26 страница6 ноября 2017, 17:30

ШАЙҚАСТА



"ШАЙҚАСТА

1

Көшбикеде Абай басына жасалған қастық көп заман жұрт аузынан кетпеді. Әрине, бұл жөндегі сөздер, сезімдер, неше түрлі сыбыс, лақап әңгімелер әр ортада әралуан болған. Көбінше біріне-бірі қайшы, ерсі түрде де айтылып жүрді. Ырғызбайдың әншейінде жуансыған, қолшыл болып мықтысыған ұркөппе даңғойлары, бұл тұста құр күпілдектен асқан жоқ. Алғаш Абай қайтып келген күні бірталай Ырғызбай ауылдары сойыл ұстайтын, соғысқа шығатын жігітсымақтарын атқа мінгізді. Бұлар Ақшатаудан, сайлау басынан өз еліне қайтып бара жатқанда Оразбайды жолдан тоспақ болысты. "Өлтіреміз", "көзін жоямыз", "жолда тосып жайратамыз!" деген боп, көбінше күндіз ат ұстасады. Әр ауылға түсіп, қымыз ішіп, гулесіп алып, топ-топ болып төбе басына шығысады. Бірақ түс аумай, кеш батпай, қымыздың қызуы қайтумен бірге өздері де тарасып, үйді-үйіне қайтысады.

Оразбай болса, осы доңайбатты естіп-ақ, сескеніп қорыққан-ды. Сонымен, ол Ырғызбай ауылдарының үстінен жолы өтетін болғандықтан, түнделетіп қашып кеткен. Аулына бара сала Әзімбайға астыртын кісі салып, Қиқым сияқты жырынды ұры немесе сондай сырқынды қу мен сұмдарды жансыз ғып, Әзімбайға тыңшылыққа жіберіп отырған. Ырғызбайдың алғашқы күндер лаураған бір тобы Тәкежан жағына, Әзімбай мен Шұбардың қабағына, ажарына қарайды да, тартына береді. Себебі олар соншалық алып-ұшып "қырайық", "жояйық", "соқтығайық", "аттанайық" дей қоймайды. Бұл жақтан арыны азайып, ашуы қайтыңқырап шыққан сол адамдар Абай аулына келіп, тағы да қыратын, жоятын кісі боп даурығып көрген. Осындайдың бір тобын Ырғызбайдың үлкені Ырсай бастап, Абайдың үстіне кірген. Ырсай әрі жылап, булығып, әрі күйініп тулаған-ды. "Қарағым, не бұйырасың, жауыңның қолында өлгелі келдік! Шап десең шабамыз, өліс десең, бара алысып-жұлысуға әзірміз міне!" – деген. Қасына еріп келген жиырма шақты Ырғызбайдың үнсіз тобын, бурыл сақал, қара сақал көп тоғышарын көрсеткен. Бұлармен бірге Абайдың енді не тілейтінін білгісі келген Кәкітай, Мағаштар да Абайдың үстіне келген-ді. Абай сонда екі-үш күн бойындағы үнсіз келген қалпынан өзгеріп, ендігі ойындағы бір ғана сөзін айтқан.

– Қапқан иттен өш алам деп мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады! –деп қойған-ды.

Абайдың алдында немесе Мағауия, Кәкітай сияқты оған жақын жандарының алдында өртке де түсетін кісі боп көрінген Ырғызбайлар Абай аулынан адым жерге шықпай-ақ басылысқаң-ды. Өйткені Құнанбайдың қалған екі баласының ауылдары бүлініп. дүрлігіп жатқан жоқ. Олар түк айтпаса да үндемей, сазарған күйлерімен көп Ырғызбайға күй танытқан, қабақ аңғартқан.

"Аталас, жақын", "ауылдас" деген ортаның жайы осы еді. Бірақ Шыңғыс болысының көп елі, әсіресе момын көпшілігі Абай үшін шын намыстанып, шынымен қатты күйінген болатын. Сол қалың елдің ызалы, жігерлі, күйінішті сөздері көп адамға, жай орташа көпшілік азаматқа қатты батқан-ды. Аз күн ішінде осы көңіл, көп көңілі Шыңғыс болысының сыртындағы өзге болыстарға, Тобықты көпшілігіне тез тарап, жайыла берді. Болыс емес, бай-бағлан емес, партия басы атқамінер би емес, жай көптің, момын көптің талайы Абай үшін күйінішті, өкінішті де болды. Сондай жандардың бір топтары Мағашты, Кәкітайды ортаға алып, Абай кегін Оразбайдан алу жайын да айтысты. "Абайдың өші ғана емес, Оразбайдан елдің өшін аламыз. Бір өзі емес, оған құрық берген айыпкердің бәрін жазалаймыз, айып тартқызамыз, бетін айдай етеміз. Өзін жазаға, мал-дүниесін қазаға ұшыратамыз!" – дескен де болатын.

Бұл сөзді Абайдың өзіне айтпаса да, "оның жақсы көрген баласы" деп және "ендігі жастардың білгірі, есті-бастысы" деп Мағашқа салған. Өзара кісі жіберісіп, хабарласып алып, аужай түйісіп "е" дескен ел Тобықты ішінде бұл жөнінде аз емес-ті. Осындай кезде әлі де ата ұлымен санасатын Мотыш, Құлық, Дүзбембет, Қарамырза деген елдің дұрыс адамдары өзара сөйлескен. Солардың тобынан Мағашқа Қодыға деген кісі елші боп келіп қайтты. Оразбайға жері жақын Сақ-Тоғалақ дейтін, Жуантаяқ деген тобы қалың елдерден де кісілер келді. Көрші Көкше мен Мамайдан да көңілқостық, тілеудостық білдіргендер болған-ды. Бәрі де жаңағы айтқандай: "Оразбайдың бетін айдай қыламыз, айыпты етеміз, сол айып-қиыбымен Абайдың аяғына әкеп жығамыз", – дескен еді. Бұндай жаймен келгендердің бәріне әзірге Мағаштың да берген жауабы өте сараң болатын.

– Әкемнің ары малға сатылатын ар емес. Менің әкемнің адамшылығы жауыздың зұлымдығын малмен емдеп, айыппен ақтап, тыныш қалатын адамшылық емес. Бұндай емді әкем де қабыл көрмейді. Мен де мақұл дей алмаймын! – дейтұғын.

Оның осылай айтқан жауаптарын кейін естіген Абайдың өзі де құптаған. Және Мағаштың осындай санасы мен адамгершілік таразысын Абай іштей сүйсініп бағалап еді.

Қалайда Көшбикеде жасалған аямас жаудың жауыз қастығы Абай мен Оразбайдың өздері тұрған елге ғана естіліп і қойған жоқ. Қазір, міне, сол сұмдық істен бері бір жылға жуық уақыт етті. Ел тағы да жылдағы дағдылы жайлау-қоныстарында, бұлақ, бастау өрістерінде мерзімді тіршілігін етуде.

Талай мезгіл өтсе де, сол болған қастық туралы халық аузы әлі тыйылған жоқ. Енді Абай тұрған Тобықты елі емес, Абайдың өлеңі, өсиет сөзі, қамқорлық қарекеті естіліп жақсы аты тараған елдің бәріне қаскөй, зұлымдық іс те әшкере болған. "Жаманат жатпайды" деп, Абай жөніндегі осы жаманат қазіргі шақта шартарапты шарлады. Әлі де үлкен рулармен аталатын: Керей, Найман, Уақ, қалың Арғын – бәрі де естіп, білген хабар болды.

Даланың елі, көшпелі жұрттың жайлау, күзеу, көктеу, қыстаулары ғана естіп қойған жоқ. Біртіндеп, жаяулап тарап, бұл жаманат Семей облысының бес оязындағы қала-қалаларға да жеткен. Жан-жақтың көп елі, ояздары келетін болыстың орталығы Семей қаласының өзі түгел көп әңгіме айтатын. Сол Семейге дуаны қарайтын болған соң, Қарқаралы, Кереку, Өскемен, Жайсаң, Көкпекті, Баян сияқты қалалар да қараңғы қылмыстан хабардар болған. Семей облысына көршілес болыс – Ақмоланың Қараөткелі, Жетісудың Шұбарағаш, Лепсі-Қапал, Аягөзі де ұзынқұлақтан сол жаманаттан шет жағалап естіген-ді.

Өз заманындағы қазақ аталған халықтың зор қасиет иесі, қадірлісі Абайдың арына соққан соққы солайша алыс атырапқа тарады. Тағы да әр ортада әртүрлі айтылып, әр күйде тыңдалатын. Сол айтылу мен тыңдаудың өз қалпында да Абайға деген достық көңіл қалың жұрт жүрегімен көрсетілді. Бұнымен қатар, Абайдың өз заманындағы оның жолы мен жанына арналған қастық та өз жүзін көрсетпей қалған жоқ. Осы ретте, мысалы, әр елдің болыстарын, қажы, молда, бай-бағлан дейтіндерін тыңдаса, олардың ортасы Абай үшін сонша қайысып, қиналып күйзелмейтін. Қайта өз аталарының ұлықтан шен алғанын, бай-жуан болғанын немесе өздерінің Мекеге барғанын, Мәкәржідей жәрмеңкеге барғанын бұлдай сөйлейтін. Пәлен жандаралдың кеңсесінде болғанын, әлдебір шербешнайда топқа түскенін мақтан ететін. Бұндайлар біресе Абаймен қатар Оразбайдың атын айыптамай айтады. "Етсе еткені-ақ", "қылғаны сол-ақ батырдың" деген боп, айдаладан Абайдың жақсылығына жауығып, Оразбайдың ожарлығы мен осалдығына табынып отыратын. Абайдың сөзін естіп, би-болысты сынаған бітімсіз қатал өкімін тыңдап, соған іштей жауығып жүретін жуандар, зорлықшылар болушы еді. Бұлардың көбі естіген әңгімесін өсіріп, асыра сөйлеп, Абайды жаңғырып, "өзіне өзі қылды" деп те отыратын. Ондайлар Абайдың өлең-сөзі, өсиеті үшін, жаңа жолы үшін оған өшігеді.

"Ыбырай асып кетті! Әлін білмей, асқақтап кетті! Қазақтың игі жақсысына тілі тиіп, сөзі өтіп кетті. Оразбай сол үшін, көп үшін намыс қылды. Бұның бәрі тегін емес!" – десетін. Дәл осы сөзді айтушы Өскемен, Жайсаң, Кереку, Қарқаралының көп жуан болыстары, атақ алған қажылары. Олар көп жиындарда Абайды көріп, оның бұлардан артықтығын біліп, қызғанышпен іштен тынып жүретін бай-жуандар. Бұндай топтың, өз тұрғысынан қарағанда, Оразбайды қостайтын жөні бар.

Ендеше, бұндайлар Оразбайды айыпты демей, айызы қана әңгіме етеді. Ал халық ше? Анық халық адамының да Абай жайын білгені, естігені, ести тұрып, қатты қамыққаны соншалық көп болған. Бұл жөнде "жақын ауыл", "жан күйер" дейтін немесе "алыс ел адамы" дейтін бөліктер жоқ. Абайдың бұл достары – тілектес, ниеттестері әрі сансыз көп, әрі жер жырақтығын, ел аулақтығын елемейтін, елетпейтін жақындар. Абай жөнінде өздерінің жанына, намысына ауыр тиген қиянат жайын естумен қатар қынжылады да, бұлар Абайдың бұрыннан өздеріне жеткен асыл сөздерін қайталап айта түседі. Айтумен қатар оған берік жүрек танытып, жақын, бекем табыса береді.

Дәл осындай қалың жұрт, қауырт көптен шыққан Абай достары қала мен қырда бірдей еді. Әсіресе, сол мол топтың, ең үлкен жиыны – Семейдің қаласы. Бұнда орысша, мұсылманша оқитын жас оқушыларға Абай сөздері әбден мәлім. Қайықшы Сейілдей қаланың толып жатқан еңбек соңындағы адал, момын кәсіп иелері Абайды аса жақсы көреді. Толып жатқан ұсақ кәсіп иелері, базар толы қазақ кедей-кепшігі, тіпті қаланың ар жақ, бер жағындағы ұсақ саудагері де соңғы жылдар "Абай айтты" деген сөздерді аса көп еститін. Қала, бұл жағына келгенде, құлағы түрік орта. Бүгін бір орташа момын үй іші кешке естіп-білген жаңа сөз, соны хабар ертең бар базар, көп көшені оңай қыдырып кетеді. Ал Абай өнері Семейдің ар жақ, бер жағын, Жоламан жатағын, Затон елін қуантып, ырзалап жайылғанына көп заман.

Осы қалада қыз ұзатылса, келін түссе, шілдехана болса, айт пен той, ойын-жиын жасалса, Абайдың сөзі, әндері көп жерде-ақ айтыла, атала жүретін. Енді сол Абайдың басына түскен ауыр шақ, арына түскен таңба жайын Семей қаласының еңбек елі үлкен ызамен, қатты намысты ашумен әңгіме ететін. Осы айтқандай, бір жай Семей мен Слободка арасындағы паромның үстінде болған еді. Мезгіл күзге тақау болатын. Ертістің үлкен суы көктемдегі шарасынан азайып, мол өзен сәл де болса тарылыпты. Соған орай оның мөлдір суы бұрынғыдан да тұна, көгере, тазара түсіпті.

Ертіс пен Қарасудан жүргіншілерді екі паром өткізеді. Ортада зәулім биік терек, қарағаш, қарағай өскен көлеңкелі арал бар. Слободка жағынан, "қайық аузынан" паромға мінген жұрт әуелі үлкен Ертісті кесіп, жаңағы дөңгелек аралға өтеді. Содан аттылы-жаяу шұбырған жұрт аралды басып өтіп, Қарасудағы екінші паромға келіп мінеді. Осылайша Слободкадан Семейге қарай жай жүретін екі паромға кезек мініп, екінші жағаға өтіп шыққанша, жүргіншінің бәрі де сағаттан артық уақыт өткізетін.

Бұдан басқа "басжатақ" тұсындағы желқайықтар болмаса, екі жағының өзге өткелі жоқ. Қаланың осы жайын білетін бала да, үлкен де бұл алуандас қатынас қалпына амалсыздан көнеді. Аттылы-жаяу орыс, қазақ халқы, ел керуені, жырақ қалалардан келген обоздар, жемшіктер, шет керуендер де сабырмен шыдайтын.

Мысалы, бүгін де сондай бір көп арбалы жемшіктер, қырдан келген керуендер және екі жағадағы қала тұрғындары көп арбаларымен қайық аузына сыймай сығылысып, Слободка жаққа аралдан қайтқан паромды тосып тұрған-ды.

Паром жағаға жетісімен, үлкен Семейден бері қарай өткен ат-арбалы жүргіншілер, жаяулар түгел шығып болды. Содан кейін паромға жағаны жалғастыратын ағаш көпірдің екі жағасында сіресіп тұрған арбалар енді көпірге қарай жанталаса қақтығысып лап қойды. Аты күйлі, бишігі ұзын, ысқыру, зекуі ширақ шыққан жүргінші бұндайда көпірге бұрын ілінсе, паромға бұрын мінеді. Қазір солайша ең батыл басқан арбалар – Жетісудан келе жатқан жемшіктердің арбалары болды. Бұлардың бір арбасы кірсе, артқы арбалары от болсын, су болсын іркілместен, қалмастан өршелене ұмтылады екен. Себебі әрбір алдыңғы арбаның артында жемдорба бар. Кейінгі ат кісісіз арбаны жіті алып жүру үшін алдыңғы арбаның жемі оны ұмтылтып, қалдырмай ілестіріп отырады.

Тегінде, паромға ең алдымен мінетін жаяулар мен салт аттылар. Олар әр арбаның қатарында көпірде шұбап жүріп, паромның ішіне бұрын кіріп алады. Қызық көрген көпшілік жаяулар мен паромға таласып кірген ат-арбаларға қарағыш болады. Сонда қырдан келген жөндекілеу арбаның кейде мұрындығы шығып кетіп, кейде дөңгелегі шойырылып, білігі сынып қалады. Әлдебір түйелі бошалаң арбаның жарым бойы көпірден суға құлап қалса, жаяу жүргіншілерге ол да бір қызық ермек көрінетін.

Қайық аузы бұл шақта: "Ай, һөй!" дескен айғай, "Ары тарт! Тоқта!", "Иттің баласы!", "Өзің шошқа!", "Көрсетермін, бәлем!", "Көзіңе қара!", "Әкеңді танытам!" деп ақырысқан, бірін-бірі көмекке шақырысқан қырғын, қиқу. Майсыз арба шықырлап, кейде бала жылап, қатын зарлап, әлдебір мезгілсіз есек қышқырып, жанталасқан қайық аузы қым-қуыт боп жатты.

Марков пен Девяткин фельдшер және бұлардың ортақ таныс досы грузчик Сейіт үшеуі Слободка жағынан паромға кеп мінгенде, паромның жаңағы жанталасқан жайлары басылған кез болатын. Себебі паром толған. Енді көпірге де ешкім таласпайды. Міне алмаған, іліне алмаған арбалы жүргіншілер бірі артынан бірі иін тіресіп, сығылысқан сеңдей қала беріскен.

Сейіт, Девяткин, Марков үшеуі Ертістің үлкен суына қарап тұрғылары келіп, паромның арал жақтағы алдына шықты. Осы жерде он шақты жемшік арбасы паромның тап ортасын алып жайғасқан екен. Аттардың тамағының астынан еңкейіп өте берген Сейітті арба үстіндегі бір жемшік тани кетті де, атын атап шақырып қалды. Сейіт те бұрыла бере: "Өй, Жүніспісің! Амансың ба? Қайдан келесің?" – деп, жақсы танысын көргеніне көңілденіп, жадырай амандасты. Сейіт Жүністің өңшең аң терісін тиеген биіктеу арбасына, дөңгелекке басып, қарғып мінді. Паром үстінде отыратын орындық жоқ болғандықтан, Сейіт өзінің қасына Марков пен Девяткинді де шақырды. Олар да іркілген жоқ. Аң терісін тиеген, кенеппен қоршап арқан тартып, ұқыпты қып буған биік арбаға қарғып-қарғып міністі. Жүністің жайын Сейіт жақсы біледі екен, жолдастарына мәлім етті.

– Бұл да біздің Затонның грузчигі еді. Екеуміз қайратқа бәсеке едік. "Мен көп көтерем", "мен мықтымын" деп таласа тұғымыз. Қазір, міне, Жүніс мықты боп шығыпты. Көрдің бе, міне, бұл бай боп алған. Ат-арбасы мынау, тиеп келе жатқаны өңшең түлкі мен қасқыр. Өзі алыстан келе жатқан жемшік болу керек. Мынау көп қазынасын көрдің бе алыстан әкеле жатқан! Қайдан келесің, Жүніс? – деп, жөнін енді ғана сұрады.

Өңі тотыққан, қолы жарылған, қырма шоқша сақалы да күнге күйгендей сарғыш күрең тартқан Жүніс Сейіттің сөздерін жымия тыңдады. Ескі жолдасын көргенде қуанып қалған тәрізді. "Қайдан келесің?" – дегенге ол "Жетісудан, Шұбарағаш – Ойжайлаудан келемін", – деді. Әлі де Мәтелі дейтін шалақазақ байдың жалдама жемшігі екен. Байлық сол: ат-арба да өзінікі емес. Қысы-жазы тынымсыз жүк артуда. Осы жолы жиырма арбалы жемшік болып, Қытай шегінен бері қарайғы жерлерден жиналған аң терісін тартып келісіпті. Қазір он арбасы осы паромға ілінгенімен, он шақты арба кейін қалыпты. Осындай аз жайларды айтысу үстінде ол екеуі өзара сөзге кетті де, Девяткин мен Марков өздерінің қайдан келе жатқан жайларын бір-бірінен сұрасып, айтыса бастап еді.

Девяткин бір жұмадай Ертістен төменгі, сол жағадағы қазақ ауылдарына барып, сонда бір сүзек тәрізді жұқпалы аурумен ауырған әлденеше адамдарды емдеп, қайтып келеді екен. Марков Ертістің жоғарғы жағында Шөптіғақ сияқты бекеттерге барып, Жоламан жатағында болып, балық аулап, құс атып қайтып келеді.

Бұл екеуі Сейітпен де жаңа қайық аузында ұшырасқан.

Бірауық Марков пен Девяткин сәл тоқтап, Сейіт пен Жүністің сөзіне құлақ салып еді. Қазақша жақсы білетін Девяткин анау екеуінің бір-біріне айтып жатқан сөз аңғарын түйді де, Марковқа қарап: – Мыналардың сөзін қараңыз, байқаңызшы, кім туралы айтып отыр! – деп, сәл отырды да: – Олар Ибрагим Кунанбаич туралы сөйлеп жатыр! – деді.

Марков Абайдың жайын бір жұмысшы, бір жемшіктің алғаш кездескен сәтінде ауызға алғанына таң қалды. Өзі қазақшаға оншалық жетік болмағандықтан, Девяткинге: "Қане тыңдаңыз, байқаңызшы, не айтысар екен?" – деді.

Сейіт пен Жүністің Абай жөніндегі сөздері осының сәл алдында Жүніс сұраған бір жөннен басталған. Ол қалаға түнде ғана келіп кіргендіктен, әлі бұл жақтың жаңалығын естімеген екен. Жалғыз-ақ, жолдағы соңғы бір бекетте "Абайға бір жаман адамдар қастық етіпті", "қатты қастық етіпті" дегенді ғана шала-шарпы құлағы шалған-ды. Сондықтан да бұрын Абайдың өлеңін Сейітке қосылып өзі де көп айтатын Жүніс: "Осы не сөз, не хабар?" – деп сұраған еді. Сейіт Абай жайынан естігенін айта берді. Осы кезде Жүніспен екеуінің қасына өзге арбалардағы жемшіктер де біртіндеп келіп, бұларды қамай қоршап алған.

Девяткин Марковқа қысқа-қысқа сөздермен естігенін шала-шарпы айта отырып, жемшіктердің ендігі кеңестерін тыңдады. Жүніс болмаса, көп жемшік Семейдің, бұл өңірдің адамдары емес. Жеті жемшіктің бәрі де Шұбарағаш, Қапалдың, Аягөз жағының адамдары екен. Бірақ Жүністің айтуынан ба, елдерінде естуден бе, Абайды бұлар да жақсы білетін тәрізді.

Сейіт Көшбикеде болған қастық, жамандықты толық айтып шықты. Абайды "Көкеннің кедейіне, диханшы бейнетқор көбіне болыстың" деп, "Тобықтының әруағын сындырдың", "аталы жуандарды жер қылдың", "жат жұрттың алдында Құнанбайдай жақсы әруақтарды қорладың" деп жазаға ұшыратыпты. "Өлтіреміз" деген ниетте де болыпты. Тек қолдарынан ғана келмей қапты, деген еді.

Жүніс бастаған бірнеше жемшіктер қатарынан қатты қорланып, күйініп, күйзелген сөздер айтты. "Не деген иттер, жыртқыштар еді!"

– Өңшең қанқұйлы кімді аяйды!

– Өзгеге қастық етсе де, Абайға қайтіп беті шыдады екен бетсіздердің!

– Жер өртегені, ел шапқаны, керуен талағаны аз боп па еді, өңшең ұры жәлептің! Ендігі қалғаны Абай ма еді жалғыз! Жалғыз бір, жалқы ғана жақсы жан! – дескен үндерге қоса тағы бір бурыл сақалды жемшік өзінің оқшау ойын айтты.

– Ұлық не қарады? Абай орыстың өнерін жақтайды, оны ұлық неге жақтамайды, неге сақтамайды?!

Бұл тұста Сейіт өз ұғымынша ұлықты ақтағысы келді.

– Ұлық не қылсын? Абайды, керек десе, сол жерде аман алып қалған ұлықтың өзі. Стражнигін жіберіп, мылтық атып, өлімші қып түтіп жатқан жерден ояз құтқарып апты. Ұлықтың болысқаны сол-дағы!

Девяткин осы тұста сөзге араласты.

– Сен білмейсің, Сейіт, олай емес. Кунанбаевты уездный начальник, сенікі айтқан ұлық қорғамайды. Ол болыспайды. Кунанбаевтай кісіні кім қорғайды? Халық қорғайды. Міне, сен!.. – деп Сейітті көрсетіп, "сен!" деп кеудесіне түртіп, Жүністі көрсетіп, жағалай қолын созды да: "сен", "сендер", "халық қорғайды!" – деді.

Сейіт пен Жүніс бастаған жемшіктер Девяткиннің сөзіне аңыра қалып, таң қала сүйсіне берді.

– Апыр-ай, рас айтады-ау!

– Сөзі мақұл-ақ! Тап басқан сөз ғой! – десіп, дабырлаған сөздің артынан Сейіт ойлана тұрып бір байлау айтты.

– Дұрыс емей немене! Ел жақсысы дейміз, халықтың қамқоры дейміз. Ел деген кім, Оразбайлар ма екен? Олар емес деп Абай мың мәртебе айтпады ма? Момын көпшілік ел... сені мен біздей еңбек сауған азамат ел, деп сан өсиет айтты ғой. Ендеше, бар жайды осыдан тоқы. Девяткин жаңа шын айтты да сын айтты. Керегі не, сені мен маған сын айтты... қазақтың көп елі, момын елі! – деді.

Өзінің жаңағы аз сөзін жақсы ұғынып, көп қостаған жайды байқаған Девяткин тың әңгімеге ауысты. Ол осы жолы өзі барып, қайтып келе жатқан Қарашолақ, Кенжебай, Жалықбас деген ауылдарда көргенін айтты.

Кеш бата баласы ауырған бір кемпірдің үйіне барған екен. Қарашолақ аулындағы егінші, кедейлеу үй. Сол үйде кеш қараңғысына үн салып жылап, намаз оқығандай бұрышқа қарап, жалғыз күңіреніп отырған шалды көрдім, дейді Девяткин. Ауырып жатқан баласына жылап отыр екен десе, ол сол күнде өздеріне жеткен Абай турасындағы жаман хабарды ұғыпты да, Абайға жаны ашып, жас молданың қасында бес-алты бала Абайдың өлеңін жаттап, шулап айтып отырғанын көрген. Сол балалар да молдасынан Абайдың жаза көргенін жабыса сұрапты, қатты ренішпен сұраған балалар болыпты.

Кенжебай аулында Ақбалық деген жақсы қыз бар екен. Соның күйеуі келіп, қыздың үйінде кешке ойын-сауық болыпты. Девяткин қонақтардың ортасында отырыпты. Сонда Ақбалық деген қыз Абайдың Татьяна, Онегин сөздерін, әндерін айтып-айтып келіп, ең ақырында қатты жылап жіберіпті. "Осындай асыл аға, алтын сөздің иесі Абайды да өлтірмек болыпты қазақтан шыққан қанішерлер. Бұл елдің ішінде нелер жоқ! Қандай қандыауыз қасқыр жоқ!" – деп сөйлепті Ақбалықтай ақылды қыз.

Девяткин сол Ақбалық деген қызды әсіресе тамашалап айтады.

"Абайды сондай білген, сүйген, түсінген қазақ әйелін мен өз көзіммен көрдім. Міне, осыған қарап Абайды халық біледі. Абайдың досы халық, сол халық қорғайды да, сақтайды деп білемін!" – деген.

Үлкен Ертіс үстінде Абай жөнінде басталған осы әңгімелер кейін бұл жүргіншілер Қарасудағы екінші паромға барып мінгенде тағы да созылды. Онда Марков та өзінің аңға шығып, Ертіс бойлап балық аулап жүргенде қазақтың кәрісінен, жасынан Абай жайын көп естігенін айтты.

Тағы бір шақтарда осы қайық үстінде болған әңгімелер мен жайларды Марков Павловқа да айтқан еді.

Абай Көшбикеде жазықсыз жаза шеккеннен кейін жарты ай шамасында Ертіс паромында болған жаңағы жайлар бір ол жер емес, сан жерде сондай сөйленген, ауыр аңызға айналған-ды.

Сонда Дәмежандай кедей бейнетқордың үйінде, Сейілдің қайығында, Сәмен, Сейіт сияқты грузчиктердің еңбек еткен пристанінде көп ызалы сөздер айтылған-ды. Әсіресе Затондағы жеке бас, үйсіз грузчиктер жататын барақтарда, қалың топ жұмысшылар арасында былтырғы жазда, күзде Оразбайдың иттігі, сұмдығы жөнінде талай жігерлі, жиреніш сөздер сөйленген.

Қазір Көшбике уақиғасына бір жыл өткен шақта, сол Семейден, Затоннан аз уақытқа елге шыққан атақты балуан-грузчик Сейіт те Абайға деген өзінің дос көңілінен айнымай келген-ді.

Сейіт биыл қыс аяғына сүзек болып ауырып, содан тұрған соң пароход жүре бастағанда, жылдағы маусымдық ауыр жұмыс – жүк тасуға кірісу керек еді. Әдетте, күнұзын еткен еңбегі, бір емес, екі кісінің қайратына төтеп беретін күші биыл азайып қапты. Буынын бұрынғыдай балғын етіп бекіте алмады. Табысы да татымсыз бола бастады. Содан Сәмен сияқты тату жолдас, достары, әйелі мен жақындары болып Сейітке биыл жаз елге шығуды кеңес еткен.

Сөйтіп, жаз басынан бері Сейіт өзінің бала кезінде тастап кеткен елі – Тоғалақтың ішіне, таныс, ағайын, жақындардың біріне қонаққа келіп жатқан. Бұл күнде әлденіп, бұрынғы қуаты қайта құралғандай. Ел жайлауға шыға келіп еді. Қазір, міне, ел бауырға түсе бастағанға шейін екі айдай қымыз ішіп, тынығып, бұрынғы кесек денесі, балғын бойы қалпына келді. Қуаты толып, ақсұр жүзіне ажарлы қызғылт, ұнамды ірең білінді.

Сейіт кедей болса да, күнделік нан, шайын күндегі ауыр еңбегімен таба жүріп, сол аз табысын келген-кеткеннен аямайтын.

Сәмен сияқты Сейітте жұмысшы грузчиктердің көбінің мінезін ұнатады. Бұлар жомарт кедейлер. Сейіттің Затондағы шатырсыз, аласа екі бөлмелі кірпіш үйіне осы өз елінен барып, түсіп жүретін ел адамдары көп болады. Кейде керуен болып, көп түйелі, шаналы қалашылар да бұның кішкене қорасына көлік-сайманымен зорға сыйып, әлденеше күндер жатып кетіп жүретін. Жалғыз өз елінің – Тоғалақтың қалашысы емес, өзге грузчик жолдастарының елдегі басқа болыстардағы таныстары, жақындары да Сейіттің пейілі кең, ашық, жарқын мінезін сүйеніш етіп, бұның үйіне түсе береді.

Қысқы соғым кезінде немесе жаз жабағы жүнін, қыл-қыбырын қалаға әкеліп, базаршылап жүретін ел қазағының қонақтары Затон жұмысшыларының үйді-үйін, қора-ауласын аузы-мұрнынан шығарып, лық толтырып жататыны болады.

Сейіт сондайда кейде қонақтарына асып берер ет, кесіп берер нан таппай қалатын күндерге де ұшырайды. Тек көп қонақтың ішіндегі кедей күйін жақсы түсінетін есті-басты адамдар ғана Сейіттің сырын аңдап, жең ұшынан жалғасып, азды-көпті көмек етіп кетіп жүреді. Ал Сейіт пен оның өзіндей көңілді әйелі Қатша болса, бұлар әбден титықтап, тұралап қалғандарынша "береріміз жоқ, ішеріміз таусылды!" деп сыр бермейтін.

Көрші дос қазақтан, немесе өздеріндей орыс жұмысшысы грузчиктен, мастерден, қатардағы құймалас тату досы, қара темір ұстасы Кириллден тиын-тебен алып, қонағын атқарып жіберіп, кейін еңбегімен борыш-қарышын өтеп жүреді.

Сейіт балуан, жомарт мінезінің үстіне аса сауықшыл, көңілді, ақжарқын жігіт. Сол мінезі үшін Сәменмен қоса, Абайдың іні досы ақын Дәрмен де аса қадірлейтін. Дәрмен мен Әлмағамбет, Мұқа сияқты әнші-ақын өнерпаздарды Сейіт, Сәмен бастаған Затонның бар жұмысшысы өзгеше қызықтап, сағынысып тұрады. Бұларға қоса Баймағамбетті де ол жұмысшылар аса қадірлейді, ыстық көреді.

Осы адамдар арқылы Затонның Сейіт, Сәмен сияқты жұмысшылары Абай шығарған сөздің талайын естіген. Бірталай жылдан бері Абайдың әндерін де Затонның грузчиктері көп жерде, көпке таратып айтысып жүретін.

Сейіттің үйінде Семейдің үш ішекті шешен домбырасы бабынан айрылған емес. Қол босап, сәл тыным, тыныштық алар кез болса, Сейіт шалқасынан жалғыз жатып та төсіне сөйлеуік домбырасын көлденең алып, Абайдың әнін, ой мен қырдың қазағы айтатын жаңа әнін, ноғай жырларын да безілдетіп тартып, қоңырлатып үн қосып айта беретін.

Жаз бойы Тоғалақ ішінде Сейіт осы өлеңін үдете түсті. Қаладағы бұның үйіне өз үйіндей барып түсіп жүретін Тоғалақтың көп кедей, шағын шаруалары жаз бойында Сейітті өз әлдерінше төбесіне көтеріп күтті. Біреуінің қымызы, біреуінің айран-шалабы болсын, қозы-лағы болсын, бәрін де Сейітке көлденең тартысқан. Үйден үйге, ауылдан ауылға өзі әнші, өзі мінезді Сейіт бар таныс-жақындарына аса қадірлі боп жүрген. Тоғалақ көп ел болса да, қонысы аз, жері тарлық себепті әр қоныста қалың топ ауылдар боп, жиі қонады. Бұлардың туысы Сақ деген ел бар. О да осындай мол өскен елдің бірі. Сақ-Тоғалақ кейде аттары қосылып айтылатын бір-ақ ел тәрізді, өздері тату. Және жаманшылығы, сотқарлығы аз, момын ел. Саны көп болғандықтан бұл елді басынып, зорлық ету оңай емес. Сол себепті көршілес Есболат, Олжай сияқты байлары, содырлары көп жуан елдер дәл осы Сақ-Тоғалаққа соқтыға бермейтін.

Сейіт соңғы күндерде көршілес Есболаттың бір кедей көңілдес жігіттері қонаққа шақырған соң, бір бала жігітті ертіп, сонда барған еді. Бұның таныс аулы – Есболаттың үлкен байы, атақты Оразбайдың көршісі екен. Сейіт өзінің құрбысының үйінде екі күн қонақ болды. Ән салып, сауық құрысты. Бұның өлеңін әнінен де бетер тамаша қып тыңдаған кедей-кепшік, малшы-жалшылар аса көп болған еді.

Өзінің тату құрбысы Айсаның үйін Сейіт соңғы күндер көпшілік жиналатын қызық, думан үйіне айналдырды. Соншалық зор, сұлу даусы болмаса да, орташа, қоңыр, майда үні бар Сейіт бұл тыңдаушыларына анық өнерпаз көрінді. Әсіресе, осы ауылдың жылқышы, түйеші, сауыншы, мал суарушы, жалшы-малшыларына естілмеген өлеңдер мен сөздер шығады Сейіттен. Соны кейде ән мен домбыраға қосып айтса, кейде Сейіт қарадай төгілтіп, есіп сөйлеп, ағызып айтып береді. Бұның осы айтатынының бәрі тек Абайдың өлеңдері еді. Сонда ол Абайдың болысты мазақ еткенін, құнсыз байды шенеп, сынағанын айтады. Неше алуан партия басы, атқамінер, ел бүлігі боп кеткен жуан-содырларды таңбалап, дүрелегендей болады. Көптің айызын қандыра, "е" дегізе, мәз қылып күлдіріп те жырлап береді.

Сейіт кешегі күн кешкі салқында далаға шығып, көңіл көтеріскен бір топ жас жігіттер арасында өзінің балуандығын да көрсеткен. Дәмелі дейтін, бұнымен жасы құрбы үш жігітті Айса бастаған достар шақырып әкеп, Сейітпен күреске түсірген-ді. Сейіт сол жігіттердің үшеуін де, біреуінен соң біреуін Семей күресінде қолданатын тәсіліне салып, алып соққан-ды. Арқалап алып, "грузчиктердің әдісі солай" деп, шалқасынан сала, оң иығынан асыра, тымақша ұшырып түсірген.

Бүгін түсте қалың жұрт жиналып жатқан көп ауылдың ортасындағы құдықтың басына Айсаны ертіп, Сейітте келген еді. Осының алдында құдыққа бір түйе түсіп кетіпті. Сол түйені терең шыңырау құдықтан суырудың әуресіне жиылған еркектер көп екен. Түйе де, құдық та бай Оразбайдың мүлкі. Құдықтан түйе суыру әрі тәсілді, әрі азамат қайратын керек қылады. Сондықтан құдық басындағы мал суартып жүрген Оразбайдың айғайшысы ұры Қиқым маңайдағы жігіттерді жиғызған.

Сейіт пен Айса осымен келіп еді. Түйені терең, кең ескі құдықтан суыру оңай болған жоқ. Бірақ жиырма шақты еркектің барлығы да семіз, қартаң сары іңгенді суыруда оның бас жағын өз қолына алған Сейіттің қайраты қатты тигенін шуласып айтысқан-ды. Түйе құдықтан суырылған соң, енді сол апанша мол құдықтың суын төгіп, жақсылап аршып алу қажет болды. Бар ауылдың малы ғана емес, ауыз суы да бауырдағы қоныста осы құдық боп шықты. Жайлаудай емес, қазір бос су, өзен, бұлақ бұл елдердің ендігі күзекке қарай бет алған қоныстарында жоқ болатын.

Жұрт бірталай уақыт екі жақтап бақырмен төгіп, суды жеңіп, құдықтың түбіне таман тазартып тақап барды. Дәл осы кезде бостау отырған көп кедей-кепшік Сейітті тағы қозғай бастады. Кешеден одан естіген, бұрын құлақтарына тимеген жақсы өлең, "тәлім сөз" дегендерді Сейіттің тағы айта отыруын сұрасқан еді.

Сейіт өзінің көңілді кезінде іркілмей, бұлданбай білгенін оңай айтатын. Бұл тұста да соны істеп, "Алыстан сермеп" дейтін өлеңін біресе сол өлеңнің әнімен айтып, біресе желдірте, жорта, қара сөзбен соқтырып, ұзақ айтып кетті. Өзінің айту екпініне ерген және сөзіне еңсесімен беріліп, сүйсіне жырлаған Сейіт маңында отырған кейбір бай баласы, жас жігіттердің және бір-екі қартаң көрші-қолаңның бұның сыртына қарап, біреуден қымсынып, жалтақтай отырғанын байқамаған еді. Тыңдаушылары бұны енді шала тыңдап, Сейіттің артына қарай алаңдай берген соң, Сейіт соңғы сөздерін қарадай, жорта айтып тоқтай қалды. Сол сәтте өзі де айналып артына бұрылған еді. Енді көрсе, бұның сыртында аққоян бөркін көзіне таман киіп, семіз жарау ақ боз атына мінген Оразбай бай бұған кәрін қадап, түксие түйіліп түр екен.

Оразбай Сейіттің сәлемін де жөндеп алған жоқ. Енді ат үстінде қамшысын қымти түсіп, Сейітке таман төне берді де, зілдене сөйледі.

– Сен кедей, немене, менің аулыма кімнің сөзін әкеліп жүрсің? – деді.

Сейіт әуелі түсіне алмай қалды.

– Қай сөзді әкеппін, не айтып тұрсыз, бай?

– Немене, танайын деп пе ең? Жаңа өз құлағыммен естідім ғой!

Сейіт енді аңғарып, жадырап күле берді.

– Ә, жаңағы Абай өлеңін айтасыз ба! Иә, рас. Оны менің айтып жүретін әдетім. Тіпті, қыр түгіл, қалада да көп айтам. Оны қайт дейсіз, байеке?!

– Тағы айтшы және біреуін! Көрсете түсші тағы да бір қырынды!

– Айт дедіңіз, айтайын. Қырым да, сырым да жоқ. Айтарым менің – білгенім ғана! – дей сала, Абайдың алдыңғы жылы жазған, сол жылы Дәрмен мен Сейіттің өзі ұғып алған "Малға достың –мұңы жоқ малдан басқа!" – деген өлеңді қара сөзбен айта жөнелді. Жүресінен отырған қалпында Сейіт кесек, кең кеудесін Оразбайға бұрып алды. Жуансыған байға бұның ішінде ызасы аз емес-ті. Қазір Абай сөзін қазақтың анық бір қалың елі жиренетін жауыз байына қадап айтуға Сейіт қызығып кетті.

Өлеңнің ендігі сөзі де мұның қолына тура сойыл бергендей, "соқ" деп тұрғандай болатын. Сондай жолдарды Оразбайдың жалғыз ызалы көзіне өзінің кішілеу өткір сарғыш көзін қадап тұрып, Сейіт басқа соққандай айқын етіп, қатты айтып берді:

Мал жияды мақтанып білдірмекке,

Көзге шұқып, малменен күйдірмекке!

Өзі шошқа, басқаны ит деп ойлар,

Сорпа-су мен сүйекке сүйдірмекке.

Ақылды деп, арлы деп, ақ пейіл деп,

Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.

Осы күнде мал қайда, боқ ішінде,

Алтын алсаң береді боғынан жеп!.. –

дей бергенде, Оразбай қатты дауыстап: "Жә, доғар, тантыма! Менің алдыма тартқан сыйың ба әлде!" – деп қадала берді.

Сейіт таңданып, сәл бөгелді де, сескенбей жауап берді.

– Ақсақал, мен ақын айтқан сөзді айтам. Сізде менің жұмысым жоқ! – деп еді, Оразбай енді ызаланып алған екен, Сейітке егесе қарады.

– Сен өзің қаңғып жүрсең де, тегін қаңғып жүрмеген боларсың. Сонымен жаңағыңның орайына мен саған өз сыбағамды бұйырамын. Түс ана құдыққа, құдығымды аршы! – деп, ақырып бұйрық етті.

– Жоқ, ақсақал, мен қаңғысам да сіздің есігіңізге барғам жоқ! Құдығыңды аршиын деп келгем жоқ. О не дегеніңіз?!

Оразбай атын тебіне түсіп, омыраулай берді.

– Дегенім сол, түс құдыққа! Болмаса кешеден бергі, жаңағы қысасыңның барлығына егесім сол – сен естіп көрмеген жаза кесем!

Сейіт орнынан ызалана тұрды.

– Неліктен кесесің? Не жазығым үшін жаза кесесің?!

– Жазығың – менің жауымды жақтағаның.

– Жауың кім еді?

– Білмей тұрған шығарсың. Сөзін әкеп, сойылын соғып!.. Абайды жақтамай, кімді жақтап тұрсың?!

– Ә, Абайды айтасыз ба?..

– Иә, Абайды айтам. Арамды айтам! Ел бұзатын бүлікті айтам!..

Сейіт енді неге болса да шыдағандай намысқа басып еді.

– Иә, рас, сіз айтсаңыз, соны айтасыз. Ал біз айтсақ, сіздей байларды Абайлардан садаға кет дейміз! – деп, Айсаға иек қағып, орнынан тұрып жүре берді.

Оразбай ақырып, әмір етті:

– Ұста ананы! Сал мына құдыққа, түсіріңдер! – деп, Қиқымға қарады. Өзі де қамшысын ыңғайлап, Сейіттің соңынан ұмтылған Қиқымның қатарына ілесіп, ашумен ақыра берді.

– Ұстаңдар, жабылыңдар! – деді.

Оразбай ақырғанмен, Сейітті білген, кешеден бергі сөзін, өнерін көрген кедейлер ұмтылмады. Қиқым бір-екі аусар жігітпен Сейітті қуып жетіп, "тоқта!" деп бұйрық етіп еді. Сейіт оған қанталаған ызалы көзін жалт бұрды да: "Тұмсығыңды бұзамын! Жоғал көзімнен!" – деп кете берді.

Бұл арадағы кедейлер, малшылар Оразбайдың оларға қадалып тұрып: "Ұста, жүгір, сүйреп әкел!" – деген бұйрықтарының біреуін де тыңдамай қойды. Екі-үш қартаң кедей: "Қойыңыз, сабыр етіңіз! Қайтесіз, қонақ қой!" – дей беріп еді, Оразбай сол сөзді айтқан үш кедейді қамшымен бастан тартып-тартып жіберді. Өзі енді зор даусын ақыра шығарып, Сейіттің сыртынан аса қатал бір серт айтты:

– Қазір сені ұстатып алып, жерге қақпасам, кәпір болайын! –деді де, боз атты борбайлап, айғай сала "аттан, жинал, аттан" – деп шаба жөнелді.

Осыдан әрі Сейіт Айсаның үйіне жетіп, атын ұстатып алғанша, кедей ауылға жиырма-отыз сойыл, шоқпар, арқан, шылбыр алған қызбабас, құтырған жігіттер шауып келді. Айсаны сабап, араша бермей, Сейітті ортаға алып, тобымен жабылып, дедектетіп алып кетісті.

Жаңағы ашумен құтырып алған Оразбай қазір анық жыны буған бақсыдай өзінің үлкен үйінің сыртында екі езуінен көбік шашып, бұрқырап, бір топ адамға жер қазғызып жатыр еді. Жендеттері Сейітті әкеле бергенде, Оразбай бір сұмдық бұйрық етті.

– Жаза кестім дедім ғой, дегенім сол! Жерге қағам дегенім. Кеудесіне нан пісетін кедей ғой! Салыңдар мынау көрге! Тірідей жерге көміп, жерге сонымен қағамын! – деді де, Сейіттің екі қолын артына қыл шылбырмен байлатып жіберіп, терең қазылған құр құдыққа тастатып жіберді, сол арада өзі бастап екі жақтап шым топырақты Сейіттің үстіне лақтырды. Барды төгіп, ойран-топанын шығарып, ілезде құдықтан басы ғана көрінер-көрінбес боп тұрған Сейітті анық тірідей көмдіріп салды. Тек өлмес етіп, иегіме шейін көмдірді де, жалаңбас басын, жүзін көмілген топырақтың сыртында қалдырды.

Оразбайдың бұйрығын одан қорқа тұрып және бір жағынан сотқарлық, бұзарлықпен іштен құптап, орындап тұрған Қиқым сияқты содырлар бар. Олар Оразбайдың беделімен бұл шаққа шейін барымта да алған, ауыл да шапқан. Талай жанға дүре де салған. Сан төбелесте әлденеше жандардың басын жарған, қолын сындырған, қандар ағызған сұмдар болса да, дәл мынадай сұмдық жазаны өз көздерімен көрген емес-ті.

Қазір соны өз қолдарымен істесіп те шықты. Түс кезінде қара жерге тірідей көмілген, қорлық жаза шеккен жігерлі жігіт Сейіт түнге шейін үн қатпай, осы масқара жаза астында болды.

Оразбай бұл істі құдық басында, Сейітті көрген жерде ғана ойына алған жоқ-ты. Екі күннен бері оның Айсадай кедейдікіне келіп, Абай өлеңін айтып, көп жұртты таң қылып, құмар етіп жатқанын білген болатын. Соның өзі үшін-ақ Оразбай кешегі күні де дағдылы ожарлығына басып, Сейітті алдына алғызып, жазаламақ болған. "Ауылдан, елден айдап тастаймын", "қорамның шетіне келіп, Абайдың үнімен үргенін көтермеймін", "ондай қаңғыған итті сабап-сабап қуып жіберемін!" – деп бір бүлінген. Онда қымыз кеңесінде отырған кейбір қартаң адамдар: "Аулыңа келген жалғыз-жалқы, қадір салмағы жоқ жігітке, саяқ бір жаяуға қол былғап қайтесің", "Айтар сөзіңе, ашуланар тіліңе татымайтын қаңғыған бір кедеймен не деп жамандасасың!" – деп тоқтатқан-ды.

Бүгін құдық басына бара жатып Оразбай қасындағы жігітінен: "Сейіт кетті ме?" – деп сұраған-ды. Осы тұста ол кешелер білмеген, есіне түспеген және бір жайды тыңнан біліп, тағы да ызамен құлшына түсіп, тісін басып келе жатты. Сейітті сұрастыра келсе, бұл ана жылғы Мәкен қыздың қалада болған жанжалында аты шыққан айбарлы жігіт осы Сейіт болып шықты. Қызды Затоннан Қорабайлар тартып әкеле жатқанда, паромның үстінде соңдарынан қуып жеткен төбелесқой балуан жігіттер болды деген. Сонда Оразбай мен Сейсекелер жіберген Дондағұл дейтін түйе балуанды, қаланың ең мықты төбелесқой содырын "жалғыз-ақ салып ұрып жықты", "Затонның бір алып грузчик, балуан батыры бар екен" дескен сөз де болған.

Сол кісі, міне, осы Сейіт. Бүгінгі ызасының үстіне Оразбайдың бұрынғы кегі тағы бар екен. Сол қосылған соң құдық басына келе бергенде, Оразбай Сейітті: "Не ғып жазаласам да орайым бар. Менің алдымда айыпты жазалының бірі. Қолымнан кім тартып алар екен, көрермін!" – деп кіжінген.

Бұдан кейінгі іс, бұл өңірдің адамы бұрын естіп көрмеген сорақы, сойқанды жаза Оразбайдың осындай тісін басқан қаскөйлігінен туған-ды.

Оразбай өзі тірідей жерге көмгізген Сейітің өлтірісін білмек емес. Түсте көмген адамды кеш батып, қас қарайғанша "не күйде жатыр?" деп титтей көңіл бөлмеді. Аулына, үй ішіне атаған ашуы, көрсеткен кәрі сондай қатты болу керек. Бұның ауыл адамынан да бірде-бір жан Сейіттің маңына келмеген. Тек ел жатқан соң ғана, күні бойы жігері құм болған Сейітке жаны ашып жүрсе де, титығы құрып, бабын таппаған Айса Оразбай аулының кәрі күзетшісіне келді. Ол бұрын қойшы болып жүріп, қазір түн күзетшісіне ауысқан момын, қартаң малай еді.

Сол күзетші күбірлей сөйлеп, Оразбайды барлық өрен-жаранымен қарғап-сілеп жүріп, Сейіттің көмілген жеріне Айсаны ертіп келіп, көрсетіп берді. Айсамен екеулеп топырақты тырналап аршып, Сейітті зорға дегенде босатып алысты. Үн жоқ Сейіт тірі көмілген көрінен дос-жар адамдар суырып алғанда біраз талықсып, сұлық түсіп жатып, аздан соң ес жиған.

– Су! – деп өтініп, қауғамен әкелген құдық суынан ғана жұтып алып, қайтадан қайрат, қуат жиып, жатқан орнынан өздігімен тұрды. Бұған еріп келген жас жігіт жолдасы таяқ жеп, керегеге таңылып, Оразбайдың қолында қалды. Сейіт өзі Оразбай аулынан жаяулап шетке шыға бере: "Кеселім тиер, енді сендерден бұдан басқа көмек жоқ! Жақсылықтарыңа дән ырзамын, үйлеріңе тез қайтыңдар!" – деп, Айса мен күзетші шалды қайтарып жіберді. Өзі Оразбайдың қойшысы мінетін бір ала аттың жақын жерде арқанда тұрғанын аңдап алып еді. Жаңағы екі кісіні жөнелтіп болып, сол ала атқа жайдақ мініп, Тоғалақтың ауылдарына қарай шоқыта шауып жөнелген.

Келер күні ұлы сәскеде Сейіт жатқан Тоғалақ ауылдарының үстінде бір жиын жиылып жатты. Бүгін құрбан айты еді. Соған жиылған айналаның елі болатын. Бұл қоныста отырған ауыл саны аса көп. Бәрі де Сақ-Тоғалақтың момын, шаруа баққан қалың елі, бұқарасы, кедей-кепшігі аралас көпшілігі.

Ұзын өлке бойында Еспе болғандықтан, әрбір қозы өрісіндей жерге саяз құдық қазылып, мол ауыл қоныпты. Қанаттаса қонған сол ауылдар тегіс қоңырқай, қараша үйлерден немесе жыртық лашық күркеден, қостан құралған. Осы көп елдің ортасында, дәл осы үлкен қоныста ақ үйлі, малы қалың бай ауылдың төбесі көрінбейтін. Соған орай бұл ел берекесі көп, ұйтқысы бүтін, барды бөліп ішіп, бөліп жейтін дегендей тату ел.

Айт күні және де бірде-бір ауылға, үйге айрықша салмақ түскен жоқ-ты. Қалың елдің көп азаматы, ер атаулысы өздерінің бір-бір тұғырын мінісіп, өзді-өз үйлерінен, ауылдарынан тамақтанып аттанысқан. Ұлы сәске кезінде сондай көп ер-азамат тай-тулағына, азды-көпті бұтартарына бөлісе мінісіп, көп ауылдың күнбатыс жағында тасы жоқ, бетегесі қалың боз биікке жиналып шығысқан. Дәл осы топтың енді ат үстінде көкпар тартысып, теңге алысып, жеңіл сауық бастаған кезінде, қалың жиыны тұрған топ ортасына Сейіт келген. Жаздай үйлеріне Сейіт қонақ болып жатқан осы ауылдарға белгілі, сүйікті азамат достар бар-ды. Бұлар да бай-бағлан емес, көп ортасынан шыққан, көпке қадірі бар, қолдарынан ерлік келетін, аузында ақылды, естияр адамның сөзі бар. Жігіттер сыйласқанмен сыйласып, сырласқанмен сырласып, өз әлдерінше ұстасқанмен ұстаса да білетін әрі әлуетті, әрі абыройлы жастар еді.

Біреуі – Тоғалақтан шыққан Жомарт, екінші – Сақтан шыққан Омар. Осы екеуінің Сейітпен жастары да құрбы. Жаз бойы Сейітті кезек күткенде үш сауықшыл ойыншы серік боп жүріскен-ді. Өздері балуан жігіттер мынау Еспенің бойында отырған он бес-жиырма ауылдың бәріне аса ыстық, қадірлі жастар болған.

Қазір орталарына Сейітті алған Жомарт пен Омар дөң басында тұрған қалың топқа жетті. Қандары қашып, қатты демігіп, бастарына тымақ та кимей, омырау-жағалары ашылған күйде асығып келісті. Жолда тұрғандармен амандары да жөнді болмады. Кейбіреулер: "Мыналардың түрі қалай? Өздері алдырған адамдар ма? Неғылса бір тығыз- таяңы бар, бір жаманат әкелді ме?" – десіп, көп жұрт араларынан жол беріскен.

Төбе басында тұрған Сақ-Тоғалақтың, Жуантаяқтың ақсақал, қарасақалының ортасында жасы үлкендік болмаса, малды-басты, шен-дәрежелі "атқамінер", "ел ағасы" дейтіннен ешкім жоқ-ты. Бірақ әлдеқалай осы топтың ішінде Базаралы мен оның жақсы көретін ер көңілді кедей туысы, Сейітпен қадірлес тату Әбді бар екен.

Сейіт сөйлеген жоқ. Жомарт қатты дауыстап тұрып, Базаралы мен өз елінің үлкендеріне Сейіт көрген қорлықты "қатты сұмдық" деп атап, әйгілеп берді. Айғайлап тұрып айтып, Оразбайдың өзін де, малынын құлағын да ақыра боқтай сөйледі.

Омар бұған ілесе және де намыс, ашу сөзін айғайлап айта жөнелді.

– Елмісің, жоқ ез қормысың, осы тұрған ер-азамат?! Мынадай масқара қорлауды көрмек түгіл, естігенің бар ма? Осындайды істеп отырған жалғыз көзді жалмауыз, қу соқырға көрсетер ерлігің бар ма, жоқ па?! Асты ғой мынау! Кеткеніміз бе осылай тұяқ серіппей?! – деді. Кейде Омар мен Жомарт кезек айғайлап сөйлеген. Істің жайын ауылдан естіп, шауып келіп, енді жеткен тағы бірнеше жас жігіттер де ызалы айғай салысты. Бірақ дөң басында тұрған көпшілік жиын шешіліп жауап айта алмай тұр.

Жомарт Базаралыны танушы еді. Енді айғай-шуын бәсеңдетпестен сол Базаралыға тақай түсіп, арнай тұрып, тағы да ақыл сұрай, шағым айта, көмек күте сөйледі.

Базаралы бұл елге кеше ғана келген. Осы ауылдарда жиендері бар еді. Және Тоғалақтың осындағы бір атасының, бір топ ауылдарының шешелері Жігітек қызы болатын. Сондықтан Базаралыны Омар сияқты жігіттер "нағашы" деп қадірлеп қарсы алысқан. Қазір де Омар мен Жомарт екеуі Базаралыға кезек сөйледі.

– Нағашы, тым құрса сен айтшы! Мынау тұрған момын ел не қыларды білмей ұйлығып тұрғанын көресің бе? Не қыл дейсің, өл десең де, өзің айтшы! Ақылыңды айтшы! – деген-ді.

Базаралы Сейітті аяғаннан зорға шыдап тұрған-ды. Қасындағы Әбдіге ақырын сөйлеп: "Әттең, қорлық-ай, мынаны естіп, көргенше өлген артық-ау!" – деген-ді.

Сонымен қатар бұл күнде нашарлап кеткен жүрегі қаға түсіп, өкпесі аузына тығылғандай. Аса қатты демігіп, тістенумен қиналып тұр. Жаңағы ызалы, ашулы намыскер жігіттер енді бұған қарап сөйлегенде, Базаралы аңдаса, айналасында тұрған қалың топ, момын көпшілік, ақсақал, қарасақалдың, жас-желеңнің бәрі де бұған қатты үміт қылып, бұған қадалып қапты.

– Айтса екен, бәсе, Базекең айтса екен! Нұсқаса екен!

– Осындайда қамалғанды қостайтын, ұйлыққанды бастайтын өзі еді ғой!

– Көптің көсем – серкесі еді ғой! – дескен сөздер біреуінен біреуі қатаң шығып, халық үні болып, қауырт естіле берді.

Базаралы елдің сырын білетін. Көп тамырын, әсіресе бейнет, еңбек елінің көңіл күйін кәрі тамыршысындай бек танитын. Ашық ойы қайта бір, осы тұста өзі күтпеген күйде, сілкініп оянды. Бар қауқарын жиып тұрып, өзге аттың бәрінен шоқтығы, сауыры биік кәрі тарланына мінген күйінде екі үзеңгіге аяғының ұшын тіреп алып, айналаға естірте, Жомарттарға қарап тұрып, қатты сөйледі.

– Уай, ер жігіттер, мені нағашы деп ақыл сұрапсың. Нағашының бұл күнде бармағын шайнап, өлердей өкініп тұрған жайы бар. Кеудем ұмтылғанмен, ауру басып, сүлдерім құрып тұр. Бірақ "молданың істегенін істеме, айтқанын істе" деуші еді. Нағашыңды тыңдасаң, қазір оның аурумын деп айтқанын тыңдама, істегенін істе! Бұндайда мені айтсаң, қолымнан келсе не істеп қалатынымды білуші ең ғой, ағайын, жұртым! Не тұрыс бар?! Оразбайдан осы Сейіт көргенді әр түрде, әр күнде көрмегенің бар ма еді? – деп, айналаға көпке таратып, енді ызалы сөзін суық түрде қабақ түйіп, қысқарта жиып алған еді.

Бозбиіктің дәл шаншылған жотасынан ұзақ созылған бойына төменге шейін қалың қол, ер-азамат қатып, қалшиып тұрып, Базаралының үнін тыңдап қапты. Осы атырапта бүгін атқа мінген кәрі-жастың бәрі, ер-азамат түгелімен Бозбиіктің өн бойына жыпырлап, сығылысып толған екен. Енді Базаралыдан соғыстағы сүреңдей Оразбайға қатал үкім айтқан кәрлі сөздер ғана атыла шықты.

Ол айғайлап, қатты зор даусын саңқылдатып сөйлеп тұр.

– Оразбай соқырдың асып жүргені алдындағы малы ғой. Сол малда осы тұрған қалың елдің бәрінің көз-жасы жүрген жоқ па?! Қайсыныңа зорлық етпей, қорлық көрсетпей, жуандық етпей жүр еді. Оразбай асып-тасып болған жоқ па, кеше мен бүгін?! Алдынан шығып, шаужайға қаққан бірде-бір ер, әлде бір ел шыға ма, жоқ па?! Қарын шашы алынбай, қара албасты кете ме?.. Жоқ, кетпесін!.. Алу керек елдің өшін, ердің өшін! Кешегі күні қазақ баласы қадір тұтқан Абайдың өшін де алу керек!.. Мынау алдыңа жылап келіп тұрған асыл азаматтың, Сейіттің өшін алу керек!.. Қаптау керек, қалың ел!.. Қорықпағанын, ықпағанын көрермін ондай көрсоқырдың!.. Осы тұрған қалпыңда қапташы кәне, қалың ел. Ал өшіңді, ал ердің өшін, Абайдың өшін ал! – деп, бұйыра айғайлап жіберді.

Осы-ақ екен, барлық иін тіресіп тұрған ер-азаматтың бәрінің аузына ұрандай боп бірнеше өткір, айқын, анық сөздер өрттей лаулап, тарай жөнелді!.. "Өшіңді ал!", "Ел өшін ал!", "Ердің өшін ал!", "Абайдың, Абайдың өшін ал!", "Кімнің көз жасы жоқ еді!", "Кім қорлық көрмеп еді Оразбайдан!", "Қапта, қалың ел" – деп, Бозбиіктің басынан ылдиына қарай, ойынан қайта лаулап, өріне қарай жаңағы сөздер жалындай шалқыды. Өзінің әр кеудені намыспен шарпыған қызуымен, жігерімен енді осы жұрт тұрған жерді сілкіндіріп, түршіктіргендей болды. Қалған сөзге орын жоқ еді.

Жомарт, Омар, Әбді болып ойдан төмен "қапта!", "қапта!" деп, "Оразбайдың аулы қайсысың?" деп, аттың басын ағызып қоя берісті. Қолдарына жолдағы ауылдардан сойыл, құрық, шоқпар, найза ілінген азамат қаруланды да, көпшілік дырау қамшыларына сенген күйде қалың сел боп қаптап берді. Жиыны бес жүз кісі ер-азамат осы арадан екі ғана белдің астында отырған Оразбайдың бір топ ақ ауылдарына таудан аққан тәңірдің кәріндей анық ызалы елдің ашу селін ақтарды.

Бұл топты қазір бастаған Жомарт, Омар, Сейіт сияқты ер жігіттердің өздері. Ауру Базаралы шабуылға жарамай, азғана топ ақсақалдың ішінде қалып қойған. Бірақ Әбдіге өзінің сегіз өрме бұзаутіс дырауын беріп жатып: "Мен үшін он дұспанның басын жар! Соны істемей қайтушы болма!" – деп, Әбдіні өз қасынан қайрап жөнелткен.

Ата ұлы емес, ашуланған қалың көпшілік, "Ел ұлы" болған қалың азамат шабуылы Оразбайдың аулын тас-талқан етті. Бұлар түс кезінде көп ауылдардың ортасында үйездеген Оразбайдың өзі мен балаларына біткен үш мың жылқыны "қиқу салып" түгел тиіп алды. Үш желіге байлаған жүзден аса құлындарды, желілерін борт-борт кесіп, тырым-тырақай қашырды. Үйлерді сабап, уықтарын сындырып, тыста жүрген еркек атаулыны сабап сойып, үйді-үйге қуып тықты. Бес жүз қол Оразбайдың ауылдарының үстінен дауылдан бетер, селден ауыр әлек салып, арлы-берлі өтті.

Оразбай мен оның әр үйде отырған балалары, бауыр, туыстары, қатын-қалаштары бас көрсету былай тұрсын, іннен-інге тығылды. Оразбайдың өзі де амалсыз титығы құрып, төсегіне жата қалғанда, оның шұнаңдаған жас тоқалы үстіне толып жатқан көрпе, жастықты үйе салып, жасырып қалды.

Осылайша ойда жоқтан көп жүректен атылып шыққан әділ ашу, қалың елді көптен бері қазаға ұшыратып жүрген қандыауыз қасқырды інінің аузында ойран салып, масқаралай жазалады.

Қол қимылы десе, анық қалың қолдың қимылы. Шабуыл десе, анық батыл шабуыл.

Оразбай бұрын жалғыз өзі көпке осындай қол қимылын, шабуылын жұмсап келсе, енді бүгін аты жоқ, аталы жау емес, бірақ одан әлдеқайда басым, жуанынан жуан, күштісінен күшті, тобынан сонағұрлым көп, анық асыл күш, жазалаушы шығып еді! Бұлбұрын көпті жылатқан болса, енді сол көп елден жиылған көптің өзі келіп, бұның малын шұбыртып, аулын шулатып, өзін жерге тыға қор етіп, кек алып кетті.

Дәл осы шақта Тоғалақтың, Сақтың, Жуантаяқтың Абралы, Наманай, Мүсірәлі, Байқұлақ, Қаражан сияқты байлары Сақ-Тоғалақтың жаңағы шабуылға қосылған азаматынан, тобынан, көп аулынан безе қашты. Оразбаймен біреулері құда, біреуі тамыр-тілектес, тағы біреулер талай арамдықта бірге жортқан жемтіктес болғандықтан, атсыз көптің әлегінен бастарын аулақтап, әдейі қашып, көшіп жатқан.

Міне осылай, Көшбикедегі былтыр Абай басына істелген қастықтан соң жылдан аса мезгіл өткенде, әдейі арнап уәде айтыспаса да, сол Абай үшін жаны күйген жұрт атаулы, қалың ел Оразбайдай жауыздан осылайша өзінің ашулы кегін алды.

2

Бүгін түс ауа Базаралының аулына бір жұмыспен барған Дәрмен қайтып келіп еді. Базаралы мен Әбді Тоғалақта болған оқиғаның бәрін дастан етіп, айтып беріпті. Дәрмен Абай мен Баймағамбетке, Мұқаға сол жайды, өзі әсіресе сүйсіне түсіп, үлкен бір ырзалықпен әңгімелеп берген. Болған жайдың бәрін баяндап келіп, Базаралы бұған өз әңгімесінің соңында өзгеше бір сөздер айтты. Дәрмен соны жақсы ұғып, жадына сақтаған қалпында Абайға қарап отырып, бұлжытпай айтып берді. Базаралының сондағы сөзі:

– Тау басында мен тұрып қалып, бес жүз кісі жер сілкінтіп, дүрілдетіп "Сақ-Тоғалақтап", "Кек үшін!", "Намыс үшін!", "Ер үшін!", "Абай үшін!", "Азамат үшін!" – деп ұран, сүрен салып жөнелгенде, төбем көкке бір жетті! Шаңды шабуыл жалғыз көзді жалмауыздың өзіне беттеп жөнелгенде, "өз өмірімде тағы мұндай қызық шақ, асыл дәурен көрмесем де арманым жоқ" дедім. Талайдағы кірбеңім кетіп, көңілім түлеп өскендей болды! Былтырдан бері қапа мен құстадан шау болып, шөгіп қалып ем. Енді не керек, тау басына қанат қақпай, бірақ серпіп қалқып шыққандай болдым!.. "Базаралы енді өлсе, арманы жоқ! Сойылды сілтегенде үлкен сұмның өзіне, ең үлкен сұмдықтың басына соға сілтеді!" – деп қайттым. Бұндай күнді көре беруге енді жазбаған да болар! Ауруым асқындап бара жатса да, арманымнан бір шықтым! Сыр айтысар ағайын, Базаралы бүгін өлсе де, артындағы досына айтып кетер арызы осы ғана! – депті.

Бұл сөздерде талай сыр, талай елдік, азаматтық, қасиет бар. Намыс пен зор адамгершілік, өр сана байқалушы еді.

Баймағамбет пен Мұқа таңдай қағып, бас шайқасып, Базаралыға соншалық алғыс арнаған көңілмен мақтау айтысты. Дәрмен де өткір көзі от шашып, жайнай түсіп, бір күліп, бір түйіледі. Соншалық қанаттанып, көтеріліп отыр. Қуаныш әкелгендей, ем болар дауаны айтқандай Абай жүзіне қарай беріп еді.

Абай үлкен сабырмен, салмақты жүзбен құп тыңдады да, үндемеді. Ол ішінен өзімен өзі боп, терең толғанып, қатты ойланып қалған тәрізді.

Күн еңкейе берген кезде Абай үйдегі дос-жарандарын сол әңгіме үстінде қалдырды да, өзі оңашаланып тысқа шығып, содан жай баяу басып, жақын жердегі биік сарғыш төбеге шықты. Осы қоныстан Өртеңнің төсі дейтін биік кішілеу күзектен айнала кең дүние мол ашылып, аса жақсы көрінуші еді. Абай ұзақ аяңдап, баяу басып, көп жүріп кеп, биікшеге шықты.

Қазір кеш тақау. Күн батуға арқан бойындай ғана қалған. Өртеңнің сарша биігінен Абайға мәлім көп таулар, далалар, қыстау болған қалың қатпар адырлар жағалай көрінеді. Сол жақта, күншығыста Орда тауы, Тоқымтыққан, Боқай дейтін көкшіл мұнарға оранған қоңырқай таулар көрінеді. Одан әріде, шырқау ұзақ алыста аспан мен жер мұнар боп, кілегей сұйық ақкөк бояуға айналыпты. Көкжиегі көрінбей қосылып кеткен кілегей мұнар ішінде Арқат тауы, Байжан тасы байқалады. Олар өзгеше иректелген қырлы жоталарымен сәл-сәл ғана аңғарылады.

Жағалай оңтүстікке көз тастағанда, шығыстан батысқа қарай алыс өңір, үлкен өлке қоршай түсіп, қатпар-қатпар қара көк адыр, қалың тау Шыңғыс жатыр. Абай көңіліне мәлім әр тайпа елімен және Абайға жас кезінен белгілі сай-салалары, қыстау қоныстары көп биік шоқылары көрінеді. Шыңғыстың сондай бөліне көрінген биіктері – алыстағы Бөрлі, бертінде Қан, Қараша қойтасы, аты жақсы Түйеөркеш, Тоқпамбет, содан әрі өз ағайыны мекен еткен биік кеуделі Қарашоқы, бертінде Қыдыр қатпар-қатпар қалыптарымен көлденең түсіп, көлбеп жатыр.

Шығыста Шұнайдың қос биігі, одан төменірек, бертін тұста жартасты сұлу тау – Доғалаң тұр. Бір кез айнала үнсіз дүниені тамашалай қараған Абай көзіне Түйеөркештен, Қарауылдан төмен қарай созылған ақ дала түсті. Осы мол сардаланың жап-жазық бетінде Шұнай, Доғалаң, Орда сияқты таулар бір сәтте Абай көзіне тау емес, әлдебір ғажайып алып кеме тәрізденеді. Сары теңіз, шексіз ұзақ жазық, толқынсыз тыныш теңіз тәрізденіп кетеді. Сол теңіздің бетінде күдір белімен кесіп алғандай боп, бөлек-бөлек орнаған көк биіктер көк кемелердей.

Ертегі сипатты теңіздің ертегілік ескі заман кемесі. Сол ертегілерде жапанды кезген жалғыз жанға оқта-текте кезігетін тылсым буған дүние болатын. Қыбырсыз қатып тұрған ұшы-қиыры жоқ жансыз бір меңіреу дүние мүлгіп тұрып кезігетін. Онда тас боп қалған адам, тас боп мелшиіп тұрып қалған жан-жануар көрінетін. Тырс еткен дыбыс, қыбыр еткен тірлігі жоқ, тағы да тас боп сілейіп қатып қалған қалалар бар-ды. Мынау Абай көзіне көрініп тұрған, кесіп алғандай боп саржазыққа оқшау-оқшау шөккен бөлекше тас биіктер бейнебір сол тылсым дүниенің қатып тұрып қалған, тылсым буған тас кемесіндей.

Абай рахат бір әдемі жайлы әсер байқайды. Енді аңдаса, Шыңғыс жақтан асықпай соққан салқын самал тұла бойын шіміркендіріп, өзгеше бір тыныш рахатқа, қоңыр салқын майда бір лепке орағандай екен. Ішінен "Түу, не деген рахат жел, қоңыр жел!" – дей түсіп, омырауы ашық кең көйлегінің бойын, шапанын ашып, төсін сол желге төсей береді. Сол тамаша жайлы салқын самал бет, мойын, кеуде, қол – барлығын қоршалай сипай орағанда, тағы бір шақта жел емес, әдемі мөлдір таза суға да ұқсайды. Адам бейне бір жайлы қоңыр, салқын суға шомылып тұрған тәрізденеді.

Бұл күй айналадағы бар дүниеге ақынның дағдыдан тыс дәл бүгінгідей ой көзімен үңіле қарауына жетекші болады. Тағы да кең, тыныш, жым-жырт өлкеге, өзі туып өскен осы өңірге Абай ұзақ-ұзақ көз тастайды.

Күн төмендеген сайын айнала дүние әралуан ауысып, өзгеріп барады. Қазір Қарауылдың биік шоқысы, Көлқайнардың көп төбелері енді көлбеп түскен күн сәулесімен айқындала қапты. Дағдылы қарабарқын тау төбелер тәрізді емес, енді сол таулар, биіктер аса бір жаңғыра жадырап, алтындай сары, ашық реңге ауысыпты.

Ал, сонымен қатар күнбатыс жақтағы Қыдырдың қоңыр адырлары, әсіресе, Шұнайдың қазір көлеңке басқан теріскей беттері өзгеше бөтен бір дүние тәрізденеді. Қатпарлы қалың адырлардағы кеш көлеңкесі өмір кешіндей сезіледі. Салқындап, қарауыта түсіп, өтіп кеткен ауыр дәурендей, сол өткен қазалы ауыр күндер ізін сақтағандай. Тек қана суық түсті өгейлік, нәрсіздік, өлімге бейім суық күйлер танытады. Өзгеше бір тұлдыр, тұнжыр өткен шақ бейнесі боп, елес етеді. Қазір күн астында жарқырап тұрған Қарауыл, Көлқайнар биіктеріне жаңағы суық көлеңкелі, быжырық бетті батыс жақтағы төбелер күдік пен сұмдық баяндап тұрғандай.

Ол таулар тұтасымен сенімсіз күдік тауы сияқты. Енді бір сәтте жаңағы жарқыраған күнес күңгей беттері де аз-аздап жайылған көлеңкелі әжімдер көрсете бастады. Бұнда да енді шұғылалы күнмен қоңыр көлеңке, көкшіл әжім кезектесіп таласыпты.

Сәтпен жаманат боп тайталаса бастаған. Енді біраз тұрғанда Абай көзі тағы да жылжып өтіп, әр сәтін айқын танытып бара жатқан бейуақ мезгілін аңғарады. Кеш жеңіп келеді. Көлеңкелер тұтасып барады.

Абайдың бұрын бір шақта: "Мұңды көңілім сырласар сұрғылт тартқан бейуаққа!" – дейтін шағы келеді. Қазір сарғыш сәуле жұқалаң алтын жалатқан қаймақ сары қабақта ғана сезілгендей. Бөлек ұсақ адыр да батыстағы қоңыр-көкшіл көлеңкелі таулардың реңіне ауысып келеді. Енді әлгібір әзірдегі майда салқын самал да қоңыр салқын желге айнала бастады.

Абай осы сәтте бұл дүниені өзіне де бір соны болған жаңа оймен шолып, бағып тұрған. Жер, туған жер ең толық, ең мол сырлы өзгеше әңгімеші екен. Өмірдің бірталай биік беліне шыққан Абайдың өткен шақтары елес-елес тізіліп өте бергендей. Сол қатпарлы таулар, ақ далалар, ұзын аққан түйеөркеш әсем салалар, Қарауыл, Балпандай өзендер бұның өмірінде талай-талай шақтарының беті ашылып тұрған өзгеше кітабы тәрізді. Әр өңірге сәл тоқтаса, нелер ыстық қуанышты елес береді. Нелер ауыр қайғы, қажытқан уайым, шаршатқан қасірет, жаулықтың да талай-талай уланған қастығы еске түседі. Талайдан ұмытылған есте жоқ жандар және бір алыстап кеткен әлдеқандай ұсақ оқиға, халдер – бәрі де таласа, шұбатыла береді.

Абай өз өмірінің желісін тағы бір тартып өткендей. Жер, өлке әрбір оқшау шақтарды айқын баян етіп тұрғандай болады. Тағы да жаңағы бір кездегі ертегі кемесіндей, тылсым дүниесіндей көрінген тау, тастарды шола тұрып, өзгеше бір ойға кетті. "Кім біледі, бұлардың ішінде бүгіліп жатқан сыр жоқ па?! Түйіліп жатқан қазіргі нәсілге белгісіз ғажайып бөлек күш жоқ па?! Осы таулардың ішінде қалғып тұрған қазына жолын кім біледі... Осы ақ адыр, сары дала бір шақта құт даласы боларлық ұйтқы мен қор жатпағанына кім кепіл?.. Бүгінгі нәсілге жұмбақ тәрізденіп, үнсіз мүлгіп, мәңгі меңіреу дүние, бәлки, беймезгіл заманның тылсымы буып тұрған дүние болар. Бір шақтар болар, әлдебір замандар, бәлки, келер. Сонда осында баяғы ертегі қалаларындай қатып тұрған, қалғыған күштің бәрі қайта оянар..."

Абай көңіліне осы оймен қатар қызықты ыстық қиялдай тағы бұлдыр тілек келе берді. Сол дүниені, сол заманды көрер ме еді!.. Тым құрса, ұзақ тірлік кешпесе де, әлдебір жайдан қандай бір сәтінде жалғыз көзбен сығалап қараса да, сол заман, сол дәуірді көрсе!.. – деген арман, қиял Абайдың көңілін шалды.

Соны ойлаумен қатар, "ал сол айтылған болашаққа бұл дүние, бұл дәуреннен не баруға, жетуге болар еді!" "Ол күлгін күн, жарқын заманның керегіне бұл шақтан не жарар еді?" – деп те бір ойлап кетті. Әрине, мынау тұл заманның тусып тұрған дүниесі ол шаққа да осы қалпымен барады да өзгереді. Ал адамнан ше? бүгінгі қауым, бүгінгі жандардан ше!.. Бұл жайды бөгеліп тұрып ойлағанда, Абай қабағы түйіліп, жүрек жирене қысылып, өне бойымен түршігіп, бір дір еткендей болды.

Соқтықпалы соқпақсыз заманда өмір кешкен азғантай халқы бар. Оның бүгінгі тірлігі – қорлық. Ол қараңғы, надан, оны билеген күш-қуат қара албасты, қаратүнек күштері. Бұны ойласа, Абай бір сәт шұғыл, қатал бір ойға ауысады. "Бұл өмірден кетер ме еді? Өліп-өшіп, жоғалып, сол болашақ дүние үшін кетсе. Қайта бір ояну үшін, бір сәтке болса да қайтадан жандану үшін өлсе... Болашақта аз тірлікке қайта бір келу үшін солай болса", – деп те қиялдайды.

Жаңағы асқар ойдың шағында бүгінгіден жирену соншалық, Абай бірінші рет осы арада "енді өлсе де болады-ау, жетті ғой! Мен жүретін сапар таусылар шағы болған тәрізді. Өлсе де нетер!.." – деп те ойлады. Бірақ онысы қабақ шытқан, қан жұтқан қайғылының өлімін тілеуі емес. Бүгіннің сұмдығын, сорақы қорлықтарын жиренішпен өз тірлігінен серпіп, бір бөліп тастаудың тілегі тәрізді. Дәл осы ойды ойлай тұра, Абай жаңағы бір сәтте өзіне өзі берген сұрауына қайта оралды.

"Дүние, жаратылыс, рас, осы тұрған Шұнайымен, Шыңғысымен, Қарауыл, Балпаң, Ақадыр, Ордасымен ол заманға баратыны даусыз. Ал, бүгінгі халықтан, осы қауымнан, осы заман адамынан сол жақсы заман қалпына таман керекке жарап барар бұйым бар ма?.. Халықтан халыққа жетер қасиет бар ма?!." – деп, тағы бір ойға түйіле бергенде, Абай сүйсініп жадырай түсті. Езуінде сәл ырзалық белгісі пайда болды. Оның есіне бағанадан жүрек түбінде жатқандай, Дәрмен айтып келген жайлар келді. "Жауыз да бар бұл күнде, қар борандатқан дауыл да бар. Бірақ бүгін күні тумаса да, туар күнге атой беріп жатқан қауым да бар. Мынау Базаралы айтқан "Армансызбын" деген жалынды сөз, жан сөзі той. Ал, ол ұран тастаған қалың ел ше?.. Абаймен туыстым деген ата ұлы Құнанбай, Өскенбай, Ырғызбай емес. "Намыс қудым" дегенсіген жақынсымақ емес. Тіпті ата ұлдарымен, ұрандармен қосылған жандар емес, атсыз ауылдардан шыққан атақсыз ұлдар. Намысқа шапқан, кекке шапқан елдік қасиет бұл емес пе?! Беймезгіл күнде болымсыз болса да белгі берген осы қимыл талай сырды танытпай ма?.. Қолынан шанда бір заманда келсе де, осындай мінез бен іс келген қауым қандай! Болашақ заманға да түйір-түйір қасиет, әлденедей игілік ұрығын, дәнін тастар қауым болмас па?" – деп, оңашалана ойлаған, ұзап ойлаған бір ойының байлауын Абай осындай үмітпен аяқтады.

Сонымен, ымырт жабыла тағы да баяу басып, жалғыз қайтып келе жатқанда Абай басқаша бір қобалжумен келді. Қобалжытқан ыстық жай, ойына алғаш келген болашақтың жайы. Сол болашақ заманның нәсілімен, сол күннің сыр тыңдаушы ойлысымен Абай өзі енді тіл қатысып, жалғаса берген. Осы жайды ойлаған сайын ендігі Абай көңілі тыным таппай, толқына тулай түседі.

Егер де ол заман адамымен тілдесер болса, қандай, нендей жайларын Абай өзі ең алдымен айтуға тырысар еді. Әрине, ол заман адамына бұл тұтас тұрған жұмбақ қой! Ол адам көп ойланбаса, жүрегінің түбіне терең бойламаса, Абайды түсіну оңай бола ма?.. Соқтықпалы соқпақсыз заманда өскен мендей жанды жақын тану, жан тарту арзанға түсе ме?!. Тас қараңғы далада үйірлі наданмен жалғыз алысқан ем. Әлсіз қолда жансыз жалғыз ғана шырақ ұстаған ем. Мендей ізденушіні қабылдаушы оңай ұғып, біле қояр ма!..

Көптен көп айтары бар, жылап та айтпайды, жасып та сөйлемейді, өтініш те етпейді, тек қана "түсін мені, таны мені" дегісі келеді.

Көңілді бұрып билеген бір қызу толқын, ыстық ойлар зор кеудені шарпып тулатты. Абай асығып үйге кіріп, Әйгерімге "шам жақшы" деп тез бір тілек айтты да, төсектің бас жағындағы сүйектеген кітап шкабының ішінен қағаз, қарындаш алды. Үлкен дөңгелек үстел қасына құлай бере, асығып кеп отыра қалды. Жарығы мол Әйгерімнің лампысы үстел үстіне кеп орнағанда, Абайдың асыға қимылдаған жүрдек қолы астынан өзгеше бір тың туысты өлең жолы созыла берді. Дәл осы сәт кешінде анық ақындықтың үлкен биігіне ой сезімімен өрлеп шыққан зор өнерпаздың өзгеше бір өлеңі туып еді: болашақпен өз заманын өзгеше бір халде жарастыра табыстырғандай. Шақ қана үн қатып, иек қаққан белгі атқан еді.

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!..

Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті,

Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!..

Осылайша "Өлсем орным қара жер" дейтін өлеңмен Абай ең алғаш рет өлімді аузына алды. Бірақ бұл өлім жайындағы сөзде өлместік сырды баяндау бар. Өлмес күшті құптау мен ұзаққа жолдау бар. Бұл күңіренген кәрінің, көрге үңілген зарлының айтқан өлім жайы емес. Дүниедегі, халықтардағы, замандардағы барлық бір өлмес күштер, мәңгі тірліктер барына барынша сенген жүректен туған, өлім атынан айтылған, өмір жыры еді.

Абай осы өлеңін жазып болып, енді домбырамен бір шат көңілді күй тауып, қоңырлата тартып кетті. Ол жазуын бітіріп, ендігі үй іші тірлікке бейім жадырай түсті. Соны байқаған Әйгерім Зылихаға қабақпен белгі етіп, көптен жерошақ басында қайнап болып, талай рет тобылғының шоғымен демделген үлкен самауырды келтіруге бұйырған. Шай жасала берген кезде қаладан қайтқан Кішкене молда да кеп кірді. Қаладағы Мағаш пен Кәкітай Абайға арнаулы хат жазыпты. Сол хаттың ішінде Павловтың басқаша бір сәлемін айтыпты.

Жас жақындар мен жақсы дос осы жолы Абайдың қалаға келуін мәслихат етеді. Мағаш пен Кәкітайдың Абайды қалаға шақыруында олардың өз ойынан тыс бір себептер болған. Көп уақыттан бері Семейде бастары қосылған бірнеше үлкен елдердің "абыройлы" дейтін, "есті-басты" дейтін, "ел жақсысы", "ел ағасы" деп атайтын ақсақал, қарасақал адамдары өзара сөз жүргізеді екен. Бұл сөздің басында қала мен қырда көп елдің басын құрайтын Арғын, Қаракесек руының білікті кісілері болады. Сырттағы Керейдің Бегеш деген білгір адамы, ойдағы Керейдің Рақыш дейтін пысығы шығады.

Найман елінің Матай, Сыбанынан тағы бірнеше белгілі адамдар осы сөзге араласады. Бұлардың ішінде Матайдан – Жұмақан, Серікбай қажының жақындары бар.

Тобықтыға көршілес бергі Сыбаннан Қамбар, Қабылан дейтін кісілер араласады. Қызылмола елінің Уақ, Матай, Бурасынан – Қазанғап, Қанғожа да шығады. Көкен, Семейтау Уағынан Серке сияқты, ылдидағы Белағаш елінен Айтқазыдай сөзуар пысық атқамінерлер араласады. Осы бір топ жұрт қаладағы Қаракесек байы – Оразбайдың құдасы, киізші Сейсекемен бірнеше рет кездесіп, сөз байласқан болады.

Сонымен, төңіректеп көптеп көтерген сөздерін енді арнаған өрісіне қарай бұрады. Сөйтіп, қалада бер жақта Білеубай қажы дейтін екі қабат темір шатырлы үлкен үйі бар, бай қажының үйіне Абайдың қалада жүрген жақындарын қонаққа шақырады. Білеубай қажының қонақ жайға арналған төрт бөлмелі үстіңгі кең үйлеріне есіктен төрге шейін дастарқан жайғызыпты. Мол дастарқанды айнала ұзын көрпе, құсжастықтар салғызып, көп қонақ күтеді. Әр үйде бірнеше шелек қымыз бір-ақ сыятын "тайжүзген" дейтін терең, сары қамыс тегенелер беті шүпілдеп, сары қымызға толып, көп жерге қойылады. Қалың қонаққа тынымсыз құйылып, сапырылып жатады. Арнаулы сырлы тостағандар дамылсыз әрлі-берлі қалқумен бір толып, бір солып ұдайы жағалайды.

Сарбұға салып асқан семіз қойдың еттері табақ-табақ тартылады. Мағаш пен Кәкітай бұл жиынның мәнін әуелде ұғынбаған. Оларға тосын бір сөз сол ет жеп, қымыз ішіп болған соң кешеңдеп келген палаудың, шие суының үстінде айтыла бастады.

Төрт бөлменің отыз-қырық кісідей көп жан сыйған ең үлкен бөлмесінің төріне "Абай баласы" деп Мағашты, "інісі" деп Кәкітайды шығарған. Осы жиынның ішкі жайын жақсы білген Шұбарды, Әзімбайды алғызыпты. Олар да төрден, Мағаштың қасына орналасқан. Осыларға тақау отырған Серке мен Бегеш – Уақ пен Керейдің сөзуар орамды адамдары Мағашқа қарап отырып, кезектеп бір сөз бастады.

Аздан соң Мағаш пен Кәкітайдың анық аңдағаны, бұлар Абайдың басынан кешкен былтырғы ауыр жайды сөз етеді екен. Мағаш пен Кәкітай өздері жүрген ортада көп естімейтін айшықты, кестелі сөз әуелгі Бегештен шықты.

– Біз Абайдың жайын, асылымыз, ардақтымыз Абай ағаның жайын сөз етпекпіз. Абайға бала, бізге іні бауырлар, сендердің осы отырған үшеу-төртеуіңнің ортаңа тастағалы отырған осы топтың бір түйіні бар, шырақтар! Сендер арқылы Абай мырзаға біз сәлем жолдағалы отырмыз. Біз дегеніміз кім? Міне, айнала көз салыңдар да, көріңдерші! Мұнда Арғын ағадан Қаракесек жақсысы бар. Ойдағы, қырдағы Керей атаң баласы бар. Өрдегі, ылдидағы Найман азаматы да бас қосып отыр. Дәл қастарыңда отырған Серке мынау. Осы қасиетті дастарқанына біздің басымызды құрап отырған Білеубай қажы болсын, кімдер бұлар? Көз жеткен мен сөз жеткенді болжасаңдар, "исі қазақ" деген осы. Бұл төрт арыстың баласы, Орта жүздің тізіліп келген тобы деңдер! – деп, өз жиындарының жөнін ұғындырып айта келіп, енді Абай жөніне ауысқанда, анық судыраған шешен сөзіне көшті.

– Кім еді Абай, ол Тобықтының ғана Абайы ма еді? Жоқ, исі Орта жүзден орасан, ойқастап озған жүйрігім болатын! – деп келіп, тағы бір Абайды көтере атаған тұсында "ол кім еді?" – деп өзі сұрап барды да, тақпақтай жөнелді.

– Ол қоңыраулы бұйра нарындай, көпке пайда көп еткен көктемдегі жауындай, жақсымыз болатын! – дегенде, тағы осындай құрмет, мадақтау сөзді Серке де іле жөнелді.

– Тілі бұлбұл, аяғы дүлдүл дейтініміз Абай еді! – деп, Серке енді бір кезек сөзді мақсатқа қарай бұра тартады.

– Көштің байсал тапқаны – көкорайға қонғаны, даудың байсал тапқаны – төрешіге барғаны! – деп, құба жондатып, айтқалы отырған жайларын тұспалдап өтті. Тағы да Абайдың қасиетіне мақтау айтып, орағытып келді.

– Отқа салып ерітсең де, алтын сірә жез болмас, аяққа шұлғау қылсаң да, асыл жібек бөз болмас! Біз Абайдың қасиетін қор етер жайымыз жоқ! – деп бір тоқтай берді.

Сол кезде Айтқазы да ой мен қырдың қалың топ елінің аңғарын танытып, Абай бейнет көрсе де, халқының қамқоры екенін атап кетті. Халық қамын жеген жақсының жолы оңай болмайды. Ер басына ол қымбатқа түсетін ауыр салмақ екенін шешендікпен қоса ақылды сөйлеп келіп, өзінше бір ойлы түйін тастады.

– Қорғасындай толқып балқысаң, бейнет көріп алқынсаң, мақсатты тура табарсың! – дегендей, Абай өзі үшін емес, ел үшін іздену мен қиналуда еді. Оның түскен оты ел қамының оты еді! – деп, енді өзгелер айтпаған тағы бір жайды орай келген.

Осындай әр елдің тобынан бір-бір адам жиын мақсатын айтып өткен соң, алғашқы сөзді бастаған Бегеш қайта кеп, алғаш атаған түйінге оралды. Мағашқа тағы да бұрыла түсті.

– Жасың жас болғанмен, "жастық – жалын, кәрілік – күл" деген, Мағаш шырақ. Қырғында қылау салмай ой табатын, жол табатын да жас болады. Самарқанды сапырып жүрсек те, кәрінің бәрінің келіп тоқтайтыны жас жүректің байлауы болады. Біз сенен көп үміт етеміз. Айтарымыз – мынау өзге екі жүздің адамымен бетпе-бет кездессек, Абайдың жайынан жүзіміз ұялатын болады. Біз, Ұлы жүз бен Кіші жүздің баласына, жалғыз бір жақсымызды жарақаттап отырып, не деп тура қарай аламыз. Абай мырза біздің бір сәлемімізді қабыл алсын! Тарғыл тастың тағыларын жуасытатында күш-құдірет бар! Айыпкерді аяғына жығамыз. Тентекті түзеп жолға саламыз. Осы ниетімізге "құп" деген сөзін күтеміз. Бізге жоқшым болып, "іздеріңді іздей бер" деген рұқсатын әперіңдер. Мағаш, Кәкітай, Шұбар, Әзімбай мырзалар – бәріңе мына жиынның айтары осы! Алдыңа далбай тастап, шырғаладық. Жауаптарыңды бүгін бересің бе, ертең бересің бе, тобымыздың ішінен бір-екі кісіні таңдап алыңдар да, айтып беріңдер! – деген.

Бұл жиын Абай маңынан шыққан жастардан ашық жауап алған жоқ. Мағаш пен Кәкітай шешіліп жауап айтқысы келмеді. Шұбар мен Әзімбай жаңағы үш-төрт кісі сөйлеген әр сөздің тұсында ентелей түсіп еді. Олар ден қойып, ырзалыққа әзір болған тәрізді. Бірақ көптің бет бұрып, жауап күткені Абайдың өз баласы Мағаш болды. Ал ол болса, шешен мен ділмәрдің ақты-бозды ағызып сөйлеген аламыш тіліне таңданған жоқ, тал бойы ұйыған да жоқ. Ішінен сыншы, салқын бір күйді сезінді де, өз жауабын түк те қысылмай қысқа ғана айтқан. Оның білдіргені, сөз Мағашқа бұрылып айтылғанмен, бұл билейтін жай емес, арналғаны Абай. Мағаш Абайдай әкені билеп үйренген бала емес. Сондықтан әке жауабын айта алмайды да, айтпайды да.

– Ниеттеріңді естідік. Бұл сөздің түп иесінің не дегенін сіздерге естірту, біздің бүгінгі жиыннан мойнымызға ала кететін қарызымыз болсын! – деген.

Осыдан арғы сөзді өзі де сөйлеген жоқ. Сөйлемек ыңғайы байқалып отырған Шұбарға да бұдан былай сөйлеуге жол бермеді. Жиыннан Құнанбайдың төрт немересі бірге қайтып еді. Жолда Мағашты тағы да жұмсарта түспек боп арбада келе жатып Шұбар: "Жаңағы ел адамдары қандай шешен, естілмеген сөздер шықты-ау ауыздарынан. Біреуінен соң біреуі асып, үдеп түседі!" – деді.

Оны Әзімбай да қостай жөнелді.

– Өйдесең анық шешенді мен осында көрдім. Шын-ақ сөздері "кілемнің тақтасындай" – деген осы-ақ тағы!

Мағаш бұл екеуін қатарынан мысқыл етті.

– Тапқан екенсіңдер, шын шешенді. "Кенеуі жоқ кей билер, құр зорлайды тақпаққа" – дегені қане?!

Кәкітай қатты сүйсініп, сақылдап күліп жіберді.

Мағашта күлкі жоқ. Осы жиынға Мағаш пен Кәкітайды жөндерін айтпай ертіп барғаны үшін ішінен Шұбар мен Әзімбайды ұнатпай, ызаланып келе жатқан. Енді жаңағы Кәкітайдың күлкісіне ілестіре Абайдың атақты өлеңінен екі жолды Шұбарға бұрыла қарап, есіне салды.

Ескі бише отырман бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап... –

деген сөзді ұмытқансың-ау, Шұбар! Ақын да өзің, мақұл да өзің, адасар бір жерің болсашы сенің! – деп, енді анық кекесін сөз айтты.

– Е, қайда адасыппын, Мағаш, не айтып келесің?! – деп, Шұбар әлденеден қуыстанып, Мағашқа ентелей түсіп еді.

– Уа, қойшы әрі! Осы жиынға мені апарғанда тым құрса шыныңды айтып-ақ апарсаң болмаушы ма еді? Әкемнің шерін жаттанды сөзбен, жалақтаған жалған шешендікпен емдемек болып па ең?! – деді. Шұбарға сыртын беріп, өзге сөзден тыйылып қалды.

Абайға Мағаш пен Кәкітайдың "осы орайда қалаға бір келсе қайтер еді" деп хат жазғаны сол жиыннан соң болатын. Қалаға келген соң Абай Мағаш пен Кәкітайдан бұнда болған жайдың бәрін тағы естіді де, үндеген жоқ. Жауап берген жоқ. Не байлауы бары Мағашқа да мәлімсіз боп, бұл сөз қалпынша қала берді. Оның орайына Абай өзін сағынып күткен, көруге асығып келген Федор Иванович Павловты өзгеше ашық бейілмен қарсы алды. Екеуі былтырғы ауыр оқиғадан соң көріскен жоқ-ты. "Абай осымен қырда, қалың жаулық арасында қамалып қала ма", "қайғы басып, көңілі қайтып қала ма?" – деп, Павлов бұл шақта Абайды көруге қатты құмар болатын. Жақында Мағашты үйіне шақырып, Абай жайын көп тыңдап, біліп шыққан. Содан кейін Мағаштар жазған шақырту хаттың қатарына "қалаға келгеніңіз жақсы болар еді" – деп, бұ да сәлемхат жолдаған.

Алғашқы қысқа, шапшаң сұрасып жауаптасқан ыстық, достық сұрақтардан соң, Павловтың салмақпен сұрайтын сөзі бар. Абайдың қазір самайына ақ кіре түскен. Нұрлы көздерінің айналасына түскен әжімдер байқалады. Соған қадала, ойлана қарап отырып, Павловтың сұрағаны: "Қалай, Ибрагим Құнанбаевич! Қазір тірлік қалай, көңіл қалай?" – деген.

Абай да Павловтың көрікті көкшіл көзіне ыстық тарта қарады. Аса сенімді жанға сирек ашатын бір сырды анық ақынша қызық теңеумен айтты.

– Тірлік дейсіз бе, Федор Иванович?! Тірлік деген, дүние деген, менің аңдауымша, өзінің осы күні-түнімен бір оралып жатқан ала жылан ғой. Ол оқ жылан бірде соғады, бірде шағады. Сөйтпек оның болмысы ғой! Міне, тірлік, дүние осылай, Федор Иванович! – деп тоқтады.

Жүзінде ойлы мысқыл бар. Салқын, кең, саналы даналық тәрізді биіктеп тұрған ой шабыты байқалады. Рас, жаңағы сөздерін Абай қазақша қанша шебер ойланғанмен, орысша дәл ойдағыдай шығара алу қиын еді. Ол Федор Ивановичтан кешірім өтіне отырып, бөгеле сөйлеп, қиналып барып жеткізген-ді.

Бірақ айтылған ақындық теңеу және соның мегзеген үлкен ойы Павловтың көкейіне өте тез қонды. Ол бас шұлғи отырып, сүйсінгеннен бет-жүзі қызарып, мейлінше қатты дабыстап, күліп алды. Өзі ішінен: "қандай ақын, философ ақын, қасиеті бар Ибрагим Құнанбаевичтің" деп ойлады.

– Рас, Ибрагим Құнанбаевич, кейде өмір солай сұм болатыны рас. Бірақ оны мәңгі солай, бар қауымда солай деу дұрыс емес және тіпті әділет емес! – деп дау айтты.

Абай тез өзгерді.

– Әлбетте, оныңыз да рас. Бірақ сіз мен көрген өмірді сұрадыңыз. Мен білген тірлікті айт дедіңіз, соған айтқам жоқ па?!

– Сонда да үмітсіздік ақынның жолы емес.

– Ақын кімге жазады? Айналасы жаңағы болса, не үшін жазады?!

– Кімге дейсіз бе? Мен айтар ем, жаңағы алғаш айтқан ойлы сөзіңіздің өзінде талай ақындық тұр ғой. Онда және даналық та орын алады. Сіз бір тынысыңызбен ақынсыз да ұстазсыз. Тілесеңіз де, тілемесеңіз де сол өнер сіздің ішіңізден өздігінше туады. Ендеше, сізге үнемі үзбей жазу керек! – деймін.

– Кім үшін, кімге арнап жазайын?.. Кімге керек?

– А, мен айтайын. Бүгінгінің азына, келер күннің көбіне арнап жазыңыз! – деп, Павлов бір нәрсені есіне алып, қатты сүйсініп күліп жіберді. Бұның тапқыр сөзіне, жеңер ақын дәлеліне Абай амалсыз ойланып, тоқырай беріп еді.

Ендігі отырыста жаңағы айтқан қысқа бір жайын Павлов Абайға баптап, таратып сөйлеп берді. Оның өзі көрген және өзі білген Абай ақындығымен байланысты талай жайлары бар екен. Басын Затонның жұмысшылары етіп, бер жақтағы мойканың жұмысшыларын айтып өтті. Ар жақ пен бер жақтағы тері заводы, былғары заводы, паром, қайық бойындағы жұмысшылар ортасын Павлов көп қыдырып, аралап жүреді екен. Ол Өжеркенің, Секлеңкенің жатақтарын, Жоламан жатағы мен бер жақта қайық аузынан төменгі жердегі қазақ кедейлерін біліпті. Отыншы, пішенші, күтуші мол еңбекшілер орналасқан жайларды қазір осы қаладағы талай кәрі қазақтан бетер өте жақсы аралап алыпты. Солардың арасынан көп адамның аттарын атап отырып, Абайды таң қалдырып, сүйсіндіре отырып, әңгіме қып кетті.

Бер жақтың Жоламан аулынан жағалай түсіп, қайық аузының маңындағы жүн заводын аралап өткенін айтады. Одан әрі Бәйгелішағала, Қарашолақ, Кенжебай, Көптарақты, Жалпақ сияқты қалың топ елді еске алады. Қала маңындағы көп кедей, бейнетқор еңбек елінің күнкөрісін андап, жай-күйлерін сұрастырып, аса көп аралапты. Сылтау етіп, жүрісін елеусіз ету үшін, мойнына мылтық асып, қасына бір шолақ кәрі ит ертіп жүреді. Көп уақыт қолы бос кездерінде – сенбі, жексенбіде Затон жұмысшыларынан Сейіт, Сәменді ерте шығады. Кейде Сейіл сияқты қайықшыларды жолдас етіп, алып кетеді. Сонда қай жерде қазақтың сөз қумай, еңбек сауған қауымы болса – бәр-бәрінде Абай сөзі, Абай әні – өз тәні, суы мен наны тәрізді. Павлов көрген жұрттың ортасына жайылған да, жақсы сіңген екен.

Осыны Павлов Абайға әдейі айтуды былтырдан бері аса бір зор мақсат етіпті. Көшбикеде болған оқиғаның соңынан, әсіресе, бұндағы халықтың қалайша Абайды өз асылы етіп алғанын айтуға ынтығатын. Павлов дәл осы тұстағы өз сөзі – Абайға, әсіресе, қанат бітірер деп ойлайды. Өйткені қатардағы қазақ оқушысының бірі емес, Павлов орыс халқының ұлы. Абай өлеңі оның еліне қандай қадірлі екенін Павловтың көріп куәлік айтқаны – көлденең кісінің куәлігі. Қадірлі, салмақты, сирек куәлік болу керек. Сол үшін де Павлов Абайға бүгін баян етіп отырған жайларын көптен сақтап, аса ғажап дос хабарындай алып келген.

Абай бұны бүгін осы жөнде ұзақ тыңдады. Шынымен қуанып, сүйсініп отыр. Павловтың тағы бір айтқаны Затонның өнерлі, жігерлі жұмысшысы – Сейіттің жайы. Ол Павловқа ере шыққанда, жаңағы Семей маңындағы көп ауылдардың сан үйлері бұларды қуанып қарсы алады екен. Күндіз-түн бұлар түскен үйге басып кіріп, ән тыңдауға, өлең естуге ынтығады. Естігендерін ұғып алуға қатты құмартатын жастарды, балаларды, кейде әнші, өнерлі сауықшыл қыз-келіншектерді де Павлов көп көріпті.

Осымен қатар Павлов қалада ар жақ пен бер жақта кейбір орыс школдарында, интернаттарда оқып жатқан қазақтың жасөспірім жаңа буыны бар екенін ескертеді. Олар да жаз елдерінде боп, қыс қалаға келеді. Халықтан қол үзіп кеткен жастар емес. Солардың тәрбиесіне де Абай өзінің көп өлең, әндерімен араласып жүргенін ойлау шарт. Осылайша Павлов Абай істеп келе жатқан іс пен бүгін ол өзі салқындап, суына қарай бастаған өмір, тірліктің мәні-жөні туралы аса бір ойлы, сыншы дос сөздерін айтып өтті.

Абай Павловтың айтқандарын оның бұл үшін көптен сақтап жүрген жайлары екенін енді жақсы ұғынып, ықыласпен ұзақ тыңдады.

Екеуінің күнұзын бірге кешкен кеңесінің бас кезінде Павлов Абайға келешек туралы да айтып еді. Енді Абай Павловтан көптен күтетін келер күн, бұлдыр болашақ туралы қадала сұрады.

– Алдағы күн қандай, енді бір айтыңызшы?!. Болашақта жақсылық бар дейміз, сол болашақтың келер заманы қашан? Өлшеу, мөлшері енді сезіле ме? – деді. Соңғы шақта Абай өзіне өзі қайта-қайта беріп жүретін осы жұмбақ сұрауын, енді түгел салмағымен жиып, Павловтың алдына сұрау етіп қойып еді.

Павлов бұл жолы бұрын кездесіп жүрген уақыттарда айтатын қалпынан әлдеқайда сенімді сөйледі. Нықтап тұрып бір жайды басып айтты.

– Ең әуелі, Ибрагим Құнанбаевич, сол көптен айтқан жақсы болашақ анық болады да келеді. Бұрын да бізден бұрынғы буындар жарық күнге сенумен өтсе, біз енді соны көруге де үміт болады. Соншалық айқын, соншалық дауғыз, жақсы дүние, жаңа бір заман келеді, Ибрагим Құнанбаевич! Бұған шәк қылмаңыз! – деді.

Абай "Соны жыл мөлшерімен межелегенде қай шамада болар еді?" деп те шұқшия сұраған.

Павлов: "Бұл тұста, әрине, жылмен өлшеп айту қиын!" – деп, Пушкиннің Сибирьге жазған сәлем өлеңін айтып берді.

Ол осыдан жетпіс-сексен. жыл бұрынғы озғын адамның үмітті ойын, жарқын сенімін айтқан екен. Одан келе бере Павлов Белинскийді еске алды. Ол елуінші жылда, жүз жылдан соңғы біздің орнымызға келетін нәсілдің, қауымның бақытты, күншуақты тамаша тіршілігіне мейлінше сенген көңіл айтқан-ды. Міне, сол сөздің жазылғанына да елу жылдай болып қалды. Ал бүгін тоғыз жүзінші жылдың жапсарына келіп отырғанда, біздің бір алуан қауымымыз сол жарқын, жақсы болашақты тіпті жақын түсінеді. Соны өз қолдарымен алуға қарысып кірісіп отыр. Бұл қауымның тұрғысынан қарасақ, жақсылық дәурені жақын заман да тақап келіп тұрғандай! – деп, тағы бір қызу сенімді нанымын аша түсті.

– Ол дүниенің үлкен жаңалығы не болады? Ең айқын көпке көрінетін белгісі неден басталады? – деп те осы жолы Абай анықтап, нақтылап сұрады.

Павлов бұл жөндегі сөзді нақтылай сөйледі. Даусын бәсеңдете түсіп, Абайға ендігі сырының аса құпия бір түйінін сездірді. Бұның айтуынша, ең үлкен белгі сол мынау патша билеген заман күйрейді. Тәж-тағынан патша айырылады, содан төмен қарай санай беріңіз. Қазақтар көп айтатын анау сегіз санат, министрлер, жандаралдар, мынау ояздар, тіпті анау сіздердің болыстарыңызға шейін бар билік, әмір-құдірет күл-талқаны шығып, жоқ болады. Соның орнына халықтың тілегіне сай келетін жаңа дүние орнайды. Міне, ол болашақ туралы менің барлық айтарым осы ғана! Бұны мен ғана – осындағы қиялшыл Павлов қана айтты деп білмеңіз. Айтылып та, жазылып та, бекіліп жол болып, талай ер қауымды бастап келе жатқан арман мен айқын тілек осындай. Бұған сеніңіз! – деп, әңгімесін аяқтап еді.

Павловтың айтқандарынан Абай ерекше бір сәулелі күн нұрын шалып қалғандай, кеудесі ашыла түсті. Сондықтан өзінше өлшеу, мөлшер болжағысы келеді. Еңсесі көтеріле беріп: "Енді тым құрса сол жақсылық біздің баламыздың тұсында туар деп мөлшерлеуге бола ма, жоқ па?" – деп сұраған.

Павловтың ойынша, оған мейлінше сенуге болатын сияқты. Міне, бүгінгі кездесуден Абайдың алған ой азығы осындай бір үлкен қуанышты сый болды. Талайдан кірбең тартқан көңілді, жабығып кеткен қабақты селт еткізіп, қуантып ашқан асыл кеңес болған-ды.

Бүгін осы әңгіме үстінде Абай арақ алғызып, қонағы сүйетін қуырдақ қуыртып, өзі де талайдан ішпеген арақты іше отырып әңгімелескен.

Екі достың жаңағы кеңесінің артынан Абай Павловқа өзінің соңғы жылдар жазған өлеңдерін айтып берді. Әсіресе, Лермонтовтан аударған, Лермонтов арқылы Байрон, Гетеден аударған кейбір өлеңдерін домбыраға үн қосып, мынау досы үшін өзі жырлап та айтты. Ел жатар кезде Павловты далаға ертіп шығып, өзінің трашпеңкесіне отырғызып алып, Абай досының сұрауы бойынша бір уәде айтты. Осы жолы қалада ұзақ тұрып, асықпай жатып, Павловпен жиі көрісіп тұрмақ. Және Павлов мәслихаты бойынша биыл дәл осы жолы Абай қаладағы еңбек адамдарының талай топтарына бара түсіп, жақындай жүріп танымақшы, таныспақшы да болды.

Павловтың және бір кеңесі бойынша биыл қалада оқып жүрген қазақтың әр школдағы, медреседегі жастарымен де Абай біліспек.

Саналы көңілімен Абай көксейтін дос кеңесі алғашқы кездесуде осылай аяқталды. Келер күндердің бірінде, Абайдың қалаға келуіне себепші болған екінші жайдың бір кезі келді. Бұның алдында Білеубай қажының үйінде болған жиылыс пен Мағаштың жауабы жөнін Абайдың сұрауы бойынша Кәкітай түгел баяндаған болатын. Ол бар әңгімесінің соңында, өз көңілімен Мағаштың мінезін қатты қостайтынын аңғартқан.

Мағаштың ол жиында ғана емес, кейін Шұбар мен Әзімбайға айтқан сын кекесін сөздерін де Кәкітай өзі құптай отырып жеткізген-ді. Абай Кәкітай әңгімесінің бәрін тыңдап шыққанда ең ырза болғаны Мағаш болды. Ол мінезді ғана емес, есті және зор адамгерлік санасы бар азамат. Әсіресе, мұнда ар, адамгершілік деп Абай жазып, өсиеттеп айтқан қасиеттер анық бар тәрізденеді.

Бұл да қазіргі Абай көңілінің жақсы бір жұбанышы болды. Содан басқа әнеугі жиынның Мағаш пен Кәкітайдан күткен "Абайдан алып береді" деген жауабына қарай жаңалық болмады. Абай ол қазақтардың қопсытқан сөзін Кәкітаймен сөйлескенде де жауапсыз қалдырды. Кейін Мағаш пен Кәкітай екеуіне Бегеш пен Серке кісі салып: "Абайдың жауабы не болды екен?" деп сұрасқан еді. Оған Мағаш тағы да қысқа ғана байлаусыз жауап қайырған. "Қалаға өзі келді ғой, біз арқылы айтатын сөзін естігеміз жоқ. Ойында несі барын білгісі келсе, сол ағайындар өздері сұрап білсін!" – деген де, Мағаш өзі мен Кәкітайдың басын ендігі жауаптан, сөзден айырып алып шыққан.

Осының артынан бір күннен соң Абайға "сәлем береміз" деп бір топ адам келді. Бұлар – Керейдің Бегеші, Уақтың Серкесі, Найман, Сыбанның Қамбары, Қаракесектің Ақпаны, қысқасы, әнеугі "төрт арыс, Орта жүздің тобы" деген қауымына әдейілеп келген кісілер. Жаңағы төртеуіне қосылып қарағай ішіндегі Белағаштың бүгінгі пысық, жүйрік дейтін адамы, сүйегі Тобықты – Айтқазы ілесе келген. Ол Абаймен қонағасы араласы бар болғандықтан, әлгі кісілер әдейі шақырып, қастарына ертіп алысқан.

Абайға келгенде де алғашқы сөзді Бегеш бастады. Ол өзінің алыстан орағытқан, үйреншікті құбажондатып келетін шешендігін Абайдың алдында да іріккен жоқ. Үйреншікті машығынан өзгермеді. Сөзінің арасына әуелі Абайдың білімді жақсы екенін бір қосты. Сол тұста "білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ – әлдекімнің азығы" деп кестелей бір орап кетті. Сонда Абайдай жақсы надан елін жақсылыққа бастап отыратын қалпынан ауса не болмақ?! Халық ұстазынан айрылса не таппақ? Ел не? Ел – жақсымен ел. Басшысы болмаған елде елдік бар ма? Сағымдай құбылып, сабындай бұзылып, іріп-шіріп өте барады да? Жақсы деген оңай ма, ол жиі кездесе ме? Кездеспейді. Талай жан бар, аузымен айды алады, қолымен қосаяқ соға алмайды! – деп, тыңдаушының санасына қонарлық аса бір өтімді сөздер айта бастады.

Абай бұл тұста Бегештің шешендігін бағалай отырып, сәл ғана бір ауыр ойдың ащы шындығын со Бегештің өзінің шешендігіне сай етіп, оның айтқан кестелі тіліне мегзей сөйлеп, қысқа қайырды.

– Ай, Бегеш-ай, бұл айтқан сөзіңнің бәрі дұрыс болғанда, қалып жатқан қасірет тағы бар ғой. Қарамықтың дәні болғанша, бидайдың сабаны бол! Жаман қауымның жақсысы болғанша, жақсы қауымның жаманы бол десе, не дейсің?! – деп, Бегешті біраз аңыртып, тоқтатып қалды.

Ендігі бір кезек сөзді Айтқазы іліп әкетіп еді. Ол: "Жақсы адамды қарқ қылатын өмір жоқ, есер-есірік болмасаң, тіршіліктен пайда жоқ" деген Абайдың өз сөзін еске алып өтті. Және де Абай өлеңін, қара сөзін ұғып жүрген, жадында сақтап жүрген кісі екенін байқатып, бүгінгі тірлікте саналы адамға қуаныштан қайғы көп екенін де ескертті. Сөйте келіп ол епті, шеберлікпен өз ойына оралды. Жаман да болса өз елі, надан да болса өз ортасы. Жақсының ортасына кешірімі болмаса, дүние дүние бола ма? – деген бір ойды да түйген еді. Осы жайды аяқтай келіп ол: "Абай аға, өзіңіздің өсиетіңізден менің бір тағы да аңдағаным бар еді. "Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі" деген бір ақылыңызды ұққан тәрізді едім. Сізге сол жөнде "ерім" деп кеп отырған жоқ па, мынау халқың!" – деді.

Абай Айтқазыны тегінде ақылды, шешен, орамды көретін. Мынау жерде шағын бойлы, бірақ кесек дөңгелек қызғылт жүзді, кең маңдайлы Айтқазының ойлы, сарғыш көзіне Абай жауап ойлап, барлай қарады. Ол Абайдың аңдауынша шын ойын айтып отыр. Бірақ сол ойды айтатын орын бұл емес. Кешірім етер кісі Оразбай емес. Бұлар оны, қанша дегенмен, Абай білгендей білмейді. Оразбай болса, ол әлдеқалай аңдамай басқан, байқамай адасқан кісі емес. Ол өзінің жаманшылығын анық, берік жолым қып ұстанған кісі. Оның аты Оразбай емес, жауыздық. Соны қысқа ғана тұспалдай отырып ескертті де, Абай сөзінің аяқ кезінде Айтқазыға барлық үлкен бойымен, кең кеудесімен бұрыла ойысып, бір терең ойдың, қазіргі кезде сәтімен аузына түскен келісті байлауын айтты.

– Жаңағы сен айтқан сөздің орнына бұл тұста басқа бір ой орай емес пе? Жауызға айтқан жақсы сөз – суға жазған сертпен тең емес пе? – деп, мынау отырған төрт-бес кісіні тапқыр ойының жалт еткен бір көркімен таң қалдырды.

Серке Абайды тыңдауды әр кезде жақсы көретін. Әсіресе, былтырғы Арқаттың шербешнайында өз елінің жуандарын Уақтың көп момын еліне жығып берген куәлігінен кейін ол Абайды сырттай мақтай жүретін. Қазір жаңағы Абай сөзін Серке қуана күліп, қатты сүйсініп қарсы алды. Ішінен "Абай қасына келсең, міне, осындай бір нәр жапсырып, олжа тауып ала кетесің" – деген ойға келіп еді. Ол Абайдың әлгі тапқыр сөзіне сүйсінген күлкісін тоқтатпастан шыны бейілден өзінің мақтауын айтты.

– Обалы сеңгір қабақтай, көлеңкелі дарақтай! – деп, Абай мырза, қазақ баласынан біреуді ауызға алар болса-ақ айтатынымыз өзіңіз емес пе! Сізді сақтай алмасақ, бұл Орта жүз болып елдіктен кетпейміз бе? Сол қасиетіңді жоқтап кеп отырмыз ғой! – деген еді.

Абай бұған да онша емексіген жоқ. "Қасиет деген сақтаса қасиет, былғаса, таптаса, тұнығын ылайлап қорласа немесе сындырса, ол қасиет қайда кетті, соны ойлау керек қой!" – дегендей ойды айта отырып, ендігі сөзін бір жақсының айтқан көрікті ойымен дәлелдемек болды:

– Атақты Шайхы-Сағди: "Бадахшаның лағыл тасын сындыру оңай, бірақ сындырғаныңды жамап көрші" – дегені қане! – деп, тағы да тоқтап қалды.

Осы топтың ішінде Қаракесектен келген, Абайға көптен таныс, сан рет мәжілістес, дастарқандас болған қаланың бір шешен қазағы Қали болатын. Бұны "Қали Ақбасов" деп қала мекендеген қазақ, ноғайдың бәрі білгір адам қатарында санайтын. Ол жаңағы Абай айтқан сөзге өзі білген үлгілі бір сөзді қоса сөйледі.

– Дән көтерген құмырсқаға тимеші, алысқаны өмір ғой. Өмір сондай абзал ғой! – деген еді ғой Фердоуси. Есіңізде шығар, Абай мырза. Сенің жоқшың болғанда, сол елінің дәнін көтерген құмырсқа деп тоқтағым келеді ғой. Бұл үшін мен айыпты болмасам керек. Мынау келген ағайының аралық сөзді бос бір қысыр кеңес қып бастаған жоқ. Айтыла берсе, сөзкөп емес пе! Бірақ дәл осы тұста "ауыз – дарбаза, сөз – самал!" – деп қиуасызды қисындырайық деп отырғанымыз жоқ. Ақылымыз жетсе, қолымыздан келсе, бір жағыңды жақсылық, бір жағыңды жамандық деп тани отырып-ақ, сол жақсылық пен жамандықты еселестіргіміз келеді. Орта жүздің баласы боп осы тұста елдігімізді, өзімізді сынап көргіміз келеді. Сөз түйіні осы ғой! – деді.

Абайға Қали сөзі бар басқа сөзден тоқыратарлық, салмақты сөз көрінді. Ар жағындағы шыны мен діні қандайлық екенін көре-біле тұрса да, Абай енді бұдан әрі дауласқан жоқ. Үндемей, осы соңғы сөзді байлау көргендей Қалиға қарап, бас изеді де, отырып қалды.

Осы кезде шай жасалып, кең дастарқан үстіне Құмаштың үйінің ашыған бауырсағы салынды. Жұмыртқа жағып домалантып, баптап пісірген ұсақ тоқаштары келтірілген еді. Жарқыраған таза ақ самауырдан шай құйылып, қонақтар көңілденіп шайға кірісті.

Абай бір ғана кесе шайды ұзақ ұстап отырғаны болмаса, ішкен де жоқ, әсіресе дастарқандағы дәмге қол созған жоқ еді. Соны байқап отырған Бегеш Абайдың қасында отырып, оның алдына бір-екі тоқашты ысырып қойды да:

– Абай мырза, өзіңіз дәм татпадыңыз ғой. Тым құрса мына наннан алсаңызшы! Нан иман демеп пе еді! – деп әзілдей сөйлеп еді.

Абай күліп жіберді.

Сол арада жасынан бойына біткен турашыл, шапшаң ащы мысқылшылдығына басты. Бар денесін селкілдетіп күле отырып:

– Апыр-ай, "нан – иман" дедің, Бегеш, о? "Естімеген елде көп, есек мінген сарт та көп!" деген осы екен-ау. Нан иман болғанда, нан көп жерде иман да көп қой! Онда, тегі, мұсылман баласының іздеп жүрген иманының көбі сорлы Ресейдің наны көп мұжығында екен ғой! – дегенде, Бегештің өзі бастап, Серке, Айтқазы болып қатты қарқылдап күлісіп қалды.

Осы кеңестің соңғы кезінде Абай Бегештен аралық сөзге кімдер араласып жүргенін нақтылап сұрап еді. Соған жауап етіп, бұл келген төрт-бес кісі – Арғын, Найман, Керей, Уақ дейтін "төрт арыс" аталған елдердің көп адамын санасты. Жақында Білеубай қажының үйінде болғандарды түгел атап берісті. Ойдағы Керейден Рақыш бар дегенді естігенде, Абай "қазақтың қара сөзінің шешеніміз" деп жүрген адамдарын таң қылып, тағы да нақыл боп кетерлік, терең бір ойшыл мысқыл түйін түйді.

– Е, сөйтіп, Рақыш та бар деңіз. Кешегі бір шақта "Ыбырай елдің жауы" деп ояз бен сотты менің соңыма төндіруші еді. Бүгін сол Рақыш Абайды амандап қалмақ, сақтамақ, Абайға жақсылық етпек, ә! Шіркін, дүние қайдан баянды болсын. Дүниені билеген мінезде баян болмаған соң, байыздап тұра ма! Ант ішейін, тегі, осы жеріңіздің, осы тұрған тауларына, айтайық, мынау Семейтау, Көкендеріне аяқ бітсе, олар да бір орында тұрмай, жүріп кетер еді-ау, ә! – деді.

Бүгін бір шабытты көңілмен отырған Абай "елдің шешені" атанып жүрген бір топ кісілерге жанасқанда талай қызық сөздер айтты. Ақындық, тапқырлық өнері қозғалып, шалқып шыққан айшықты, қызық ойлы сөздер.

Осы кездесуден кейін жаңағы топ өз бетімен өздері бастаған сөздерін аяқтау жолында әрекет етісіп жүрді. Кейде бұлардың тобы бер жақта Жақып бай, Сейсеке байдың үйінде кездеседі. Бірде ар жаққа шығып, сондағы ірі саудагерлердің біреуінің үйлерінде мол дастарқан айналасында болысады. Немесе бұлардың сөзі осы жөнде жауапқа, қалаға келіп жатқан Оразбайдың баласы – Елеуге жетеді. Тағы бір ұшығы сол Оразбайдың кешегі күнде Абайға қарсы сілтеген қара шоқпары, содырлы Сәменге барып соғады.

Абай болса, енді бұл жөндегі сөздің бірде-біріне арада, құлақ асқан да жоқ. Ол қазір осы күздегі ар жақ пен бер жақтағы қазақ халқының әралуан ортасының тірлігін танып, білуге ерекше көңіл аударды. Сол ретте, базарда кездесіп, дәм татуға өздерінің орташа қоңыр момын үйлеріне шақырған кейбір ұсақ "алыпсатар" дейтін саудагерлер үйінде болды. Сондай бір барған үйі: үш бөлмелі, асты кірпішпен шегенделген, биікше боп салынған Есберген дейтін саудагердің үйі еді. Онда Абай өз қасына Баймағамбетті ғана ертіп барған.

Есберген ұсақ алыпсатар, "кісі қолына қараған" дейтін қала саудагері екен. Бүгін Абай осы әңгімеші, орта жасты, қырма, тықпа сақалды саудагерден көп қызық жайды естіді. Оның бүгін білгені бір Есберген емес, ар жақ пен бер жақтағы жүздеген Есберген тәрізді қаланың ұсақ кәсіпшісі турасындағы жай. Және, әсіресе, қызыққаны – Есбергендер мен қазақтың анау Сейсеке, Қасен, Жақып, Білеубай қажы сияқты үлкен байларының арасындағы қарым-қатынас болатын.

Қазіргі кезде, Абайдың байқауынша, осы Есбергендей ұсақ саудагерлер үлкен бір тынымсыз қысымшылық шағын бастарынан атқарып жүр. Соны Абай базарда, кейбір сауда дүкендерінде немесе керуендер түскен қорада және қайық үстінде көп естіп, аңдап еді. Есберген тәрізді саудагерлер қазіргі күндерді "имампос-имампос" дей береді. Кейде және сол "имампосты" – "ақсабан" дейді.

Бүгін Есбергеннен Абай сұрастыра келсе, қаланың үлкен байына күні түскен, кіріптар болған көп Есбергендер шығарған семейлік мәтел де бар екен. "Не ақсабанда аларсың, не қақсағанда аларсың!" – деседі. Оның мәні – күнкөргішін жалғыз ат-арбамен қырға алып шығатын, мәліш-саудамен айыратын сан мың қазақ бар екен. Осылардың өз қолы шолақ болады. "Тән, пұл" дейтіні болмайды. Сонда бұлар жаңағы атақты Сейсеке байларға жалынып, көз сүзіп барады. Ал ол байлар ар жақтағы Деров, Плещеев, Михайлов, Малышев немесе татардың жаңағылардай үлкен магазин иесі – Уәли бай, Ысқақ бай дегендеріне қаланың жаңағы өздерінен көмек өтінген жатақ, шолақ саудагерлерін ертіп барады. Үлкен байлардың бәрі де "Бәнкі ашқан" дейтін, былайша айтқанда, государь банкесінде "текущий счеты" бар байлар. Солар он-он бестеген ұсақ саудагерлерді өздерінің байлығы мен қазынасын көбейтуге аяусыз айдап салып, жалшы-малай сияқты етеді. Пұлы көп, шайы көп, дүниелік мүлкі көп магазиндердің иелері, жаңағы қазақ байларына қатты сенім көрсетіп, бейіл береді.

Өйткені бұл байлар жаңағы он-он бес Есберген тәрізді саудагерді магазиндерге апарып, әрқайсысына жүз сомдық, үш жүз, бес жүз, кейде некен-саяғына мың сомдық пұл алғызады. Сондай кесек сауда алушыларды магазинге әкелгені үшін Сейсекеге бұл магазин сомына сегіз тиын шегеріп, арзандатып нәрсе береді. Ал Сейсеке Есбергенге сол пұлды өткізіп жатқанда сомына он екі тиын қосып өткізеді. Сөйтіп, бұл бай, үлкен бай бір сомнан жиырма тиын пайда қылады. Есбергендердің қол-аяғын басқаша жолмен және алдын ала буып алады. Не қылады? Бұл "бес жүз сомға магазиннен пұл әпер" дегенде, Сейсеке мен Қасендер бұның қолынан "ақ вексель" алады. Онысы – түк жазылмаған вексельге мынаның қолын қойғызып алу. Сонан кейін мынау ақшасын, қарызын мезгілінде қайырмаса, айтайық, ғинуарда алған қарызды алты айға деп немесе осы "имампосқа" деп бергенде соны Есберген уақытында төлемесе, Сейсеке жаңағы ақ вексельге ең әуелі сомына жиырма тиындық үстемесін қосады, мынаның уақытында қайырмағанына штрафты және өзі білген түрде өзі билеп қолымен қояды да, енді ақ вексельді қазақ саудагерлері атынан қорқатын латарске (нотариуске) бере салады. Сөйтіп, қарызы қайтпай бара жатса, Есбергенді үй, мүлкімен ұйпап алады.

Қаланың толып жатқан Есберген, Кәріпжан, Төлепбек тәрізді Абай білетін, жалғыз ат-арбалы ұсақ саудагерінің бәрі өз үйлерінің маңындағы байларға соншалық кіріптар екен. Бұлар мойнынан шырмалған шыбын тәрізді де, анау әрбір жатақ үйлерінің ортасында екі қабат бойымен, қызыл шатыр, көк шатырымен биіктеп тұрған бай үйлер бүйідей, не өрмекшідей екен. Ол үй айналаға, мешіт жігімен айтса, махаллаға өзінің торын құрып тастап, қыр мен қаланың саудасын өз қолымен жүргізбей, жаңағы ондаған, жүздеген жалынышты ұсақ саудагер арқылы жүргізеді. Сол байлар мыналарды тағы да басқа неше түрлі жолмен тұсап жүреді.

Мысалы, қырдан Есбергендей, Төлепбектей үйі бар, қора-жайы кеңдеу, тәуір қала жатағының қақпасына қыста, жазда елдің үлкен керуені келсе, солар әкелген тері-терсек, қыл-қыбыр, жүн-жабағы, киіз бен аң терісі немесе аяқты мал болсын, бәрін жаңағы үлкен байлар осы саудагерлердің қақпасынан басқа жаққа кетіртпеуге тырысады.

Саудагердің үйіне қонып жатып, қалың тобымен ошарылып қалып, ел керуені де Есбергенге кіріптар болады. Ал Есбергендер ұдайы көніп алған дағдысы бойынша, анау көк шатырлы бай үйіне мынау керуендерді алдап соғуға, аунатып жеуге, приемная алдап, безбеннен жеп, қақпайға салуға амалсыз жәрдемдес болады.

Сырт қарағанда өз үйлерінің алдында көпіртіп сауда жүргізбейтін, шұбыртып керуен түсірмейтін, қақпалары үнемі берік, жабық атақты қажылар, байлар бар. Бірақ олардың шын жайларына Абай Есбергенде, Төлепбекте, Кәріпжанда қонақта болып, дәмге шақыруымен барып, әбден қанып шықты.

Кешкі шай мен кешеңдеп барып піскен түнгі астың аралығында Есберген саудагер Абай мен Баймағамбетке жаңағыдай талай жайды әңгіме етіп отыр. Қаланың көп саудагерінің үлгісі бойынша бұл саудагер де тірсекжең, ұзынша қара ләмбөк кемзал киген. Қолына үйде отырғанда үнемі ұстап, кіріс-шығысын қағып есептеп отыратын шотын алып, соны әрлі-берлі қозғай түседі. Бұның бүгінгі сөздерін қызыға тыңдаған қонақтарына әлі әңгіме шертіп отыр.

Абай үлкен үстелдің жанына қойған екі үлкен жастыққа көлденең түсіп, шынтақтап жатып, Есбергеннен көз алмайды. Ол айтып жатқан жайларды таңдана тыңдап отыр. Баймағамбет те өзінің осындайдағы дағдысы бойынша, жүресінен отырып алып, бір шімшім насыбайды сол жақ танауына анда-санда тигізіп қойып, Есбергенді тыңдайды да, анда-санда таңдай қағып, қалың жирен сақалын шайқап-шайқап қояды.

Есберген де мынадай егде, есті қонақтарының қала саудагері тірлігінен ешнәрсе білмейтініне көзі жетіп, өз сырларын, бар ауыр бейнет шындарын оңаша үйде ірікпестен айтып отыр. "Ішек қырындысына шейін айтқан шығармын" деп ойлады.

Анығында Есберген өзі, дәл осы күндерде Сейсеке байға берген мың сомдық ақ вексель қарызы өтелмей, қысылып тұрған шақ еді. Абайдың көптің досы болған адамға оңаша бір мұң шақпақ ойы да болатын.

Абай бір уақыт бұдан: "Қазір неғып қаланың көп адамы қатар қысылып жүр?" –деп сұраған.

– Анау Кәріпжан, Қоңыртай, Төлепбек, Қайнарбай сияқты төрт-бес кісіні соңғы күндерде аңдасам шетінен қызыл танау. – "Неғып жүрсіңдер десем", "ойбай-ау, имампос қысып кеп қалды ғой! Имампос мойынға мініп тұр ғой!" "Биыл және имампос қырын кеп тұр ғой!" – дей береді. Сен де соны айтасың, осы бәрің келіп, сол имампос дегенге қалай бір-ақ тығылғансың? – дегенде, Баймағамбет те осы жайға қанғысы кеп, ынтығып отыр екен. Ол да сол жайын білдіріп қалды.

– Бәсе, осы "имампос-имампос" дейді. Бұл өзі кімнің сөзі! Кітап сөзі ме, қазақтың біз естімеген әлдебір қыркүйегі ме? – деп күлген еді.

Есберген өзі білген жөнін айтты.

– Әлгі байлар арқылы, орыс көпесінің магазинінен қарыз алдық дедім ғой. Оны жылға немесе он айға созып бермейді. Бар созғаны сегіз ай болады. Ғинуардың басынан есептегенде осы ағұстың жиырма тоғызы күні орыстың мейрамы болады екен ғой. Оразасы ма, әлде бірдемесі, соны "имампос" дейді! – дегенде барып, Абай "имамның" Иван екенін аңғарды да, күліп жіберді.

Тегінде, бұл шіркеудің "Иван постный" деп атайтын күні. Анығында Ғайсаның он бір апостолының бірі өлтірілген күн.

Есбергеннің айтуынша, ғинуарда қарызға көтермеге борыштанып алған пұл, шайды жаңағы саудагерлер қырға, қазақ ортасына қысқы ақ қар, көк мұзда бейнет кешіп, алып барады екен. Қаламен қатынасы қиын, шалғай жатқан елдерге барып, сол пұл дүниесін сатады. Сатқанда азды-көпті пайда қылғысы келеді, кәсіп емес пе? Ал бұның қолындағы бұлы анау Сейсекелер қосқан үстеме пайдамен өзі де қымбаттап барған. Енді мына саудагер тағы да тиын-суан қосады. Сонымен бұл қымбаттайды. Оны елде де өткізу, қолма-қол ақыға жытыру мүмкін емес. Сонымен, осы Есбергендер несиеге қымбатырақ сатып, жаңағы сегіз айдың бойында жаз ортасы ауған соң елге барып, қысты күні несиеге сатқан пұлының малын жияды.

Біреуден қой, біреуден серкеш, тағы бір жерлерден тай-торпақ жинап алудың өзі де "беттің арын бес төгіп" алатын қалың бейнет. Енді сол малын қалаға әкеліп сатып, базары тәуір болса, тәуір қып сома шығарады да, жаңағы жиырма тоғызыншы августа "имампоста" вексель берген байға қарызын төлеп құтылады. Осы жайды айта келіп, Есберген бір әңгімесін аяқтай берді.

– Құтылады деймін-ау! Ол базар тәуір болып, қолындағы малы күйлі болып, өлмей-жітпей аман келсе, жақсы сатылса ғана құтылады. Болмаса, көптен көп біздей бақырларыңыз, сол Сейсекелерге бір жағын төлеп, тағы бірдемелерін түгел жеткізе алмай қалса, құл қылып аяғына жіп тағады да қояды. Бұрынғыдан бетер мойнына мініп, малдана түседі! – дейді.

Абай мен Баймағамбет соңғы біраз күндер ішінде осы Есбергеннің көршісі Төлепбек шақырып, Кәріпжан қонақ етіп, Қайнарбай да асқа шақырып, оңаша әңгімелескен кездерде олардың да әрқайсысынан осындай мұңдарды естіген. Бұлардың бәрі де сыртынан қарағанда тап-тұйнақтай, кісіге күні түспейтін адамсып көрінуші еді. Іштерін ашып байқаса, өздері бір жағынан елден келген керуенді жей жүріп және бір жақтан аяқтарында кісені жүрген матаулы, шырмаулы кіріптарлар болып шықты.

Қырға барып несиеге сауда қылғанда, әрине, бұлар да елдегі момын шаруаны аунатып жеуге, асыра сауда қып, алдап кетуге тырысады.

Кәріпжан кәртеміштеу, әзілқой кісі еді. Ол Абайдың жаңағы жөнде бұлардың өзін шенеп айтқан кезінде мойындап сөйлеген.

– Рас айтасыз, Абай, қаланың бұ Есберген, Кәріпжандай саудагерлерінің де құдай сүйер қылығы жоқ. Қырдың момын керуені кездессе, қолымыздан келсе, дегенімізге көнсе, "сол Сейсеке мен Білеубай қажының әзімізге істегенін істемейік", "құдайға қарайық" деп біз де тұрмаймыз. Ол жеріңізде неғылып шариғатты ойлайық-ау! – деп қалжың айтқан.

Абай Кәріпжанға сын аралас, шын сөзді мысқыл қып жеткізді. Кейін Кәріпжан соны базардағы өзі таныс саудагерлеріне сан рет қайталап әңгімелепті. Абай оның өз сөзін, жаңағы айтқанын тыңдап кеп сынаған-ды.

– Сахарада мал ұрысы болса, базарларда және ұрылар бар. Бірақ аналар әздерін тек ұрымыз десе, мыналар өздерін "саудагер ғанамыз" деп атайды. Қаланың осындай құлқы бар екен! – деп, Абай бір қалжыңдады. Және бір кезекте осы шолақ саудагерлердің үлкен байларға шағым айтқан мұңын тыңдап, осылардың өздерінің момын елді өз әлінше тағы алдап жейтінін айта отырып, Абай Кәріпжанға және бір әзіл айтқан.

– Ғажап, адам деген адамға дәйімі зұлымдық етсем деп өзеурейді. Ал бәрі екеш бәрі болса да бірін-бірі алып жеймін десе, тек қапысын тапқанда ғана жыртуды ойлаушы еді. Қаланың саудагерлері, кейде сендерден даланың бөрісі тазарақ па деп те ойлаймын-ау! – деген.

Абай осы ұзақ жатқан кезінде, күндіз көбінше ар жақтағы Гоголь кітапханасынан кітап алып, қозғалмай оңаша отырып, сол кітаптарды оқиды. Ал кешкі кездерінде бұны қаланың ар жақ, бер жағындағы кедей-кепшіктері де қонаққа шақыруға құмар болатын. Қала қазағының сахарадағы туыстарынан әлі өзгеріп кетпеген бір қасиеті сол: шама келгенінше өлердей қонақшыл. Азды-көпті ішіп-жемін дастарқанына сый адамды шақырып, соған тартып, үлесе жеп отыруға шетінен құмар деуге болады.

Абайды айнымас дағдылары бойынша ескі достары, тұл қатын Дәмежан, қайықшы Сейілдер қонаққа шақырған. Кейін сол үйлерде Абаймен бірге қонақ боп, табақтас болған отыншы Саудабай, етікші Салмақбай, тігінші Сағындық сияқты қолөнерімен тірлік талшығын айырып жүрген кедей үйлердің бірталайы және де кезектеп қонақ етті.

Кейбіреулері Абайдан гөрі оның жолдасы Баймағамбетпен жақсы таныс екен. Бұрын қысы-жазы Баймағамбет келіп жүргенде солардың кейбірінің үйлерінде сүйікті қонақ болып, ұзақ ертегілер, қызық әңгімелер айтады. Абай өлеңдерін де бұлардың айызын қандыра айтып беріп кетеді екен.

Енді солар біресе бер жақтың орта жатағында, аяқ жатағында Абайларды күндіз-түн кезектеп шақырып, мәжілістес болады. Кейбір топтары, ар жақтағы Затондағы жұмысшылары бар, белгілі Сейіттің, Сәменнің үйіне жиылып, Абайды орталарына алысады. Бір уақыт Абай мен Баймағамбет Затонға Сейіттікіне барып, содан дәл бір жұмадай Затондағы жұмысшылардың талайының үйлерінен дәм татып, қонақ болып жүрді. Сол ретте Затонның Сейіт пен Сәменге және Павловқа, Марковқа аса мәлім тату, қымбат жұмысшылары – Ақшолақ, Жәпек, Әліпбек, Исақ, Қусақ сияқты грузчиктер, былғары заводының жұмысшылары, тоншылары ортасында Абай асықпай жүрді.

Биылғы жылғы Абайдың әдеті тіпті басқа. Бұрын қалаға келіп ұзақ жатқан шағында уақытты көбінше өзінің орнықты пәтерінде өткізетін. Қала мен қырдың адамдарын ол өзі жатқан үйге келтіргіш, қонақ еткіш болатын. Биыл алғаш келген күнінде Павловпен өткізген жақсы кеңестен соң Абай осы қаланың көп еңбекші елінің үйді-үйлеріне өзі де кіріп, шын күй-жайларын біліп, танысқысы келген. Баймағамбет екеуі "қайда жүрдіңіздер?" дегендерге жөнді мән-жайды айтпай-ақ, сол қаланың әралуан халқының ортасында болды.

Затонға Абай барғанда Сейіт пен Сәмен кешкі шақтарда бірге жүретін жолдас боп алған. Және де Затон еліне, жақындағы қалың жатақ – Байқадам-Сапақ елінен келген Дәулеткелді деген бір кедей, бірақ соншалық қызық думан адам кездескен. Әр үйге жиылған жұрттың аңысынан байқалғаны, Дәулеткелді қаланың бұл қауымының көптен білікті және сүйікті думаны екен. Оны көрген жұмысшылар, қартаң шал, жас келіншектер де қуанып күліп, бұның не сөзінен, не бір мінезінен әлдеқандай қызық күтеді. Дәулеткелді керек болса ақын да боп кетеді. Кейде кісі кейіпкер – артис те болады. Өзінің құрдым кедей қалпына қарамай бар жүрісі, мінезі үнемі кедей үйлер мен ауылдардың қызығына айналып кеткен.

Ақшолақ дейтін Сейітпен бірге пароходта жүк таситын кең жауырын, ақсары, қайқы танау, қонақдос бір грузчиктің үйінде Абайға ең алғаш сәлем бере келген Дәулеткелдінің пішіні оқшау көрінген. Екі ұрты суалған, бет сүйектері шодырая шыққан, орақ тұмсық, шүңірек көз Дәулеткелді, көселеу қалпымен еріксіз өз жүзіне көз тоқтаттыратын бөлек бейнелі адам. Бірақ сұлу болмаса да, жаңағы жүзінде, жар қабағының астында жылтырап көрінген кішкене шүңірек көздері сондай тартымды, сүйкімді. Көзінің құйрығындағы әжімдері шашыла тарапты. Бұның күлмей тұрған кескінінің өзі де бір уайымсыз күлкі тақау тұрғанын аңғартады.

Дәулеткелдінің өзінен бұрын Абайға жеткен бір әзіл өлеңі болатын. Ол шешесіне айтты деген өлеңі. Абай қазір Дәулеткелді қасына кеп отырып, шай ішіп болған соң-ақ, оған өтініш айтты.

– Өзіңнен бұрын сөзің жетіп еді. Әлі қоңыр тай жамандатып өлгенде шешеңе не деп ең, соны айтшы? – деді.

Дәулеткелді әңгімесін тостырмай іле айта жөнелді. Жүзінде күлкінің түк те елесі жоқ. Оның айтуынша, шыр бітпеген кедей Дәулеткелдінің жалғыз сиырынан туып өскен бір тәуір құнажыны бар екен. Сол былтыр қысыр қалып жүргенде, Дәулеткелдінің шешесі бұл жоқта бір көршілерінің алдауына түседі. "Балаң мініп жүретін бұтартар көлігі жоқ. Менің бір қоңыр тайым бар. Соны ал да, құнажыныңды, өзі қысыр екен, мен соғым етейін, маған бер" – дейді.

Кемпір алданады да, Дәулеткелді қалаға бау тасып, сатып жүргенде "жаяу жүр ғой, соны қуантайын" деп жаңағы тайды айырбастап алады. Арада бір жұма өткенде Дәулеткелді үйіне келсе, тай. жамандатып ауырып жатады. Сөйтеді де өледі. Титығы құрыған кемпір қамығып, үйіне кіре береді де, өзінің төрінің алдына өзі шығып ап, күрсінеді де отырады. Сонда Дәулеткелді бірдеме дейін десе, кемпір аузын аштырмай ақырып сөйлетпейді. Өзі де өкініштен жарылайын деп, дымы құрып отырған сорлы ғой. Дәулеткелді төмен, от басында отырып, шешесіне көзінің астымен қарап қойып, кекетеді. "Отырысын, құдағи боп!" – деп қалады. Шешесі бұның табалайтынын біліп, үндей алмай отырған. Енді мынау жыбыр еткенде, "әй, не оттап отырсың, сен?!" – дейді. Сонда Дәулеткелді шешесіне ежірейе қарай қалып, өлең шығара қоя береді.

Нең бар тайда,

Қылам деп пайда.

Мал жиям деп жия алмай,

Құдағи отыр ұялмай! –

деп сұңқ ете түседі.

Сонда өзі күйіп отырған шешесі от басында жатқан шымшуырды жұлып ала сала: "Жоғал, аузың ішіне... ит қуар!" деп тап бергенде, Дәулеткелді қаша жөнеледі. Қашып бара жатып: "Е, Абайдың "Сегіз аяғы" емес пе? Сегіз аяқтың өлшеуі емес пе!" – деп қоям, дейді Дәулеткелді.

Бұл әңгімені Дәулеткелдінің барынша салқын жүзбен томсарып алып айтып отырғанын аңдап, Абай Дәулеткелдінің өзгеше күлдіргі, өзі бір Алдаркөсе тәрізді тамаша адам екенін бағалады.

Кедейлік бұның мойнына әлдеқашан мініп алған. Ол жүрген Байқадам-Сапағы, Жоламан жатағы, Бәйгелі-Шағаласы, Затоны – бәрі де жоқ-жітік, мұқтаждыққа толы. Өмірі қайтып шыға алмас тұйыққа қамалған кедейлер. Дәулеткелді солармен бірге бейнет кешіп, еңбек зая ауыртпалық көре жүріп, соны жеңердей қасиетті күш тапқан. Өнерімен, қызық күлкісімен нелер қиын жоқшылығыңды мысқылдап жеңе біледі. Өз басына келсе де, жасымай жүріп, күле түсіп, ауыртпалықпен алысады. Және сондай, өзіндей талай жүдегенді, жылағанды күлдіре жүріп жұбатады, жұбата жүріп қуатын, күшін бекітеді. Сондайына келгенде Дәулеткелді өзіне де күледі. Өзі деген жақынының күйкі, жүдеу жайымен де күлкімен алысады.

Абайдың күле тыңдағанын аңдап отырған Сейіт, Дәулеткелдіге оның Бәйгелі-Шағалада шығарған өлеңін айтуды сұрады. Дәулеткелді оны да шімірікпестен, азғантай да езу тартпастан айтып отыр.

– Айт күні қырық үйге кіру парыз деген. Бәйгелі-Шағаланың бар жатағын аралайын, бар кедейін түгендейін. Қырық үй – қырық кедейдің үйі шықпаса, сонда көріп алармын бәлемді деп, жағалай қыдырып келем. Сонда бір үйге кіре берсем, табалдырығы тап тізеден екен. Аяғымды көтеpiп, аттап кіре бергенімде, табалдырықтың алдындағы тақыр жерге баласы сиіп қойыпты, көк тайғақ боп жатыр екен. Аттай беріп курс ете түстім. Есігін ашқанда байқағам, терезенің бір көзі жоқ екен де, орнына қарын жапсырып қойыпты. Есікті ашып қалсам, әлгі қарын "күп" дейді екен. Сонда орнымда жығылып жатқан күйімде, аузымнан өлең саулай жөнеліпті.

Есіктен кірсем "ап" дейді,

Терезесі "күп" дейді.

Там ба, шошала ма,

Құдайдан бұрын жанымды осы ала ма?! –

деп ақыра түрегелдім, – дейді.

Дәулеткелдінің ендігі бір әңгімелері Сәменнің бастауымен еске түсті. Онысы – қырдың бір байын мазақтаған жайы. Байқадам-Сапақ жатағының маңында бір-екі бай ауыл болатын. Соның біреуінің үлкен ақсақалы өледі. Маңайға хабар айтып, жан-жақтан жан күйерлері ат қойып келіп жатады. Жаңағы өлген бай өзі қойы көп, бірақ қитабан екен. Қораны малымен араластырып жаман салыпты. Дәулеткелді үйге кіріп көрісіп, тысқа шығып келе жатса, денесі таудай, қауқиған бір қартаң бай жалғыз ат қойып келіп, атынан домалай түсіп жатыр екен. Дәулеткелдіге келіп асыла беріпті. Дәулеткелді байқаса, жаңағы бай екі көзін тарс жұмып алып, аузын ашып: "ойбай, бауырым", "ойбай, сеңгірім", "қайда кеттің?" деп бақырып, үйге қарай ентелей береді.

Сонда Дәулеткелді байды қораның ішіне кіргізе бере, адам тұратын жаққа апармай, көзі жұмулы жүрген күйінде, тастай қараңғы қой қораның ішіне жетектеп апарып кіргізеді. Төріне қарай бірталай апарып, әбден меңіреу қараңғыға жеткенде: "Ал осыдан арғы жерін өзім де білмеймін, өзің тауып ал!" – деп жалт беріп, бұрышқа тығылып тұра қалады.

Әлгі қауқиған үлкен денелі бай, "ойбай, бауырым!" деп әрі бақырады, бері бақырады, айналасын сипалап жүріп, басын ана бағанаға бір соғады, мына бағанаға бір тақ еткізеді. Енді біресе "ойбай, бауырым" деп, жаңағының тастап кеткенін біліп, "қайдасың-ай аузыңды..." деп қояды да, тағы "ойбай, бауырымдай" береді. "Қойшы, сүт пісірімдей жаңағы байды құдыққа түсіп кеткен өгіздей өңкілдетіп, мөңіретіп-мөңіретіп кете бардым!" дейді.

Дәулеткелдінің ең соңғы рет оразада істеген бір мінездері бар екен. Үйдің іші оның сөзін қызықтай отырып, сол әңгімесін де айтқызды. Ораза күні аузы ашық Дәулеткелді қаладан қайтып бара жатып, кешке жақын бір байдың аулына түседі. Бұның жасы бірталайға келген кісі болғандықтан, "ауыз аш" деп, жолдасы ауыл иесі үйіне түсіп, күткен болады. Сол ауылда көлденең келіп жатқан қонақтар бар екен. Олардың бірталайы қаланың саудагері, өздері Дәулеткелдіні біледі. Солар бұны қылжақ қылғысы кеп "е" десіп қалады.

Ас алдында "яшык" намазын оқимыз деп, жеті-сегіз кісі, ауыл иесі бай бар, сапқа тура береді де, Дәулеткелдіні орталарына алады. Бұның дәреті барына, намаз оқитын-оқымайтынына қарамай "имам" бол дейді. Тартынайын десе, орталарына тұрғызып ап, кәдімгі имам етіп, алдына шығарып, қу саудагердің біреуі азаншы боп, дегбір түсіре бастайды.

Сонда Дәулеткелді "ендеше, көріп алайын" дейді де, әуелі ағузыны қатты бастап қалып, аяқ жағын міңгірлеп бітіріп, қол қусырып алхамдүні айтарда дауыстап тұрып: "әлбісінә ләмге секін-әл, хнсынха-әлха, мемге секін-әлхам, далтұрдү-әлхамдү" – деп китіріңдеп, ілгерілі-кейінді кетіп, мұсылман баласы оқып көрмеген түрде намаздың "әлхамдү" дейтін дұғасын "ежіктеп" оқи бастайды. Шімірікпей, сұңқылдата береді сонысын.

Сонда жаңағы бұны имам қып сапқа тұрған саудагерлердің бәрі сықылықтап күліп, жайнамаздың үстіне құлай-құлай кетіседі. Бұл жайын Дәулеткелді өзі мізбақпастан айтып шыққанда, Абайлар өзгеше мәз болысты.

Сол Дәулеткелдіні алғаш кездескеннен бірнеше күн бойы қасына ертіп жүріп, бірге сый, қызық қонақ болысты. Дәулеткелді құр ғана қалжыңшыл, күлдіргі емес. Ол Абайдың өзінің де өлеңін жатқа біліп, ел ортасында ағыл-тегіл айтып жүреді екен. Мынау қонақта жүрген шақтарында кейде Абай "әңгіме айт" десе, Дәулеткелді анда: санда ойда жоқтан бір қырға мінеді. Ол жұлып ала сала Абайдың "Бойы бұлғаң" сияқты, "Адасқанның алды жөн" тәрізді өз өлеңдерін Абайға бұрын ол мүлде естіп-білмеген адамдай ғып, қатты томсарып отырып, ойнақыландырып ағызып айтып береді. Бұнымен де ол өзінің дағдылы тыңдаушыларына өзгеше бір азық апарып жүретін жайын аңғартады.

Қалада ұзақ жатқан осы жолғы сапарында Абайдың анда-санда, тағы да кей кеште әдейі арнап кездесетін бір алуан қонақтары болады. Олар қалада оқып жүрген, орыс школдарындағы әр жастағы балалар. Солардың бір тобын Абай мен Баймағамбет екеуі бүгін, сенбінің кешіне өздерінің кең кәшабасына үштен-төрттен отырғызып, Кәрімнің үйіне әкелген. Сыймай қалған бір топ балаларды, Абай Баймағамбеттің жалғыз өзін жіберіп, әдейілеп бір шанаға жеке толтырып әкелгізген.

Қазір шайдан соң кешкі отырысын Абай сол балалармен әралуан әңгімеге арнады. Олардың әрқайсысынан оқып жүрген кластарын, бүгін берілген сабақтарын, жаттап жүрген өлеңдерін сұрайды.

Абай мен Баймағамбеттің ар жақ, бер жақтағы екі пәтеріне де осыдан бұрын бірнеше рет келіп, қонақ болған бұл балалар Абайдан онша ұялып, жасқанбайды. Бәрі де өздерінен сұраған Абай мен Баймағамбеттің сөздеріне өз әлдерінше жауап беріседі.

Қазір школдарының формаларын киіп, белдіктерін таққан тоғыз бала, Абай қонақтары – үш школдың оқушылары. Бұл тоғыздың ішіндегі ең үлкені – Дәркембайдың Рахымы. Ол қазір он сегіз, он тоғызға келген. Одан соңғы он төрт жас шамасындағы Асан. Бұл – Иіс кемпірдің ертеде өлген жалғыз баласы Иса қойшының артында қалған Асан, Үсен дейтін екі жетім еді. Соларды Дәрмен аузына тістегендей пәрмана боп, пана боп өсіре жүріп, Абайдың аулында әуелі азғана орысша оқытқан. Соңғы екі-үш жылдан бері қаладағы орыс школына түсірген.

Рахым, Асан және бүгінде он екі жасқа келген Үсен үшеуінің де "Городское училище" формасы бар. Бұлар ар жақтағы "Пятиклассное городское училище" аталатын орыс школында оқиды. Қазір үшеуі де степной генерал-губернаторға жолдаған арыздары бойынша стипендия алады. Бұл стипендия тегінде орыс школында оқитын қазақ балаларына арналып, түңлік басы салыққа қоса, қазақ болыстарынан жиналатын. Бар қазақ баласына сол стипендия тие бермесе де, орайы табылып, арызының сәті болған осы үш жетім баладай, шанда бір кедей балалары, жетім балалар сол стипендиядан алатын.

Ол үшеуінен басқа, қара киімдеріне сары жез түйме таққан ұсақтау, біркелкі төрт бала бар. Олар Слободканың өзінде қазақ балаларына арнап ашылған интернатта тұрып оқитын осы қала кедейлерінің балалары. Бұлардың екеуі тоғыз жаста, олар Затон жұмысшылары Сейіт пен Сәменнің балалары. Қазір біреуі өзін "кімсің?" десе, "Сейітов Асқармын" дейді. Екіншісі – үлкен көзді, ақсұр сопақ беттеу бала Сәменов Мақсұт.

Қалған екі баланың біреуі – Дәмежанның немересі, сегіз жасар Жәбікенов Мұрат. Екіншісі – қайықшы Сейілдің кішкене баласы, о да сегіз жасар Шәкет. Бұл төрт бала шолақ мұрын, аласа бойларымен біркелкі форма киген қалыптарында, домаланған қозыдай, шетінен сүйкімді көрінеді. Өздерінің өңдері сондай таза, ажарлары толық, беттерінде сәл қызылдары бар. Әлі шаш жібермеген. Төртеуін бір күзеген тайдай қып, жаңа тебіндеп шығып келе жатқан шаштарын бір сағатта алған тәрізді. Бұлар күлегеш, ойыншы балалар.

Ал Абайдың бала қонақтарының ішінде осы екі топ кедей-кепшік балаларынан басқарақ, өзгерек көрінетін екі жуан қара бала және бар. Олар жаңағы интернаттың төрт баласынан сәл қалқыңқы. Бұлар он екі жастардағы құрдас бала және әсіресе бұлардың киімі бөлек. Нығымет, Жәлел деген екі Құнанбаев гимназияда оқиды.

Бүгін Абайдың пәтеріне қонаққа келерде олар өздерінің сый жерге барғанда киетін гимназиялық мундирін киіп келісіпті. Қысқа мойындарына оқалы жағасы тірелген, он-нан аса ақ жалтыр түймелері тамағынан кіндігіне шейін жыпырлай тізілген бұл балалар, өзге екі топ баладан өздерін бар мінезде басқаша ұстайды. Олар аз күледі, өте сараң жауап береді. Көбінше маңындағы балаларға суық қарасады. Әрі ақ түймелі мундирімен, гимназиясымен мақтанса және де бұлар өздерінің Құнанбаев екенін де сезіп қалған, нығыз ажар байқатады.

Он екі жасар Нығымет Құнанбаев – Әзімбайдың баласы. Қазіргі заманда сол Әзімбайдың үш әйелінен он бір ұлы болатын. Он бір ұлдың төртеуі бәйбішесінен туған. Соңғы үш-төрт жыл ішінде Абай балаларын орысша оқытты деп Тәкежан, Әзімбай да он бір ұлдың біреуін қалаға шетке шығарған. Әзімбайдың ерте алған бәйбішесінен туған алғашқы ұлдары он алты, он сегізге жетіп, тетелес өсіп келе жатқан. Сол бәйбішенің төрт ұлының ортаншы біреуі, осы Нығыметті әр жерде әзірлеп кеп, енді екі жылдан бері гимназияда оқытатын.

Екінші Құнанбаев Жәлел – Кәкітайдың бал асы. Ол да Нығыметпен сабақтас. Екі Құнанбаевтың сырт пішін, бет жүздері ұқсас болмаса да, жалпы ажарда біріне бірін қатты ұқсататын бір жай бар. Бұның екеуінің де он екі жасар бала қалпында түстері өте суық. Жәлел бақыр басты келген, кең маңдайы қысық, қисық көзіне қона түскен. Мұрны кішкене, ұсақ тістері сирек, қалмақ бетті бала. Көзқұйрығы керіліп қиғаш біткен де, сол кішкене көзінің еті де бітік келген. Қабақтан төмен қалың боп салбыраған үстіңгі еті көзінің жарымын баса тұрғандай.

Әзімбайдың баласы Нығымет болса, ол шешесіне ұқсаған, салпы ауыз. Төменгі қалың ерні үнемі біреуге жиреніп, пысқыра қарап тұрған сияқтанады. Әзімбайдың бұл баласының бет реңі қызыл емес, қоңыр сұр болса да, қабағының еті және де қалың біткен.

Екі көзі ашушаң, ойнақы келіп, үнемі шатақ іздеп тұрғандай.

Бұл екі бала орыс үйлерінде тұрады. Гимназияның ішінде екі жыл оқығандықтан және орыс үйінде тұрғандықтан, орысша тілге жап-жақсы ысылып қалған.

Абай немере інілерін қонаққа келтіргенмен, оларға көңіл бөлген жоқ. Әуелі көп әңгімелескені Дәркембайдың баласы – ересек Рахым болатын. Абай оны осыдан бұрынғы жылдарда Городское училищеге алғаш түскен кезінде әзіл етуші еді.

– Рахым-ай, оқуға кешігіп түстің. Кластағы өзіңнен кіші балаларға ғой әкедей көрінесің, ә! – деп қалжыңдайтын.

Қазір Рахымға тағы сол жөннен әзілдеп сөйледі.

– Жә, енді қалай, Рахым? Биыл үшінші класқа шықтың. Ана жылғы өзіңді "әке" дейтін сабақтас орыс балаларың ер жетті ме? – деп күлген еді.

Рахым Абайды әкесіндей біліп, еркін қалжыңдайтын. Жаңағы әзілге басқа ұсақ балалар сықылықтап күлгенге ол қысылған жоқ. Абайдың әзіліне орай қызық қалжың айтты.

– Несін айтасыз, Абай аға! Үш-төрт жылдың ішінде ол балалардың өздері де өңкиіп, зіңгіттей жігіт боп алды. Сонымен, көзім ашылды ғой. Алғаш приготовительный класқа түскен жылы бар сабақтас балаларым кіндігімнен келетін. Переменде мен жас қозылардың арасында жүрген ботадай болушы едім! – дегенде, Абай бұған мейлінше сүйсініп, қатты күлді.

Енді бір орайда Абай Асан мен Үсеннің орысша өлең оқуын тыңдамақ болды. Үсен Абайдың сұрауы бойынша соңғы күндер учитель жаттауға берген өлеңді айту керек еді. Оларға берілгені –Крыловтың "Осел и соловей" баснясы екен. Үсен соны орысшасын келтіре алмай, ударениесін, айтылуын соншалық нашар айта бастады. Абай оны әуелі тоқтатып және де әкеше жұмсақ қалжың айтты.

– Ойпыр-ай, Үсен-ай, сенің орысшаңның ударениесі орысшаны отызға кеп оқыған менікінен де жаман ғой. Әуелі мұсылманша оқимын деп орысша тілге Асан екеуің бастыға алмай келесің-ау, ә?! – деді.

Енді орысша оқытқанын қойды да, Үсенге: "Жә, сол "Есек пен бұлбұл" не қыпты өзі, әңгімесін айтып берші!" – деді.

Үсен тіпті ол мысалдың бірталай сөзін әлі түсінбепті де, басняның мағынасын білмейді екен.

Нығымет пен Жәлел оны мазақ қып күлгенде, Үсен қып-қызыл боп намыстанып қысылса да, Абайға "Есек пен бұлбұл" қандай шаруамен кездескенін айтып бере алмады.

Абай осыдан соң: "Ойбай, Үсен, саған көмек керек екен. Қой, мен бір шара жасайын!" – деді. Соның артынан ол Сейіттің баласы Асқардан, Сәменнің баласы Мақсұттан және Асаннан да школда Крыловтың қандай мысалдарын жаттайтындарын сұрады. "Піл мен қанден", "Құмырсқа мен инелік", осы "Есек пен бұлбұл", тағы сондайлар жатталады екен.

Абай жаңа өз аузынан Үсенге "көмек етем" деген уәдесін осы кеште ұмытқан жоқ еді.

Кәрімнің екінші бөлмесіне бар балаға арнап тор алдына төсек салынған. Абай Баймағамбетті сол балалардың қасына жатқызды. Және Асқар мен Мақсұтқа ақыл айтты. Олар Баймағамбеттің екі жағында жатыр екен. "Сендер білесіңдер ме, балалар, мынау Бақаң аузын ашса болды, ертегі деген гулеп тұрады. Бақаңа ертек айтқызыңдар!" – деп, өзі балалар әбден шешініп болғанша, олардың төсектерінің аяқ жағында кең шапанын жамылған күйде, түрегеп тұрып, қозыдай балаларға сүйсіне қарады.

Сол балалар шамы өшкен, қараңғы бөлмеде бірін-бірі қорқытып, түртіп ойнасып, күле түсіп Баймағамбеттің ертегісін тыңдап жатысты. Абай болса өз бөлмесінде оңаша қалып, Үсенге берген уәдесін орындаумен болды. Ол осы түнде ең алғаш рет Крыловтың "Есек пен бұлбұл" атты мысалын қазақша аударып көріп еді.

Таңертең балалар шайға отырғанда Абай Үсенді алып: "Сен орысша кітабыңа қара, мен қазақша айтып берейін. Есек пен бұлбұл сонымен былай кездесіпті, балалар!" – деп, түндегі өзі еңбек етіп тудырған аударма жолдарын пысықтап тұрып, үлкен бейілмен оқып берген.

Осы түннен бастап, қыс бойы қалада жатып өткізген тоқсан тоғызыншы жылдың алғашқы айларында Крыловтың Үсендер, Асандар, Рахымдар жаттарлық талай мысалдарын Абай бейіл беріп, қызыға түсіп аударумен жүрді.

3

Бұл жолы қыс ортасында Абай қалаға өзгеше бір шақыртумен келді. Кеше, кеш батып, қас қарайғанда пар ат жеккен Абайдың шанасы Құмаштың қорасына келіп кірген еді. Сол кеште Құмаш тыста Абайдың алдынан шығып, қар болған киімін қағысып, үстіңгі үйдегі басқышқа жақын кең бөлмеге кіргізген.

Абай өзінің осы жолы ойда жоқтан келген жайын Құмашқа қысқа ғана білдірген. Себебі әзір өзі де елге жеткен шолақ хабар, шақырту сөзінен басқаны білмеуші еді. Тез жасалған шайды іше отырып, Абайдың айтқаны:

– Білмеймін, Құмаш, әлде менен өзің бұл жайды көп білетін боларсың. Осында қаланың қазағы мен ноғайы қосылып, бір кеңеске кірісіпті. Дін мұсылман елдерінің сол дін-қарындас боп байласатын сөзі бар деп айтады. Әр тараптан қалаға кісі шақырып жатыр дейді. Маған да сол хабары жеткен еді. Осыдан сондай сәлемдер барған соң келіп қалдым! – деген."

26 страница6 ноября 2017, 17:30