12-13
12. БАЯУӨЛГЕЙ
Бірнеше сағаттан кейін көкжиекте жер көрінді. Бұл ежелгі Баяуөлгей елі еді. Қайық бұл үлкен аралдың жа-
ғасына жақындай берді. Алыстан жоталардың басында зәулім ғимараттардың шатырлары күнді шағылыстырып тұр. Үш қонақ жағаға жақын тұрған қаланың солтүстік қақпасынан қалаға кірді. Пекуәмір қасындағы екі досына бұрылып:
– Маған қарамай-ақ қойыңдар. Мен бұл елге ешқашан келген емеспін. Атамның айтуы бойынша, бұл жерге ке-
ліп көруге менің сабырым жетпейді.
Үшеуі әдемі оюлармен әшекейленген қақпадан кіреді. Екі және үш қабатты ғимараттар әдеттегідей халуадан жасалған. Бірақ қонақтардың көздеріне түсетін бір жайт болды. Жергілікті тұрғындар өте баяу қимылдайды екен.
Пекуәмір тоқтай қалып:
– Атамның не үшін бұл жерге мені әкелмегенін енді түсіндім. Ренжімеңдер, мен қайтайын, – деді.
Райл лезде:
– Қайта сізге көп рахмет. Алғысымыз шексіз, бізге көп көмектестіңіз. Осы қалаға сіз болмасаңыз келе алмайтын едік, – деп ризашылығын білдірді.
– Сау болыңдар, жас батырлар. Құдай сіздерді қол-
дасын, – деп кері бұрылды.
– Сау бол, жұлдыз жағушы Пекуәмір, – деді Элия кіш-
кене мұңайып. Пекуәмір кірген қақпадан шығып кетеді.
Екі бауырлас саяхатшы орталыққа қарай бет бұрды. Баяуөлгейліктер ақырын қозғалғандары соншалықты Пекуәмірмен қоштасып шығарып салғанша бағанағы екі жергілікті адам әлі сәлемдесіп тұр екен.
Элия басын шайқап:
– Жарайды, түсінікті болды. Не үшін бүл ел Баяуөлгей деп аталатынын ұқтым, – деді.
Райл мен Элия тұрғындардың қастарына жақындады.
Біреуі шошып:
– Сеееендееееер қаааайдааааан паааайдааа бооол-
дыыыыңдаааар? – деп сұрайды. Өйткені ол екі саяхат-
шының қалай қасына келгендерін байқамай қалған еді.
– Біз Шококенттен боламыз, – деп Райл жауап беріп еді.
Жаңағы қара қалпақ киген ер кісі:
– Түүүсіінбееедіііім. Өөөөтееее жыыылдааам сөөөй-
лееейсіііңдееер. Кііішкеенеее ақыырыын сөөйлеесееңіііііз! –
деді.
Райл да қарап қалмай:
– Ал сіздер өте баяу сөйлейсіздер! – деп жауап қат-
ты. Элия Райлға бұрылып:
– Қойшы енді, Райл, – деп Райлды тыныштандыруға тырысты.
– Біз баяу, ал сіз тезірек сөйлесеңіз, – деп ұсыныс білдірді Райл.
– Неееее? – деп қалды қайтадан Баяуөлгейлік баяу сөйлеп. Элия қайтадан:
– Ой, кешіріңіз. – Бііз баааяяу, аал сііздеер теезііреек сөөйлеесееңііз!
– Жәәраайдыы, – деді. – Мееніің аатыым Бааяяураан. Сііздеер кіім боолаасыыңдаар?
– Бііз Рааайл меен Ээллиия Шоокоокеенттеен боолаа-
мыыз. Біізгее Бааяууөлгеейдее еең шаапшааң аадаам кеереек. Соол кіісіігее аапаараасыыз баа?
– Біір шаартыым баар. Шаахмаат оойнаайыықшыы!
– Оооо, тек бұл емееес! – деп еңіреп жіберді Элия.
– Нее боолдыы, түүрлееріің бұұзыылыып кееттіі ғоой. Неемеесее «қаатыып қаал» оойыыныын оойнаайыық. Меен соол оойыындыы қааттыы жаақсыы көөреем, – деп қатып қалып өзін көрсетуге тырысты.
Райл лезде:
– Жооқ, жооқ шаахмаат жаақсыыраақ. Соол теезіі-
реек біітеедіі, – деді.
Баяуран ақырындап сөмкесінен шахматын алып шы-
ғып, бірге шахмат тастарын тізе бастады. Баяуранмен Райл ойнайтын болды.
Бірінші болып Райл жүрді. Баяуран көп ойланғаны соншалықты Райл:
– Уф...уф, – деп шыдай алмай сабырсызданып кетті.
Бір уақытта Баяуран жүрді. Райл бірден ойластырып қойған жүрісін жүрді.
Баяуран тағы да ұзақ ойланды.
– Уфф..уфф, – деп қайтадан бастады Райл.
Элия Райлға:
– Сен енді жеңіле сал. Әйтпесе, кешке дейін отырамыз, – деп шешім жолын ұсынды.
– Намысты қолдан бермеу керек қой. Бірақ, амал қанша, солай істейміз енді, – деп келісті.
Бірнеше жүрістен кейін Райл мақсатына жетті, яғни жеңілді. Осылайша, екі батыр үлкен мақсаттарына бір қадам жақындады.
Олар ақырын-ақырын қаланың солтүстік жағына қа-
рай жылжи бастады. Бұл шын мәнінде, жүру емес жылжу еді.
Баяуран бір қадам басқанша, балалар он қадам жү-
ріп үлгіретін.
Қала өте әдемі еді, өйткені сәулетшілер асықпай сал-
ған еді. Печеньеден жасалған ғимараттардың қабырға-
лары әдемі әшекейленген. Тіпті үстіне жазу жазылған еді. «Рахат» немесе «Хамле» деген сияқты.
Жолда келе жатып Элия:
– Сабыр түбі сары алтын дейді. Біз ең бай адам боламыз енді, – деді қалжыңдап.
Бір кезде қастарынан тасбақаға мінген бір кісі өтті. Тасбақа Баяуөлгейліктердің ат қызметін атқаратын. Дегенмен алып тасбақа үшеуінен тезірек жүріп, озып өтті.
Баяуран кетіп бара жатқан тасбақаны көрсетіп:
– Бұұл бііздіің сүүйікті жаануаарыымыыз. Кіішкеенее шаапшааңдаау, бііраақ ыыңғаайлыы. Үүстіінее көөп заат қооюғаа боолаады. Әәріі көөп жыыл өөміір сүүреедіі. Қооятыын гаарааж даа кеереек еемеес. Жаараатыылысыынаан бееріілгеен үүйіі баар, – деп мақтанышпен айтты.
– Ииә, шыыныындаа да ыыңғаайлыы еекеен оойлаан-
бааппыын, – деді Райл таңғалып. Элия тұрып:
– Оондаа бәәйгеелеер дее боолаатыын шыығаар, – деп сұрады.
– Боолғаандаа қаандаай. Еең жүүйріігіі саағаатыынаа
1 шаақыырыым шаабаадыы. Нее деегеен жыылдаам-
дыық деесееңші, – деп одан сайын көкірегін керіп.
Райл күлкісін ұстай алмай:
– Наағыыз жеелааяқ еекеен, – деді.
13. АЩЫ ЖОСПАР
Тұздейім ақырындап күшейе берді. Қасындағы көрші-
лес елдерді тұз ақырындап басып жатты. Өйткені сиқыр-
лы шоколад дәндері өз күшін көрсете бастаған еді. Те-
ңізден шығысқа қарай бірнеше шақырым жерде, жердің
түбін тесіп шыққан сыңайлы, жартас үйінділері жатыр.
Қорқынышты түстен немесе қараңғы бір әлемнен кел-
ген жыртқыш құстың ұясы іспетті. Бұл ащы өмір орнатуға
келген тұздейімдіктердің сарайы еді. Қабырғалары құ-
быжықтың қаңқасын еске түсіріп, үрей шашып тұр. Осы
жер «Тұзбор» шаһары деп аталытын. Тұзбор тұздейім-
діктердің орталығы болды. Қаланың дәл ортасындағы жотада орналасқан үлкен тұз сарайы одан сайын үлкейіп
алыстан жарқырап тұр. Ақ тұздан жасалған ащы үйлер сарайды жан-жағынан қоршап тұрды. Ал сарай болса, ерекше тұздан жасалған еді. Қызыл түсті жалаулары да сарайдың ең биік жеріне орнатылып желбіреп тұр.
Тұздейім патшалығында жиналыс басталғалы жатты. Удай Қаруас барлық уәзірлерін сарайдың залында жинап жатыр. Олар жақын арада сиқырлы шоколад дәндерін ұрлаған соң той жасаған еді. Бірақ бұл қуаныштары ұзақ болмады. Уәзірлердің түрлері мәз болғанымен, Удай
тыным таппай жүр. Өйткені ол сиқырлы дәндерді қай-
таруға жіберілген екі батырдан хабардар болды. Ақға
қарға көрген-білгенін оған жеткізіп отырды. Удай мықты
шамандарын жинап, ақылдаспақшы. Бірнеше күн бұрын-
ғы ойлары іске аспаған еді. Оның әскерлері періштелер-
мен қақтығысып, жеңіліске ұшыраған еді. Удай ол бала-
лардың қандай күшті екендерін бәрінен де, тіпті Нуа ұстаздан да артық білетін. Сол себепті түрі мұңайып, ойға берілген еді.
Оның жақын уәзірі Борбор шаман қасына қеліп:
– Тақсыр, бәрі жиналды бастай берейік, – деді.
– Ал, бастайық! – деді тұз патшасы. Даусы мұндай ащы, мұндай қорқынышты болар ма?! Тіпті еден діріл-
деп, сарайдың қабырғасы солқылдап кеткендей болды.
Тұздейімде жасалған зәулім сарайда ащы сөздер айтыла бастады. Сарайдың қақ ортасында орналасқан залға қараңғы пікірлер келді.
Удай Қаруас сөз бастап:
– Бізге қарай екі жас бала жақындап келеді. Оларды тоқтату оңай емес. Олардың шыншылдығы мен мейірім-
діліктері айналасындағы тірі жан мен хайуандарды көмекші етуде. Тіпті өсімдіктер де әсер алып жатыр. Тоқтату керек! Сендерден еш пайда жоқ! – деп айғай салды. – Қара қарғыстарың да өздеріңе қайтып, әлек болып жатырсыңдар. Бір нәрсе ойластырыңдар енді! –
деді тағынан тұрып.
Солтүстік Тұздейімнің шаманы сөз алып:
– Құбыжықтарды жіберсек, – деп ұсынысын білдіре-
ді. Бұл оның істейтін үйреншікті айласы еді.
Удай ызаланып:
– Сол қырық жылдық құбыжықтарыңмен құрып кетші! Айғайлап жүгіргеннен басқа ештеңе білмейді. Алдарынан өткендегідей «STOP» – деген белгі шықса ше. Сол жерде қырық күн тоқтап тұрады.
– Есесіне айыппұл төлеген жоқпыз.
Борбор шаман саусағымен жоғары көрсетіп:
– Ол екеуінің арасына от тастау керек. Сол кезде күштері әлдеқайда аз болады, – деп ащы ойын бөлісті.
Солтүстік шаманы тағы:
– Ойыннан от шығады дейді. Онда екеуіне ойын-сауық дайындайық, – деді байыппен.
Удай одан сайын жынданып:
– Сенің басыңды алып, оларға доп қылып беру керек. Сонда кішкене пайдаң болар бізге, – деді ызаланып.
– «Адамның басы Алланың добы» дейді сондықтан болмайды, – деп домалақ басын қасып қойды солтүстік шаманы.
Борбор бұрылып:
– Баяуөлгейде менің бір Хермес деген досым бар. Сол
бізге көмектесе алады. «Алтау ала болса ауыздағы ке-
теді» дейді. Екеуін бір-біріне ренжітіп, екіге бөліп жібе-
рейік, – деді қу жымиып.
– Табылған ақыл, дұрыс, – деп бәрі бірден келісе кетті.
Удай біраз ойланып:
– Бұл жоспарымыз жүзеге асса, барлықтарыңызға үлкен марапат болады. Тамаша! Жердің барлық мекенін тұздаймыз. Іске сәт! – деп сөзін аяқтады Тұздейімнің патшасы Удай Қаруас.
Борбор жиналыс біткен соң, бірден Хермеске қазан-
селл арқылы байланысқа шықты. Херместің қазаны қай-
нап иесіне белгі беріп жатты:
– Бұрқ-бұрқ. Бұрқ-бұрқ...
Хермес алпыс алты жастағы әйел кісі еді. Ең мықты шамандардың біреуі. Болашақта не болатынын жорамал-
дайтын. Бірақ әдеттегідей жорамалдардың көбісі орындалмайтын. Алайда халық бұны байқамайтын. Біраздан кейін Херместің құлағы естімесе де, сезіп қойды. Жүгіріп келіп қазанның қақпағын ашып жіберді.
– Сәлем, ескі дос, – деп еді.
– Сәлем. Хермес не болды, бағанадан бері қазан ша-
лып жатырмын. Естімейтін болғансың ба? – деді Борбор.
– Қазанның суын ауыстыру керек сияқты, дауысты дұрыс шығармайды, сенің бейнең де анық емес. Әлде қазан дұрыс тартпай тұр ма, түсінбедім. Жарайды, айта
бер. Не үшін хабарластың? – деді Хермес қазанға жақы-
нырақ келіп.
– Тұра тұршы, Хермес, менің қазаным суып бара жа-
тыр. Астына отын тастап жіберейін, әйтпесе өшіп қала-
йын деп тұр, – деп қасында дайын тұрған отынды тас-
тап жіберді.
– Естідің бе, айқазан деген қазан шығыпты, диаметрі 1,5 метр, тереңдігі 66 см. бес минутта қайнап кетеді екен. Соны алатын шығармын. Әйтпесе, қиын болып бара жатыр, – деп иығын бір сілтеді Хермес.
– Хермес, бір шаруа бар. Сіздің елге екі бауыр жас-
өспірім келе жатыр. Соларды бір-бірімен араздастыру керек, – деді Борбор.
– Бұл қиын емес қой, – деді Хермес шалқайып.
– Олар жай балалар емес. Сондықтан олар туралы
мәлімет жинау керек, – деді Борбор шаман. – Маңыз-
дысы олар саған келу үшін сен Баяуөлгейде ең шапшаң адам болуың керек, – деді.
– Жарайды, бәрі орындалады. Ақысы не болады? Соны айтсаңшы, – деді Хермес ернін жалап.
– Менен су жаңа айқазан. Жарайды ма? – деп Борбор таңғалдырды.
Борбордың кішкене түрі бұзылып:
– Бізге қиын кедергі болуы мүмкін бір нәрсе бар оларда.
– Ол не? – деді шыдамай Хермес.
– Қасиетті Қайн кітабы солардың қолында, – деді Борбор мұңайып.
– Ммм, онда абай болу керек. Менің үйімде сиқырлы шар бар. Оларды шарға жақындатпау керек. Жарайды, уайымдама, бәрі жоспар бойынша болады, – деп сөзін аяқтады Хермес.
Борбор бұл екі батырды жеңу қиын екенін жақсы бі-
летін. Өйткені олардың қара дұғалары жақсы адамдар-
ға әсер ете алмайтын. Тек Херместің қулығына қатты сенетін.
Хермес сиқырлы шарды шөптің арасына тығып қоя-
ды. Бірақ Хермес бұл сиқырлы шардың қалай жұмыс істейтінін толық білмейтін. Хермес бұл шарды он жетін-
ші қабат періштелерінен ұрлап алған еді. Асыл тастан жасалған бұл шар түнде жарқырайтын. Кейде Хермес
тастың әдемілігіне қарап, бірнеше сағат отырып қала-
тын. Осы жолы да:
– Туу-уф, тағы отырып қалдым. Қайтадан сені орныңа апарып қояйын. Сені қалай өзіме керекті мақсатыма қол-
дануды білсем ғой! – деді.
Хермес жоспар құра бастады:
«Оларға шөп қосылған сусын берем. Сосын екеуін екі жаққа бөліп, біреуімен жеке көрісу керек. Содан кейін олардың ең әлсіз жерін анықтап, сол әлсіздігін пайдаланып адастырып жіберем.» – деп ойлап жатқанда:
– Ой! Ең қиын, бірақ маңызы жоқ нәрсені ұмытып ке-
тіппін ғой! Жоспарды қағазға түсіру керек, – дейді кіш-
кене дауыстап.
Хермес қазанселлге қайтадан жақындап, баласына
қазан шалды.
– Бұұрқ-бұұұрқ, бұұұрқ-бұұқрқ. Бұұрқ-бұұрқ, бұұұрқ-бұұқрқ.
– Мынау неге қақпағын көтермей жатыр, ааа? – деп ашулана бастады Хермес. – Әлде қақпақтың тесігін жа-
уып, дыбыссыз режимге қойып қойды ма? – деп жат-
қанда.
– Иә, анашым, не болды? – деген дауыс шықты қа-
заннан.
– Шомбал, неге көтермей жатырсың? Маған тез кел-
ші, бір жұмыс бар, – деді анасы.
– Жарайды, қазір келем, – деді баласы.
– Қазір емес, дереу кел!!! – деді Хермес ашуланып.
Хермес баласы келгенше қағазға жоспарын жаза бас-
тады. Бір кезде:
– Тууф, басым қақпайды кейде. Технологияны қолда-
ну керек қой, – деп бір дұғаны оқып жіберіп еді, қалам өзі жаза бастады. Ал Хермес айтып отырды. Қағаздардың саны онға жетті. Сол кезде ішке Шомбал кіріп келді:
– Қандай жұмыс, анашым. Сол баяғы керексіз қағаз жұмыстары ма? – деді түрін бұзып.
– Иә, мына қағаздарды басқармаға апарып тапсыру керек, – деді Хермес.
– Жұмыс күшті жүріп жатыр деп қалсын, – деп күліп жіберді. – Маңыздысы нәтиже емес пе негізі?
– Күлме, олар естіп қойса қиын болады, – деді Хермес даусын ақырындатып.
– Жарайды, мен кеттім, – деді жас шаман қағаздарды жинап.
Шомбал далаға шығып досын іздей бастады.
– Жааароон! – деп айқай салды. Досы Жарон деген жарғанат еді.
Жарон лезде ұшып келді:
– Не болды, досым? – деді ентігіп.
– Мына қағаздарды Тұздейім сарайына жеткізу керек. Анама көрінбей тез жеткізші, – деді Шомбал.
– Жарайды, әкел қағаздарды, – деп ұша жөнеледі Жарон.
Жарғанат бұлттарды жарып тез арада Тұздейімге жетеді.
Жарғанат Борборға келіп:
– Мінекейіңіз, күнделікті жоспар, – деп ұсынды.
Борбор бірінші бетіне қарап:
– Мұнда қате бар ғой! – деп тоқтай қалды. – Еей, соны кім оқиды дейсің, – деп бір шетке лақтыра салды.
* * *
Райл мен Элия жылжып-жылжып кешке таман ке-
ректі мекен жайға жетіп қалады. Біраз уақыт өткенсоң ойлаған жерге жетеді.
Баяуран:
– Міінее кеелдіік. Мыынаа үүйдее еең шаапшааң кіісіі
тұұраадыы. Сііздеергее көөп уаақыыт бөөлее аалмаа-
дыым. Кешірерсіңдер еендіі, – дейді кішкене ыңғайсыз-
данып.
– Раахмеет Бааяураан, неегіізіі сеен біізгее көөөөөө-
өөөп уаақыыт бөөлдіің, біізгее көөп көөмеегіің тиидіі, – деді Элия ризашылығын білдіріп.
– Саау боолыыңдаар, – деп Баяуран кетуге дайындалды.
– Қоош боол Бааяуураан, раахмеет саағаан, – деді Райл.
Баяуран бұрылып қозғалғанша, екі батыр ол жерден
ұзап кеткен еді.
Барған жерлері қаланың шеті еді. То-
қаштан жасалған бұл үй екі қабатты еді. Олар халуадан жасалған қақпасынан зәулім үйдің ауласына кірді. Бақшасында сан түрлі шөп өсіп тұр, бірақ ешқандай гүл көрінбейді. Екеуі не істерін білмей, ауланың қақ ор-
тасында тұрып қалды. Бір кезде түсініксіз сары белгі-
лермен әшекейленген үйдің есігі ашылды. Есікті ашқан қысқа бойлы арықтау келген кемпір еді. Қолында жұл-
дызшамен әшекейлеген таяғы бар, ал киімі бастан аяқ қара түсті еді. Тек аяқ киімі ретінде қып-қызыл етік.
– Қош келдіңдер, Райл мен Элия, – деді кемпір жай-
барақат даусымен.
Элия мен Райл бір-біріне таңғалып қарап қалды.
– Бізді қайдан білесіз, апа? – деп сұрады Элия. – Айт-
пақшы, сәлеметсіз бе! – деді сасқалақтап.
– Мен әйгілі шаман Хермес боламын. Адамдарды
емдеймін, анда-санда басқа нәрселермен де айналы-
самын. Жол ашамын, сол сияқты, – деді кемпір жақын-
дап. – Мен сендер туралы барлығын білем. Шокохан-
ның сендерді не үшін жібергенін, жолда кімді кездестір-
гендеріңді және маған не үшін келгендеріңді де білемін!
– Нуа ұстаз Баяуөлгейдегі ең шапшаң тұрғын жас деп айтқан еді. Сіздің жасыңыз кішкене үлкен екен, – деді Элия көзін таяққа түсіріп.
Хермес одан сайын жақындап екі қонақтың көздеріне қайта-қайта қарап:
– Дәл өздері екенсіздер. Ааа, иә, мен қыз кезімде шапшаң едім. Қазір де ең шапшаң тұрғынмын. Нуаның есінде қыз болып қалғанмын ғой. Шатастырып алған ғой Нуа. Кіріңдер үйге, жайғасыңдар, – деп Хермес үйге қарай бет бұрды.
Олар Херместің артынан ілесіп, үйдің ішіне кірді. Үй-
дің терезелері болса да, іші қараңғы еді. Қабырғалары күйемен боялған сияқты. Темекінің иісі үйдің ішін жау-
лап алған. Олар төр бөлмеге кіріп, сары жамылғы жа-
былған диванға жайғасты.
– Қхұұ-қхүү, – деп жөтеліп қойды Райл.
Хермес сағыз үстелге ет әкеліп:
– Алдымен тамақтанып алайық, сосын әңгімелесе-
міз, – деп табақты орналастырды. Артынан қоңыр түсті сусын әкелді. Сусын ыдысының бетінде «тұзсыз» деген жазу бар екен. Бірақ, ішінде әрине тұз болды. Элия сонда да сұрап:
– Мына лимонадта тұз жоқ қой, иә? – деді.
– Жоқ, жоқ. Әрине, жоқ, құрамында жоқ деп жазылып тұр ғой, демек жоқ, – деді қу шаман жымиып.
– Біз Қайн кітабының парақшаларын іздеп жүрміз. Сол үшін сізге келдік, – деп Райл бірден мақсаттарын білдірді.
– Ааа, ол туралы тамақтан кейін сөйлесеміз. Бірінші
тамақтанып алыңдар, жолдан шаршап келген шығарсың-
дар, – деді Хермес қасықтарды дайындап.
Балалар әдеттегідей қолдарын жуып, дастархан басына отырды.
Бәрі үнсіз тамақ іше бастады. Бір уақытта Хермес сөз бастап:
– Достарың, Теруес қайда? Неге сендермен келме-
ді? – деді.
– Оның ауа райымен байланысты шаруасы болды. Сол себептен қалып қойды, – деді Элия бірден. Хермес мысқылдап:
– Қызық екен, қасында миллиондаған досы бар емес пе, бірдеңе қылып шығып кетуге болатын еді ғой, – деді.
Екі жас жолаушы не айтарын білмей:
– Ммм, – деді.
Хермес мұрнының асты жағына қарап:
– Элия, сыртта күнге кеуіп тұрған шай жапырақтары бар. Әкеліп берші, шай ішейік, – деді қолындағы шайды тығып.
– Жарайды, – деп Элия сыртқа шығып кетеді.
Хермес бірден Райлға жақындап:
– Бар шындықты білгің келсе, Элиядан құтыл. Оны еліне қайтарып жібер, – деп сыбырлап сөйледі.
Райл бірден шошып:
– Не үшін, қандай шындық? Ол менің туған әпкем. Түк түсінсем бұйырмасын, – деді таңғалып.
Хермес жымиып:
– Ендеше кел, менімен жүр. Бір нәрсе көрсетем. Әкең
Меріс жайлы, – деп сөзін бітірмеген еді. Райлдың көзі бақырайып:
– Әкем! Сіз оны қайдан білесіз? – деп Херместің артынан жүгіріп барды.
– Қазір бәрін түсінесің, – деді Хермес сыбырлап.
Олар сағыз баспалдақпен екінші қабатқа көтерілді. Сосын одан да қараңғы бір бөлмеге кірді. Бұрышта айна тұр. Хермес түсініксіз бір нәрсе оқи бастады. Бір кезде айна бұлдырлап, ішінен түтін шыға бастады. Бөлме көк түтінге толды. Хермес содан соң шам жақты. Шамның сәулесі түтінге түсіп, бір мүсіндер пайда болды. Түтінде адам көрінді. Әр мезет өткен сайын адамның түрі аны-
ғырақ бола бастады. Бір кезде Райл:
– Әкешім! – деп айқай салды.
Райлдың даусы бөлмеде біраз жаңғырып тұрды.
– Әкешім ... әкешім ...
