағекем", "ағатайым" деген жеке-жеке өксік, айғай, зар-нала арасында үздігіп шыққан сөздер бар.
Бұл сөздер қазір көңілдегі шердің, көздегі жастың ғана тілі болған. Айнала дүние егіле, ағыл-тегіл жаспен уланып жатқанда, Абай біралуан түсініксіз күйге түсті. Онда үн жоқ, дыбыстап жылаған өксік, айғай да жоқ. Бір ауыз тырс етіп айтылған сөз де естілмеді. Тек қана бадырайып, шошығандай шатынап ашылған көздерінен үнсіз жастар бұршақтай боп үзіліп-үзіліп, оқтын-оқтын тамып, төгіліп кетеді.
Енді ол өзін біреу сүйеп тұрғызса тұрады, жетектесе жүреді, қайда апарып отырғызса жөн сұрамай, тіл қатпай отыра кетеді. Мағаш жаназасына жиылған жұрт ойдағыдан тыс соншалық мол болды. Жетісіне шейін жер күңірене жылау болып, қалың жұрт ұлардай шулады.
Бұл күндерде ат қойып келген Құнанбай өрен-жараны, Ырғызбай атаулы жылаулардың, жан күйерлердің тобы болып екшелген-ді. Қолдарына ұзын ақ таяқ ұстап, бүкшие жылап тұрып, ат қойып келген жақын мен жаттың адамдарын, бата оқушыларды қарсы алушы Ырғызбайдың барлық кәрі-жасы болды.
Алғаш үш күн бойында, ауыл сыртында жаңағыдай ақ таяқтарға сүйеніп, жылап тұратын, ұзын қатар еркектердің дәл ортасында Абай өзі тұрды. Оны екі жағынан Дәрмен мен Кәкітай сүйейтін. Осы қатарда бірге жыласу қарыз болғандықтан, "торқалы той, топырақты өлім" дегенді айтқызбай орындаған болып, Тәкежан да Әзімбайымен келген. Жуан таяқтарға кеуделерін тіреп, төмен қарап, тұқырып тұрып қалған.
Абайға жақын жерде және де Шұбар сияқты ағайын да оқтын-оқтын айғайын үдете түсіп, таяғына таянып тұрады. Үйлерде болса, Ділдә бастаған қартаң әйелдер ішінде Тәкежанның әйелдері Қаражан, Зейнеп бар. Ысқақтың суық пішінді қара кер семіз қатыны – Мәніке отыр. Бұл шақта аса семіріп, беті-жүзі өзгеше ірілеп, енді шар тарта бастаған Нұрғаным көрінеді. Осы елдің ескіден келе жатқан салты бойынша көңілқос ағайын алыстан, ат үстінен айғайлап жылап, "ой, бауырымдап" шауып келіп, құлай түседі.
Осындай келушілерді бір топ жас, жылпос жігіттер алдарынан жүгіре шығып, аттарының басын ұстап, қолтықтап түсіріп алады. Тағы біраз жігіттер жылап келуші жандарды жетектеп, қолтығынан алып отырып, жаңағы тыста тұрған еркектермен жағалай көрістіріп, тегіс қыдыртып өтеді. Еркектер қатарын түгел адақтап шыққан соң, жаңағы жігіттер үлкен үйде қара салынып, дауыс айтып жылап отырған әйелдердің бәріне әкеліп көрістіреді.
Әдетте бұл тұста, үй ішінде көріскендерді жағалатып, қолтықтап жүретін күтуші әйелдер, өздері жылап жүрген келіншектер болады. Мағаштың қазасында жылап келуші ағайын өзгеше мол болды. Қазір қыстаудан шығып, жақын жерге ірге аударып көшіп-қонған Мағаш аулында жаңадан тігілген киіз үйлер өте көп.
Бір Абайдың өз ауылдары емес, Ақшоқы, Қорықтағы барлық жақын, көрші ауылдардың бәрінен де қонақ.үй, ас үйлер әкеліп тігілген. Әр жақтан келіп, қона жатып, түстеніп аттанып жатқан сансыз көп еркек-әйел, бата оқушыларды әрбір ағайын өздері әкеліп тіккен үйлерге жиырма, отыз кісіден бөліп күтуіне алады.
Сол ретте Қаражан тіктірген, Мәніке, Нұрғаным немесе Ақылбай, Шұбар, тағы басқа талай "жан күйер" дейтін аталас жақындар тіккен үйлер Мағаштың жетісіне шейін қонақтарды үлесіп алып, бөлісіп қонақ етісумен болған. Мағаштың қазасын Ырғызбай, Олжай дейтін аталас, жуан рулар адамдарының қарсы алуы осылай. Әрбір қазаның тұсында болатын қалыптар болып жатыр.
