25 страница1 апреля 2018, 12:42

ЭПИЛОГ ОРНЫНА


Көңілі босап, көзіне жас келгендей болып, Ербол біраз уақыт үнсіз отырды. Бойын жиып, буынын бекіткеннен кейін ол сөзін қайта жалғап, әңгімесін аяқтауға кірісті.
Мінеки, Меңтайдың соңғы күнделігі осы. Жан тәсілімін жасап жатқан адамның ақырғы тынысы, соңғы қырыл, соңғы дірілі сияқты, асыл жардың ақырғы сөзі еді бұл. Бірақ осы азғантай сөзде мен үшін қаншама сыр, қаншама жыр жатыр десеңізші! Қаншама өкініш, қаншама мұң бар мұнда. Оқып отырып сан рет өкіріп, өксіп жылағанмын мен. Одан айырылып қаларымды өзім де сездім бе, қайдам, Меңтайды аялап, аймалап, құшып, сүюге, баладай әлпештеп, еркелетуге бір тоймаушы едім. Ақыры оның бір кішкентай қара тырнағына да зар боп аңырадым да қалдым. Төрт жыл соғыста төрт талына қылау кірмеген көмірдей қара шашым Меңтайдан айырылған тұста аппақ қудай боп шыға келді. Талай рет ұйықтап жатып Меңтай үнін естідім. «Жаным Ербол, ер бол!» деп ол сан рет құлағыма сыбырлады. Еден сықыр ете түссе, Меңтайдың жүрісін танып, сан рет басымды көтеріп алдым. Оның көйлегінің сыбдырын естігендей боп сан рет елеңдедім. Бірақ ол келмеді, көрінбеді. Мәңгілікке жоқ болды, ғайып болды. Таң алдында көрген тәтті түстей ғана елес қалды.
Кейде бір оңашада, өткенді ойлап мұңға батасың. Сонда, «Құдай-ау, қайда сол жылдар?» деген Абай жолдары еріксіз еске түседі. Ойлап-ойлап келіп, жастық шағыңның орынсыз өтпегенін іштей медеу, мақтаныш етесің. Өйткені адамзат толқын-толқын болып дүниеге келеді, түйдек-түйдегімен өмірден өтеді. Әр толқын, әр түйдек алғы шепке шеру тартқан әскер легіне ұқсайды. Октябрь революциясы мен Азамат соғысына қатысқан құрыш адамдардың темір тасқынды легіне ілесіп, біз 18 бен 22 жастың арасында азаттықтың ауыр жүгін арқалап, төрт жыл толассыз қан кештік. Пештен жаңа ғана қотарылған қызыл шойындай жүйткіп, батыстан Москваға қарай лықсыған от пен өрт селінің, қорғасын мен темір топанының алдын тостық. Біздің жас тәнімізді неміс фашистерінің оғы шұрқ-шұрқ тескіледі; жау танктері үстімізден таптап, жас сүйегімізді сықыр-сықыр сындырды; жас жүректерімізге немістің құлаштай қанжарлары кірш-кірш қадалды. Концлагерьден қашқанымызда немістің қасқыр иттері қоң етімізді тырмалап, терімізді жалбыратып, қан жоса етіп талады. Бізді зұлым жау камераларға қамап, улы газ жіберіп тұншықтырды. Бізді олар тірідей отқа өртеді, көзімізді бақырайтып қойып, тікемізден тік тұрғызып көрге көмді. Бірақ біз:
– Қасиет күші Ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл, жүрек!
деп, жанған самолеттен жау колоннасына жау оғындай шаншылдық, айналаға өлім шашқан ажал ДЗОТына өз денемізді өзіміз қол гранатадай лақтырып, дұшпан пулеметін қанымызбен қақалттық. Жауға жанымызды берсек те, арымызды бермедік. Біз жығылып жатып – тұрып жаттық, өліп жатып – жеңіп жаттық. Халық намысын қорғасынға қоса құйып, құрышпен кіріктірдік те, бомбаға қанат, снарядқа заряд еттік. Ел тәуелсіздігін төбемізге ту етіп көтердік. Сөйтіп біз дүниені жайпап келе жатқан темір топанды тоқтаттық. Біз Отан жауын осылай жеңдік.
Біз майданда қандай адал болсақ, махаббатта да сондай пәк болдық. Әр жүректе асыл адамгершілік, айнымас махаббат болуын тіледік. Өйткені өмірден қол ұстасып өтер жан серік жалғыз жарын шын сүйе білмеген адам жолдасын да жақсы көре алмайды, коллективін де құрметтей білмейді. Жан жарына адал болмаған адам қылған қызмет, істеген іс, атқарған жұмыс, арқалаған қоғамдық міндетіне де адал бола алмайды. Себебі саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Сондықтан да махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштылық сезімдерінің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл қасиет адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегін махаббат мекендемейді. Жоғарыда Тургенев пен Пришвиннің махаббат жайындағы тамаша сөздері келтірілді. Менің оған қосарым «махаббат» деген асыл жібекке түйілген отаншылдық, еңбекшілдік, достық, туыстық, бауырмалдық сезімдері әрбір жас жүректің жалынды туы болса екен деп тілеймін. Біз - Октябрь революциясынан кейін дүниеге келген жаңа ұрпақ Отанға да, махаббатқа да ақ жүрегімізбен адал қызмет еттік. Міне біз мұны өзіміздің мәңгілік мақтанышымыз деп білеміз. Осы мақтаныштың әкелер жүрегінен балалар жүрегіне көшуін көрсету де бүгінгі күннің тақырыбы. Оны қалай көрсету, әрине, жазушының міндеті.
– Иә, иә, ұқтым. Не сұрайын деп отырғаныңызды түсіндім. Меңтайдан басқалар қайда қазір демексіз ғой? Оны да айтайын сізге.
Университет бітіргеннен кейін, ұядан ұшқан балапандай болып, әркім әр жаққа кетті. Біреу қияға қонып, біреу қиырды мекендеп жүріп жатыр қазір. Балапан басқан тауықтың ұясына байқаусызда түсіп кеткен үйрек жұмыртқасынан шыққан сушыл балапандай болып, филфакты бітіре сала мұғалім болмай, журналистиканың айдын көліне тартып мен кеттім. Ол отыздың біразы ғылыми қызметкер болды. Көпшілігі мұғалім. Қыздар алдақашан күйеуге шыққан, жігіттер әйел алған. Бір кездегі бүлдіршіндей қыздар мен қыршын жігіттер бүгінде сары қарын әйел, сақалды шалға айналды. Алдының балалары институтқа ілініп, баяғы біз басымыздан кешкен жастықтың жәрмеңкесіне енді олар кірді; біздің жастықтың жығылған жалауының орнына, олар өз туларын көтерді...
Солардың ішінен Меңтай екеуміздің мәңгілік адал досымыз Жомартбек Жолдин ғылым докторы атағын алды. Зайкүл есебін тауып, бір бастықтың етегінен ұстаған. Соның беделімен, тамыр-таныстық деген кәрі кеселдің көмегімен ол да кандидат деген атқа ие боп алған. Қазір ол бір институтта «басын жарып, көзін шығарып» әдебиеттен сабақ береді. Зәкең бұрынғының бәрін ұмытқан. Әшейінде шекірейіп жүретін әйел, кандидат болса мүлде кекірейіп кетеді емес пе. Ол да солай: кездесе қалсаң – танығысы келгенін таниды, танығысы келмегенге танауын көтеріп жүре береді. Жеңілтек адамды жағдай өзгертпей қоя ма? Мінеки, өмір дегеніңіз, кейде, ойсыз, ұшқалақ адамды ұшпаққа осылай шығарады екен. Қанипа да – кандидат. Майра Абаева Ленин орденімен наградталған. Жақында оған еңбегі сіңген мұғалім атағы берілді.
Тұмажанның да қайда екенін білгіңіз келетін болар? Жер үстінде ол да жүр. Бірақ біздің қоғамымызда ондайлардың орны түрме емес пе? Түрмеге түскен. Сақтық кассасын меңгеруші боп тұрғанда бірнеше облигацияға подлог жасап, мемлекеттің көп ақшасын жегені және, өз сөзімен айтқанда, басқа да «үзіп-жұлып, жұлмалағаны» үшін көп жылға сотталған. Оның екі сөзінің бірі «Ошақбаев опық жемейді» болып келуші еді. Жоқ. Ошақбаевтар да омақасады екен. Олардың әділетсіздігінің, арсыздығының, ынсапсыздығының зауалы - заң екен.
Ал енді қалған кім дейсіз ғой? Қос ғашық Тана мен Заман болар. Ертедегі екі ғашықтың қолы жетпеген мұратқа осы екеуі жетті. Екеуі қосылып, көп бейнеттерді бастарынан кешіріп, сол жақта жүріп институт бітіріп, елу төртінші жылы елге келді. Қазір екеуі де мұғалім. Тана Серкебаева екі рет Жоғарғы Советке депутат болып сайланды. Білімбай, Ербол, Махаббат, Меңтай есімді төрт баласы бар. Бір ұл, бір қызына Меңтай екеуміздің атымызды қойыпты. Мен олармен анда-санда кездесіп тұрамын. Кездескен сайын алдымен кішкентай қыздарын құшағыма алып: «Меңтайым менің!» деп шөпілдете сүйемін. Содан соң Тана мен Заманға қарап:
– Ал осы заманның Қозы Көрпеші мен Баян сұлуы, амансыңдар ма? - деп құшағымды жаямын.
Көздері жасаурап, еріндері дірілдеп ол екеуі қатарласа маған қарай ұмтылады.
Асыл жар, адал досқа не жетсін, шіркін!

1963-1970 Алматы

25 страница1 апреля 2018, 12:42